ӘКЕ КӨРГЕН…

Тұлға
1 152 Views

Мегаполис атанған Шымқалада жасы үлкен болса да заман құрдас болып кеткен, кезінде сирек кәсіп саналатын облыс бойынша мемлекеттік стандарт департаментінің бөлім бастығы болып істеген досым Қараман Нәлібаевты (суретте) кездестіріп қалдым. Екеуміздің бір-бірімізден хабар үзіп, мұнан соң зейнеткерлікке шығып дегендей екі арада оншақты жылға жуық уақыттың қалай сусып өте шыққанын да сезбей қалыппыз.

«Ескі дос естен кетпес, жаңа дос қадіріңе жетпес» дегендей, өткен күндеріміз бен жастық шағымызды еске алып, жарыса айтқан тәтті әңгімелеріміз тіпті де таусылар емес.

– Саған бір ұсынысым болып тұр, – деді досым бір уақытта, – мына тұрған Қайтпас қой, ендігі әңгімені біздің ауылға барып жалғастырсақ, айтатын маңызды құпиям бар еді!

Бұрыннан алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезі бар еді. Бұл жолы да келісіміме қарамай-ақ такси тоқтатып, әш-пүшке келтірмей автокөліктің ішіне тоғытып үлгірді.

Көп жүрмей-ақ ауылдың қарасы көрінді. Кезінде Асанбай Асқаров атамыз негізін қалаған демалыс аймағының батысындағы ауыл Қайтпас-2, ал шығыс жағындағы ауыл Қайтпас деп аталатынын білетінбіз. Досымның айтуынша, бұған дейін «Жасасын», одан кейін Каганович атындағы ұжымшар, кейіннен XXI партсъезд атындағы кеңшар учаскесі болған бұл елді мекен енді «Ақжайық» шағынауданы болып ресми бекітіліпті.

– Ал енді әлгі құпияңды айт! – дедім үйге кірер-кірмес шыдамсыздық танытып.

– Жайлап жылжып жетпіске де жеттік қой, – деді ол.

Оған зер сала қарадым. Ұзынтұра бойына сай қақпақтай жауырыны мен кесек тұлғасы сол күйі сақталғанымен, бұрынғы дүлей ормандай қою қара шашы селдіреп қалыпты. Бірақ көз жанары еш айнымаған, жас күніндегідей өткір, нұр шашып тұр. Жан дүниесіндегі тазалықты, иман­дылықты ызғырыққа, аз күндік жылылыққа тонатпаған, құйма­құрыш қазақтың нақ өзі.

– Қуанбайсың ба, жетпіс тұрмақ, елуді көре алмай кеткендер бар ғой қаншама?!

– Көрсеткеніңе мың тәубә, сансыз шүкір! Өзімді бақытты отбасы санаймын. Ұзақ жыл мектепте ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шыққан зайыбым Әмина Батырбекова екеуміз екі ұл, бір қыздан жеті немере сүйіп отырмыз. Бірақ айтайын деген құпиям бұл емес. Жұмыстан қол босағалы жүріп өткен жолыма шолу жасап, атқарған ісіме есеп беріп дегендей күнделік жазуға кірісіп едім. Мүмкін болашақта кітапқа айналып кетер. Кейінгі ұрпаққа айтарымыз аз емес сияқты. Соны жазу-сызудың айналасында жүрген өзіңе көрсетіп алсам деген ниет қой, – деді.

Күнделікті түгелдей дерлік астын сызып оқымасам да зер сала көз жүгірте отырып ескі досымның өмір жолы мен адамгершілік ізгі қасиеттері, жұмыс барысындағы іскерлік қабілеті сияқты деректеріне бұрынғыдан да терең қаныға түстім.

Әкесі Нәлібай Оңалбайұлы 1918 жылы ерікті түрде әскер қатарына кіріп, генерал Осиповтың басқаруында бандалармен болған ұрыстарға қатысқан. Ташкенттегі бір жылдық кеңес партия мектебін бітіріп, 1921-1955 жылдар аралығында Арыс ауданына қарасты Тассай ауылдық кеңесінің төрағасы, «Жасасын», Надежда Крупская, Карл Маркс атындағы «Жаңа талап» ұжымшарларының басқарма төрағасы қызметін атқарып, елге танымал, сыйлы кісі болған екен. Атақ, даңқы дүние жүзіне белгілі балуан Қажымұқанмен, Сыр сүлейі Нартай ақынмен жақын араласып, сыйласып тұрыпты.

Өкінішке орай жол апатынан қазаға ұшырапты. Қазір ауылдағы бір көшеге есімі берілген. Өмір жолы мен қызметі жазушы Пернебай Дүйсенбин жазған тарихи кітапқа енген.

Қарекеңнің айтуынша анасының шын аты Зәреухан болғанмен жұрт оны Таутай деп атайды екен. Ұзын бойлы, келбетті, көп сөзге жоқ, мінезі ауыр кісі болғаны есте қалыпты.

Бір әке, бір шешеден төрт қыз, екі ұл тараған екен. Қазір көзі тірі әпкесі мен қарындасы бар, екеуі де зейнеткер. Ал Қаһарман деген жалғыз ағасы 1955 жылы қапыда қаза болыпты. Шымкент педогогикалық институтында оқып жүрген кезінде мақта теріміне оңтүстік аудандардың біріне тауарлы пойызбен кетіп бара жатып Шеңгелді стансасына жақындаған тұста қазақтың қыздарына зорлық жасамақ болған бір топ баукеспе шпаналармен жалғыз өзі алысып, әлгілер пышақтап, сыртқа лақтырып кеткен. Ауылдағы қазір көзі тірі жолдастарының айтуынша, ағасы атына заты сай өте қарулы, денелі жігіт болған екен. «Бұл өте өкінішті жағдай, егер ол тірі болғанда тағдырым басқаша болар ма еді, кім білсін?», – деп көзіне жас алды Қарекең.

Күнделікте жездесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Өтеген Нұрымбетов жайлы ерекше ыстық ықыласпен жазылған. Ауылдағы төрт жылдық мектептен соң орта мектепті осы кісінің үйінде жүріп оқыған Қараман оны ерекше құрметтеп «көке» дейді екен. Ол қала іргесіндегі ХХІ партсъезд кеңшарының Эрнест Тельман атындағы бөлімшесінде аға есепші, кейіннен кеңшардың бас есепшісінің орынбасары болып ұзақ жыл абыроймен қызмет атқарыпты. Кеңшар директорлары, бас есепшілері жиі ауысып жатса да өз ісіне адал Өтегенді ешкім орнынан қозғалтпаған.

Шағын ғана ауылда ол кісінің қамқорлығын көрмеген жан қалмады десе де болғандай. Халықтың тұрмысы мен күнкөрісі ауыр болған сол тұста қазақтарды қойып, әзірбайжан, қарашай, күрділерге дейін бәрі осы кісінің үйінен пана тапқан. «Апама жездем сай» дегендей, әпкесі Бейсенкүл де өте кішіпейіл, мейірбан жан екен. Егер ол кісі қабағын шытып жаратпай отырса, мұның бірі де болмас еді ғой.

Қарекең 1971 жылы Шымкенттегі Бүкілодақтық Қазақ химия-технологиялық институтының химия өндірісінің технологиясы факультетін бітіргеннен кейін біраз уақыт түрлі салада жұмыс істеді. 1976 жылы Госстандарттың облыстық мекемесіне аға инженер болып орналасады. ҚР Стандарттау, метрология және сертификаттау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша мекемесінің атауы белгілі бір уақытта бірнеше мәрте өзгеріп отырғанымен бағыты, мақсаты өзгерген емес.

Содан осы ұжымда тапжылмай 35 жыл қызмет етіп, аға инженерліктен бастап бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығына дейінгі жолдан өтіп, 2011 жылы құрметті демалысқа шыққан. Қарекең мекеме бастығы болған Қонақбай Төлеметов жайлы асқан ризашылықпен, тебірене әңгімеледі.

– Пейілі кең, қарапайым, жаны дарқан, туған әкемдей қамқор болған бұл кісіні сірә ұмытпаспын! Жалғыз маған емес, қарамағындағы 70-80 адамға бірдей еді. Бізде жершілдік, рушылдық, ұлтқа бөлу деген мүлде болған емес, ол туралы ойлаған да емеспіз.

Ол кісі мен осында жұмысқа келерден бір жыл бұрын ғана Шымкент фосфор тұздары зауытында шебер, ауысым бастығы, кейіннен цех бастығы қызметін атқарып, облыстық партия комитетінің ұсынысымен осы мекемеге басшылық қызметке келген екен. Қонақбай ағаның тұсында өндірілетін өнімдердің сапасы бірінші орынға қойылып, бұл бағытта жүргізген қажырлы жұмыстарымыздың нәтижесінде негізгі көрсеткіштер жөнінен Одақ бойынша өзіміз сияқты 400-дей мекемелер арасынан төртінші орынға көтерілдік.

Облыс көлемінде орналасқан өндіріс ошақтары шығаратын өнімдерге бекітілген тапсырма негізінде жыл сайын бақылау жүргізетінбіз және оның қорытындысы талқыланып, тиісті шаралар көрілетін. Әр зауытта болатын техникалық бақылау бөлімдерінің жанынан сапа бойынша жұмыс істейтін қызмет топтары құрылды. Қонекең кадрлардың біліктілігіне ерекше назар аударды. Еліміздің Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Киев, Тбилиси, Ташкент сияқты ірі-ірі қалаларындағы Бүкілодақтық стандарттау және метрология институттары мамандардың біліктілігін арттыру курстарына қызметкерлерді екі ай мерзімге тұрақты түрде жіберіп отырған. Өзім 1988 жылы Ташкенттегі осындай курста оқып, білімімді тереңдетіп қайттым.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 1998 жылдары өзіміздің өнімдерді, тағы басқа өнімдерді экспорттау мәселелері бойынша, тауардың шығу тегін анықтау жұмыстары Үкімет ұйғарымымен Госстандартқа жүктеліп, әр облыстағы мекемелерде жаңа құрылым ашу жүктелді. Бұл өте жауапты әрі біз үшін жұмыстың жаңа бағыты еді.

Жаңадан ашылған құрылымға басшылық жасауды Қонекең маған жүктеді. Бастапқыда жүрексініп, бас тартып едім, бірақ ол кісі табанды түрде талап етті. Жоғарыдан келген пәрмен бойынша екі айдың ішінде жұмыс істейтін бөлмелер, компьютерлер (ол кезде бірінші көруіміз), кадр мәселелерін шешіп, оқып, үйреніп, 1998 жылдың 1 желтоқсанынан бастап өнімдерге талапқа сай арнаулы сертификаттар беруге тиіс болдық.

Сонымен жүйелі жұмыс басталып кетті. Қонекеңнің толық қолдауымен айтылған уақытта сертификатты беріп, желтоқсан айының есебін ойдағыдай өткіздік. Бұл жұмыстар бұрындары өзіміздің Госстандартта атқарылмаған соң өзім Бішкекте оқып қайттым, кейіннен Алматы, Астана қалаларында қысқа мерзімді курстардан дәріс алдым. Қалған қызметкерлерді де кезекпен оқытып, жұмысты жолға қою үшін жұмыла еңбек еттік. Осындай алғашқы қалыптасу кезеңінде уақытпен санаспай, бір жұдырықтай болып ұйымшылдықпен жұмыс істеген Равшан Аучиев, Шухрат Юнусметов, Гүлбаршын Самбетова, Қайрат Бөрібеков сияқты мамандарға шексіз риза болдым.

Біздің беретін құжатымыз екі ел арасындағы келісім бойынша кедендік бақылау кезінде жеңілдік (преференция) алу үшін қажет еді. Бөлімнің жеке мөрі, оның үлгісі және менің қолымның үлгісі тәуелсіз Қазақстанның экспорт бойынша жасасқан шарты бар барлық елге жіберілді. Жауапкершілігі өте жоғары болды деп отырғаным да осыдан еді.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, өзімізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып, нәтижесінде Қазақстандағы 16 облыстың ішінде алдыңғы қатардан көрініп жүрдік. Жасыратыны жоқ, бастапқы кездерде түрлі қиындықтар мен қателіктер болды. Мұның бәріне түсіністікпен қарап, ортақ істің табысты болуына дер кезінде көмек қолын созып отырған Қонекеңмен қатар одан кейін басшылық тізгінін қолына алған Нұрлан Боранбаевқа, орынбасары Сәкен Төлеевке, бас есепші Гүлжан Тұрғынбаеваға, заңгер әрі кадр бөлімінің бастығы Әбдібек Сүлейменовке құрметім шексіз, – деп өткенді еске алды Қарекең.

Қарекең зейнеткерлікке шыққанымен, тапжылмай 35 жыл қызмет еткен ұжымынан қол үзген емес. Ардагерлердің басқосуларына қатысып, кейінгі жастарға мекеменің қалыптасу кезеңі, жүріп өткен жолы жайлы қызықты әңгімелер айтумен қатар өзінің ұзақ жылғы мол тәжірибесіне сүйене отырып өндірісті одан әрі өркендету жөніндегі пікірлерін ортаға салады.

Балалық бал дәурен мен жалынды жастық шақты бірге өткізген достарымен, жора-жолдастырамен де араласып, қал-жағдайларын білісіп тұрады екен. Олардың арасынан есімдері елге танымал академик, ғылым докторы, профессор Досымхан Рахымбеков, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Кемелбек Дауренов, ұзақ жылдар емхананың бөлім меңгерушісі болған Паша Мұсаев, орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған Ілес Оспанов, құрылыс салаларында учаске бастығы болған Найман Көшербаев сияқты құрдастарын ерекше мақтанышпен атап өтті.

Күнделіктің соңғы беттерін ақтарыстыра отырып әкесі Нәлібай Оңалбайұлының қайта өңделіп шығарылған түрлі-түсті үлкен портретіне көзім түсті. Бұрынғы ұжымшар мен кейінгі Мемлекеттік стандарт бөлімінің бастығын салыстыра ұзақ қарап қалдым. Әкелі-баланың түрлері қаптап қоя салғандай бір бірінен айнымай қалыпты, атқарған тірліктері де өз заманына сай бір-бірін қайталап тұрғандай. Екеуі де қолға алған жауапты істе ерен еңбегімен, кәсіби қабілет-дарынымен, кісілік мейірім-қасиетімен, ақыл-па­раса­ты­мен танылған. Қазақтағы «Әке көрген, оқ жонар» деген сөз осы шығар…

– Әкең айтулы тұлға болған екен, бұл дүниеден қапыда ерте кетіп қалыпты, әлі де өкінетін шығарсың? – деген сұрағыма Қараман:

– Енді ғана өз-өзіме келіп, ақыл тоқтатқан тұста автокөлік апатына ұшырады. Ол кісімен шындап сөйлесіп, сырласа алмадым, жақсылығымды көрмей кетті, өкінішім осы. Мақтанышым – оның тұяғымын, «алтынның сынығы» болып, сол кісінің өнегесімен жүрдім. Көңілге медеу осы, – деп жауап берді.

Ол шығарып саларда күректей алақанын иығыма қойып:

– Сенімен кездескен сайын бір демалып қаламын. Осылай жиі жолығып тұрайық, достым! – деді.

– Иә, біз әлі жолығамыз, тек жаратқан ием патшаға сабыр, қалғанымызға денсаулық пен күш-қуат берсін деп тілейік, – дедім-дағы қимай қоштастым.

Слам НҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *