Автокөлік және теміржол – адамдар мен жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын материалдық өндіріс саласы. Қоғамдық өндірісте жиі қолданылатын, логистикалық операциялардың көп бөлігі көлік түрлерінің, құралдарының қолданылуымен жүзеге асырылатын болғандықтан, мұнда заңды әрекеттермен қатар заңсыздықтар да кездесіп жататынын естіп, көріп, біліп жүрміз. Осындай автокөлік және теміржол салаларындағы багажды тасымалдау қағидалары төңірегінде халықты ақпараттандыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жақсылықұлы Жолдасовтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті.
Шымкент қаласы аумағында «Бекжан», «Самал» Халықаралық, «ШҚААВ», «Алаш» сынды төрт автовокзал және «Көктем», «АР» атты екі автостанция орналасқан.
Бүгінгі таңда қала аумағында тұрақты қалалық 78 бағыт бойынша бекітілген 1116 кестемен жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады, оның 54-і автобус бағыты, 24-і шағын автобус бағыты. Оларға қаладағы 27 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді.
Шымкент қаласында жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар саны – 10, олардың көлік құралдарының жалпы саны – 247 автокөлікті құрайды.
«Жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде Инспекция тарапынан қалалық бағыттарда, сонымен қатар ауданаралық бағыттарда 116 құқықбұзушылықтар анықталып, 1 миллион 628 мың теңге айыппұл өндірілді.
Тұрақты тасымалдау қызметінде 84 құқықбұзушылық, соның ішінде:
11– жолаушылар тасымалдауға рұқсат беретін куәліксіз, 25 – билетсіз жолаушылар тасымалдау бойынша,тұрақты бағыттарда жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасының талаптарын бұзу бойынша – 59 құқықбұзушылық анықталып отыр.
Сонымен қатар, такси көлігімен жолаушылар тасымалдау саласында үш тасымалдаушы арнайы лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін құжаттары сотқа жолданды. Ауданаралық бағыттарда жолаушылар тасымалдау кезінде жолаушыларға билет таратпау және қоғамдық көліктердің белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі жиі кездеседі», – деді Шымкент станциясындағы желілік полициясы бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Орынбасар Қалдыбекұлы Мамбетов.
Ол сондай-ақ, Шымкент қаласының аумағында – 12, яғни «Дархан» сауда үйінің автотұрағы, «Көмешбұлақ» базары, «Әскери комиссариат», «Қатын көпір», «Кабиско» аялдамасы, «Гипер хаус» сауда үйінің, «Темір жол вокзалы», әуежай, «Автонұр», «Айна» базарларының, «Самал», «Алаш» автовокзалының маңдарында заңсыз стихиялық тұрақтар басып кеткенін айтып өтті.
Шымкент қаласы аумағында орналасқан Шымкент теміржол вокзалы арқылы 27 жұп жолаушылар пойызы қатынайды.
Жыл басынан бүгінгі таңға дейін Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен және «Адал жол» жобалық кеңесімен бірлесіп, жол бойында жолаушылар пойыздарына рейдтік шаралар жүргізіп, нәтижесінде жол құжатсыз (билетсіз) жүрген 101 жолаушы анықталған. Сонымен қатар, штаб вагондары сейфпен жабдықталмауы, пойыз құрамы жабдықталған төсек-орын жиынтықтарының пайдалану мерзімінің өтуі, вагондар екі түсті дабылы бар қол шаммен жабдықталмауы, пойыз құрамы мүгедектерге арналған арнайы орындары бар вагондармен қамтамасыз етілмегені тәрізді себептермен тасымалдаушылар тарапынан 541 қағида талаптары бұзылғандығы анықталды.
Жоғарыда аталған олқылықтардың негізінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы 36 хаттама толтырылып, әкімшілік құқықбұзушылық жауапкершілікке тартылып, бір миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді,– деген ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы инспекция мен Шымкент көлік прокуратурасы, Шымкент станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің полиция қызметкерлері бірлесіп теміржол вокзалында билетті заңсыз сатумен айналысқан азаматтарға қарсы бірқатар жұмыстар жүргізгенін де айтып өтті.
Өздеріңізге белгілі ағымдағы жылдың шілде айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жолаушылар пойыздарына деген билет жетіспеушілігін жою туралы нақты тапсырма берген болатын.
Сәбит Әсетұлы Әсілбек: «Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде билет алып-сатушылардың жолын кесу мақсатында «ҚТЖ» АҚ-на бірнеше атап айтқанда топтап билет сату жүйесін оңтайландыру, ол дегеніміз – бір билетпен топқа арналып сатылатын билеттерді сатуды тоқтату, пойыз құрамына билет сату жүйесін нақты қалыпқа келтіруді, жазғы маусымда жолаушылар пойыздарына сұраныстың көбейетіндігіне байланысты вагондардың санын көбейту және қосымша пойыздар қосы туралы ұсыныстар жолданды», – деді.
«Инспекциямен жолаушылар пойыздарына бақылау басты назарда болады және құзырлы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетінін атап өткім келеді», – деді Орынбасар Мәмбетов сенімді түрде.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың сәуір айында көлік мәселелері туралы заңға толықтырулар енгізіліп, жолаушылар тасымалдау саласында бақылау жүргізу полиция органдарымен қатар Көліктік бақылау органдарына берілді. Аталған заң 24 мамырдан бастап күшіне еніп, сол күннен бастап инспекция тарапынан қоғамдық көліктерге бақылау жүргізіле бастаған болатын.
А.СӘКЕНҚЫЗЫ.