Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ТҮРКІЛЕР ТӨРІ ТҮРКІСТАН»

Руханият
1 075 Views

Биыл Қазақстанның жаңа Елордасының, күні кешегі Астананың бүгінгі Нұр-Сұлтанның 22 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Тәуелсіз еліміздің қасиетті төрі, құтты мекені, Еуразия кіндігіндегі бас қала Ұлы даланың жасампаз жаңғыртушылық рухын бүкіл әлемге паш етті.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында: «Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниеге достық құшағын айқара ашқан асқақ Астананы салып, еңсесі биік Ақорданы құтты орнына қондырдық. «Қазақстандық жол» – ел дамуының жаңа стратегиясы дәл осы берекелі шаһардан бастау алды. Еліміздің бар өңіріне тартылған «Нұрлы жол» да Астанадан шуақ шашты. Тіпті біздің заманды «Нұрлы жол» деп атаса да лайық», – деді.

Астана қаласының бұрынғы әкімі ретінде айтарым, Елордамыз – Елбасымыздың ерен ерлігі.Астана арқылы тарихымыздың жаңа мәтіні жазылды. Ізгі ниетті, таза пейілді кезкелген адам Астана идеясын биік бағалайды. Құрметтейді.

Дүниежүзілік даңқты тұлғалардың лебіздеріне назар аударалықшы. Ресей лидері Владимир Путин:«Астана – қазіргі әлемнің ғажайыбы. 20 жыл ішінде Қазақстан астанасының халқы3,5 есе ұлғайып, аумағы 2,5 есе кеңейді. Астана – Еуразияның ең заманауиқалаларының бірі».

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин: «Астана Қазақстан халқының еңбексүйгіштігі мен гүлденуінің нышаны болды. Соңғы 20 жылда мұнда Қазақстанның тамаша болашағы бар екеніне меңзейтін ғаламат өзгерістер жүзеге асты».

Бразилияның баршаға танымал прозашысы Пауло Коэлье: «Астана – елорда ұғымынан да жоғары. Бұл – идея. Ел рухы прогресі мен трансформациясының идеясы. Ол болжамды болашақты, азаматтар өміріндегі бедерлі белесті бейнелейді».

Ең бастысы, Елбасымыздың өзі Елорданы жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыздың жаңа келбеті деп кестеледі.

Елбасыфеномені – әлем таныған дара құбылыс. Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыздың феномендік құбылыс-қасиетін танытқан тағы да бір тағылым – Түркістан. Бүгін Тұңғыш Президенттің 2018 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Түркістан облысыныңқұрылғанына және тарихи қала – Түркістанның өңір орталығына айналғанына тураекі жыл толып отыр.

Қасиетті шаhар Ұлы Жібек жолының бойындағы орталықтардың бірегейі болған. Түркілердің текті төрі, рухани қарашаңырағы, киелі бесігі саналған Қазақ хандығының қаншама ғасырлар бойғы астанасы, бас қаласы. Түркістан – рухани жаңғыру бағдарламасының ең ерекше жемістерінің бірі.

Біз Елбасымызды батылдық пен бастамашылдықтың, жаңашылдық пен ізгі ізденістердің, кемеңгерлік пен көрегендіктің дара көшбасшысы деп білуіміз керек. Бұл – бүгінгі бүкіл түркі әлемінің биік ойлы, адал ниетті, тұғырлы тұлғаларының ортақ пікірі. Текті тұжырымы. Қанатты қағидаты.

Өткен жылғықараша айында «Егемен Қазақстанда» Елбасы Кеңсесінің басшысы, Махмұт Қасымбековтың «Елбасы және түлеген Түркістан» атты мақаласы жарияланды.Қоғамдық пікірге қызу қозғау салған осы дүниеге ой-пікір білдірушілер аз болғанжоқ. Автор айрықша атап көрсеткендей, Түркістанды қайта түлету идеясын елімізтәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап көтеріп, оны жүзеге асыруға ден қойғанТұңғыш Президентіміз екені аян. Мұның айшықты бір айғағы – Түркістанда 1991жылы Елбасының Жарлығымен Халықаралық Қазақ-түрік университетінің ашылуы. Бұлмақсатқа Нұрсұлтан Әбішұлының абырой-беделі арқасында Түркиядан қомақты қаржытартылғаны да белгілі. Тіпті Кеңес Одағының кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы ӘзіретСұлтан кесенесіне арнайы келген. Жағдайымен жан-жақты танысқан. «Содан бері бұлқалаға деген ықыласы барған сайын арта түскеніне, оның болашақ тағдыры жөніндеәрдайым терең толғанып келгеніне жанында жүрген үзеңгілес серіктерінің бәрікуә», – дейді аталған туындының авторы.

Елбасы: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі», – деген еді. 2000 жылы ЮНЕСКО аясында аталған Түркістан мерейтойындағы баяндамасы да киелі қаланы биік белеске көтерді. 2009 жылы Елбасы бастамасымен Астанада Түркі академиясы құрылып, кейіннен Халықаралық мәртебе берілді. 2015 жылы Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары тізбесіне енгізілді. 2016 жылы осынау беделі биік Халықаралық ұйымның деңгейінде Қожа Ахмет Ясауи жылы аталып өтті.

Түркілердің текті төрі, Қазақ елінің рухани жүрегі атанған киелі Түркістанның қасиетті топырағында 170-ке жуық тұғыры биік тұлғалардың асыл сүйектері жатыр. Мұнда қазақтың 21 ханы, 19 биі, 52 батыры, 8 сұлтаны, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі мен оның маңына жерленген. Әлемге әйгілі Әзірет Сұлтан кесенесіне сәулеттік стилі мен күрделілігі жағынан тең келетін ғимараттың жоқ екені де – әлдеқашан мойындалған ақиқат.

Ұлы ұстаз, шандоз шайыр, терең ойшыл, данышпан діндар Қожа Ахмет Ясауи және оның ізгілік ілімі, хикметтерінің қанатты қағидаттары хақында «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Сындарлы он жыл» кітаптарында толғана тебіреніп жазған. 2010 жылы Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетіндегі кездесуде ұлы бабаның өшпес өнегелері мен мұрасын меңгерудің жолдарын айқындады. 2011 жылғы наурызда Түркістанда республиканың зиялы қауым өкілдерімен сұхбат құрып, Ясауи ілімдеріне жүйелі түрде ден қойып, айналымға түсіру керек екеніне назар аударды. Ұлы ойшылды «Қазақ даласының Конфуцийі» деп атады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында да Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай айрықша аталады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сонау 2000 жылы киелі қаламыздың мерейлі мерекесінде: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», – деген сөзі елдің есінде. Жұртшылықтың жадында жаңғырып, жасампаздыққа бастады.

Осыдан екі жыл бұрын маусым айында Ұлы Түркістан даласында үлкен жаңалық болғаны белгілі. Қазақстанның ғана емес, түгел түркі дүниесінің көшбасшысына айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы тарихи тағылымды Жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Шымкент шаһарына үшінші ірі мегаполис ретінде республикалық мәртебе берілді. Түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Елбасының ерекше Жарлығы Қазақстан жұртшылығының ғана емес, күллі түркі дүниесінің мерейін тасытты.

Осылайша Түркістанымызды түлету басталды. Барлық жұмыстарды жіті бақылап, жүйелі талдап, таразылап үйренген Тұңғыш Президентіміздің Түркістан қаласы мен бүкіл өңірге деген ықыласы бұрынғыдан да арта түсті. 2018 жылғы 29 қыркүйекте Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістанға арнайы сапармен келді. Өзімен бірге Үкімет басшысынан бастап, барлық министрлер мен жетекші ведомстволар, алпауыт компаниялар басшыларын да түгелдей дерлік ертіп келген болатын. Үлкен басқосу өтті. Барлық мәселелер, атқарылған жұмыстар, кейбір кешеуілдеулердің себептері, кімнің не істеу керек екені талқыланды. Бәрін бес саусағындай білетін, Түркістанымыздың тынысын жүрек үнімен сезінетін Елбасымыз сол сапарында аса маңызды қос құжатқа – «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспарының тұжырымдамасын мақұлдау туралы» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Екі бірдей Жарлықтың мән-маңызын айрықша атап көрсетіп, Үкімет пен әкімдіктерге, еліміздегі ірі-ірі компанияларға нақты тапсырмалар берді. Жаңаша жұмыс істеу жауапкершілігін жүктеді.

Елбасымыздың ерендігіне таңғалмау мүмкін емес. 2019 жылғы қараша айының басында екі күндік жұмыс сапарын жасады. Шаһарды шынайы ықыласпен асықпай аралады. Алғашқы күні жаңа құрылыс нысандарына, мәдени-рухани ғимараттардың салыну барысына, жаңадан орнатылып үлгерген алуан түрлі айшықты дүниелерге, бақтармен гүлзарларға, субұрқақтарға, арнайы арбаттың жай-жапсарына сын көзімен қарап, қатты қуанды. «Бір жылдай уақыт шамасында қыруар тірліктер тындырылыпты», – деді жүзі жадырап. Кесене мен Есім хан алаңы арасындағы рухани-мәдени орталықта өткен концертке қатысып, жиналған жұртшылық алдында ағынан жарылып, сыр бөлісті.

«Тәуелсіздік алған соң Түркістанды болашақ астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды. Шаһар жанданады, Түркістан түлейді. Түркі әлемінің бесігін көркейту үшін бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін», – деді. Түркістан қаласында алғашқы кезекте 175 нысанның құрылысы жоспарланғанын, соның 102-сі жыл аяғына қарай пайдалануға берілетініне дейін баян етті. Туристер саны мен жаңа да табысты жұмыс орындарының еселеп артатынына, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаратынына назар аударды.

Сол қараша айындағы сапарының екінші күні Нұрсұлтан Әбішұлы құрылысы аяқталып үлгерген айтулы нысандарды көрді. Жаңадан ашылған Неке сарайында болды. Халыққа қызмет көрсету орталығы, «Алатау» медиа орталығы, облыс әкімдігінің ғимараты, оның екі жағынан бой көтерген аумақтық департаменттер мен облыстық басқармалар кеңселері де ұнады. Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығын қайта құрудың барысы, туризм индустриясы мен су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттарындағы жобалармен танысып, егжей-тегжейлі сұрады. «Түркістан» Халықаралық әуежайымен 600 орындық көпбейінді аурухананың ерекшелігін қызыға әңгімеледі. Тұңғыш Президентіміз, «Nur Otan» партиясының төрағасы өңірлік филиалдың тыныс-тіршілігіне, халықпен билік арасын іс жүзінде жақындату жөніндегі бастамаларға қызығушылық танытты.

Елбасы «Ұлы дала» орталығы, «Hampton by Hilton» қонақ үйі, орталық стадион сынды басқа да бірқатар нысандарға барды. Сапар қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен өткізген брифингтен кейінгі бір жылдай уақытта қыруар шаруалар атқарылғанын айрықша атап көрсетті. Пайдалануға беріліп үлгерген және құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысандарды, келешекте салынатын дүниелерді түгелдей тоқталды. Келесі жылы, яғни биыл көршілес түркі мемлекеттері саммитінің Түркістанда өтуі мүмкін екенін екшеді. «Бүкіл Қазақстанның жұртшылығы Түркістанның дамуын қолдап отыр. Әрбір үй, әрбір қала – бұл Қазақстанның байлығы. Елорданы салған кезде қаржыландыруға байланысты сұрақтар болған еді. Енді Нұр-Сұлтан қаласы барлық шығындарды өтеп, жыл сайын бюджетке триллиондаған кіріс әкеліп отыр», – деді.

Тұңғыш Президентіміздің Түркістан туралы жоба-жоспарлары мен арман-аңсарлары жан-жақты жүзеге асып жатыр. Туризмді дамытуға байланысты нақтылы жұмыстар да, көлік инфрақұрылымының ең негізгі нысаны болып табылатын Түркістан Халықаралық әуежайы құрылысының сапасы да тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының және Мемлекет басшысының қадағалауында. Түркістанда Халықаралық Туризм университетін ашу да – Елбасының баянды бастамасы.

Елбасының кең-байтақ Қазақстанның қай өңіріне де перзенттік сүйіспеншілікпен қарап, бүгінгі істерге жан-жақты баға беретіні, келешекті кемеңгерлікпен болжайтыны баршамызға белгілі. Тұңғыш Президентіміз бұрыннан-ақ «Оңтүстіктің орны ерек», «Оңтүстікте болғанды ұнатамын», «Оңтүстік шуақты күнімен, халқының меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, жомарттығымен, ең бастысы еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді», «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі», «Мақтаарал – қазақтың мақтанышы», «Түркістан – қазақ даласының рухани төрі», «Түркістан – еліміздің рухани астанасы» деген пікірлерді жиі айтатын. Тек сөзбен емес, қаржы-қаражат бөлу, демеушілерді жұмылдыру арқылы үнемі нақтылы қамқорлық жасап келеді. «Бейнеу-Бозой» газ құбыры, Көксарай су қоймасы, Сырдария өзені арқылы Мырзашөл – Мақтарал өңіріне салынған Тәуелсіздік көпірі, Халықаралық және республикалық маңызы зор күре жолдар, тағысын-тағылардың бәрі Елбасымыздың тікелей еңбегі. Оңтүстіктің халқы ешкімге тәуелді болмау үшін жасаған ғаламат жобалары.

Енді, міне, Түркістанды түлетіп жатырмыз. Қалаға келетін қонақтар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері Елбасыға, Мемлекет басшысына алғыс айтады. Түркістанды Нұр-Сұлтан қаласымен салыстырады. «Бірқанша жылдар бұрынырақта Елордамызға екі – үш ай бармай қалсақ, танымай таңданушы едік, қазір Түркістан да тап солай. Ай сайын жаңарып, жасарып, жаңғырып жатыр», – деседі.

Түркістан – түркі дүниесінің, қазақтың мәдени-рухани астанасы. Олай болса, әрине, руханият жағы басым болуға тиіс. Сондықтан да «Ұлы дала» орталығы, «Қожа Ахмет Ясауи» музейі, Қазақ сазды драмалық театры, Халықаралық туризм университеті, ғылыми-әмбебап кітапхана тағы басқа да таңғажайып дүниелердің Түркістанда болуы түсінікті. Мәселен, мұнда салынатын кітапхананың теңдесі жоқ деуге болады. Қазақ кітапханасы. Түркістанға тән текті орын. Финдердің үлгісімен, яғни жұмыс пен үйден бөлек «үшінші орын» идеясы бойынша, дәстүрмен жаңашылдық үйлесіміне негізделген, өзгеше өнегелі орын алғаш рет біздің Түркістанымызда туындамақшы. Онда тұрғындар кітап оқып, пікір алмасып, бір-бірімен еркін ой бөліседі. Ғылыми-әмбебап кітапхана әлемдік ең озық тәжірибелер негізінде салынуда. Ішінде 200 орындық конференц-зал, 100 орындық оқу залы, кіші мәжіліс залы, балалар залы, ұлттық әдебиеттер орталығы, ассамблея, кворкингтік білім, салт-дәстүр орталығы, өнер залы, шет тілдердегі әдебиет залы, абонементтер, мерзімді басылымдар залы, интернет залы, ІТ технологиялар кабинеті, қор сақтау бөлмелері, киноконцерттік үйірме, дыбыс жазу және театр студиялары болады.

«Nur Otan» партиясы бүкіл республика бойынша «Кітапхана – заманауи білім орталығы» жобасын қолға алып, жаңаша бастамалар жасап жатыр. Бұл жоба ғана емес, басқа да бірқатар жобалар Түркістандағы жаңа кітапхананың жұмысына тың серпіліс бермек. «Ореn space» орталығы Wi-Fi желісіне және бірыңғай онлайн кітапханасына қосылады. Өлкетану бағытындағы кітап қоры сандық форматқа көшіріледі. Кітапхана кеңістігі осылайша заманауи талаптарға сай, оқырманға барынша ыңғайлы, үйлесімді, ұнасымды, соңғы стильде қызмет етеді. Шаралар, көрмелер, бүкіл безендіру жүйелері терең танымдық, интеллектуалдық, тұжырымдамалық және психиологиялық мазмұнда мәнерленеді.

Сонымен қатар «Ұлы дала» және «Қожа Ахмет Ясауи» музейлерінің мазмұнымен маңызы талайды таңғалдырмақшы. Біз әлі де Ахмет Ясауи бабамыздың асыл мұраларын айналымға түсіре алмай, ие бола алмай жүрміз.

«Ұлы дала» орталығынан Түркістан рухы саналарға сәуле құйып, сана дарытады. Ұлы дала елінің, Түркістанның тарихын зерттеп-зерделейтін, халыққа оқытып ұғындыратын, туристерге түсіндіріп, насихаттайтын орталық болмақ. Ол «Дала өркениеті», «Киелі қорған», «Түркі әлемі», «Көне қала», «Қазақ хандығы», «Тәуелсіз Қазақстан белестері және Тұңғыш Президент» залдарынан тұрады.

Елбасымыз Түркістан өңірін жан-жақты дамытудың басты-басты бес бағытын айқындап берді. Біріншісі – Түркістан қаласын дамыту, екіншісі – Түркістан облысының мәдени-рухани саласын дамыту, үшіншісі – өңірдің аудандары мен қалаларын және ауылдарын дамыту, төртіншісі – агроөнеркәсіп кешенін дамыту, бесіншісі – индустриалдық аймақтарды дамыту. Бүкіл өңірдің кешенді даму жоспары түбегейлі түрде қайта қаралып, елеулі өзгертулер мен тың толықтырулар енгізілді. Түркістан шаһарының ескі, көне бөлігін қалпына келтіріп, дәстүр мен жаңашылдық ұнасымы негізінде дамыту мәселесі де жүйеленді. Байырғы шағын аудандардың инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелерін жөндеу жүріп жатыр. Артезиан сулары тартылып, арық-атыздардан су аға бастады. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылды.

Өз кезегінде Елбасымыздың тапсырмасымен Үкіметтің тарапынан өңіріміз үшін аса маңызды, облыс үшін тағдыршешті дейтіндей бес қаулы қабылданды. Жұртшылық қатты қуанды. «Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ қонады» деген қанатты сөз бар. Қаулылардың бәрі де маңызды. Әсіресе, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары туралы» құжаттың жөні бөлек. Еліміздің басшылығы тарапынан бес жыл көлемінде біздің өңірге бағытталатын қаржы 1 трлн. 200 млрд. теңгеден асты.

Өңіріміз ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және басқа салаларда да нақтылы ілгерілеушіліктерге жетті.

Былтырдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа райы неғұрлым қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асуда. Түркістан төңірегінде 2021 жылға дейін 3,5 млн көшет егу көзделіп отыр. «Жасыл белдеу» тәлімбағында Түркістанның табиғатына тән, тезірек бейімделетін екпе көшеттер, көп жылдық гүлдер мен шөптер түрлері әзірленеді. Қасиетті қала қызғалдақты, гүлзарлы, шадыман шаһарға айналады. Шаңытып, құрғап жататын қалада су мәселесі түпкілікті шешімін таппақ. Кентау мен Түркістанның арасында салынатын су қоймасы, басқа да су көздерін қарастыру, «Жасыл белдеу» жобасы – бәрі де Елбасының идеялары. Жалпы ұзындығы 150 шақырым болатын канал жүйесі көп мәселені шешеді.

Нәтижесінде негізгі-негізгі басты-басты идеологиялық, рухани-мәдени бағытын белгілеп, солар бойынша жан-жақты жұмыс істеуге кірістік. Олар: Түркістанды түркі әлемінің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру; Түркістанды әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығына айналдыру; Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы; Қожа Ахмет Ясауи ұлы рухани тұлға. Бұлар – Елбасымыз ерекше екшейтін, үнемі назарда ұстайтын бағдарлар.

Ұрпақтар сабақтастығы, бірлік пен ынтымақ, елдік пен ерлік – ата-бабаларымыздың аманаты, Түркістанымыздың, түркілердің текті тағылымы. Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі алғашқы сапарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевта қасиетті қаламыз Түркістаннан, Әз Наурыздан бастады. Өзінің берік ұстанымдары сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу болатынын да Түркістанда тұңғыш мәлімдеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ең әуелгі сұхбатында: «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары. Қарап отырсаңыз, халқымыздың арғы-бергі тарихында ел бастаған, қол бастаған тұлғаларымыз да аса жауапты сәттерде, күрделі саяси шешімдер қабылдайтын уақыттарда Түркістанға тағзым ете барған. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та осы киелі топыраққа ат басын бұратынын білесіздер»,– дейді. Сондай-ақ ата-баба аруағы, аманаты, Ұлы дала еліндегі кешегі және бүгінгі мемлекетшілдік дәстүрге, эволюциялық даму сабақтастығына адалдық хақында айтты. Елбасымыздың Түркістан облысын құрғаны қай жағынан алып қарағанда да теңдессіз, ұлы бастама екенін, тарихи әділдікті қалпына келтіргенін, енді Түркістанды түлетуге әрбіріміз жауапты екенімізді ерекшеледі. Мұндай сакральді ұғым-түсінік пен дәстүрге адалдық тек өркениетті, өсіп-жетілген ұлттың ғана қолынан келетініне айрықша тоқталды.

Текті төріміз Түркістан шаһары облыс орталығына айналғалы екі жыл толды. Ұлы Жібек жолының бойындағы мерейлі мекен болған көне Түркістан түгел түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жан-жақты, жасампаз даму жолына түсті. Елбасымыз түркі дүниесінің дана көшбасшысы. Елордамызды түркі әлемінің жүрегі, Түркістанды тірегі дейді халқымыз. Жазушы, ұлтының сүйікті суреткері, күллі түркінің қадірлі қаламгері Шерхан Мұртаза ағамыз тебіренгендей: «Түркістанды түлету – перзенттік парыз».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *