Түркістан қаласында биыл бірнеше жаңа саябақ пайдалануға беріледі. Олардың қатарында Б.Саттарханов даңғылындағы «Желілік саябақ» пен «Орталық саябақ» бар. Сонымен қатар қаладағы Яссауи көшесінің бойы да толық көгалдандырылып, желілік саябаққа айналмақ. «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының аумағын абаттандыру да аяқталуға жақын. Шаһардағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар беріп, құрылысты ширатуды тапсырды.
Түркістан қаласында 30-ға жуық нысанның аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілген. Көпқабатты үйлер алдына балалар ойын алаңшалары салынып, абаттандырылуда. Аулалар мен гүлзарлар салынып, 15 нысанға 300-ден астам адам жұмысқа тартылды. Бұған қоса, 26 көшеге көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 8 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, ашық алаңдарды көгалдандыру бойынша 100 гектарға жуық «Жасыл белдеу» көгалдандыру аймағына 40 мың көшет егілді. «Халықтық жоба» негізінде белгіленген нысандар және қоғамдық орындар көгалдандырылып, порт алаңдары, субұрқақтар, шатырлар, орындықтар, жарықшам мен қоқыс жәшіктері орнатылуда. Аталмыш жұмыстарға тек жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Шығыс үлгісінде салынып жатқан «Keruen Sarai» тұрғын үй кешенінде болған облыс әкімі құрылыс барысымен танысты. Ясауи кесенесінің жанынан бой көтерген кешен тоғыз екі және үш қабатты блоктардан тұрады. Рухани-мәдени орталықта орналасқан «Keruen Sarai» тұрғын үй кешенінде жалпы аумағы 8 мың шаршы метрден асатын 125 баспана бой көтереді. Оның ішінде екі қабатты таунхаустар, 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер бар. Бүгіннен бастап мұнда баспана сатып алушылар үшін ашылған кеңсе өз жұмысын бастады.
Өмірзақ Естайұлы жалпы аумағы 38 гектарды құрайтын «Тұңғыш Президент саябағы» демалыс аймағында атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап көрді. Түркістан қалалық сазды-драма театры және көмекші мектеп-интернаты жатақханасында жүріп жатқан жұмыстармен танысты. Облыстық ғылыми — әмбебап кітапхананың құрылыс алаңында болған өңір басшысы ғимараттың ішкі құрылысына бірқатар өзгерістер енгізіп, кей бөлмелерін кеңейтіп, қабырғаларын әйнектен орнатуды тапсырды.
КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯ БАСТАЛДЫ
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, бас санитарлық дәрігер Нұрбек Нышанов алғашқы болып ресейлік Sputnik V вакцинасын салдырды. Алдымен олар дәрігерлерге қаралды. Вакцинация Түркістан қаласындағы орталық емханада өтті. Вакцина алғаннан кейін 30 минут бойы дәрігерлер бақылауында болды. Түркістан облысында бүгін 250 адамға вакцина салу жоспарланған.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда 1 ақпаннан бастап ерікті түрде халыққа кезең-кезеңімен вакцина егу басталды. Ресейде өндірілген Sputnik V вакцинасының бірінші партиясы Түркістан облысына 1300 доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аудандарға таратылды. Бұрын қол жеткізілген келісімдер негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені вакциналардың алғашқы партиясын жеткізуді жүзеге асырды.
Вакцинаны тек кәмелетке толған Қазақстан азаматтары ғана ала алады. Облыста коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 950 мың адам қатысады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемінің, реанимация бөлімшелерінің, қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлері вакцинациялана алады.
Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдаржіберіледі. Алдымен азаматтар дәрігердің міндетті тексеруінен өтеді. Түркістан облысында егу пункттерінің дайындығы тексеріліп, профилактикалық егулердіжүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді. Медицинақызметкерлері оқытылды.
Айта кетейік, вакцинация коронавирустың одан әрі таралуына жол бермей, қатаң локдаун енгізубеудің жалғыз баламасы болып табылады.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 66 МЫҢНАН АСТАМ ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛҒАН
Түркістан облысында 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 88 160 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, жоспар 94,2% орындалды. Мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде 66,3 мың жұмыс орындары құрылса, оның ішінде 16,2 мыңы – тұрақты, 50,1 мыңы – уақытша жұмыс орны. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.
«2020 жылғы 3-тоқсандағы статистикалық мәліметке сәйкес, жұмыссыздық деңгейі – 5,2%, жастар жұмыссыздығы – 3,8%, әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 6,6% құрады. Дағдарысқа қарсы шаралар ретінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» іске асырылды, нәтижесімен 482 инфрақұрылымдық жобасын іске асыруға қаралған 110 млрд.теңге аясында 26 908 жаңа жұмыс орындары ашылды», – деді Әсия Құралқызы.
Сонымен қатар, облыста 2020 жылы аз қамтамасыз етілген 39 159 отбасыға (220 055адам) – 14 млрд теңге қаржы тағайындалып, 39 060 отбасыға (219 434 адам) – 13,8млрд теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың саны 64,3% азайғандығын көрсетеді. Одан бөлек, еңбекке жарамды 20 937 атаулы әлеуметтік көмек алушылар жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 15 601 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Атаулы әлеуметтік көмектің қаржы есебінен 214 адам кәсіпкерлікпен айналысу үшін өз ісін ашты.
Сондай-ақ, кепілдендірілген әлеуметтік топтама бойынша 1-6 жастағы 45 429 бала азық-түлік жиынтығы мен гигиеналық құралдарын алған. Ал өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін облыста «Қамқорлық» бағдарламасы іске асырылуда, оның шеңберінде 1 643 аз қамтылған отбасы 516,2 млн.теңгеге демеушілік көмек алды.
Түркістан облысында 94,5 мың мүгедектігі бар азаматтар есепте тұр. 2020 жылы бұл мақсатқа барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 4,8 млрд. теңге бөлінген. Нәтижесінде 48 мың мұқтаж азаматтардың ішінен 34 мың адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік қызметтер ұсынылды.
ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ЖАҢА ЕМХАНА БОЙ КӨТЕРЕДІ
Түлкібас ауданы Састөбе кентінде биыл жаңа емхана құрылысы бастау алмақ. Күніне 70 адамға дейін қабылдауға қауқарлы емхана құрылысына облыстық бюджет есебінен 404 млн. теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, орталық аурухананың перзентхана, неврология және гинекология бөлімдерінің ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа асхана құрылысы іске аспақ.
Өткен жылдан өтпелі болып күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимараттар бір мезетте 270 науқасты қабылдауға қауқарлы. Яғни, 270 төсек орны бар. Бұл жерде ғимараттардың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарымен қатар есік, терезелері ауысып, жылу жүйесі толығымен жаңартылуда. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу мақсатында барлық жағдайлар жасалынбақ.
Орталық аурухананың басты түйіткілді мәселесі — ауыз су құбырларының ескіруі болған. Бұл мәселе де өз шешімін тауып, аурухана аумағындағы барлық ескі құбырлар жаңартылып, ауыз су жаңа жүйеге қосылып отыр.
«ЫРЫС» ҰЙЫМЫ 1300-ГЕ ЖУЫҚ ЖОБАНЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН
«Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы 2020 жыл қорытындысы бойынша 1 290 жоба жүзеге асырылған. Оған 4,6 млрд. теңге көле-міндегі қаражат бағытталған. Қаржыландырылған жобалар 1400-ге жуық жаңа жұмыс орнының ашылуына септігін тигізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев мәлімдеді.
Аталған микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бері Түркістан облысының кәсіпкерлеріне жылына 5 пайыздан бастап жеңілдетілген несие беру арқылы оларға қолдау көрсетіп келеді. Былтырғы жылы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі — мал және егін шаруашылығына тиесілі. Мәселен, мал шаруашылығында 2 млрд. 96 млн. теңгеге — 340 жоба, қызмет көрсету саласында 530,6 млн. теңгеге — 65 жоба, өсімдік шаруашылығында 1 991 млн. теңгеге — 871 жоба, өндіріс саласында 36 млн. теңгеге — 3 жоба, тұтынушылық несиелер бойынша 9 млн. теңгеге — 11 жоба жүзеге асырылған.
«Мекеме 12 жылдық қызметі аясында өзінің экономикалық маңызы жағынан жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленіп келеді. Атап көрсетсек, 2009-2020 жылдар аралығында облысымыздың 20 250 тұрғыны жеңілдетілген несие және лизингке қол жеткізіп, 43,4 млрд. теңгеге қаржыландырылған. Несиелендірілген жобалар нәтижесінде жұмыспен қамтылғандардың саны 30 123 адамға жетіп отыр», — деді Мұхит Мамытұлы.
Басқарма төрағасының орынбасары Айтжан Нұрлыбаевтың айтуынша, ұжым былтырғы көрсеткішті еселеу бағытында жұмыстар атқармақ. Жоспарға сай өңір халқының күнкөріс деңгейіне қарай ауыл шаруашылығы салысына басымдық беріледі.
МАҚТААРАЛДЫҚ ДИҚАНДАР ҚЫЗЫЛША ЕГУДІ БАСТАДЫ
Түркістан облысы Мақтаарал ауданының диқандары үйіргелік жерге қызылша тұқымын егуді бастады. «Павло», «боро», «водан F1» сұрыптары шетелден әкелінген. Екі жарым айдан кейін өнім бере бастайтын көкөністің бұл түрінен гектарына 25-30 тонна өнім алуға мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда диқандар 10 гектарға қызылша тұқымын еккен. Былтыр ерте көктемде өнім алған А.Қалыбеков ауылдық округінің диқандары Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларына қызылша өнімін сатып, Ресей мемлекетіне экспорттады. Осылайша, мол табысқа кенелген шаруалар биыл да экспорт мәселесіне көңіл бөліп отыр.
Аталған ауылдық округте 4632 гектар егістік жер бар. Бақша өнімдерін өндірумен аты шыққан округ былтыр 200 мың тоннаға жуық қауын-қарбыз өнімдерін экспортқа шығарған. Ал, жаңа меже — сапалы өнім көлемін айтарлықтай арттыру.
ТӨЛЕБИ АУДАНЫ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМІН 47 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТКІЗБЕК
Түркістан облысы Төлеби ауданында ауылшаруашылығы өнімінің көлемін биыл 47 млрд 272,9 млн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Бұл бағытта ауданда бірнеше ірі жобалар жүзеге аспақ. Мәселен, Кемеқалған ауылдық округінде «Қазығұрт бақтары» АШӨК 80 гектар жерге шие отырғызу және 500 тонна алма өнімдерін сақтайтын қоймаға жалпы 1 млрд. 100 млн. теңге инвестиция тарту жоспарлауда.
Бұдан бөлек, Көксәйек ауылдық округіндегі «АДС Агро» ЖШС 1800 бастық мал бордақылау алаңын ұлғайтып, мал басын 4000 басқа жеткізуді жоспарлауда. Тасарық ауылдық округінде жеке кәсіпкер Танабаев Сабыржан 2021 жылы 15 га. жерге жүзім егуді, 2022 жылы тәулігіне 5 тонна жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын ашуды және 200 млн. теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандағы суармалы жерлерді тиімді пайдаланып, бір жылда 2 рет өнім алу бағытында іске асқан 120 жоба жалғасы табылатын болады. Нәтижесінде, ауылшаруашылығында 3 млрд. 500 млн. теңге инвестиция тартылуы және 95 адамның жұмыспен қамтылатын болады.
16 МЫҢҒА ЖУЫҚ БОЗБАЛА ӘСКЕРИ ЕСЕПКЕ ТІРКЕУ КУӘЛІГІН ШАҚЫРУ УЧАСКЕСІНЕН АЛАДЫ
Биыл Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарында 17 жасқа толатын 16 мыңға жуық бозбаланы алғашқы әскери есепке қою жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Кулдербаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
«Әскери есепке қою кешенді және өте маңызды рәсім. Әскери есепке алғаш тұрған жасөспірімдерге жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу бойынша қосымша үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бұл міндетті процедура болып саналады. Жоспарлы іс-шара карантиндік шектеулерге байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады»,-деді майор Жандос Тынымбекұлы.
Жастарды алғашқы әскери есепке қою үшін қажетті құжаттар түгенделіп, әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеруден өтеді. Балалары есепке тұру үшін медициналық тексеруден өтпеген ата-аналар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармаға немесе бөлімге жүгінуі қажет.
Негізінен алғашқы әскери есепке қою республика көлемінде қаңтар-наурыз айлары аралығында өтеді. Болашақ Отан қорғаушылар мен олардың ата-аналары бұл шараға түсіністікпен және жауапкершілікпен қарау керек. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге ниетті сарбаздарға әскерге аттану рәсімінде өзгерістер бар. Айталық, жас буынмен әскери бөлімдерге кетер алдында міндетті түрде ПЦР-зерттеулер әдісімен COVID-19-ға зертханалық зерттеу жүргізіледі. Ал, бөлімге келгеннен кейін жастарды екі апталық карантинге оқшаулайды. Карантин кезінде медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу жүргізіледі.