ӘДІЛДІКТІҢ АЛТЫН ТАРАЗЫСЫ – ӘРІПХАН

Тұлға
709 Views

Әділет полковнигі Әріпхан Прімбеков Шырынұлы оңтүстік өңірдегі жаймашуақ аудандардың бірі Жетісай ауданында 1970 жылдың 6 қаңтарында дүниеге келген. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтқан: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дегенін алға тартып, сол кезде Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құқық тану факультетін бітіріп, 1988 – 1989 жылдар аралығында Қызыл Армия әскерінде қызмет еткен. Борышын өтеген соң елге қайтып, біліміне және әскери тәжірибесіне сүйеніп, Мақтаарал ауданының прокуратурасында жас маман болып жұмысын бастайды. 1993 жылы еңбегін бағалаған басшылар оны аудандық прокуратураның тергеуші лауазымына ұсынады. Бір жылдан соң көрші жатқан Жетісай ауданына яғни өз ауылындағы тәртіпті бақылауға прокуратура тергеушісі болып ауысады.

Мемлекеттік басқаруда реформалар орын алып жатқан кез, аудандық прокуратураның орнына Мемлекеттік тергеу комитеті құрылады. Сондықтан енді Әріпханның лауазымы сол тергеу комитетінің тергеушісі болып танылады. 1997 жылдың маусым айында тәжірибесі жинақталған маман Прімбетов Мақтаарал ауданының ішкі істер басқармасына тергеуші болып ұсынылады. Жарты жыл өтісімен тіс қаққан маманды сол аудандағы прокуратурасына инспектор етіп тағайындайды. Инспектордың міндеті белгілі. Аудан бойынша құқық қорғаудағы бақылау органына қарасты әріптестеріне пайдалы әдістемелерді ұсынып, жұмысты оңды жолға қоюға ықпалын тигізеді. Қызметінде сондай ұмтылысы бар маман Мақтаарал ауданының прокурорының көмекшісі қызметінде жүріп, елдік тұрғыдағы мәселелерді шешуде ысылады. «Ер туған жерінде» деген, бұл қызметтердің барлығы туған жердің төл перзенті ретінде ел үшін, кіндік қаны тамған жері үшін жасалды.

Ал енді, 1998 жылы Әріпхан Шырынұлы ауылынан тыс – аты аңызға айналған Қаратау жаққа жол тартады. Ендігі қызметі – кеншілер шаһары Кентау қаласындағы прокурордың көмекшісі. Бұл ерекше қалада кезінде адам бойына сіңетін барлық өнерге бейім гректер тұратын. Солардың қолынан шыққан архитектуралық шедеврлер фрагменттері ежелгі Элладаны елестетеді. Мұнда көп ұлтты халық шоғырланған. Қала мен ауыл да дәстүрі аралас халық өмір сүреді. Әр ұлттың өнегелі жандармен қатар телі-тентектері де болады. Соларды тізгіндейтін ішкі істер қызметкерлері, ал солардың қызметін бақылау міндеті Әріпхан сынды прокуратура қызметкерлеріне жүктелген.

Тау бөктеріндегі қаланың ахуалына барынша реттеу жұмыстарын аянбай жасаған маман енді Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасына ауысады. Мұнда сот үкімдерінің және азаматтық және шаруашылық істерінің заңдылығын қадағалаудағы прокурор, сондай-ақ әкімшілік істердің заңдылығын қарайтын прокурор, аға прокурор, Шымкент қаласының Абай ауданы прокурорының орынбасары, Бәйдібек ауданының прокуроры қызметін атқарды.

2018 жылы Қазақстан Республикасының бас прокуратурасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша құқықтық статистикасының және арнайы есеп беру комитетінің басқарма бастығының орынбасары болып келуі – нағыз шыңдалған лауазым иесіне берілген үлкен сенім мен баға. Сенімге селкеу түсірмеген, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқарған Арекең осы комитеттің азаматтар және әкімшілік саласындағы басқармасының құқықтық мәліметтерді құру бөлімінің басшысы, ал 2018 жылы Бас әскери прокуратурасының Сарыағаш әскери гарнизонның әскери прокуроры лауазымына тағайындалады.

Сонымен, Әріпхан Шырынұлы 30 жылға жақын прокуратурада қызмет жасап, алғашқы жылдарындағы жас маманнан бастап осы күнге дейін тағдырында мейлі ауылында болсын, мейлі өзге өңірде болсын, Әріпхан мырза менталитетіне, жасына, лауазымына қарамастан барша замандастарымен тіл табысып, көңіл жұбатып, ренішін реттеп, қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісіп адамгершілігінен таймаған, дұрыс жолынан адаспаған. Ондай пікірдің жаны бар. Текті елдің ұлы ауылдың тәрбиесінде піскен азамат бүгінде шаңырағының түтінін түзу етіп, жібін үзбей, немерелерінің қымбатты атасы атанып отыр.

Еңбек жолын құқық қорғау саласына арнаған Әріпхан Прімбеков қай қызметте болса да барын салып, қызметіне лайық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Жергілікті Әскери Басқару Органдарына 100 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы ҰҚҚ шекара қызметі Сарыағаш шекара отрядына 20 жыл», «Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы марапаттаған «Мінсіз қызметі үшін 2 дәрежелі», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Прокуратура ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін 3 дәрежелі», «Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына 25 жыл», Ресей Федерациясынан «75 лет победы в Великой Отечественной войне 1941 – 1945 гг» медальдары. Мұның бәрі мінсіз еңбегіне берілген сый-құрмет деп білеміз. Ал одан бөлек марапаттау және алғыс хаттары қаншама?

Әрине, осы наградалар ай қарап жүрген пендеге берілмесі анық. Ол дегеніміз өзіне жүктелген міндеттерге жанашыр, жауапкершілігі мол, өзге әріптестерге үлгі болатын жанға көптің көзінше өнеге ретінде тапсырылады. Өзіне де, өзгеге де осындай талабы мол мамандар назардан тыс қалмайды. Мемлекетке, халқына құқық қорғау саласындағы қызметте бар білімін, бар өнерін, бар тәжірибесін салған Әріпхан Шырынұлы қай қызметте болса да өзін білімді, сабырлы, жастарға қамқор, тағы басқа қасиеттерімен танытты.

Таяуда Түркістан облысы Бәйдібек ауданның игі жақсылары прокурор Арекеңді елеулі еңбегіне лайық баға беріп, ол кісіні Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы атағына ұсынған болатын. Шаянға барсаң әншімін деме, деп Мұхтар Әуезов айтқандай, әр ауылдың өзіндік сыры бар. Сырымен қатар құпиясы да тереңде жататыны анық. Алайда бақылауындағы салада тіл табысып, құпиясына үңіліп, сырын сақтай білген маман барша тұрғындардың көңілінен шыққандай.

 Осыған дейінгі тағдырында сеніммен тапсырылған міндеттемелерді абыроймен атқарған ол келешекте, зейнет демалысында ізінен ерген әріптестеріне ақыл-кеңесін айтып, күш-жігерін аямай, ізденістерді алға тартып, істің әділ бітуіне септігін тигізетіні анық.

Прокуратура — бақылау органның үлгі тұтар, абыройлы тұлғасы деп танылған Арекеңе алдағы өмір жолында өзіне қойған ұстанымдардан айнымай, қазақ еліне шапағатын тигізуден шаршамай жүруді тілейміз.

Меруерт МАҚАЖАН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *