Шымкенттейін шырайлы шаһарда халқымыздың асыл да абзал тұлғаларының туған күні жыл сайын дәстүрлі түрде тұрақты тойланып келеді. Құдайдың құдіретіне қараңыздаршы, үшеуінің де ата тегігің бас әріптері қазағымыздың Қ әрпінен басталып тұрғаны қандай ғанибет. Тамылжыған тамыз айының оныншы жұлдызы – қазақтың дара да дана туған бас ақынының жарық дүниеге келген күні екенін жұрттың бәрі жақсы біледі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай – әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс!» – деп айтқан болатын. Бұның үстіне Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы да тарихи тұлғаларымызды бұрынғыдан да тереңірек тани түсуге үндейді. Осыған орай Түркістан облыстық Хакім Абай музейі, Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімдігі, Абай атындағы қалалық орталық кітапхана ұжымдары бірлесе отырып «Абай – Ұлы Даланың рухани өлшемі» атты әдеби-әуенді кеш өткізді.
Аталмыш іс-шараға қатысушылар алдымен Абай атындағы саябақтағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жұмат Шанин атындағы Түркістан облыстық академиялық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сапар Өтемісов қысқаша сөз сөйлеп, қалың жұртшылықты ұлы шайырдың шығармаларын көбірек оқып, тереңірек түсініп-түйсінуге шақырды.
Кейіннен көпшілік Хакім Абай музейін аралап, ондағы аса құнды жәдігерлермен танысты. Кітапханашы Мария Тұңғышбаева жиналғандарды арнайы ұйымдастырылған «Абай – Ұлы Даланың рухани өлшемі» көрмесімен таныстырды. Сонымен қатар «Букроссинг» (Bookcrossing – ашық кітап айналымы) акциясының аясында «Жақсы кітапқа қол ұзат», «Мен оқыдым, сен де оқы» деп аталатын кітап көрмелеріне ақпараттық шолу жасады. «Жас Отан» жастар қанатының консультанты Жұлдыз Намазова КВЭСТ ұйымдастырды. Ол командаларға қазақтың ұлы ақыны, хакімі, ойшылы – Абай Құнанбаев жайында қойылған сауалдар таратып берді. Сөйтіп білгірлер мен тапқырларға сый-сияпат жасады.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері – Сапар Өтемісов Абайдың сахналық бейнесін сомдаса, Құрманбай Шойынбаев ақынның өлеңіне жазылған әндерді нақышына келтіре орындады. «Ынтымақ» әжелер ансамблінің мүшелері, сонымен қатар О. Жақсыбек, Гүлжан Сұлтанқызы әуелетіп ән салды. Ақын Сабырбек Тұрлыбек арнау өлең оқыды. Ақын, Түркістан облысы әкімдігінің тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың аға ғылыми қызметкері Еділбай Көшербай сөз сөйлеп, ұлы Абайдың мол мұрасын насихаттау ісіне ұстаздар, кітапханашылар, музей қызметкерлерімен қоса-қабат әрбір ата-ана, жалпы жұртшылық белсене араласуы керектігін тілге тиек етті. Әдеби-әуенді кештің өзге де зиялы қауым өкілдері осындай ізгілікті де игілікті іс-шараны ұйымдастырушыларға деген алғыс сезімін жеткізді. Жастардың уақытын тиімді пайдалану орталығы, Александр Сергеевич Пушкин атындағы № 1 мектеп-гимназиясы, №61 және №87 жалпы орта мектептерінің бір топ оқушылары ақынның өлеңдерін жарыса оқыды.
Мазмұнды да қызғылықты өткен кеш оған қатысушыларға игі әсер қалдырғаны анық. Соңында Шымкенттегі Абай ауданы әкімінің орынбасары Гүлсара Тәшімова, Абай атындағы қалалық орталық кітапхананың директоры Гүлсім Шатырбекова қорытынды сөз сөйлеп, аталмыш іс-шараға белсене қатысқан жандарға сый-сияпат жасады.
Ә. ДОСЫБЕК.
Шымкент қаласы.