ӘКІМ ҚАЛАНЫҢ ЖАСЫЛ БЕЛДЕУІМЕН ТАНЫСТЫ

Экономика Қоғам
717 Views

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылы Қазақстан халқынаЖолдауында «Бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15миллион ағаш отырғызылатын болады. Бұл еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейтуге септігін тигізеді» деп айтқан болатын. Осы бағыттағы жұмыстардыжүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық табиғиресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты бірқатарнысандардың қызметімен танысқан болатын.

Ең әуелі қала басшысы А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағындағы көшеттік тұқымбақтың жұмысымен танысты.

Жалпы тұқымбақта 8269 түп көшет өсірілуде. Атап айтсақ, мұнда 1537 түп бозарша, 1016 жәй арша, 891 түп емен ағашы мен 223 дана сабын ағашы және 81 дана шынар ағашы бар. Ал, жылыжайда 19 түрлі тұқым себіліп, жасыл қаламша тәсілімен 42 түрлі ағаш-бұта дайындалуда.

Аралау барысында сала мамандары дендросаябақты дамытудың жаңа концепциясымен таныстырды. Қала әкімі алдымен ағаштардың түрлі сұрыптағы жиынтығын көбейтіп, дендросаябақты туристер мен қала тұрғындарының сүйікті жеріне айналдыру қажет екенін айтты.

Мұрат Әйтенов аталған саябақтағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан велосипед пен жүгіру жолдарының жұмысын аралап көрді.

Мұндағы жүгіру жолының ұзындығы 6457 м, ені 3 м. Веложолға арнайы қозғалыс жолақтары жүргізілген. Ұзындығы 12,5 км жолда жерасты кабельдері ауыстырылып, биіктігі 6 метрлік арақашықтығы 20 метрді құрайтын 670 дана LED бағаналары қойылады. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Сонымен қатар шаһар басшысы аумағы 976 гектарды құрайтын «Жасыл белдеу» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болды. Мұнда жалпы саны 262 мың түп ағаш көшеттері егілген.

Әкім жасыл аймақты дамыту үшін ең алдымен Шымкент қаласындағы ағаштарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, осының нәтижесінде жасыл белдеуді ұлғайту мен көгалдандыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

ШАҺАР БАСШЫСЫ МҮГЕДЕКТЕРДІ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

Қазан айының екінші жексенбісі Қазақстанда мүгедектер күні болып бекітілген. Халықаралық мүгедектер күнін атап өту мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына, ар-намысы мен құқықтарын қорғау мәселесіне қоғам назарын аударуға, сондай-ақ, мүгедектердің еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне белсенді араласуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Осыған орай, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шапағат» оңалту орталығында болып, мекеменің жұмысымен танысты.

«Шапағат» мүгедектерге арналған оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі психо-неврологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Өткен жылы ашылған орталық 70 орынға лайықталған. Онда келушілерге барлық жағдай жасалған. Инструктор мамандардың көмегімен дене шынықтыру кабинетінің қызметін пайдалана алады. Арнайы кабинеттерде мүгедектер дәрігер нұсқауы бойынша түрлі ем-дом қабылдайды.

Мұрат Дүйсенбекұлы мемлекет мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әрдайым қамқорлық көрсететінін, әлеуметтік төлемдердің мөлшері тұрақты түрде өсіп келе жатқанын айтты.

Жалпы, Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 37 мыңға жуық адам есепке алынған.

Осы санаттағы адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл бюджет көздерінен бөлінген қаржыға арнайы құралдардың 55 түрі сатып алынып, арнайы қызметтердің 4 түрі көрсетілуде.

Биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Шымкент қаласына 406 дана электронды қоларба бөлінген. Жыл басынан бері 100 дана электронды қоларба келіп, I, II-топтағы мүгедектерге үлестірілуде. Қалған 306 данасы жыл соңына дейін мұқтаж жандарға таратылады. Бюджеттен қосымша 1 210 серуендік және бөлмелік қол арба алуға келісімшарт түзілген.

Сонымен қатар Шымкенттегі алты арнаулы әлеуметтік мекеме мүгедектігі бар 1 725 адамға қызмет көрсеткен.

Атап айтқанда, психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған балалар мен психоневрологиялық ауруы бар 18 жастан асқан азаматтар, І және ІІ-топтағы мүгедектер мен қарттарға стационарлық, жартылай стационарлық режимде және үйде оңалту шаралары жүргізілген.

Мұнан бөлек мемлекеттік мекемелерге альтернатива ретінде үкіметтік емес ұйымдар да осы санаттағы азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсетуде.

ШЫМКЕНТТІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ ДИНАМИКАСЫ ЕКІ ЖЫЛДА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?

Шымкент қаласына — 2018 жылы Елбасы Жарлығымен республикалық маңызы бар қала статусы берілген болатын. Бұл тарихи шешім қаламыздың орталық Азиядағы ірі мегаполистермен терезесін тең алып жүруге жол ашты, экономикалық дербестік берді.

Қаламыздың 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясы, 2023 жылға дейінгі Кешенді даму жоспары әзірленіп, бекітілді. Екі жылда қалада көптеген оң өзгерістер болып, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер жақсарды.

Мәселен, қаланың даму параметрлеріне қарайтын болсақ, өткен екі жылда экономиканың өсім динамикасын байқауға болады.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі 1,3 есеге, ауылшаруашылық өнім көлемі 1,2 есеге, кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15 мыңға, олармен өндірілген өнім 1,5 есеге артқан. Сонымен қатар, осы жылдар ішінде қалаға 782 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылды, 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды.

Орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 93 пайыздан 94,7 пайызға, балабақшамен қамту көрсеткіші 94,3 пайыздан 100 пайызға жетті.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2 жылда 18 кәсіпорын ашылып, 1 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бұдан бөлек, мегаполистің бюджеті артып, биылғы жылы қала бюджеті 452,5 млрд. теңгеден асып отыр, оның 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.

ЖЫЛЫЖАЙҒА ҚАЖЕТТІ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ БАҚЫЛАУДА

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жылыжай құрылысына қажетті құрал – жабдықтар өндіретін зауыттардың жұмысымен танысты. Алдымен Асар–2 шағын ауданында орналасқан «ZERO MAX KZ» зауытына барды. Аталған зауыт жылыжай кешендерін салуға арналған мырышталған құбырлар мен жылыжай құрылысына қажетті өнімдерді өндіреді.

Жоба құны – 2,6 млрд. теңгені құрайды. Өндіріс орны жылына 380 гектар болатын жылыжай құрылысына қажетті құрал-жабдықтарды өндіруге қауқарлы. Бүгінгі таңда зауыттан 100 гектардан астам өнеркәсіптік жылыжайлар кешендерін іске асыруға жабдықтар сатылған.

Сонымен бірге, қала әкімі Оңтүстік Кореялық технологиямен полиэтилен пленкасын (үлбір) және пластик бұйымдарын өндірумен айналысатын «АК Ордасы Пластик» ЖШС зауытының жұмысымен танысты. Айта өту керек, бұл – жылыжай шаруашылықтары үшін ені 12 метрлік үш қабатты пленка (үлбір) шығаратын Қазақстандағы жалғыз зауыт болып табылады.

Бұл жобаның құны 2,4 млрд. теңгені құрайды. Зауыт тәулігіне үш қабатты жылыжайға арналған 25 тонна пленка және 5 тонна бақша пленкаларын (қалыңдығы 10 микроннан 300 микронға дейін) өндіреді. Зауыт әртүрлі салаларға арналған пленкалардың (үлбірлердің) түрлерін шығарады. Атап айтқанда, жылыжай пленкасы, құрылыс полиэтилен пленкасы, гидроизоляцияға арналған пленка, шөгілетін пленка және стрейтч пленкалары.

ДӘРІГЕРЛЕР САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУДІ ЕСКЕРТЕДІ

Шымкент қаласында 1 тамыздан бастап covid-19 белгілері бар пневмониямен 869 науқас тіркелді. Өткен тәулікте тіркелгені 1 жағдай. 2020 жылғы 12 қазандағы жағдай бойынша COVID-19-дың 5203 жағдайы тіркелген. Оның ішінде – 2648 симптомдық, 2554 – симптомсыз.

Сондай-ақ, қалада 11 қаңтардан 12 қазанға дейін пневмонияның 18 341 жағдайы тіркелген болса, оның 18 191-і ауруынан айыққан.

Бүгінгі таңда коронавирустан емделген науқастар саны 5 108-ге жетті.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында сақтық шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертеді.

ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында жаңадан ашылған жастар денсаулық орталығының таныстырылымы өтті. №13 қалалық емхана базасында орналасқан орталықта гинеколог, уролог, психолог, әлеуметтік қызметкер сынды мамандар жұмыс істейді. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Аталған емхананың мамандары қала жастары мен БАҚ өкілдеріне орталықтың жұмысымен таныстырды.

Мұнда 10-19 жас аралығындағы жастарға толықтай тегін қызмет көрсетілетін болды.

Мамандар орталыққа келушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға кешенді медициналық, психологиялық, әлеуметтік жағынан көмек көрсетеді. Оның ішінде, отбасын жоспарлау, маскүнемдік пен нашақорлықтың, АИТВ инфекциясының, стресті және құлазу жағдайларының, қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіледі және құқықтық кеңестер беріледі. Сонымен бірге, бастапқы медициналық-санитарлық көмек, диагностикалық-кеңес медициналық көмегі де көрсетіледі.

«Жастар арасында олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру біздің басты мақсатымыз болып табылады, біз оны жастар денсаулық орталығына енгізіп, насихаттап жатырмыз. Жас ұрпақтардың жыныстық қатынас мәселесіне білімді әрі қауіпсіз тәсілмен қарауы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың қаупін азайтады. Бұл да орталықтың басты міндеттерінің бірі. |Жастар денсаулық ортылығы жастар арасында танымал болып келеді және біз жұмыстың тиімділігін көріп отырмыз», – дейді №13 қалалық емхананың бас дәрігері Молдыбаева Әлия .

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ 95 ПАЙЫЗЫ ҚЫСҚЫ МАУСЫМҒА ДАЙЫН

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жолшыбек Шайхсламовтың қатысуымен басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар мен қаланың жылу маусымына дайындығы, ауыз су, табиғи газбен қамту, көшелерді жарықтандыру жөнінде брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісі барысында Жолшыбек Мұхтарұлы, ең алдымен, жылу беру жайын айтты.

– Біз күн райы мен бекітілген стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Яғни, қалада ауа температурасы 3-5 тәулік ішінде +8 °С және одан төмен болған жағдайда жылу жүйесі іске қосылады. Жылумен ең әуелі балабақша, мектеп, аурухана және әлеуметтік маңызы бар ғимараттар қамтамасыз етіледі. Жалпы, қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне 1896 көпқабатты тұрғын үй қосылған. Оның 1801-і (95%) қысқы маусымға дайын, – деді Ж.Шайхсламов.

Басқарма басшысының айтуынша, қысыммен тексеру жұмыстары толық жүргізілген. Мегаполистің магистралдық, ішкі орамдық жылу жүйелерін тексеру барысында кездескен ақаудың бәрі қалпына келтірілген. Сондай-ақ, қаланың жылу тасымалдаушы мекемелері «Қуатжылуорталық-3» МКК және «Нұр-Арыстан» ЖШС-і тарапынан инвестициялық бағдарламалары аясында 4,2 шақырым жылу жүйелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы стансаның 15-сі дайын. Қалған екі стансаның жүргізіліп жатқан жұмысын жылу маусымына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар шаhардағы 479 бюджеттік нысанның 470-сі (98%) қысқы маусымға дайын. Қалған 9 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал кіші қазандықтармен жылытылатын бюджеттік нысандарға 5940 тонна көмір, 222 тонна сұйық отын қажеттілігі анықталып, көмір мен сұйық отын жүз пайыз жеткізілген. Ал инфрақұрылым желілері мен нысандарының (электр, ауыз су, кәріз, табиғи газ) қысқы маусымға дайындық жұмыстары толық аяқталған.

Айта кетейік, Шымкент қаласы тұрғындарының қатты отынға (көмір) қажеттілігі – 73,7 мың тонна, ал тұрғындарға жеткізілгені 53,2 мың тоннаны (72%) құрап отыр. Қаланың көмір қоймаларында 45,0 мың тонна қажетті көмір қоры бар. Өз кезегінде тұрғындарға қатты отынды уақытылы сатып алу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бетті дайындаған Шуақ НҰР.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *