ӘЛЕМДЕ АБАЙ КҮНІ ҚАЛАЙ АТАЛЫП ӨТІЛДІ?

Мерей Руханият
26 Views

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен аталып өтілді. Еске алу іс-шаралары Ресейде, Түркияда, Әзербайжанда, Қырғызстанда өтті.

Әлемнің қай қалаларында Абай күні тойланғаны жөнінде Kazinform агенттігінің тілшісі шолу жасаған еді.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі

Мәскеу

Мәскеуде қазақтың ұлы ойшылы, ақын, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтті. Іс-шара аясында Чистопрудный бульварындағы ескерткішіне гүл шоғын қою салтанатты рәсімінен басталды.

Рәсім дәстүрге айналды, жыл сайын дәл осы күні Абай ескерткішіне гүл шоғын қою шарасы ұйымдастырылады. Оған қазақстандық дипломаттар, Ресей ЖОО-да оқитын қазақстандық студенттер, Мәскеудегі қазақ мәдениеті қоғамдарының өкілдері қатысады.

ТМД астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясы вице-президенті-бас директоры Ю.Васюнькин Абай мұрасының ұлылығы мен маңызын еске салып, оның ескерткіші көптеген елде орнатылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол 26 қыркүйекте Мәскеу «Халықтар үйінде» өтетін Абайдың 180 жылдығы мен Сергей Есениннің 130 жылдығына арналған шығармашылық кешке шақырды.

Іс-шара барысында қатысушылар Абайдың қара сөздерін оқып, «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.

Еске сала кетейік, Мәскеудегі Абай ескерткіші 2006 жылғы 4 сәуірде ашылған. Абай күні 2020 жылы Үкімет қаулысымен бекітілген.


Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігі

Бішкек

Бішкекте Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Іс-шараға қазақстандық дипломаттар, олардың отбасы мүшелері және Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының өкілдері қатысты. Мерекеде қатысушылар халық арасында кеңінен танымал «Көзімнің қарасы» әнін орындады.

Айта кетейік, Абай күні Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы тамыздағы қаулысымен бекітілген. Қырғызстан астанасында Абай ескерткіші Театр скверінің орталық аллеясында 2022 жылғы мамырда ашылды. Ашылу рәсіміне президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қатысты.

Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы елшілігі

Баку

Бакуде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай еске алу акциясы өтті. Оған Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі, Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, шығармашылық зиялы қауым, абайтанушылар мен әзербайжандық жазушылар қатысты.

Іс-шара басында қатысушылар ақынның есімі берілген көшеде орналасқан мемориалдық тақтасына гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Еділ Мырзаханов құттықтау сөзінде Абайдың баға жетпес шығармашылық мұрасы қазақ мәдениетінің негізі екенін атап өтті.

Фото: ҚР СІМ

Аланья

Абай атындағы саябақта ақынның 180 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған қазақ және түрік мәдениет қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ жергілікті билік қатысты.

Іс-шара Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының бастамасымен, Аланья қаласы әкімдігі мен Қазақстанның құрметті консулы Ахмет Джебеджінің қолдауымен ұйымдастырылды. Қонақтар қатарында Аланья мэрі Осман Тарық Өзчелик және жергілікті билік өкілдері болды.

Бағдарлама аясында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, Абайдың түрік тіліне аударылған өлеңдері мен әндері орындалды. Сонымен қатар ақын өмірі мен шығармашылығына арналған викторина өткізіліп, оған ересектер де, балалар да қатысты.

Фото: ҚР СІМ

Анкара

Анкарада Хаджи Байрам Вели университетінде Түркі әлемін зерттеу орталығы, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы және Қазақстан елшілігінің қолдауымен Абай күні өтті.

Университет проректоры, профессор доктор Метин Орбай Абайдың тек ақын ғана емес, терең ойшыл, қоғам көшбасшысы болғанын атап өтті. Оның сатиралық шығармалары арқылы халыққа жол көрсеткенін және бүгінгі жастар үшін де оның рухани ұстаздығы өзекті екенін айтты.

Түркі әлемін зерттеу орталығының директоры, профессор доктор Джемиле Кынажы Баран Абайдың әдеби мұрасы ғасырлар бойы мәнін жоғалтпағанын және бүкіл түркі әлемінің ар-ожданы екенін атап өтті.

Іс-шарада Абай өмірі мен идеяларына арналған қысқаметражды деректі фильм көрсетілді. Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан жастары Абай шығармаларынан үзінді оқып, оқытушылар ақынның Түркия мен Батыста танылуына арналған арнайы дәріс өткізді.

Кеше ұлы ақынның туған жерінде «Абай күні» қалай өтіп жатқаны туралы фоторепортаж ұсынған едік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *