ҰМЫТ БОЛА БАСТАҒАН 10 САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗ

Таным
5 701 Views

Қазақ жұрты өзінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінқалыптастыра білген халық. Дәстүр — мәдениеттіліктің белгісі. Дәстүр — ел өмірімен біте қайнасып жеткен рухани байлық. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі де осы салт-дәстүр мұхитының салалары мен тармақ, тамшылары болыпсаналады. Біз қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай болғанымызмен, жыл өткен сайын салт-дәстүрлеріміз сақталмай жойылып бара жатыр. Осы мақалам арқылы жоғалып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді ел есіне қайта салғым келеді.

1) ТӘБӘРІК (ғұрып) — біреу ойын,тойда бәйге, жүлде алса, одан жанындағыларға үлес беруі керек. Мұндайда жұрт одан «тәбәрік бер» деп сұрапалады.Олжалы адам әдет бойынша тәбәрік беруге міндетті, бермеуі ұят, сараңдық, дәстүр сыйламағандық деп есептеледі.

2) БӘСІРЕ.

Шаңырақта ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп атау салты болған. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Қазақ халқы бәсіресі бар баланың да есейе келе малға деген ықыласы, пейілі түзу болады деп пайымдаған.

3) ҚАЛЖА (дәстүр).

Жас босанған әйелге арнаулы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады.Жақын адамдарда «қалжа» әкеледі.Бұл -әрі сыйластық,құрмет әрі босанған әйел белін тез бекітіп,сауығып кетсін деген тәрбиелік мақсаттан туған елдік дәстүр,ғұрып.

4) КӨГЕНТҮП (салт).

Туыс,жұрағат адамдардың қонаққа келгенде оның баласына ескерткіш,сый ретінде берілетін мал.Бұл бала үшін сый,қуаныш болса ,оның ата-аналары үлкен құрметтеудің белгісі десе де болады.

5) ЕРУЛІК (салт).

Ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе,қоныстанса сол ауылдың адамдары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіріп табақ тартады.Бұл жаңа адамдарды бөтенсіретпей өз ортасына тартудың ,сыйласудың үлкен белгісі.

6) АУШАДИЯР.

Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар. Аушадияр деп аталатын бұл жырдың үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Қазір Қазақстанда аушадияр айтылмайды.

Қарапайым, тұрмыстық сөздерге құралғандықтан, ол тез жатталады:

Аушадияр бір болар,

Жаманның көңілі кір болар.

Ата-анасын сыйлаған,

Ақ шалмалы би болар.

Аушадияр екі дер,

Ержеткеннің еркі дер,

Омырауы толған он түйме,

Қыз баланың көркі дер.

Аушадияр төрт болар,

Қыздың қойны өрт болар.

Екі жақсы қосылса,

Өле өлгенше серт болар.

7) БАЛДЫЗ ҚАЛЫҢ.

Қалың малы төленген қалыңдық қайтыс болған жағдайда қазақ дәстүрі бойынша қалыңдықтың сіңлісін (балдызын) алу кезінде төленетін қосымша қалың мал балдыз қалың деп аталады. Күйеу қайтыс болған қалыңдығына ұрын барған болса ғана бұл ақы төленеді. Егер бұрынғы қалыңдығына ұрын келмеген болса, балдыз қалың төленбейді. Балдыз қалың – күйеудің балдызын алу үшін бұрынғы қалың мал үстіне түйе бастаған тоғыздан тағы да қалың мал төлеуінің атауы.

8) СЫЙЫТ.

Ежелгі дәстүрде қайтыс болған адамның тұтынған киімдерін оның сүйегін жууға кірген, яғни, халық тілімен айтсақ, «өлікке түскен» адамдарға марқұмның атынан киім үлестіреді: бас жағына түскенге бас киімін, ортасына түскенге шапанын, аяғына түскенге етігін (шұлғауымен) атап, таза, тұтынылмаған киімді үлестіретін салт болған.

Бұған қосымша өзі қатарлас адамдарға басқадай ұсақ киім, көйлек және басқа кәде қоса ұсынады. Егер киімі берілмей, үй-іші қараулық жасаса, аруақ жалаңаш жүреді деген сенім бар.

9) СҮТ АҚЫ.

«Қыз ұзату» салты кезінде құдалар тарапынан әкелінетін ең басты, жолы бөлек кәде сыйды «сүт ақы» дейді. Оны «ана сүті» деп те атайды. Яғни, келген құдалар қыздың анасына «сүт ақысын» төлейді. Әлдилеп ақ сүтін беріп өсіргені үшін қыздың анасына кәде беріп, батасын алады. Бұрынғы заманда ол бір түйе немесе ат болған. Дегенмен Қазақстанның әр аймағы бұл дәстүрді өзінше өткізеді.

10) СЫРАЛҒЫ

«Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» деген мәтел бар. Сыралғы – олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір әдет-ғұрып – міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.

Аяулым ТОҚТАСЫН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *