«МЕКТЕПТЕР ӨЗ УАҚЫТЫНДА САЛЫНЫП, ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛУІ ТИІС»

Білім Қоғам
468 Views

Түркістан облысында 2023 жылы 33 мектептің құрылысын жүргізуге түрлі қаржыландыру көздерінен 23,6 млрд. теңге қаржы қаралды. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Оның ішінде 6 мектепті 1 қыркүйекте ел игілігіне ұсыну көзделіп отыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауға алып, уақтылы аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау керектігін ескертті.

– Мектептер өз уақытында салынып, ел игілігіне берілуі тиіс. Құрылыс жоспары, мерзімі бойынша қателікке жол беруге болмайды. Қазір бюджетте қаражат тапшы екенін білесіздер. Әрбір тиынды тиімді жұмсап, міндетті сапалы атқарған жөн. Құрылысы кешеуілдеп жатқан кейбір білім ұяларына жауапты мердігерлерге қатаң ескертіңіздер. Жұмыс жоспардағыдай жүрмейтін болса, жауапты басқарма мен өзге де мекеме басшыларының жауапкершілігін де қараймыз. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары 1-қыркүйекке дейін толық аяқталуы қажет. Құрылыс баяу жүріп жатқан нысандарда іс барысын бақылап, жұмысты жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, Сарыағаш ауданында 300 орындық, Сайрам ауданында 300 орындық, Түлкібас ауданындағы 150 орындық, Арыс қаласындағы 200 орындық мектептердің құрылысы өндірістік кестеге сәйкес жүргізілуде, 1 қыркүйекте тапсырылады. Келес ауданындағы Абай атындағы №46 мектепке қосымша 300 орындық ғимарат салу жұмысы да қатаң бақылауда. Сонымен бірге Түркістан қаласында 500 орындық жатақханасы бар 700 орынға арналған мектеп-интернат та жаңа оқу жылында ашылады деп күтілуде. Басқарма тарапынан өз міндеттерін дұрыс атқармай отырған мердігерлерге заң аясында шаралар қабылданып, айыппұлдар салынған. Өңір басшысы мектеп құрылысына немқұрайлы қараған кейбір мердігерлермен келісімшартты үзуді тапсырды.

Жиында Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы өңірдегі мектептерге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысы туралы баяндады. Өңірде Түркістан білім басқармасына қарасты 1275 білім беру мекемесі жұмыс істейді. 2021 жылы – 13 мектеп, 2022 жылы 16 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2023 жылға 20 білім ұясына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы қаралды. Қазір 4 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілген. 11 мектеп қыркүйек айына дейін дайын болады. 5 мектептің қаржысы мен жөндеу жұмыстары 2024 жылға өтпелі.

ОҚУШЫЛАР ҮЙІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында 80 орындық оқушылар үйінің құрылысы басталған болатын.

Заманауи жаңа ғимараттың жалпы аумағы 1580 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу және монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев мердігер мекеме басшысына жұмысты көрсетілген мерзімге дейін аяқтап, пайдалануға беру қажеттігін тапсырды. Ал, жауапты сала басшыларына құрылыстың сапалы болуын қадағалауды жүктеді.

Аталған нысан құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мұнда жеңіл атлетика, еркін күрес, қолөнер бағытында «мүсінші», «тігінші» және тілдік бағытта «өнерлі бала» үйірмелері жұмыс істейді.

Айта кетсек, ескі аудандық оқушылар үйінің ғимараты 1937 жылы шахта жұмысшылары үшін жатақхана ретінде салынған. Соғыс жылдарынан кейін ғимарат қалалық №7 бастауыш мектебіне, 1960 жылдан бастап №5 орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары үшін берілген.

ТҮЛКІБАСТА БІЛІМ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ САНЫ АРТАДЫ

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинге Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов мәлім етті.

Әкім өз сөзінде ауданға облыстық бюджеттен құны 1 200 млн. теңгені құрайтын 300 орындық «Майлыкент» ЖОМ құрылыс жұмыстарының аяқталып, пайдалануға берілгендігін жетікізді. Спикердің айтуынша, қазіргі таңда ауданда 150 орындық «Тұрсынбеков» НМ және «Г.Титов» ЖОМ, 300 орындық «Бақыбек» мөлтек ауданындағы мектептердің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, Ынтымақ ауылындағы «А.Оразбаева» атындағы ЖОМ-ға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«2023-2025 жылдары Түлкісбас ауданында төрт жаңа мектептің, екі қосымша ғимараттың құрылысын жүргізу жоспарланған. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы Т.Рысқұлов ауылында 600 орындық, Састөбе елді мекенінде 300 орындық екі мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қосымша Тастұмсық елді мекеніне 600 орындық мектептің құрылысына ұсыныс берілсе, Көкбұлақ және Көктерек ауылдарына 150 орындықты мектеп құрылыстарына СЖТ дайындалып жатыр», — дейді аудан басшысы.

Сонымен қатар, аудан әкімі аудандағы құрылыс жұмыстарының 6 айлық көрсеткішіне тоқталды. Бұл ретте, құрылыс жұмыстарының көлемі 6 айдың қорытындысымен 1 961,2 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 127,0 пайызды құраған. Сондай-ақ, 7 860 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал инфрақұрылым бойынша 2023 жылы төрт елді мекеннің дамуына берілген жер телімдерінің инженерлік инфрақұрылым құрылысына 693,3 млн. теңге қаржы қаралған.

Қазіргі таңда аудан бойынша 27 мың адам жер кезегінде тіркелген. Осы орайда алты елді мекенге инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық сметалық құжат әзірленген. Жалпы жер телімінің көлемі 156,2 гектарды құрап, инфрақұрылым жүргізілген жағдайда 580 жер учаскесі үй кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 480 млн. теңге қаралып, жыл соңына дейін 50 тұрғын үй сатып алынбақ.

Брифингте «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойында салынып жатқан жерасты туннелінің құрылысы да сөз болды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында Шақпақ баба ауылында жерасты жолының құрылысымен танысқан болатын. Жобаның жалпы құны — 8,5 млрд теңге. Туннельдің ұзындығы — 840 метр, ені — 13. Құрылысы 2013 жылы басталып, бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Туннель құрылысына келетін болсақ, «Тараз-Шымкент» бағытында бұрғылау-жару жұмыстары мен монолитті бетон құрылысы толығымен аяқталған. Жол төсемі мен дренаждық құрылғы үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оң тоннель бойынша, яғни «Шымкент-Тараз» бағыты бойынша бұрғылау, сондай-ақ 345 метр монолитті бетон салу жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың аяқталуы 2023 жылдың қараша айына жоспарланған.

МАҚТААРАЛДА 1500 ОРЫНДЫҚ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Мақтаарал ауданы Атакент кентінде «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 1500 орындық мектептің құрылысы басталды. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен салынып жатқан білім ордасы 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі.

Өткен аптаның соңында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Түркістан облысы бойынша өкілдері Ербол Ахмет пен Сәкен Әшірбай Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, нысанның құрылысымен танысты. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша мектептер салынатын басқа да елдімекендерге барып, жер телімдерін көрді.

1500 орындық мектептің бас жобалаушысы «Envicon-a» ЖШС болса, құрылысын бас мердігер «Bazis Construction» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс нысанының аумағы 4 гектардан астам жерді құрайды.

«Жайлы мектептер» пәндік кабинеттермен, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет, жаңа модификацияланған кабинеттермен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуларына, түрлі үйірмелерге қатысуына, спортпен айналысуларына, жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға толықтай жағдай жасалады.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында Мақтаарал ауданында жалпы 5 мектептің құрылысы жоспарланған. Нақтырақ айтар болсақ, Атакент кентінде 1500 орындық және 900 орындық мектептердің құрылыстары, Жамбыл ауылдық округі, Абай елдімекенінен 900 орындық мектеп құрылысы, А.Қалыбеков ауылдық округі, Үлгілі елдімекенінен 600 орындық мектеп құрылысы және Нұрлыбаев ауылдық округі, Ынталы елдімекенінен 300 орындық мектептің құрылыстары жүргізілмек.

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Сарыағаш ауданындағы №50 А.Омаров атындағы мектептің апаттық жағдайда болуына байланысты, ауданда жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Осы орайда аудан әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекенінде салынып жатқан мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда, нысанның ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталып, шатырын жабу, терезелерін орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Одан бөлек, аудан әкімі Дарбаза ауылдық округі, Сарысу елді мекеніндегі №40 Н.Әбдіров атындағы 200 орындық жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға беру жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудан басшысы Құркелес ауылдық округіне арнайы барып, Береке елді мекеніндегі ауыз су және табиғи газбен қамту жұмыстарын бақылады. Елді мекенде таза ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстары мердігер мекеме тарапынан жүргізілген. Алайда, құрылыс жұмыстары толық аяқталмаған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аудан әкімінің қолдауымен қайта жандануда. Аудандағы құрылыс жұмыстарын аралап көрген аудан әкімі мердігер мекемелерге жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізіп, сапалы аяқтауды тапсырды.

БІЛІМ АЛУ ҚҰНЫ 2 ЕСЕ АРЗАНДАЙДЫ

Елімізде ақылы мектептерде білім алуға ата-аналар төлейтін төлемақы мөлшері 2 есеге қысқартылады.

«Орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын және мыналарды: республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 600 еселенген мөлшерінде және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын; республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 200 еселенген мөлшерінде Халықаралық бакалавриат ұйымында авторландырудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшері бекітілсін», — делінген ашық НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрі бұйрығының жобасында.

Мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшеріне білім алушылардың тұру (интернаттық ұйымдар), оларды жекеменшік орта білім беру ұйымына жеткізу және (немесе) кері қарай тасымалдау, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарынан тыс қосымша білім беру қызметтері мен білім беру, сондай-ақ ерікті түрде жүзеге асырылатын білім алушылардың тамақтануы үшін төлемақы қосылмайды.

Айта кетейік, бұған дейін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беретін жекеменшік ұйымдардағы ата-аналардың төлемақысы 1 200 АЕК-ті, ал Халықаралық бакалавриат ұйымында авторландырудан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратын жекеменшік ұйымдарында 2 400 АЕК-ті құраған болатын.

БЕС ЖЫЛДА 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түркістан облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2019 жылдан бері 3 есе өсіп, былтыр 319 млрд. теңгеге жетті. Биылғы 6 айдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 141 млрд. теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 есе өсіп, былтыр 200 млрд. теңгеден асса, биыл жарты жылда 77 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласы тұрғындарымен есеп беру кездесуінде мәлімдеді.

Өңір басшысының айтуынша, былтыр негізгі капиталға 305 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл 6 айдың қорытындысымен 84 млрд. теңге инвестиция тартылған.

– Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесінің берілуі шаһардың дамуына серпін берді. Қаламызда шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, ол үшін әкімдік тарапынан жағдай жасалып отыр. Биыл Түркістан қаласында қосымша 2 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Тұрғындардың орташа жалақысы 58 пайызға өсіп, былтыр 213 мың теңгені құрады. Қала бюджетінің өзіндік кірістері соңғы 5 жылда 5 есе артып, былтыр 15 млрд. теңгеге жетті. Осы жылдың 6 айында өзіндік кірістер 11 млрд. теңгені құрады. Соңғы 5 жылда қаламызда жаңа әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары, жаңа халықаралық әуежай салынды, Бекзат Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Облыс орталығы болғалы бері қаламызда 163 тұрғын үй салынып, 9397 отбасы баспаналы болды. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта 4439 пәтерлі 66 үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде биыл 59 үйді (3377 пәтер), келесі жылы 7 үйді (1062 пәтер) пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен 2700 пәтерлі 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, – деді Дархан Сатыбалды.

Жаңа үйлердің құрылысымен қатар бұрыннан бой көтерген көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында абаттандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Атап айтқанда, қаладағы 1-ші, 2-ші және «Отырар» шағынаудандарындағы, Бокин көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылады. Сондай-ақ балаларға арналған спорт алаңшалары орнатылып, саябақтар, гүлзарлар көгалдандырылуда. Түркістан қаласының көрнекті нысандарының бірі, темір жол вокзалының аумағы да абаттандыру жұмыстарымен қамтылуда.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс аймағын қалыптастыру мақсатында «Жібек жолы», «Президент» саябағы, Саттарханов, Яссы көшелеренің бойында Желілік саябақтар, «Отбасы», «Денсаулық» саябақтары ашылды. Көгалдандыру жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр.

2020 жылы көшелерді түнгі жарықтандырумен қамту деңгейі 31 пайыз ғана болған, яғни, небәрі 269 көше қамтылған еді. Биыл 86 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін жарықтандырылған көшелердің саны 757-ге дейін жетеді теңге.

«АҚСУКЕНТ АУЫЛЫНЫҢ ТАЗАРТҚЫШ ИМАРАТТАРЫ» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Сайрам ауданында орналасқан «Сайрам ауданы Ақсукент ауылының тазартқыш имараттарын қайта құру» нысаны пайдалануға берілді. Осы орайда Сайрам ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен пресс-турда бір топ БАҚ өкілдері аталмыш нысанның жұмыс барысымен танысты. Нысанның құрылысы «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС тарапынан 2017 жылы басталған. Алайда, мердігер мекеменің кейбір жұмыстары бекітілген талаптарға сәйкес болмағандықтан нысан қабылданбаған. Жобаның негізгі мақсаты — Ақсу ауылындағы көпқабатты үйлерден шығатын шайынды суларды сүзгіден өткізіп, егістікке ағын су етіп жіберу.

Қазіргі таңда нысандағы сүзгілердің жұмысы мен құрылыс жобасының талаптарына сай болуы аудан басшысы Арман Сәбитовтың тікелей бақылауында. Сондай-ақ, нысандағы кемшіліктер мердігер мекеме тарапынан жойылып, бір айдың ішінде өз жұмысын бастап кеткен.

«2017 жылдан бері ауданымыздағы тазартқыш нысанның жобалық сметалық құжаттамасында ауытқу болғандықтан нысан қабылданбай келген. Және кемшіліктері жайында бірнеше рет сотқа жүгінген. Салдарынан нысан жұмысы бүгінге дейін пайдалануға берілмей келді. Осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Дархан Сатыбалды нысанның жұмыс барысымен танысып, тиісті мердігер мекемеге ақауларды қалпына келтіру үшін бір ай мерзімге тапсырмалар берген болатын. Бір айдың ішінде тиісті құзырлы мекемелермен бірлесіп жұмыстар атқарылды, тиісті хаттар келді. Енді бұл нысан жеке өзімнің бақылауымда болады. Сонымен қатар, мердігер тарапынан егер қандайда бір қиындықтар туындап жатса, қайтадан орнына келтіруге бес жылға дейін кепілдік бар», — дейді аудан басшысы Арман Сәбитов.

Айта кетсек, Қарабұлақ елді мекеніне Ақсу ауылындағы көпқабатты 54 үй мен кәсіпкерлік нысандардан шығатын шайынды сулардың қайта өңдеп, ауыл шаруашылық мақсатындағы егін алқаптарына жіберу болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *