«ҰЛЫ ДАЛА ДАСТАНЫ» СУРЕТ КӨРМЕСІ ӨТУДЕ

мәдениет Өнер
1 143 Views

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының мүшесі, Қазақстан Көркем Академиясының академигі, Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты Сейсенхан Маханбетовтің еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала дастаны» атты жеке шығармашылық сурет көрмесі өтуде.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай мен Қазыбек Иса, Қазақстан Көркем Академиясының вице-президенттері Ерлан Айтуаров, Жанұзақ Мүсәпірұлы, Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Батухан Байменов қатысты.

Аталған іс-шарада депутаттар Дархан Мыңбай мен Қазыбек Иса суретші Сейсенхан Орынбекұлының альбом-кітабының тұсауын кесті. Бұл кітап Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққанын айта кеткен жөн. Одан кейін сөз алған Д.Мыңбай суретшінің шығармашылығына кеңінен тоқталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Ал, ақын Қ.Иса суретші Сейсенхан Маханбетовке Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі А.Райымқұлованың Алғыс хатын тапсырып, оның қыл қаламынан шыққан туындыларының тарихи тақырыптарды көтеруімен құнды екендігін атап өтті. Мұнан соң сөз алған Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев суретшіге облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етіп, шығармашылық табыс тіледі.

Содан соң, С.Маханбетов қоғамдық ұйымдардың бірнеше медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Көркем Академиясының вице-президенті Ерлан Айтуаров Академияның «Ұлы елдің тарандасы» медалін табыс етсе, суретшіні Қоғамдық марапаттар жөніндегі Республикалық кеңес «Қазақ өнерінің қайраткері» медалімен, Қазақстан Суретшілер Одағы «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

«Ұлы дала дастаны» көрмесінің мақсаты – халықтың ел болып қалыптасуы мен елдікті сақтап қалуда мәдениет пен өнерге қалдырған мұраларын насихаттау. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында суретшінің туындылары мен шығармашылық өмір жолын таныстыру арқылы жұртшылықтың бейнелеу өнеріне деген ынтасын арттыру. Сонымен қатар, суретші Сейсенхан Орынбекұлы оңтүстік өңірінде туып-өскен, қасиетті Отырар ауданының төл перзенті екенін айта отырып, Түркістан өлкесінің тума таланттарға бай екенін паш ету.

Сейсенхан Маханбетовтің суретші ретінде қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін айтар болсақ, ол 40-тан астам халықаралық және республикалық көрмелер мен симпозиум, пленэрлердің тұрақты қатысушысы. 2009 жылы «Қазақстанның Мәдениет қайраткері», 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын алған. 2015 жылы Беларусь Республикасында, 2018 жылы Астанада жеке көрмесін өткізген. 2018 жылы республикалық «Төле би және оның заманы» көрме-байқауынан 1 орын алса, 2019 жылы «Түрленген Түркістан» суретшілер көрме-байқауының Бас жүлдесінің иегері атанды.

Бүгінде суретшінің жұмыстары Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының, Атырау, Қызылорда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының музейлерінің қорында, сондай-ақ Қытай, Түркия, Ресей, Венгрия, Беларусь тағы басқа да елдердегі жеке тұлғалардың қорларында сақтаулы. Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің қорына 12 пейзаж және тарихи жанрда жазылған кескіндемелік жұмыстары тапсырылған.

Түркістан қаласында өтіп жатқан «Ұлы дала дастаны» көрмесінде автордың әртүрлі тақырыптағы 53 шығармашылық жұмыстары қойылған. Олардың ішінде еліміз тарихынан жазылған батырлар сериясын, көне Түркістан және бүгінгі Түркістан жайлы қылқаламмен берген толғауларын, «Ту туралы триптих» туындыларын ерекше атап өтуге болады.

Ақерке МАХАНБЕТ,

№ 9 шы «Зерде» дарынды балалар мектебінің 11-сынып оқушысы

Нұр-Сұлтан қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *