СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ КӨКЖИЕГІ

Заң Құқық
631 Views

Тәуелсіздіктің көк туы желбірегеніне отыз жылдан астам уақыт өтті. Бұл еліміз үшін ғасырға тең алтын дәуір! Әлемнің саяси сахнасында Қазақстан өзінің таңдаулы орнын алды. Мемлекеттік билік тұғырына нық қонып, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ете алатын берік қамалға айналды.

 Осы орайда биліктің дербес саласы, сот билігінің беделі мен алатын орны ерекше. Өзінің қайнар көзін сонау 1993 жылғы Тәуелсіз еліміздің алғашқы Ата Заңынан алатын сот жүйесі халықаралық стандарттарға сайкелетін жолдармен дамып, халық игілігіне қызмет ете бастады.

Бүгінде Отандық сот жүйесі Қазақстан халқының болашағына қызмет жасайтын тәуелсіз билік органыретінде танылады. Қазақстандықтардың сот билігіне қол жетімділігі іс жүзінде жүзеге асып, қоғамда заңдылықтың үстемдігін орнату жолында оң өзгерістер қалыптасуда.

 Мемлекетіміздің басты байлығы, асыл қазынасы – ол Қазақстан халқы. Іргелі ел болып, жарқын болашаққа айдынды жол ашу үшін бірінші кезекте халқымыздың амандығын, өскелең ұрпақтың жетілу бағыттарын, қоғамдықтепе-теңдіктің сақталу мүмкіндіктерін қарастыруымыз қажет.

 Айтылған міндеттерді жүзеге асыруда сот билігіне абыройлы да ауқымды міндеттер жүктеледі. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау жалған ұранға айналмауы тиіс, керісінше республикамыздың әрбір тұрғыны қорған болатын мемлекеттік биліктің нанымдылығын сезінуі қажет.

 Отандық сот жүйесі өзінің отыз жылдық даму, нығаю, өркендеу жолында күрделі кезеңдерді артта қалдырып, биліктің сенімді құралы ретінде айқындала түсті. Сот билігінің қызметі осы жаһандану процесін жандандыру жолында кездесетін кедергілерді заңнамада көрсетілген жолдармен реттеп отыруға бағытталуы тиіс.

 Мемлекеттік қызметтің әр саласында сол жүйеге жүрегінің қалауымен, ел игілігіне қызмет етуді өмірлік мақсат деп түсінетін азаматтарымыздың болуы қуантарлық жағдай.

Отандық сот жүйесінің халықаралық стандарттарға сай қалыптасуына, дамуына ерекше үлес қосқан, ағалардың ардақты жолдарын жалғастырып, жас толқынға жол көрсетіп жүрген әріптестерімізге деген құрметіміз бөлек.

 Осы толқынның қатарында бүгінде жетпістің белесіне шыққан ақжарқын азамат, абыройлы әріптесіміз Әуезнұр Бейсенұлы Қаженовтың орны бөлек!

Қазақ жігіттерінің жүрегіне туған жердің топырағы мен тау-тасы, мөлдір бұлағы бәрі қымбат. Ондай киелі жеріміздің бірі Ақсуат жерінде, табиғаты көркем Тарбағатай тауларының етегінде Бейсен ағамыз бен ақ жаулықты ана Жамал апайдың жанұясында Әуезнұр ағамыз дүние есігін ашқан екен.

Өмірге келген әрбір баланың өсу жолы, азамат болып жетілуі, өзіндік көзқарасының қалыптасуы отбасы тәрбиесінен бастау алады. Дана халқымыз «Ауыл алтын бесік» деп текке айтпаған. Ауылдан қанаттанған азаматтардың арманы биік, мақсаты зор, тілегі толағай болатыны сондықтан.

Жігеріне жалау байлап, арман қанатындағы Әуезнұр заңгер мамандығын таңдап, 1973 жылы Қазақ ұлттық университетінің студенті атанып, қасиетті оқу орнын 1978 жылы абыроймен бітіріп шығады.

 Өмір белестері көзге көрінбейтін сағымдай. Алдыңда қандай күндер күтіп тұр, қандай ортаға тап боласың? Еңбек жолын туған облысының әділет бөлімінде кеңесші болып бастаған Әуезнұр Бейсенұлының заңгерлік қызметі жемісті болды.

 Жалындаған жігерлі, біліктілігі басым жас маманның еңбексүйгіштігін, әдептілігін, адалдығын әріптестері жоғары бағалады. Қызмет жолында өсудің нешебір бұралаң жолдарынан өтті. 1985 жылы небәрі орда бұзар отыз жасында ол Қызылорда облыстық әділет бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалған Кеңес Одағы бойынша ең жас маман ретінде танылды. Аталған жылдар Кеңес үкіметі заманының сындарлы дәуірінің бірі еді. Жоғарыда айтылғандай сот билігі Әділет органдарына бағынышты болып, биліктің екі саласына қызмет етті. Сыр елінің халқы жаңа басшыны жатсынбай, өз ұлдарындай қабылдап, ыстық ықылас пентөрлерін ұсынды.

 Тоқырау жылдары басталғанда мемлекеттік арбитраж бен төрелік соттардың дамуы мен қалыптасуына үлкен мән берілді. Әуезнұр Бейсенұлы осы саланың алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, беделді басшысы бола білді.

 Реформалық өзгерістерге байланысты Жоғары Соттыңшаруашылық істер жөніндегі сот алқасы құрылғанда, осы алқаны басқару міндеті білікті маман ретінде Ә.Б. Қаженовке жүктелді. 1996 жылы Минск қаласында ТМД елдерінің Экономикалық сотының құрылғаны белгілі.

Осы халықаралық ұйымға Қазақстан Республикасын танытатын маман, яғни судья ретінде Әуезнұр Бейсенұлының кандидатурасын солжылдары Жоғары Сот Кеңесін басқарған ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі ұсынғанотырыстың куәсі болған едік. Кейіннен Әуекең аталған Соттың төрағасы міндетінде абыроймен атқарып шықты.

 Еңсесі биік елге оралған әріптесіміз ешбір кедергісіз Жоғары Соттың судьялығына сайланып, осы абыройлы да жауапты қызметті жеті жыл бойы атқарды.

Біліміне біліктілігі сай, тәжірибесі толыққан шағында Әуезнұр Бейсенұлына зор жауапкершілік жүктеліп, 2010 жылы Павлодар облысы сотының төрағасы қызметіне сайланды.

 1993 жылы Егемен еліміздің алғашқы Ата Заңының қабылданғаны белгілі. Осы қасиетті құжатты дайындауға қатысқан жұмыс тобының мүшесі ретінде Ә.Б.Қаженовтың еңбегі ерекше бағаланып, оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген заңгері құрметті атағы берілді.

 Әуезнұр Бейсенұлының Қазақстан Судьялар Одағының құрамында атқарған қоғамдық жұмыстары өз алдына бір төбе.

 Туған еліне, сүйікті Отанына қызмет етудің адал үлгісі ретінде әріптесіміздің есімі сот жүйесінің тарихында елеулі орын алып, Құрмет орденімен марапатталды.

 Өткен жылдар қайта оралмайды. Бірақ атқарған қызметіңнің нәтижесіне туған халқың мен әріптестерің тиісті баға беріп, оңжағынан орын сайлап, құрмет пен қошемет көрсетіп жатса өміріңнің текке өтпегеніне риза болып,қанағатты сезімге бөленесің.

 Ерен еңбектің зейнетін көретін уақыт та жеткен сияқты.

 Бүгінде Әуезнұр Бейсенұлы, Әлима жеңгемізбен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған, немерелері мен шөберелерінің қызықтарын көріп жүр. Ол заң ғылымдарының кандидаты, профессор ретінде болашақ заңгерлердітәрбиелеу ісіне де белсене араласып жүр. Әуезнұр Бейсенұлының өмір жолы өнегелі сәттерге толы. Оның өткен өмір жолы бүгінде кейінгі буынға үлгі.

Сот жүйесі саңлағының әлі де туған халқына, туған еліне, сүйікті Отанына бергеннен берері мол екеніне сенімдіміз.

 Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ,

 Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ

 конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы

 профессорының міндетін атқарушы,

 заң ғылымдарының кандидаты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *