Түркістан облыстық мәслихатының кезекті елу екінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде 6 мәселеқаралған сессия жұмысына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімдігініңмүшелері, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, мемлекеттік орган басшыларымен қала, аудан әкімдері және мәслихат хатшылары, сондай-ақ, бұқаралық ақпаратқұралдарының өкілдері қатысты. Аймақ басшысы жиында облыстыңәлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2020 жылдың 7 айында атқарылған жұмыстарытуралы баяндады.
«Жыл басынан бері облысымыз күрделі жағдайда дамып келеді. Оған қарамастан, биылғы жылдың 7 айында облыстың маңызды әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң сипатқа ие болып отыр. Экономиканың басты көрсеткіші саналатын жалпы өңірлік өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 6 пайызға артқан. Өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп жоспарлануда», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Өңірде 3000-нан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 53 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 33 жоба іске асырылып, қазіргі таңда 750 жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде облыста өнеркәсіп өнімі де артып келеді. Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында, облыста сондай-ақ, 9 индустриалдық аймақ құрылған. Оның ішінде 7 индустриалдық аймаққа инфрақұрылым тартылған. Облыстың барлық бағыттағы даму қарқынына жеке-жеке тоқталып, баяндама жасаған аймақ басшысы өңірде кәсіпкерліктің де өте жақсы дамып келе жатқандығын атап өтті. Бүгінде облыста 142 мыңнан астам шағын және орта бизнес субьектілері бар. Кәсіпкерліктің дамуы жағынан Түркістан облысы республика көлемінде бірінші орынға ие. Облыс әкімінің айтуынша, бұл тұста «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы үлкен қолғабыс болып отыр. Өңірде 447 әлеуетті жобалар дайындалып, республикалық комиссия қарауына жолданған. Оның ішінен 26 миллиардтан астам теңгені құрайтын 221 жоба қаржы институттарымен қаржыландырылуда.
«Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған жолдауында айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Осы орайда, бүгінгі таңда ҚР Үкіметі тарапынан бекітілген Жалпыұлттық іс-шара жоспары басшылыққа алына отырып, Түркістан облысында іс-шара жоспары әзірленуде. Жолдауда көрсетілген барлық тапсырмалар жүйелі түрде орындалатын болады», – деді облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы.
Күрделі кезеңде облысты дамытып, көркейту жұмыстары тоқтамақ емес. Мәслихат сессиясында өңірде алдағы уақытта атқарылуы тиіс ауқымды шаралар барысы айтылып, тың серпін берер шешімдер қабылданды.
ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ
Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) ұйғарымымен тұрғындардың өз аумағында емхананы еркін таңдау науқаны басталды. Оған азаматтар 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында тіркеле алады. Дәрігер тіркелген науқастардың денсаулығын бақылауы үшін емхананы тұрғылықты жерге жақын маңдағы медициналық мекемені таңдаған абзал. Өйткені, қажет кезінде емхана дәрігерлері науқастардың үйіне бара алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды.
«МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым – Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Науқан қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар өзіне тіркелген азаматтарды саны негізінде қаржыландырылады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын қаржы төленеді», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Лаура Сапарбекова.
Айта кету керек, емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ арқылы жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана науқас туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Тіркелім сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.
Сонымен қатар халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін азаматтың өтініші мен жеке басын куәландыратын құжаты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді рәсімдейтін адамдар жатады.
«Жалпы, Түркістан облысында порталда 1 962 881 тіркеліп тұр. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханада қызмет көрсетуді жалғастырады. Қыркүйек айындағы жағдай бойынша облыста 4 688 адам медициналық ұйымдарға тіркелмеген күйінде қалып отыр. Медициналық көмекке қол жеткізе алмай қалмау үшін оларға тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелулері қажет», – облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Баян Ақбердиева.
Сондай-ақ, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.
ПРАЙМЕРИЗ БАСТАЛҒАЛЫ 700-ДЕН АСТАМ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН
Түркістан облысы тұрғындарының саяси белсенділігі күн санап артып келеді. Оған дәлел ретінде 1144 түркістандықтың «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысып жатқанын мысал ретінде айтсақ та болады. 14-16 қыркүйек аралығында өңірде 75 дебат өткізіліп, оған 368 кандидат қатысқан.
Жалпы Түркістан облысында праймериздің үгіт-насихат кезеңі басталғалы, яғни 7-16 қыркүйек аралығында 724 іс-шара ұйымдастырылған. Оған 15 мыңнан астам адам қатысқан. Оның басым бөлігі ауыл тұрғындары. Сондай-ақ 650-ден астам іс-шара онлайн режимінде өткізілген. Праймеризге тіркелген 1144 үміткердің 1077-сі үгіт-насихат кезеңіне атсалысып, кездесулерге келді. Бастауыш партия ұйымдарында 338 кездесу өткізіліп, оған 10397 адам қатысты. Есіктен – есікке акциясына 264 кандидат қатысып, 1761 адамды қамтыған.
Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысында жүріп жатқан праймериз кезінде карантиндік сақтық шаралары да ережеге сай сақталуда. Бұдан бөлек, «Праймериз» ақпараттық жүйесіне 206 сілтеме, әлеуметтік желілерге праймериз туралы мыңнан астам пост жарияланған.
«АБАЙ ОҚУЛАРЫ» ОНЛАЙН БАЙҚАУЫ ӨТТІ
«Абай оқулары» онлайн байқауы қорытындыланды. Бұл игілікті шара Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай, облыстық қоғамдық даму басқармасы және өңірлік «Рухани жаңғыру» кеңсесінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отыр.
Байқаудың негізгі мақсаты – қазақтың ұлы ақыны Абай мұрасын кеңінен насихаттап, дарынды көркемсөз оқушыларды анықтау. Сонымен қатар халықтың әдебиетке және сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа деген ықыласын арттыру болып табылады.
Аталған іс-шара ағымдағы жылдың 27 тамызда басталып, 11 қыркүйекте аяқталған болатын. Байқауға облыс көлемінде 60-қа жуық үміткер қатысып, бақ сынасты.
Байқаудың шарттарына сәйкес 1-кезеңде қатысушылар Абайдың кез-келген өлеңін мәнерлеп, жатқа оқыса, 2-кезеңде Абайдың қара сөздерін оқып өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында #Абайоқуларыруханижаңғыру хештегімен видеолар жүктеуі тиіс болатын.
Байқау қорытындысының нәтижесінде жүлделі , І-орынды Сайрам ауданы тұрғыны Даханова Камила, ІІ-орынды Кентау қаласы Шекербұлақ ауылы тұрғыны Ақнұр Балтабаева, Арыс қаласы тұрғыны Қарашаш Құлахмет, Кентау қаласы тұрғыны Ибадулла Нұрхат, ІІІ-орынды Шардара ауданының тұрғыны Ақерке Демесбек, Ордабасы ауданы Қарақұм ауылы тұрғыны Аяулым Тәуекел, Арыс ауданы Монтайтас ауылы тұрғыны Нәзік Абдуева, иеленді. Барлық жеңімпаздарға алғыс хаттар мен кәдесыйлар берілді.
«ҰЛТТЫҚ МҰРА ЖАРШЫСЫ» ДЕРЕКТІ ФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ
Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра жаршысы» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Ұлттық өнерді насихаттаушы – жыршы, күйші, домбыра ұстасы, ер ұстасы, бүркіт, тазы баптаушы, ағаш ұстасы және т. б. кейіпкерлер туралы сыр шертетін туынды өңірдің оң имиджін қалыптастыру мақсатында өткізілген баспасөз конференциясы барысында таныстырылды.
Конференцияға деректі фильмдердің кейіпкерлері келестік жыршы, термеші Абылай Бөріханов пен отырарлық тарихи суретші Әділхан Мәлік қатысып, халқымыздың сан ғасырлар бoйы атадан балаға мирас болып жеткен рухани және мәдени құндылықтар туралы сөз өрбітті.
Жиында, сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына бағытталған Түркістан облысындағы әр ауданның табиғаты мен киелі мекендеріне қысқаша саяхатқа шақыратын «Туған ел» әніне облыс, аудан, қала әншілерінің орындауында түсірілген клиптің тұсауы кесілді.
Конференцияда белгілі сазгер Бекжігіт Сердәлінің 60 жылдық мерейтойына арнайы дайындалған «Неге, неге» әніне Қырғызстан, Өзбекстан, Армения және Қазақстанның жас әншілерінің қатысуымен түсірілген бейнеклиптің де тұсауы кесілді. Сазгер туындыға оң бағасын беріп, әсем әуеннің жаңа форматта әзірленіп, орындалуына таңғалғанын жасырмады.
Жалпы, жобаның режиссері Мейіржан Алиакбаров бұл дүниелердің қазақ музыкасын, мәдениетін насихаттауға бағытталғанын, сонымен қатар «Ұлттық мұра жаршысы» деректі фильмдер топтамасы түрік және ағылшын тіліне аударылып, шетелдік телеарналарда көрсетілетінін айтты. Осындай халықаралық жобалардың бірінде ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына арнайы Венгрия, Башқұртстан, Германия, Бурятия, Қырғызстан, Украина, Ресей, Армения, Болгария, Қазақстан елдерінің өнер шеберлерінің орындауындағы «Қуаныш вальсі» әніне түсірілген клип әлеуметтік желідегі ең көп таралған челлендж клип болғандығын жеткізді.
ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР НЫСАНДАРДЫ ОБЛЫС ӘКІМДІГІНЕ ТАПСЫРДЫ
«Самұрық-Қазына» Қоры әлеуметтік маңызы бар бес нысанды облыс әкімдігіне тегін тапсырды: Х.А. Яссауи мұражайы, 7000 орындық стадион, оқушылар Сарайы, Конгресс-холл және «Қазпошта» АҚ облыстық бөлімшесінің ғимараты.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістандағы жаңа нысандардың құрылысы 2019 жылдың қазан айында Қор мен Түркістан облысы әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум аясында басталған болатын.
Түркістанға тапсырылған әлеуметтік бес нысан – атқарылған жұмыс нәтижелерінің бірі болып табылады.
«Жыл басынан бері біз әлеуметтік маңызы бар 6 нысанның құрылысына кірістік. Олардың біріншісі – амфитеатр жыл басында пайдалануға берілді, қалған бесеуін Түркістан облысының әкімдігіне төлеусіз тапсыруға дайынбыз. Құрылыс барысында әкімдік тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілді», – деді Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде облыс әкімі өңірдің гүлденуіне қосқан үлесі үшін Қорға алғыс айтып, Түркістан өлкесінің дамуына қосқан үлесі туралы жаңа меморандумға қол қойды.
«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың Түркістанды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында сіз басқарып отырған «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры облыс орталығындағы әлеуметтік маңызы бар бес нысанның құрылысын сәтті жүзеге асырды», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен қатар Қор өңірде газдандыру, Электр энергетикасы, электрондық коммерция, пошта қызметтері, ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым саласындағы бірқатар жобаларды іске асыруды жалғастыруда. Әлеуметтік саланы дамытуға және жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Қор Арыс қаласын қалпына келтіруге белсенді қатысты. Қор Арыс қаласында 68 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде 16 мектеп, 36 балабақша, 8 Денсаулық сақтау нысаны, 4 спорт нысаны, колледж, Теміржол вокзалы, Даңқ аллеясы мен орталық алаңды қалпына келтірді.
ШАРУАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ҮШІН 80 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ ҚАРАЛҒАН
Әлемдік пандемия-коронавирустың экономиканың бірқатар негізгі салаларын тежегендігі белгілі. Осыған байланысты экономиканы тұрақтандыру, кәсіпкерлікті, отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Үкіметпен антикризистік шара қабылданды. Cонымен қатар 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Иманқұлов мәлімдеді.
Оның сөзінше, кәсіпкерлікті қолдау арқылы экономиканы тұрақтандыру шаралары негізінен үш бағытта жүргізілуде. Атап айтқанда, жеңілдетілген қаржыландыру, салықтық жеңілдіктер, несиелік ынталандыру түріндегі қолдаулар.
«Кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландыру қолжетімділігін арттыру мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі Республика бойынша 1 трлн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бағдарламаны жүзеге асыру бойынша республикада көш бастап тұр. Мәселен, бағдарлама шеңберінде 50 млрд. теңгені құрайтын 446 потенциалды жоба бар. Оның ішінде 27,8 млрд. теңгені құрайтын 274 жоба қаржы институттарымен мақұлданып, қаржыландырылуда», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің өндірістік қуатын сақтау және тұрақтандыруға бағытталған «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізіліп бизнес үшін Бағдарламаға қатысу максималды түрде оңайлатылды. Және несие сомасы 2,5 млрд. теңгеден 7 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды, салалық шектеулер алынды кепілдік берілетін несие сомасы 1 млрд. теңгеге дейін өсті, пайыздық ставка 6% көлемінде бекітілді. Бүгінде өңірдегі бағдарламаның бюджеті екі есеге өсіп, 4,8 млрд. теңгені құрап отыр. Қаражат шеңберінде 500 астам кәсіпорынға қолдау көрсетілетін болады.
Одан бөлек, биыл шаруалар «Еңбек» бағдарламасы, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталық» және «Ырыс» микроқаржы ұйымы» қаржы институтары, Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламалары арқылы бизнесті қолдау мақсатында 80 млрд. теңгеге жуық қаражат қаралған.
Қаржылай қолдаулардың нәтижесінде жыл соңына дейін 50 мыңға жуық кәсіпкерлік, отандық тауар өндірушілер және шаруа қожалықтары қаржылай қолдаулармен қамтылатын болады. Жалпы, экономиканы тұрақтандыру шаларына жеке кәсіпкерлік субъектілерін жаппай қатыстыру басты назарға алынған.
Бетті әзірлеген
Зерек МҰРАТБЕКҰЛЫ.