Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жасыл желекті күтіп-баптау барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс сапасына баса назар аударуды міндеттеді. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы демалыс аймақтарында жасыл желекті күтіп-баптау мен баулардың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, халықаралық әуежайға барар жолда 400 мыңға жуық түрлі ағаш отырғызылған.
Облыс басшысы сондай-ақ Түркістан қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Әкімшілік-іскерлік орталықта 5, 7, 9, 12 және 20 қабатты 60 тұрғын үй және 4,6 және 8 қабатты 22 тұрғын үй бой көтерген. Айта кетейік, жыл басынан бері түркістандық 500-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішінде кезекке тұрған азаматтарға 252 пәтер, несиемен 204 пәтер берілді. Жоспарланған 108 көпқабатты тұрғын үйлердің 26-ы тапсырылды, қалған 82-і биыл аяқталады.
Жаңа оқу жылында Түркістан қаласында 900 орындық мектеп ашылады. Білім ұясы заманауи қондырғылармен жабдықталады. Үлкен спорт зал мен пәндік сыныптармен қамтылған. Облыс әкімі жаңа мектептің құрылыс барысын бақылап, мердігерлермен кездесті. Қазір мұнда ішкі құрал-жабдықтар орнатылып, сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының 1-кезеңі аяқталғаны белгілі. Қаланың негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Жалпы 445,3 млрд. теңге 257 жоба іске асырылып, жаңадан Халықаралық әуежай, Әкішілік-іскерлік және Рухани-мәдени орталықтары салынды, оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтті және өндірістік аймақ құрылды. Рухани-мәдени орталығындағы 16 нысанның 14-нің құрылысы толықтай аяқталды. Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспарына 141 іс-шара енді. Оның ішінде 75%-ы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылатын болады.
«ТҮРКІСТАН СУ АРНАСЫНЫҢ» ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Түркістан қаласын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында салынған жаңа нысанның құрылысы аяқталды. «Түркістан Су арнасы» мекемесі 200 мыңға жуық халқы бар шаһарды 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. Әзірге бұл мүмкіндік халықтың 20 % ғана бар. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жаңа стратегиялық нысанның жұмысымен танысып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Құрылыс барысында 25 мың шақырымнан астам құбыр тартылып, Түркістан қаласындағы орталық су қоймасына қосымша 5000 м3 резервуарлар салынған. Қаладағы барлық ескі және жаңадан бой көтерген ғимараттарға кәріз жүйесі жүргізілді.
Жаңа су арнасы толық заманауи техникамен жабдықталған. Энергия үнемдейтін жоғары технологиялық қондырғылар қойылған су шаруашылығы қаланы сумен жабдықтау және су бұру жүйесі арқылы тиімді қамтамасыз етуге бағытталған ірі операторға айналуға бар мүмкіндігі бар.
Түркістан қаласын үздіксіз сумен қамтамасыз ететін жаңа мекеме — толық автоматтандырылған үлкен өндірістік кешен. Ұңғымалар арқылы қуатты сорғылар көп метрлік тереңдіктен тірі ылғалға ие болады және оны магистральды су құбырына береді. Зарарсыздандырылған, таза ауыз сумен халықты қамтамасыз ететін жаңа су арнасында су шығыны толық бақылауда. Сорғылардың жай-күйі, су көлемі, құбырдағы қысым және басқа да арнайы параметрлер туралы деректер диспетчерлік бекеттің мониторларында көрсетіледі.
КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТӘУЛІК БОЙЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді жалғастыру және қаладағы көгалдардың аумағын ұлғайту тапсырмасына сәйкес, күтіп ұстауды жеңілдету мақсатта қаладағы жалпы жасыл желектер 73 аумаққа бөлінді. Бұл жұмыстарға жауаптылар бекітіліп, бақылау аралау жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Облыс әкімі көгалдандыру жұмыстарының барысымен танысып, жауапты тұлғалармен кездесті.
Түркістан қаласындағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп ұстау бойынша мемлекеттік қызметшілерден құрылған мобильді мониторингтік тобы құрылды.
Әзірет Сұлтан мешіті, «Жеңіс» саябағы және Бекзат Саттарханов даңғылы аумағындағы 1,8 шақырымында автоматикалық суғару жүйесі аяқталып, партерлік көгал төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Тұңғыш Президент саябағы, Қазақ хандығы мемориал кешенінің құрылысы аяқталуда. Б.Саттарханов даңғылы бойында 4 шақырым желілік саябақ салынып, 25 300 түп ағаш егіліп, 317 шағын архитектуралық нысандар орнатылды. «Рәміздер алаңы», «Есімхан алаңы» мен «Түркі бағын» абаттандыру жұмыстары аяқталды.
Жалпы, қала аумағына Жасыл белдеу орнату мақсатында 4 700 га жерге 3,5 млн. түп ағаш егілді.
Қала ішіндегі көгалдандыру және сумен қамту жұмыстарын қарқынды атқару үшін «Жасыл Түркістан» КММ-нің Мобилді тобының жалпы штат бірлігі 1 ай ішінде 202-ден 357-ге дейін ұлғайып, қосымша 155 штат бірлігі ашылды. Нәтижесінде қазір 5 мобилді топ 3 күндізгі және 2 түнгі ауысымда жұмыс жасауда.
КӘСІПКЕР «СЫБАҒА» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ШАРАПАТЫН КӨРУДЕ
Кентаулық кәсіпкер Бекзат Хабибов үш жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өз кә-сібін ашқан. «Эргеш ата» шаруа қожалығының иесі Ресей Феде-рациясынан 100 бас асыл тұқым-ды симментал сиырын сатып алып, іске кіріскен. Ол бүгінде 20-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.
Шаруаның айтуынша, алғашқы жылы сатып алынған ірі қарадан 55 бұзау туылса, биыл мал басы тағы 80 бас бұзауға артқан. Қожалықта етті және сүтті бағыт қолға алынған. Мәселен, сүтті бағытта 1-тумадағылар күніне 8-10 литр, 2-тумадағылар 25 литрге дейін сүт береді. Шикізатты Қарашық ауылындағы фермаға өткізеді.
Бір бұзаудың өзі 300 келіге дейін ет береді. Бұзаулар бордақыланып, еті Түркістан және Кентау базарларында саудаланады. Бұдан бөлек, етті өзінің жеке кәсібі асханалық бағытқа да пайдалануда.
ЖАРТЫ ЖЫЛДА 9 МЫҢ ТОННАДАН АСТАМ ЕТ ЭКСПОРТТАДЫ
Түркістан облысы Сайрам ауданының кәсіпкерлері биылғы жылдың алғашқы 6 айында алыс-жақын шетелдерге жалпы көлемі 9374 тонна ет экспорттаған. Оның 8571 тоннасы ірі қара мал еті болса, 803 тоннасы қой еті.
Жалпы ауданда жылдан жылға мал бордақылау алаңдарының артып келе жатқанын ескерер болсақ, алдағы уақытта қазіргіден де мол ет өндіріледі деп айтуға болады. Мәселен, қазірдің өзінде аудан көлемінде 1012 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Бұл алаңдар бір мезетте 42 мың бас малды бордақылауға қауқарлы.
Одан бөлек, ауданда мал сою және ет өңдеу цехтары да жолға қойылған. Мысал ретінде «Қайып Ата» мен «Nurym Group» серіктестіктерін айтуға болады. Қос фермада дамыған елдердің соңғы үлгідегі құрал-жабдықтары мен ет өндіру, өңдеу саласының озық технологиясымен жұмыс істейді.
ҚАРБЫЗДЫҢ ЖАПОНДЫҚ СОРТЫН ЕГУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ
Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны Әжібай Сабуров жапон қарбызы «Дэнсукэ» сортын егуді қолға алған. 77 жастағы қария былтыр ресейлік «Волгоград» тұқымын егіп, мол пайдаға кенелген.
«Таулы мекен Түлкібастың ауа-райы Сарыағаш, Жетісай, Шардара сияқты аудандарға қарағанда салқындау болып келеді. Сондықтан да бақша өнімдерінің бұл түрлері бізде егіле бермейді. Ал, қарбыздың «Дэнсукэ» және «Волгоград» атты тұқымдары біздің климатқа төзімдірек болып келеді. Оның өзін ашық алаңқайда емес, жылыжайда өндіріп аламыз. Яғни, тамыр жайып, өнім бергенше өзіне тән күтімді қажет етеді», – деді бағбан қария.
Бүгінде Әжібай ақсақалдың 6 гектар жерінде қауынның 3, қарбыздың 6 түрі жайқалып тұр. Оның сөзінше, қарбыз тамыз айының орта шегінде пісіп жетіледі. Әр гектарынан 30 тоннаға жуық өнім алуды көздеп отыр. Айта кетейік, көпке үлгі болып отырған ақсақал қосымша 3 гектар жерге еккен картобынан, гектарына 40-50 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап қойған.
ИЗРАИЛЬ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУҒА ДАЙЫН
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов Израиль Мемлекетінің Қазақстан және Қырғызстан Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Лиат Вексельманмен кездесті.
Кездесуде екі жақты ынтымақтастық жайлы сөз болып, агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жоғары технологиялар саласындағы, сондай-ақ, өңірдегі туризм саласын дамыту жайы талқыланды.
«Түркістан қаласын 2050 жылға дейін дамытуды жоспарлаудамыз. Қаланың шағын, тарихи, әрі туристік орталық болатынына сенеміз. Келешекте жылына 5 миллион турист қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұрын пандемияға дейін қаламызға бір жарым миллион турист келген болса, пандемия кезінде 900 мыңға жуық адам келді. Биылғы жылы әсіресе демалыс күндері тәулігіне 12 мың турист келуде. Жалпы біз осы жылы 2 миллионға жуық турист болады деп болжап отырмыз», — деді Рашид Аюпов.
Кездесу соңында, облыс әкімінің орынбасары мәртебелі мейманды Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, Израиль кәсіпкерлерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
ТҮРКІСТАН МЕН ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТАРЫН ЖАЛҒАЙТЫН ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ
Түркістан облысының Созақ ауданы мен Жамбыл облысына қарасты Жаңатас қаласын байланыстырып жатқан жалпы ұзындығы 24,6 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар (КХ-189 «КХ-2-Жаңатас») автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Шымкентдорстрой» ӨК» мердігер мекемесі жүргізуде.
Бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес, жолдың жарамсыз жерлерінде асфальт жабынын бұзып, жол негізін қайта қалпына келтіру және екі қабат асфальт жабынын салу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, асфальт қабатының жарамды жерлерінде бір қабат асфальт жабынын салу жұмыстары қарастырылған.
Аталған жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінгі таңға дейін, 24,6 шақырым жолдың 14 шақырымына ірі түйіршікті, 10,5 шақырымына майда түйіршікті асфальт жабыны төселген. 2020 жылы басталған жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталып, жолды толық пайдалануға беру жоспарлануда.
Айта кетерлігі, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауға алынған.
«ЗАМИРАҒА» СОРТЫНА СҰРАНЫС КӨП
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Абдашим Юлдашев 2009 жылдан бастап жылыжай шаруашылымен айналысып келеді. Кәсіпкер бүгінде 0,2 га аумақта көкөністің екі түрін өсіріп, өнім алуда. «Замира» деп аталатын қызанақтың сортын егуді қолға алған ол жылына 30-40 тонна өнім алуда. Ол қызғылт қызанақ пен қияр өнімін Кентау қаласынан бөлек өзге өңірлерге де сатылымға шығарады.
Жылыжай шаруашылығын отбасылық кәсіпке айналдырған қожалық иесі ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің бүгінгі таңда өнімін тасымалдайтын 3 дана ауыр және 1 дана жеңіл көлігі бар.
Сорты ерекше қызғылт қызанақ пен қиярға деген сұраныстың артуына байланысты тағы бір жылыжайдың құрылысы жүргізілуде. Күз мезгілінде құрылысы аяқталса көшеттерді егіп, өнім алу жоспарлануда. Кәсіпкер осылайша жылыжайдың көлемін 0,5 га аумаққа ұлғайтуға ниетті.
КЕЛЕС АУДАНЫНДА ЭЛЕКТР БАҒАНАЛАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА
Келес ауданында ескі бағаналар жаңартылуда. Бүгінге дейін жоғары кернеулі желі тіреулері мен электр бағаналары алмасты. Жөндеу жұмыстарын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС есебінен жүргізуде.
«ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесінің 2021 жылға жоспарлаған инвестициялық бағдарламасы Келес ауданында қарқынды жүріп жатыр. Аудан бойынша Біртілек ауылдық округінің Керегетас, Оразата елді мекендері , сондай-ақ Абай ауылындағы Арал мөлтек ауданындағы ескірген ағаш бағаналары темірбетон бағаналарымен алмастырылады. Сонымен қатар, кернеуі 0,4 киловольттық электр сымдары да жаңарады.
Қазіргі таңда мекеме қызметкерлері ұзындығы бойынша 4,3 шақырым жерге 132 электр бағанасын жаңарту жұмыстарын жүргізуде. Жаңарту жұмыстары аяқталған соң 125 үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Қыркүйек айында Ораз ата ауылы көшелеріндегі ескірген электр бағаналары жаңасына ауыстырылады.
Бетті әзірлеген Нұр-Қасым ӘЛІМБАЙ