ҚАЗАҚТЫҢ ТОЙЫ ҰЛТТЫҚ БРЕНДКЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

Қоғам
204 Views

Қазақтың тойы ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетіміздің, ұлттық идеологиямыздың айнымас және ажырамас бөлігі. Сондықтан ұлы бабаларымыз той өткізуге үлкен мән берген. Біріншіден, жеті ата қан тазалығын сақтап, текті жерден келін алу, текті жерге қыз ұзату, яғни, өнегелі, тәрбиелі әулеттермен құда болуды халқымыз о бастан-ақ мақсат тұтқан. Ұлды ұяға, қызды қияға қондыруға жан-жақты дайындалған.
Қыз көру, құда түсу, сырға салу, келін түсіру сияқты үлкен әлеуметтік маңызы бар тойларға дайындық жан-жақты жүріп, сан түрлі бұлжытпай орындалуға тиісті рәсімдерді де берік ұстаған. Қызға жасау-жабдықтар, ең бастысы сәукеледен бастап барлық киім үлгілері де ерекше сұрыптан өткен. Бұл өнерді де ерекше талантты “Қызаунар” атты ұсталар жан-жақты меңгеріп, өте шеберлікпен жасаған. Даласы малға толған, атағы дүрілдеп тұрған бабаларымыз ұзатылатын қыздан ешнәрсені аямаған.
Осы үй болу айналасында қаншама ұлттық мақалдар мен нақылдар, аңыздар бар десеңші. Оған жан-жақты тоқталуға мақала көлемі көтермес. Жалпы бұрын да, қазір де ұлт сапасын арттыруға тікелей әсері болған бұл атқарылмақ іс-шараларға, яғни, той өткізу айналасындағы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрге ерекше мән берілсе, енді замана өзгерістеріне байланысты қандай мәселелер туындаса да, бұл той өткізу маңызына мән беріп, қайта одан ары сапасын арттыра беру керек.
Жалпы бұл үлкен іс-шараларды сапалы өткізу үшін той басқаратын асабалардың дайындық деңгейіне де маңыз берілуі тиіс. Соңғы кездері қоғам азды ма, той өткізіп жүрген асабалардың деңгейі де күрт төмендеп кеткені ешкімге де құпия емес. Асабаларымызды ұлттық жеті қасиет деңгейінде дайындап, олардан сынақтан өткізіп, лицензия алған соң ғана той басқаруға рұқсат берілуі керек деп ойлаймын.
Сонда қазіргі тойларда кездесіп жатқан небір әттеген-айлар болмайды. Ел бойынша “Той өткізу ережесі” қабылданып, өрескел әрекеттерге мүлдем тыйым салынуы тиіс.
“Халал той!” деп қатып қалған да дұрыс емес. Той болған соң дастарханға аздап шарап қойылса, бірақ әдеп пен мәдениетті сақтау керек-ақ. Себебі қазақтың әрбір ата-анасының өмір бойы армандап, үкілі үмітпен аңсап күткен, қуанышты, бақытқа бөленген тойы “еске алу асы” емес қой. Әр нәрсенің өз орны бар. Той өнегелі, тәрбиелі, мағыналы, рухани жағынан байып қайтатын көңіл мен жан шуағын тасытатын, өмірге деген құштарлықты арттыратын іс-шараларға айналғаны жөн. Ұлттық ойындар, қазіргі әсем де эстрадалық және ұлттық билер, есті де нұрлы сезімдерді оятатын әндер ғана таңдалып, “той сценарийі” талқыға түсіп барып, бекітілгені дұрыс-ау. Сондай-ақ тойға барарда салтанатты, жарасымды, ұлттық нақышта және үлгіде тігілген киімдер кисек, тойдың ажары да одан әрі ашыла түсер еді. Әрине, той өткізуде даңғазалық пен ысыраптан да сақ болған дұрыс.
Негізі қазақ тойы үлкен эстетикалық тәрбие мен мәні бар, рухани байытатын маңызды, идеологиямыздың құрамдас бөлігіне айналатын, жұрттың асыға күтетін бақытты іс-шарасына айналуы тиіс.
Бұл аса маңызды іс-шараны жүзеге асыруға мемлекет деңгейінде көңіл бөлініп, оны өткізуге облыстық, қалалық мәдениет және ішкі саясат басқармалары, жалпы зиялы қауым атсалысуы керек-ақ.
Қазіргі жастарымыздың арасында үйленбеген қыздар мен жігіттердің көбейгені, жастарының 30-40 жастан асып, ұлттық демографияға кері әсерін тигізуі де, өкінішке қарай, көбімізді ойландырып отырған жоқ. Бұл да үлкен маңызды мәселе. Жаппай жұмыссыздық пен әлеуметтік теңсіздік те бұған өзінің тікелей әсерін тигізуде. Бірақ өмір бұл қиыншылықтармен тоқтап қалмас, отбасын құруда бұл аса маңызды әрекеттер ары қарай жалғасып, жасалына беруі керек.
Қазақ тойын кабак пен трактирге немесе жабайыланып бара жатқан түнгі клубтарға айналдыруға болмайды.


Ілесбек БАЙЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *