Азап пенен ғажаптың
Бұл өмірде сыны көп.
Олпы-солпы қазақтың
Жүре алмады ол бірі боп.
Шырақ етпей шындығын
Шығам демес шыңға бір,
Толыбайдай сыншының
Толғағынан туған ұл.
Үрлеп үміт ұшқынын
Ұсынбасын неге өнер,
Кеніш ойлы үш биден
Кеңес алған кемел ер?!
Балаң шақта Бұхар мен
Үргеніште сүрді өмір,
Батырлық пен білімнің
Бап екенін білген ұл.
Өткізерде өмірдің
Жиырма бес көктемін,
Ордабасы сайлану
Оңай кәсіп деп пе едің?!
Аларда ел алғысын
Жау қарғысын қоса алған.
Әз Тәукенің Жарғысын
Жаза ала ма осал жан?!
Тентегі мен телісін
Тізгіндеген төте кеп.
Жөнге салды ел ісін,
“Жеті жарғы” жетелеп.
Елдің шетін торымай
Еңкейсе де жатпаған.
Жырдағы ерлік – “Елім-ай!”
Қырдағы ерлік – “Ақтабан” …
Діңкелетіп төбеңнен
Дүйім жұртқа төнсе сын,
Сол “Елім-ай!” көтерген
Езілгеннің еңсесін.
Арайланған арманнан
Алқабына дарып нұр,
“Ақтабаннан…” сау қалған
Қаратабан халық тұр.
“Бұлт ала да, жер шола
Булықтырған шерім-ай.
Шұбыру жоқ болса да,
Әлі айтылад “Елім-ай!”.
Жоңғария жоқ, ғажап деп
Жүргендер бар боп мазақ.
Қазақия бар,
Қазақ деп,
Жанын үзген жоқ қазақ.
Көзін сүзген сәніме
Көршім бейне шырмауық.
Сейілмей тұр әлі де
Секемі зор бір қауіп.
Ұлттың жүгін жүгім деп
Ұл қалмады бөгелер.
Қат болып тұр бүгін де
Қожаберген деген Ер.
ТЕБІНУ
Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Шыдам атты шарт үзді шығырымды.
Орыс, қытай құтыртқан
Цван Рабдан
Ойрандамақ ту тіккен тұғырымды.
Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Тегі тарпаң тарих – бұл, түбі мұңлы.
Босқан халық…
Алдан жау тосқан халық
Кім төлейді қан-қасап шығынымды?
Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Түнек түнге батырмақ бүгінімді.
Самалды бел, саумал көл жауда қалды
Сауғаға алды бұйрат бел – Бұғылымды.
Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Шәуліңізді шаптыққан шыбын ілді.
Айла таппай, алқынды ақылды хан,
Амал таппай, мұң басты тұғыр ұлды.
Шұбырынды…
Ақтабан шұбырынды,
Отап кетті көк өрім шыбығымды.
Төрт ғасырға созылған бұл шайқастың
Жарылқары белгісіз түбі кімді.
Шұбырынды,
Шұбырынды,
Шұбырынды…
ТІЗГІН ТАРТАР
Аққан жоқ теңіз теріс, тоған кері,
Үш ғасыр өте шықты содан бері.
“Алқакөл, сұламадан” аман қалған
Жазылды бүкірейген қоғам белі.
Мінәжат еткен естіп сыбырымды
Тәңірім нәсіп етті бұл күнімді.
Өкшесі тасқа тиген “ақтабан” жоқ,
Жоқ және “сұламалы шұбырынды”.
Қарсы алып сенімменен біз бүгінді,
Қолыма алсам-дағы тізгінімді,
Әлі де асыл бабам, Қожаберген,
Естігім келіп тұрар ізгі үніңді.
Ер керек бүгінге де елді ойлаған,
Пендеңіз елді ойламай, болмайды адам.
Ұрпағың өскен де жоқ, өшкен де жоқ
Сойлы емес,
Емес және соры қайнаған.
Қиқулап салғанымен қырқа дүбір,
Ұлт болып өспей қойды ұлпа ғұмыр.
Қан төккен бабаларым байтақ жерде
Қазақтың бір-ақ уыс ұрпағы жүр.
Десеңіз құмықпасын қазған тұма,
Дем берер бір іс керек аз халқыма.
Жоңғар жоқ.
Тек, жоңғарды айдап салған
Қос көрші жүріп жатыр бәз қалпында.
Дертіме жасырмаған ем етіңдер,
Ауруын бүркеп бағар өлетіндер.
Әлі бар Қазақстан аймағынан
Өз “станын” көргісі келетіндер.
Алсам да азаттықтың ерте төрін,
Білемін бейқамдықтың мерт етерін.
Сақтығым қалғып бара жатқан сәтте
Есіме ап, “Елім-айды” селк етемін.
Жан баба!
Қадым күннен төте келген,
Мың сәлем қадамыңа мекен-елден.
Елді Сіз көтергендей “Елім-ай!”– деп
Халқымды “Халқым-ай!” – деп көтерем мен.
Қанымда қыр ұлының салты қайнап,
Жаныма жебеу болған жалқы байрақ.
…“Елім-ай!”– дейін десем, ел орнында,
Халқымды іздеп кеттім
“Халқым-ай!» – лап…
Абзал БӨКЕН,
ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі