ОБЛЫСТА БИЗНЕСТІ ЫНТАЛАНДЫРУ МЕН ДАМЫТУҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН

Экономика Қоғам
141 Views

Түркістанға Корея халықаралық сауда қауымдастығының басқарма төрағасы Юн Джин Сик жұмыс сапарымен келді. Кореяның ең алпауыт компанияларының басын біріктіріп отырған KITA қауымдастығының төрағасымен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы кездесіп, келіссөз жүргізді.
– Біздің елдің Корея халқына деген ілтипаты, көзқарасы өте жақсы. Өйткені бұрыннан тарихи байланыс орнаған. Сіздер жақтан келетін инвестицияны жылы қарсы алады әрі қолдайды. Түркістан – түркі әлемінің орталығы, тарихи өлке. Қазіргі таңда Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің және үлкен инвестициялық әлеуетке ие. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. Түркістан облысы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қазіргі уақытта облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан, бизнесті ынталандыру мен дамытуға жағдай жасалған. Аймақта 10 индустриалды аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Аталған алаңдар инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелерін, сондай-ақ түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады. Корея Республикасының инвесторларымен фармацевтика, өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында әріптестік орнатып, кәсіпорындар ашуға дайынбыз. Білім саласында да әріптестік орнатылды. Облыста кореялықтардың қатысуымен оқу орны ашылады. Алдағы уақытта бірлескен жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстар мен шешімдерді бірлесіп әзірлейміз. Біз өз тарапымыздан «KITA» қауымдастығының құрамындағы компаниялардың Түркістан облысында бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп үміттенеміз, – деді Дархан Сатыбалды.
KITA қауымдастығының төрағасы Юн Джин Сик қонақжайлық танытқан өңір басшысына алғысын білдірді.
– Түркістан төрінде өзіңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. KITA қауымдастығы туралы айта кетсем, бұл – Оңтүстік Кореядағы ең таңдаулы әрі алпауыт кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың басын біріктіріп отырған қауымдастық. Орта және шағын бизнестегі кәсіпкерлер де бізге тіркелген. Біз оларға Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы мағлұмат береміз. Алдағы уақытта Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасының Президенттері кездеседі. Сол іссапарда елімізден ірі кәсіпкерлер келеді. Инвесторлардың қазақстандық бизнес өкілдерімен, өңірлерімен әріптестік орнатуына тікелей атсалысамын. Оның ішінде Түркістан облысы да негізгі қатарда. Жаңа жобалардың жүзеге асуына, тиімді келісімдер жасалуына қолдан келген мүмкіндіктің бәрін қарастырамыз. Түркістан облысымен тиімді байланыс орнатып, жұмыс істейміз деген ойдамын, – деді KITA қауымдастығының төрағасы.
Кездесуде Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін жобалар талқыланып, әріптестікті нығайта түсу жөнінде келісім жасалды.

«БАСЫМ БАҒЫТЫМЫЗ – ЗАУЫТТАР МЕН КӘСІПОРЫНДАР АШУ»
Кентауда өндіріс орындарын ашып, инвестициялық әлеуетін көтеру керек. Сонымен бірге жерге қатысты заңсыздықтарды жойып, жүйелі тірлік атқару қажет. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау тұрғындарымен кездесуде осы және өзге де мәселелерге тоқталды. Атқарылған жұмыстарды баяндап, кемшіліктерді де айтты.
– «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Кентау қаласында 2023 жылы 2 елді мекенде 7 жобаны іске асыруға облыстық бюджет есебінен 242 млн. теңге бөлінді. Атап айтқанда, Хантағы және Ащысай елді мекендеріндегі 18 көшеге 242 млн. теңгеге қаралып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы 3 елді мекенде 6 жобаны іске асыру үшін 477 млн. теңге қаралды «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 492 млн. теңгеге 92 жоба қаржыландырылды. АҚШ-тың белгілі инженері Илон Масктың «Starlink» спутниктік интернет құрылғысы Кентау қаласында 2 мектепте іске қосылды. Кентаудың жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 26 пайызға өсіп, 2023 жылы 76 млрд. теңгеге жетті. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 23 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 46,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 784 млн. теңгеге артығымен орындалды. Дегенмен, Кентаудың әлеуеті бұдан да жоғары. Біз елдің табысын көтеру үшін жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту мәселесін күн тәртібінен түсірмейміз. Басым бағытымыз – зауыттар мен кәсіпорындар ашу. Инвестор тарту, жобаларды жүзеге асыру өте қиын. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Кездесуде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың есебі тыңдалды. Сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындар облыс әкіміне жер дауы, баспанамен қамту, мәдениет үйін салу, жұмыссыздық мәселесі және өзге де түйткілдер тарқатылды. Кентаудағы жылу орталығын жөндеу барысы да айтылды.
Одан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке қабылдады. Түрлі өтініштер мен ұсыныстар айтылып, мәселелер бақылауға алынды.

ОБЛЫС ӘКІМІ КЕНТАУ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы индустриалды аймағында болып, онда орналасқан зауыттардың жұмысымен танысты. Кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа жобаларды пысықтады. Облыс әкіміне ғимарат сыртын қаптайтын құрылыс материалын шығару, металл қалдықтарын қайта өңдеу, керамзит жасау, сылақ торларын шығаратын, резеңке бұйымдарын өндіру, қоқысты қайта өңдеу, цемент және бетон бұйымдарын, кірпіш зауыты және өзге де инновациялық жобалар таныстырылды.
Дархан Сатыбалды осы бағыттағы өндіріс орындарын көбейтудің маңыздылығына, отандық өнім көлемін арттырудың қажеттігіне тоқталды. Жаңа жобаларды жан-жақты зерделеп, әрі қарай дамыту үшін қолдау көрсету жолдарын қарастыруды тапсырды. Қала әкімі мен жауапты басқарма басшыларына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді міндеттеді.
Кентау индустриалды аймағының жалпы ауданы – 43 га. Кәсіпкерлерге жағдай жасау үшін инфрақұрылыммен толық қамту бағытында жұмыстар атқарылуда. Индустриалды аймақта құрылыс материалдарын шығаратын 8 зауыт орналасқан. Құрылысқа қажетті материалдар өндіретін тағы екі зауыт биыл іске қосылады.
Қаладағы индустриалды аймағына түнгі жарықтандыру желілерін орнату, темір жол торабы мен газ тарту секілді өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылуда.
Полиэтиленді труба шығару цехының жұмысымен танысқан өңір басшысына кәсіпорын иесі өндірісті дамыту жоспарымен бөлісті. 2019 жылы іске қосылған «АБН Альянс» ЖШС-нің өнімдері тапсырысқа орай, Қазақстанның барлық аймақтарына тасымалданады. Жылына 4000 тонна өнім шығарады. 80 адам жұмыспен қамтылған.

ТҮРКІСТАННЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кестеге сай Түркістан қаласы тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Кездесуде Түркістан қаласын дамыту жолдары қаралып, тұрғындардың өтініштері, ұсыныстары, сұрақтары тыңдалды. Өңір басшысы облыс орталығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, кемшіліктерді жою жөнінде де ой қозғады.
– Түркістан қаласының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталсақ, өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 38 пайызға өсіп, 2023 жылы 370 млрд. теңгеден асты. Биыл 4 айда бұл көрсеткіш 78 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 82 пайызға өсіп, 22 мыңнан асты Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2023 жылы 26 млрд. теңгені құрап, жоспар 1,8 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 356 млрд. теңгені құрап, жоспар 7 млрд. теңгеге артық жүзеге асты. Құрылыс саласында да өсім бар. Біз өндіріс орындарын көбейту, инвестиция тарту жұмыстарын күшейте береміз. Олай жасамаса болмайды. Біз әкімдік тарапынан инфрақұрылым, әлеуметтік нысандарды салып береміз. Бірақ тұрғындар өз үйінің, өз ауласы мен көшесінің тазалығын сақтауға үлес қосулары тиіс. Бұл ретте «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қолдау көрсеткен түркістандықтарға алғысымды білдіремін, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2023 жылы 16,5 млрд. теңгеге жеткенімен жоспар толық орындалмағаны айтылды. Сонымен бірге қаржыны игеру, салық түсімдері бойынша кемшіліктер сөз болды. Азаматтарға пәтерлерді сатудан түсетін түсімдерді ұлғайту, кәріз жүйесі және өзге де мәселелерге байланысты жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларға да тоқталды. Жалпы Түркістанның туристік әлеуеті көтеріліп, экономика жақсарып келеді.
Кездесуде тұрғындар тарапынан өтініштер мен ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге жеке қабылдауда тұрғындардың мәселелері ашық айтылып, хаттамаға енгізілді. Ол түйткілдерді шешу бойынша жұмыс жүреді.

САЙРАМ ӨНІМДЕРІ РЕСПУБЛИКА НАРЫҚТА СҰРАНЫСҚА ИЕ
Түркістан облысында кәсіпкерлік саласы қарқын алып келеді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орнының жай-күйі сараланды. Соның ішінде Сайрам ауданындағы «Наурыз-5» ЖШС-не барып, сұранысы артқан өнімдерімен танысты.
Кәсіпорын «Korkem» сауда белгісімен жеміс пен көкөністер өңдеумен, консервілеумен айналысады. Компания 2023 жылы «Қазақстан Халық Банкінен» жабдықтар сатып алуға жылына 21,75%-бен несие алған. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 16,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды. Барлық өнімдер МемСТ бойынша сертификатталған. 2002 жылы негізі қаланған өндіріс орны тәулігіне 10 тоннаға дейін консервленген өнімдер (джем, тұздық, тосап, паста т.б) шығаратын әмбебап технологиялық желімен қамтылған. Бұндай заманауи жабдықтар сатып алу мақсатында қомақты инвестиция салынған. Өнім еліміздің барлық облысында сатылады. Консервілер жасауға жоғары сапалы өнімдер, салат, томат тұздықтары, маринадтар мен джемдер үшін жаңа піскен көкөністер мен жидектер қолданылады. Оның барлығы компанияның өз рецептімен дайындалады. Айына орта есеппен 50 тоннадан астам өнім нарыққа шығарылып отыр.
Ауданда бұдан бөлек полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын өнімдеріне соңғы кездері сұраныс та артқан. Себебі, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде қарқын алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру белсенді жүріп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама негізінде іске қосылған «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар шығарса, кейіннен су құбыры өндірісін қолға алған. Қазіргі таңда 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған зауытта полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрі шығарылады.
Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа пайдаланылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына жөнелтіледі. Ал диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырларын еліміз бойынша жалғыз осы зауыт өндіреді екен. Жалпы зауытта жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Өндіріске қажетті барлық техника Германиядан әкелінген. Немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары. Мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады. Алайда ол тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сол себепті, өндіріске қажет шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан жеткізіледі. «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд. теңге.
Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында «BELLA MEBEL» брендімен өнім шығаратын жиһаз фабрикасы 2017 жылдың мамыр айынан бері жұмыс істеп тұр. Бүгінде компания Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жиһаз нарығында өз орнын ойып тұрып алды деуге болады. Бұл отбасылық бизнеске Дилдора Нуриддинова көп кәсіпкерлер сияқты саудадан келді. Бастапқыда олар Сербия мен Италияда жасалған жиһаздарды көтере сатумен айналысатын. Жиһаздың түр-түрін көріп жүріп олар осындай дүниелерді өздері шығаруға бел буды. Нәтижесі жаман емес. Қазір фабрикада жүзден астам білікті маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120 түрі шығады. Компания жиһаз өндірісіндегі айналым қаражатын толықтыру үшін жылына 21,75%-бен 2022 жылы «ForteBank»-тен несие алды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасына қатысудың арқасында оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялайды.

ТАҒЫ БІР МАҢЫЗДЫ ЖОБА – ЕТ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ
Түркістан облысында өндіріс орны жетерлік. Соның ішінде Сайрам ауданының кәсіпкерлері бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырғаны белгілі. Мәселен ет өндірісімен айналысатын «Nurym Group» ЖШС тағы бір ерекше жобаны қолға алған. Енді мұнда түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске қосылады. Өңірдің бір топ БАҚ өкілдері осы және өзге де кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше өндіріс орын таныстырылды.
Ауылшаруашылық кәсіпорнының негізгі қызметі де негізінен мал шаруашылығы болып саналады. Жоба негізінен ет өндірісін кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда мал шаруашылығы, ет өңдеу, ет саудасы, жем өндірісі. Ал құрылымы бордақылау алаңы мен мал базасынан, қоймалардан тұрады. 2018 жылы жұмысын бастаған кәсіпорында ірі қара өсіріледі. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара мал бордақылануда. 2021 жылы компания 5 мың бас бұқа сатып алған. Өңдеу қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет. Негізінен Иран мен Өзбекстанға ет экспортталады.
Жақында мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, түйіршіктелген жем жасау өндірісі іске асырылады. Жобаның құрылысына жауапты мердігер компания зауыттың құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Аталған зауытта сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем шығарылмақ. Өндіріс орны жанынан арнайы зертхана мен 20 мың тоннаға дейін мал азығын сақтайтын қойма салу да жоспарланған. Алдағы уақытта зауытта бірнеше азамат тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Оған қоса аудандағы қасапханалардан шыққан қалдықтарды терең өңдеу мәселесі де қолға алынбақ. Тағы бір маңызды жоба – ет өңдейтін зауыт. Оның құрылысы биыл басталады. Кәсіпорында күніне 1000 ірі қара мал сойылады деп жоспарлануда. Зауыттың өзгелерден ерекшелігі, онда қасапханалардағы шикізат қалдықтарын терең өңдейтін орын қарастырылған. Малдың қаны мен сүйегін, ішек-қарнын, терісін де пайдаға асыратын жаңа кәсіпорын 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба аясында қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
«Қайып-Ата» ЖШС-на ат басын тіреп, ірі қара мен ұсақ малды өсіретін кәсіпорын жұмысымен танысты. Мұнда шамамен 40 адам жұмыс істейді. 2011 жылы тіркелген «Қайып-Ата» кәсіпорны «Қазақстанның Ет одағының» мүшесі, «Nurym Group» ЖШС құрамына кіреді. Етті өңдеу және консервілеу, ірі қара мен буйвол өсіру, көкөністер мен жемістерден басқа азық-түлік тауарларын сақтау, ветеринарлық қызмет секілді бағыттары бар.
Компания құрылымына Қазығұрт ауданында 6 мың басқа арналған ІҚМ бордақылау алаңы, Сайрам ауданындағы бордақылау кешенінде 10 мың басқа арналған бордақылау алаңы, шоғырланған жем өндіруге арналған жем цехы, тоңазытқыш және сою цехы, Қазығұрт ауданындағы 20 мың басқа арналған ұсақ мал бордақылау алаңы және «ОҚО-ЭКО-FOOD» ет комбинаты кіреді. Сиыр еті, жылқы еті, қой еті халал және HASP стандарттарына сәйкес өндіріледі. «Бизнестің жол картасы 2020» субсидиялау бағдарламасымен ашылған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *