ӨҢІРЛІК ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРІ

Қоғам Өмір-өзен
50 Views

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің тарихында есімі алтын әріппен жазылатын тұлғалар бар болса, соның бірі – өрімдей жас жігіт күйінде келіп, бар саналы ғұмырын осы басылыммен байланыстырған, он алты жыл бойы редакторлық тізгінін ұстаған ардақты азамат – Октябрь Қайырұлы Әлібеков.
Биыл еліміздегі өңірлік журналистиканың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгер, бір кездегі Целиноград, бүгінгі Ақмола өңірінің облыстық газетіне ұзақ жылдар басшылық еткен Октябрь Қайырұлы Әлібековтің туғанына 90 жыл толып отыр. Рас, ол кісі бүгінде арамызда жоқ. Алайда, өнегелі өмірін бүтіндей дерлік отандық журналистикаға арнаған ардақты азамат артында өшпес із, елеулі еңбек, өнегелі жол қалдырды. Оның шәкірттері – бүгінде ел сөзін сөйлеп жүрген тіл жанашырлары мен қалам ұстаған қайраткерлер. Ал есімі – ел есінде, жүректер төрінде.

Құрбан айттың бірінші күні, 6 маусымда Қазақ журналистикасы қайраткерлерінің бірі, белгілі медиаменеджер, публицист, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Октябрь Қайырұлы Әлібековтің туғанына 90 жыл толуына арналып ҚР Бас редакторлар клубы мен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бірлесе ұйымдастыруымен республикалық деңгейде ас берілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Қанат Ысқақов «Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан медиа қайраткері, белгілі журналист Октябрь Қайырұлы Әлібековтің Отандық баспасөзде алар орны ерекше. Ол Ақмола облыстық «Арқа ажары», бұрынғы «Коммунизм нұры» газетінің дамуы мен қалыптасуына орасан зор үлес қосты. Осы басылымды басқарған 16 жыл ішінде ол баспасөздің редакторы ретіндегі іскерлігімен ғана емес, отансүйгіштік ұлтжандылық, азаматтық қасиеттермен де көзге түсе білді. Облыстық басылымның өзіндік келбетін қалыптастырып, жас журналистердің кәсіби деңгейін көтеру, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын шыңдауға ұдайы назар аударып отырды. Көрнекті көсемсөзшінің болашаққа қалдырған мұрасы талай зерттеулерге арқау болары анық» деген мәтінде арнайы құттықтауын жолдады.
Іс-шараны ұйымдастыруға тікелей себепкер болған ҚР Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин осы беделді клубтың президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайдың ақжарма тілегін республикалық жиынға қатысушылар алдында оқып берді.
Сондай-ақ Октябрь Қайырұлының қанатының астынан шыққан шәкірттерінің бірі Мағжан Садықанов «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми инновациялық орталығы атынан журналистика ардагері Рахия Нысанқызы Әлібековаға қоғамдық дамуға қосқан айрықша үлесі үшін «Парасатты тұлға» марапатын тапсырды.
Торқалы тойға орай Октябрь Қайырұлының ізін жалғар інісі, профессор Мұратбек Тоқтағазиннің құрастыруымен шыққан «Медиакеңістік майталманы» атты естеліктер мен эсселер жинағының тұсаукесер – таныстырылымы салтанатты жағдайда өткізіліп, ел алдындағы белгілі тұлғалар кітаптың лентасын қиды.
Атаулы кітапты басып шығарған «Кәусар» баспасының директоры …. Қуат Құрмансейіт арнайы келіп, сөз сөйледі: «Ас бола ма, той-томалақ бола ма, әр шарадан бір көрінетін іс қалуы керек деп ойлаймын. Бүгінгі Октябрьдей ағамыздың тоқсан жылдық тойынан еске алатын іс бүгінгі жарық көргелі отырған кітап. Біз ағамызды сырттай білеміз ғой. Бірақ, осы кітапты басып шығару барысында оның азаматтық адалдығы, кісілік келбеті, қаламгерлік қыры, қайраткерлігі туралы жан-жақты хабардар болдық. Осы іс барысында Октябрь аға журналистикада өзіндік мектебін қалыптастырған азамат екенін байқадым. Бұл – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін керемет дүние».
Октябрь Қайырұлының еңбек жолы – қазақ журналистикасының даму тарихымен тамырлас. Ол «Коммунизм нұры» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары секілді бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, өзінің еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұжым ішінде зор беделге ие болды. Жалынды журналистің редакторлық қызметке тағайындалуы – бұл сенім мен құрметтің заңды жалғасы еді.
Ақпарат саласының үздігі, Октябрь Қайырұлының жары, белгілі журналист Рахия Әлібекова былайша еске алды: «Соңғы төртінші курстан бастап біздер – студенттер сабақты бірге оқып, емтиханға бірге дайындалып жүрдік. Осы кезде жігіттердің біразы үйленіп, қыздар тұрмысқа шыға бастады. Біз де соңғы бесінші курстың аяқ кезінде көңіліміз жарасып, бас қостық. Оқуымызды ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына келіп, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналастық. Сол жылдары елімізде қыз-келіншектер қатарындағы журналистер өте аз болатын. Ал бұл редакцияда мүлде жоқ екен және ерлі-зайыпты журналистер тіпті болмаған. Тың өлкесі таратылған соң газеттің аты өзгеріп, «Коммунизм нұры», одан кейін «Арқа ажары» деп аталды. Сол жылдардың ішінде алғашқы редакторымыз У. Нұрсейітовтен кейінгі редакторлар Сафаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағанбетов, Ыбрайым Қапаров, Әмір Нүркішев деген ағалардың алдынан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алдық. Екеуміздің де еңбегіміз жанып, дәрежеміз өсті, марапаттардан да кенде болғанымыз жоқ. Кезінде «СССР баспасөзінің үздік қызметкері» атағына ие болғаным, КСРО Журналистер одағының төртінші, Қазақстан Журналистер одағының бесінші съездеріне делегат болып қатысқаным, ұзақ жылдар бойы пленум мүшесі болғаным – соның бір дәлелі болса керек. Ал Өкең он сегіз жылдан кейін өзіміз қара шаңырағымыз санайтын «Арқа ажарының» алтыншы бас редакторы болып бекітіліп, оны зейнеткерлікке шыққанша, яғни он алты жыл басқарды. Талай шәкірттер тәрбиеледі.
Газеттің қоғам талабына сай шығарылуына, партияның тапсырмасын мұқият орындауға асқан жауапкершілікпен қарады. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жіті қадағалап, қолдан келген көмегін аяған жан емес. Онымен қоймай, олардың кейбіреулерінің балаларына дейін әкелік қамқорлық жасап отырды. Ал мен болсам, редактордың зайыбы болғандығымнан кейбір мақтау-марапаттаулардан кемшін қалып жатсам да, қолымнан қаламымды тастаған жоқпын. Ұжымда, жүрген жерімізде, жалпы қай ортада болсын абырой-беделіміз жоғары, үлкенге сыйлы, кішіге ілтипатты болдық. Түрлі қаңқу сөздер, сыни көзқарастар да болмай қалмады. Әйтсе де, сол сындардан сүрінбей өтіп, құрметті зейнетімізге шықтық. Октябрь алпысқа толып, мерейтойын барша ел-жұрт болып құрметпен өткізгеннен кейін орнын бірнеше жыл қанаттасып жұмыс істеген, тәрбиелеген, өзінің оң қолы болған қадірлі інісі Жомартқа ұсынды. Бұдан кейін де ол қол қусырып қарап отырмады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақмола бөлімшесінің директоры болып бірнеше жыл қызмет етті.
Ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, өрісіміз кеңейіп, олардың әрқайсысынан екі-үштен көрген немерелердің ортасында еркін қыдырып, сайрандап жүреміз ғой деген шақта Өкең қатты сырқаттанып, тіпті жүре де алмай қалды. Қанша қиын болса да оған ештеңе білдірмей, қолдан келген бар жағдайды жасадық. Балаларым да, өзім де оны әлі де болса біраз жыл өмір сүреді деп үміттендік. Әр кез әңгімелесіп отырған уақыттарымызда мен оған: «Сенің анаң, жалпы нағашы жұртың – ұзақ жасаған адамдар. Солардың ішінде, әсіресе, тоқсан жетіге қараған шағында дүние салған анамыздың жасына келмей ешқайда кетпейсің. Оның бер жағында елу жылдық алтын тойымызды да өткізуіміз керек. Ол да есіңде болсын» деуші едім. Өкінішке қарай, менің бұл өтініштерімнің бірі де орындалмады. Дендеген сырқат еңсесін көтертпей, екі жылдай төсекке таңып тастады.
Октябрь Қайырұлы басқарған тұстағы облыстық газет – сол уақыттың рухани шамшырағы, ұлттық мұраттың жанашыры еді. Кеңес дәуірінде «Коммунизм нұры», ал тәуелсіздікке қадам басар тұста «Арқа ажары» деп қайта аталған бұл басылым – Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналды. Ол – ана тілінің абыройын асқақтатып, ұлт мүддесін ұран еткен санаулы рухани тіректердің бірі болды. Бас бұрмастан жанымен осы жұмысын сүйді.
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Айман Қожахметованың еске алуы ерекше назар аударарлық: «Бүгінгі құрбан айттың алғашқы күніне 90 жылдық тойының сәйкес келіп тұрғаны – ағамның ақ ниетінің, жүректегі тілегінің арқасы. Ағамен жерлеспіз, бірге туған бауырмыз. Жеңгемнің атын атаған емеспін. Ағамның артындағы өзі көре алмай кеткен жақсылығын көруге қалған ақ жеңешем болғандықтан, қатты қадірлеймін, сыйлаймын. Ақ жаулықты әже болдық. Әлі күнге күніне бір мәрте «ақ жеңеше қалайсыз?» деп қалын біліп, хабарласпасақ ауырып қаламыз. Октябрь ағаның журналистігі – бір төбе. «Аға, мына газетті бұрқыратып шығарып жатырсыз. Газетті сөре-сөре қылып, үйіп қоймаймыз ғой. Адамның артында кітабы қалады. Газет тілімізді жеп қояды ғой. сондықтан, арасында отырып, кітап жазбайсыз ба?» деп қарындас есебінде тілек ететінмін. Сонда ағам: «әрине, әрине! Оның бәрі болады. Осы жұмыстың бәрін бітірейін. Зейнеткерлікке шығамын ғой. Сол кезде ой-түйсіктегінің бәрін қағазға құйып тастаймын, қарындасым!» дейтін. Бірақ, Алла тағала оған жеткізбеді. Денсаулығы сыр берді. Шығармашылық жұмыстарының бәрін жеңешем енді жиып-теріп шығарады әлі. Бұйырса, ақ жеңешемнің 90 жасында тілек айтып тұрайық!»
Қазақ өз жерінде азшылыққа айналып, ана тіліне шектеу қойылып, ауыл-ауылдағы қазақ мектептері жаппай жабылып, жұрт жаппай орыстанып жатқан алмағайып заманда бұл газеттің ел үшін атқарған еңбегі орасан. Сол сын сағаттарда отаншыл рух пен ұлт намысын арқалаған Октябрь Әлібеков басылымның тізгінін ұстап, оны ұлттық идеяның тірегіне, елдің үніне айналдыра білді.
Бұл тұрғыда білім саласының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Еркін Дәуешұлы өз ойларын ортаға салды: «Қазақ тілі мен ұлттық болмысқа бұлт үйірілген, ана тіліміздің өзі екінші қатарға ысырылған қапас кезеңде Өкең басқаратын газет ұлттық рухтың тірегіне айналып, жанын салып күресті. Тілі мен ділін ұмыта бастаған жұртқа ой салатын, тарихи жадты тірілтетін материалдар жариялап отырды. Сол жылдардағы сарғайған газет тігінділері – бүгінгі ұрпақ үшін шындықты ұмыттырмас құнды шежіре, ал сол шежіренің шебері – Октябрь Қайырұлы еді. Қаламы мен жүрегі бір жүретін азамат елдік мүдде жолында қаймықпай күресті. Қайраткерлік болмысы мен ұлтқа деген адалдығының арқасында ол тек редактор ғана емес, өз заманының сөзбен сөйлейтін сарбазына айналды.
Сансызбай Есілов, Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, қоғам және мемлекет қайраткері: «1991 жылы-ау деймін, бір күні кабинетімде отырғанмын, сағат кешкі сегіз шамасы, телефон шыр ете қалды. Телефонды көтерсем, ар жағынан Октябрь ағай сондай көтеріңкі, қуанышты дауыспен: «Әй, Сансызбай бауырым, ертең газетке керемет хабар шығады! Егемендік туралы» – деді шаттана. Редакцияға мұндай жаңалықтарды бәрінен бұрын хабар береді ғой Алматыдан. Сөйтіп, сол күні керемет қуанышты жағдай болып, ағам қуанып, мен жүгіріп барып, екеуіміз құшақтасып, сол жерде біраз әңгімелесіп, көңілімізді көтеріп едік. Содан кейін ағамыз сол «Коммунизм нұры» газетінің атауын ақылдасып, өзі ұсыныс жасап, «Арқа ажары» деп өзгерткен еді. Ол кісінің еңбегі өте зор біздің елімізге сіңірген. Коммунистік партия басқарып отырған сол кездің өзінде ол халықтың мүддесін қорғайтын, керемет маңызды мәселелерді газет бетіне шығарып, халыққа жеткізуші еді. Билік аса қолдамаса да, ағамыз сондай бір игі іс-шараларды атқарып жүруші еді өзі бастап. Ағамыздың жатқан жері жарық, иманды болсын деп тілейміз. Аман болса, биыл 90 жасын атап өтіп, бәріміз ел болып марқайып жүрер едік-ау…»
Ол басқарған жылдары газет бетінде ел тағдырына қатысты өткір ойлар, өміршең мәселелер жиі қозғалды. Тәуелсіздік қарсаңындағы саяси-мәдени күрестерде газеттің белсенділік танытуы – сол кезеңдегі жетекшісінің ұстанымын, табандылығын, ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін көрсетсе керек. Целиноград қаласының тарихи атауы Ақмоланы қайта оралту жолындағы талас-тартыстарда да Әлібеков басқаратын редакцияның рөлі айрықша болды. Газет тілшілері ұлт намысы үшін күрескен зиялылардың үнін жеткізіп, елдік мүдденің жақтаушысы болды.
Бәдуан Имашұлы, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері: «Ұжым басшысы болған соң, оның бер жағында шығармашылық ортаның ішкі тыныс-тіршілігінен хабардар болу – менің басты парызым», – дейтін ағамыз. Октябрь ағамыз басшы болумен қатар, қызметтен тыс кезінде, әлдеқалай басқосуларда жиналғандарды өзінің әзіл-қалжыңымен баурап алатын. Домбырада шебер ойнайтын. Би өнерінен де мол хабардар еді. Әсіресе, вальс ырғағымен серіктесімен дөңгелене жөнелгенде бәріміз қарап тұратынбыз. Бүгінде қадірлі ағамыз арамызда болса, 90 жасқа толған күнін думандата атап өтіп жатар едік. Амал қанша, тағдырдың жазуы осылай болған соң шара бар ма?! Бірақ Октябрь Қайырұлының артында өзі де, көзі де қалды. Немерелерін өсіріп, шөберелерінің қолынан су ішіп кетті. Өзімен бірге сонау алпысыншы жылдары қол ұстасып Арқа жеріне қадам басқан құдай қосқан қосағы, әріптесі, отанасы Рахия Нысанқызы апамыз әулеттің түтінін түтетіп отыр. Оның бер жағында өмірлік серігің өзіңе әріптес қана емес, оның қарамағында еңбек етіп, отыз төрт жыл бірге қызмет етудің мән-жағдайын осы Рахия әпкеміз ғана біледі. Қаламгер ағамыз халқының жадында. Дауылпаз ақын, біртуар тұлға Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктің» туын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткендігін біз мақтаныш етеміз. Ол ту Егемен еліміздің ұландарының сенімді қолында. Қарымды қаламгер, абзал азамат, қоғам қайраткері, барлық саналы ғұмырын Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің қалыптасуына арнаған киелі қалам иесінің, іскер басшының текті тұлғасы, болмыс-бітімі ешқашан ұмытылмайды».
Жай ғана редактор емес, бағыт-бағдар беретін ұстаз, ұлттың мұңын мұңдаған күрескер ретінде есімі тарихта қалды. Октябрь Қайырұлы облыстық баспасөздің дамуына ғана емес, тұтас өңірдегі журналистиканың қалыптасуына, жас қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты.
Мұратбек Тоқтағазин, республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, ф.ғ.к.: «Басылымның бүгіні ғана емес, келешегіне көз жүгірте білетін Октябрь Қайырұлы газетке жастарды қабылдап, «редакция ағзасына қан жүгірту» үшін 1986 жылы өзінің бірінші орынбасары, қазақ журналистикасының көрнекті тұлғаларының бірі Жомарт Әбдіхалықовты Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне іссапарға жіберіп, оқу ордасын үздік бітіріп жатқан әрі жазуға әбден машықтанған бір түлекті редакцияға қызметке шақыруды тапсырады. Жомарт Сафиұлы қазақтың біртуар тұлғасы, жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбекпен бірге ҚазМУ-ге барып, республикалық басылымдарда жан-жақты көрініп, журналистік шеберлікті игерген университет бітірушісін таңдайды. Факультет деканы, профессор Темірбек Қожакеевпен ақылдасады. Ақырында студент болса да республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде мақалалары жиі жарияланып тұратын осы жолдардың авторына таңдау түседі. Сөйтіп, газет басшысының қатаң талап-тілектеріне орай, газетте бірден істеп кететін жас маманды алдырады. Сол жас маман мына мен едім. Кейіннен басшының үміті ақталғанын уақыт дәлелдеді. Октябрь ағамыздың редакцияны жаңашылдықпен, жанашырлықпен, кәсіби жоғары талаптармен дамытуға деген талпынысы бізді үнемі алға жетелейтін».
Бүгінгі күнде елорданың көшелерінен қазақы рух сезіліп, Алаштың аманаты қайта жаңғырып жатса, соның іргетасын қалауға тер төккен тұлғалардың қатарында Октябрь Қайырұлының есімі де құрметпен аталады.
Ғалым Қожабеков, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары, Ауған соғысы ардагері: «Мен Октябрь ағаның қол астында 4 жылдай жұмыс істедім. Менің журфагым – «Коммунизм нұры». Билік ауысып, құрылым өзгеріп жатқан тұста газеттің атауы «Арқа ажары» деп өзгерді. Ең бірінші санына Октябрь ағамыздың суретімен осыны хабарлап, шығарыпты. Астына Өкеңмен сұхбаттасқан Ғалым Қожабеков деп жазып жіберген. Бұл – ағамыздың жас журналистер мен қаламы шыңдалған тілшілер арасындағы тәлім, өнегенің бір мысалы».
Октябрь Қайырұлы Әлібеков — қазақ тарихының сындарлы кезеңдерінде елдің тағдырына батыл араласқан дара тұлға. Белгілі журналистің тұғырлы қызметі мен күресі – еліміздің тарихында ұмытылмас бетбұрыс, халқымыздың ұлттық санасын сақтап қалуда және жаңғыртудағы өлшеусіз үлес. Білікті басшы, ұлтжанды қайраткер ретінде ол басқарған жылдары «Арқа ажары» газетінің бағы жанып, шынайы халықтық басылымға айналды. Газет қоғамның айнасы, жұрттың үні, елдің жанайқайын жеткізер мінбер бола білді. Октябрь Әлібеков халық үшін күрескен қайсар азамат ретінде болашақ ұрпаққа ұлттық намысты, парасат пен адалдықты үлгі етті.

Шаттық СӘДУАҚАС,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университетінің магистранты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *