ӘЙТЕКЕ БИДІҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШІ
Осыдан екі жыл бұрын, жазда Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесі мен Бостандық аумағының тұрғындары жақсы бір бастама көтерген болатын. Жергілікті 600-ден астам тұрғындар қазақтың атақты биі Әйтеке Байбекұлына ескерткіш орнатуға ниеттенген. Сөйтіп олар 2015 жылдың 29 тамызында тұрғындардың жалпы жиналысын өткізген. Жиналыстың төралқасына Бостандық аумағының биі, қалалық билер алқасы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Балхия Отарбаев, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерінің төрағалары – Сәулен Қожанбеков пен Махан Ташметов сайланады.
Басқосуда Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесінің бойына ескерткіш орнату туралы мәселе қаралады. Бұл жайында сөз сөйлеген Балхия Отарбаев саялы Сарыағаштың күн санап көркейіп, көріктеніп, абаттанып, ажарлана түскенін тілге тиек ете келе мына жайларды атап өтті:
– Еліміздің тарихында хандар, батырлар мен билердің алатын орны айрықша. Осылардың арасынан үш жүздің атақты билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би есімдері ерекше ілтипатпен тілге оралады. Олардың бәрі өз дәуірінде туған елін, жерін шапқыншы жаудан қорғап қалуда, халықтың ынтымағы мен бірлігін сақтауда зор еңбек сіңіргені баршаға белгілі. Үшеуін де билердің биі, ұлыстың ұлы биі, төбе би, бас би, ата би, баба би, көсем би, шешен би деп қадірлеп, құрмет тұтамыз.
Әйтеке Байбекұлы (1644-1700 жылдар) – Кіші жүзден шыққан қазақтың шешен биі. Оның қай жылы, қай жерде жарық дүниеге келгені жайында сан түрлі деректер айтылып, жазылып жүр. Қазақ Кеңес Энциклопедиясының бірінші томында: «Айтық, Әйтеке (XVII ғасырдың аяғы – XVIII ғасырдың басы) – Әбілхайыр ханға дейін Кіші жүзді басқарған би. Есім ханның тұсында Самарқанды билеген атақты Жалаңтөс батырдың немересі», – деп көрсетілген. Ел аузында айтылып жүрген бір шежіре аңызда «Қаражігіт би (халық Әйтеке бидің осылай деп те атаған) – Ташкент қаласының маңындағы Келес өзенінің бойында жарық дүниеге келген» – деген дерек те айтылады. Міне, осындай жағдаяттарды ескере келе Әйтеке би көшесінің бойына оған ескерткіш орнатсақ деген ұсыныс айтқым келеді.
Ұсынысты талқылау бойынша жарыссөзге шығып сөйлеген азаматтар да мұны қызу қолдап, қуаттаған. Олардың арасында біз жоғарыда тілге тиек еткен Сәулен Қожабеков, Махан Ташметов, сонымен қатар Ибадулла Әбдіраманов, Әлен Омарбеков, Нұрмахан Тайжанов, Болат Әріпбаев, Ғалым Сәпішев, Орынбасар Наханов, Айтбай Рысбеков, Бердін Есбергенов бар болатын. Әйтеке би көшесі тұрғындарының жалпы жиналысы ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылдайды. Сөйтіп ескерткіш орнатылатын жерді таңдау, ескерткіштің макетін, орналастыру жобасын жасау, мүсіншілер тауып, келісімді бағада жасау жұмыстарының бәрі осы идеяның авторы – Балхия Отарбаевқа жүктеледі.
Осылайша аудан, қала әкімдерінің келісімін алу және қажетті құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастайды. Сол жылғы 2 қыркүйекте аудан әкімі Бұхарбай Парманов ескерткіш орнату жөніндегі ұсынысты мақұлдайды. 20 қыркүйекте қала әкімі Баймырза Умаровтың № 177 шешімімен ескерткіш орнату үшін жалпы алаңы – 215 шаршы метрлік жер телімі 4 жыл 9 ай мерзімге құрылыс жұмыстары аяқталғанға дейін уақытша өтеусіз пайдалануға беріледі. 26 қазан күні Сарыағаш қаласының әкімі мен жеке кәсіпкер Б. Отарбаев Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесінің бойына ескерткіш орнату жұмыстарына байланысты Меморандумға қол қояды. Жеке кәсіпкер Отарбаев ескерткіш орнатуға қажетті сызбаларды, топографиялық түсірілімдерді, сметалар мен жобаларды әзірлеуді өз қаражаты есебінен жүзеге асыра бастайды. «ҚазТрансГаз аймақ» акционерлік қоғамы Оңтүстік Қазақстан өндірістік филиалының Сарыағаш газ өндірістік учаскесі, «Оңтүстік жарық транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Сарыағаш аудандық электр жүйесі, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Оңтүстік ауызсу филиалының Сарыағаш топтық өндірістік бөлімшесі, аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы, аудандық телекоммуникация торабы, «Жер кадастр» мекемесінің аудандық бөлімшесі, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімі, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, бәрі-бәрінің келісімдері алынады. Бұл айтуға ғана оңай шаруа. Шындығында кез келген адамның көп күш-жігер мен уақытын жұмсауына тура келеді.
2016 жылғы 18 мамырда Шымкент қаласында Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалы басқармасының кезекті отырысы өтеді. Онда Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесі мен Шымкент – Шыназ автокөлік трассасының қиылысқан тұсына қойылатын ғұлама ойшылдың тұлғалы мүсін монументінің нобайы мен жобасын бекіту конкурсы жайында мәселе қаралады. Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Шилібаев аталмыш конкурсқа Ә. Абылаев, М. Ахметов, Қ. Қосуақов секілді мүсіншілер қатысып отырғанын айтып, олардың бәріне сәт сапар тілейді. Жарыссөзге шығып, сөз сөйлеген мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Н. Рүстемов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері А. Мұратбаев, суретшілер – Е. Палымбетов, Б. Бейісбековтың бәрі бірауыздан Алматы көркемсурет училищесінің түлегі, мүсінші, Өзбекстан Көркем академиясы сәулетшілер ұйымының мүшесі Миатбек Ахметовты жеңімпаз деп табады. Сонымен, Сарыағаш қаласындағы Әйтеке би көшесіне ескерткіш орнату мәселесі шешілгендей болды. Дегенмен әлі алда талай жұмыстар күтіп тұрды.
2017 жылғы 15 мамырда Сарыағаш қаласы әкімінің №130 шешімімен арнайы комиссия құрылады. 19 мамырда Әйтеке би ескерткішіне байқау жарияланады. 10 және 30 маусымда өткен Сарыағаш қаласында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі комиссия мәжілісінде Миатбек Ахметов жасаған ескерткіштің жаңа жобасы мемлекеттік комиссияға ұсынылады. Осылайша бірте-бірте мемлекеттік комиссия мақұлдаған ескерткіш қағаздағы жобадан өмірдегі нақты нысанға айналды. Бүгінде мүсінші Миатбек Ахметовтың қолынан шыққан, жеке кәсіпкер Балхия Отарбаевтың күш-жігер жұмсауымен, ауданның сол кездегі әкімі Бұхарбай Пармановтың, қазіргі әкімі Қайрат Әбдуәлиевтің, «Сарыағаш – тазалық» аудандық мемлекеттік коммуналдық-қазыналық мекемесінің басшысы Бақтияр Секеровтің қолдау-көмегімен, сондай-ақ жергілікті тұрғындар – ағайындардың жабыла жұмылуымен орнатылған еңселі ескерткіш алыстан менмұндалайды. Қасына барсаң, жасыл желекпен көмкерілген алаңқаймен айрықша ансамбль құрып тұрған өнер туындысы жаныңды жадыратады.
Әйтеке Байбекұлы – Қазақстанмен шекаралас Өзбекстанда дүниеге келіп, сонда тұлға ретінде қалыптасқан. Оның бүкіл өмірі Оңтүстік Қазақстанмен, Түркістанмен тығыз байланысты өрбіді десек болады. Өлкемізде оның өшпес іздері қалған. Сондықтан да болса керек, біздің жерлестеріміз әйтекетану ісіне сүбелі үлес қосып келеді. Әріптесіміз, ақын әрі журналист Жұмабек Мұқанов Шардарада Әйтеке би қоғамдық қорын құрып, көп жыл жемісті еңбек етті. «Әйтеке бидің ақ жолы» атты кітап құрастырып шығарды. Өзі де ол туралы татымды дүниелер жазды. Міне бүгін сондай азаматтардың арқасында Сарыағашта атақты бидің ескерткіші орнатылып отыр.
Ескерткішті орнатуға демеушілік жасаған жеке кәсіпкер Балхия Отарбаев жайында аз-кем әңгіме өрбітейік. Ол 1952 жылы жарық дүниеге келген. 1975 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірген. Қапланбек аграрлық-техникалық колледжінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған. Жоғары санатты оқытушы. Кәсіподақ комитетіне жетекшілік жасаған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Білім беру ісінің Құрметті қызметкері атанған. Колледж ауласына осы арнаулы орта оқу орнының 1950 жылғы түлегі, кейіннен атақты сазгер атанған Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш мүсінін орнатуға қолғабыс жасаған. Зайыбы Айман екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, өсіріп, немерелер сүйіп отырған жағдайы бар. Бәкеңнің өзі болса, түрлі арнайы курстарда оқып, фермерліктің қыр-сырын жете меңгерген. Сондай-ақ Бостандық аумағының биі ретінде де талай сауапты тірлікке ұйытқы болып келеді. Баймаханбет мешітінің жаңа ғимаратын салу жұмыстарына белсене атсалысқан. Айта берсек, елі мен жері үшін тындырған игілікті тірліктері жетерлік.
Ә. КЕЛЕСҰЛЫ.