БІЗДІҢ БАУЫРЖАН

Мерей Тұлға
212 Views

Менің Бауыржаным! Уа, тоқтаңыз, тура осылай айтуға біздің қаншалықты қақымыз бар өзі. Тура осылай айту, қалай өзі! Бола ма, осылай айтуға. Болады екен. Біздің ұлы ұстазымыз – Зекең, Зейнолла Қабдолов бір сөзінде осылай айтып жіберіп еді. «Менің Әуезовім» деп. Біз де ұлы ұстазымыздың ізіне түссек, ренжімейсіздер ме?
Мейлі ғой, өткен ізді шиырламайық деп те ойлайсың кейде. Дегенмен адам баласы жаратылысынан эгоист екенін де естен шығаруға болмайды. Баланы тапқан кезде ана шаранасынан енді ажыратып жатып, «Бұл менікі!» дейді. Менікі! Өзге ешкімдікі емес, менікі дейді. Сол сияқты біз де Бауыржанды сонау бір жылы менікі деп едік. Рас, ана емеспіз, тапқан жоқпыз, әйтсе де бір түйсігімізбен осы жігіт «Өзіміздікі!» деген сезім оянып еді кеудемізде.

Иә, басынан бастап айтайықшы, 1980 жыл! Біз пақыр да ҚазМУ-ге түспекпіз. Әскерден оралған кезіміз, турасын айтқанда жиырма бірдеміз. Бауыржан болса, он жетіде. Темкеңе, Темірбек Қожакеевтің факультетіне құжат тапсырып жатырмыз. Қасымда Азат Мұсаев бар, марқұм Райхан Нәкеева бар, бәріміз ҚазМУ-дің бұрынғы корпусының алдында тұрмыз.
Бір кезде Есжан келе қалды алқын-жұлқын. Есжан Айнабеков марқұм. Өзі де жүрдек, сөзі де жүрдек бір жаратылыс екен. «Әй, неғып тұрсыңдар? Өткіздіңдер ме, делоларыңды? Мен де өткіздім. Енді қайда барасыңдар? Жүр, мына жерде бір жақсы отыратын жер бар. Сонда барып жүрек жалғайық» деді Есжан. Есжанның кім екенін де білмейміз. Аңтарылып қалдық. Есімізді жинап ала салысымен танысып жатырмыз. Сен қайдансың, мен қайданмын дегендей. «Мына жігіт, Семейдің Абай ауданынан келіпті. Аты – Бауыржан. Танысып қойыңдар», – деді Есжан. Сөйтіп танысып едік.
Кейін екінші емтиханнан өте алмай, тауым шағылып, Ұзынағашыма қайттым. Есжан мен Бауыржан, Райхан үшеуі ҚазМУ-ге түсіп кетті. Журфакта оқып жүр. Қазір жасырып керегі не, сол күні ана бір пысықай Есжаннан гөрі Бауыржан көзіме ыстық шалынған еді. Есжан марқұмды кейін таныдым, кейін біліп зор құрметтедім. Жатқан жері жарық болсын, қайран азаматтың. Керемет алғыр жігіт болатын. Алла өмір берсе, кім біледі, қазақтың үлкен жазушысы болатындай-ақ дарын еді.

Келесі жылы Нүсіп түсті ҚазМУ-ге. Біз тағы өте алмай қалдық. Қайран ҚазМУым-ай! 1983 жылы әрең жетіп едік қой сенің қабырғаңа. Сенің тәрбиеңнің арқасында ес жиып, етек жинап едік. Қазақтың асыл ордасы, сен ғой бәрімізді адам қатарына қосқан!
Одан кейін не болып еді өзі. Кейін біз деген бірге ғажап өмір кештік. Жастықтың думанды шағын бірге өткіздік. Жұматай ағам бар, Есенқұл ағам бар, Қайратым бар… Мейірхан көкем, Әбубәкір досым, үш Бауыржан інім бар, Гүлнәр қарындасым бар… құдай-ау, бір рисалатты сәттерді сыйлап еді ғой бізге тағдырдың тамаша күндері. Өткенге риза болу керек екен. Тәубе демеген көңілді Алла да кешірмейтін көрінеді. Тәубе! Бәріне тәубе!


Күндердің күнінде менің Бауыржаным бесінші курста маған сабақ берді. Енді қайтпек, ҚазМУ-ды үздік бітірген жас маман, профессор Тауман Амандосовтың кафедрасында ұстаз, қолында сол кезде мода болған дипломат қобдиша, аудиторияға кіріп келеді де, сабағын бастай жөнеледі. Тыңдаймыз. Тыңдамасқа лажымыз да жоқ. Студентпіз. Бұл кісі оқытушы. Күні ертең тіпті сынақ, одан қала берсе емтихан қабылдауы да мүмкін ғой. «Бауыржан Өміржанович!» деп алдында жауап бере алмай тұрсақ, өлім емес пе. Оқыдық сөйтіп сабағын. Ұятқа қалмайық деп. Өзімізді әрең-әрең көндіріп. Сөйтіп, ҚазМУ-ды да әрең-әрең бітіріп, қолымызға диплом алып кеттік, жай-жайымызға.
Баукем сол ҚазМУ-інде шарықтап, аға оқытушы, доцент, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі, одан көп ұзамай журналистика факультетінің деканы болды. 2009 жылы «Қазақ энциклопедиясының» Бас директор-Бас редакторы болып тағайындалды. 1994 жылы профессор Т.С.Амандосовтың жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов – публицист» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2004 жылы академик З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 1997 жылы доцент, 2005 жылы профессор ғылыми атағын алды.
Оның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – қазақ ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, шешендік өнер, жыраулық поэзия, көне түркі жазба ескерткіштеріндегі публицистикалық сарын, қазақ баспасөзінің тарихы, теориясы, тәжірибесі. Профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның ғылыми жетекшілігімен 21 кандидаттық, 4 докторлық, 1 (PHD) диссертациялар қорғалды. 40-қа жуық диссертацияға ресми оппонент болды.
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі (2002), Қазақстан Журналистика Академиясының академигі (2006), Халықаралық Жазушылар мен Публицистер Ассоциациясының мүшесі (2006), Қазақстан Республикасы Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының академигі(2023), Қазақстан Республикасы Педагогика ғылымдары академиясының академигі (2023).
Ақын Бауыржанның қаламынан туған жиырмадан астам жыр жинағы мен ғалым ретінде ізденген еңбегінің жемісті шығармаларының бәрін бұл жерде тізбектеп отырсақ, біздің мақаламыз мақала емес, өмірбаяндық ресми құжатқа айналып кетеді. Егер, деректеме жағын аз қамтыпсың-ау деп, олқы түскен жағымызға ойысып жатсаңыздар, тағы да айтайық.
Бауыржан Жақып мырза Қазақстан Жазушылар одағының М.Мақатаев атындағы сыйлығының иегері (1990), «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1999). Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», «ЖОО үздік оқытушысы», Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық университетінің «Құрметті профессоры», журналистика саласындағы Президент сыйлығы мен гранттарын беру жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, Абай облысы, Абай ауданының Құрметті азаматы, т.б, т.с.с. деп жалғастыруға болады.

  ***

Бауыржанның поэзиясы асқақ. Оның сөзінен, сөзінен деп төмендемейікші, сарынынан кешегі Қазтуған мен Доспамбеттің, Ақтамбердінің, одан кейінгі Бұқар жырау мен Махамбеттің, Сүйінбайдың, Абай мен Жамбылдың, Мағжан мен Сұлтанмахмұттың, Қасым мен Мұқағалидың үні менмұндалап тұрады.
Мені де бір кие бар иектеген,
Басымды күн мен түнге сүйеп келем.
Жан-домбырам не деген құдіретті ең,
Сөйлейтін жалғыз ғана тиекпенен.
…Туып ем Ұлы Абайдың ауылында,
Өлең-жырдан нәр алған тамырым да.
Адам деген Алланың құлы екен ғой,
Жаралған өмір бойы сағынуға.
Мұнда жүрсем, сағынам, Сарыарқамды,
Нөсеріне тосар ма ем, жон арқамды.
Елге барсам, сағынам, Алматымды
– Жырдың отын лаулатқан Жанартауды.
Шыңғыстаудың аңсаймын адырларын,
Сонда қалды бір туған бауырларым.
Достар қалды бірге өскен бала кезден,
Жылдар қалды самғатып сағымдарын.
Көзімді туған жердің гүлі емдеген,
Тәнімді Қоңыр әулие суы емдеген.
Сол киелі өлкемде өсіп тұрған,
Бір түп жусан болармын түбінде мен.
Анадан қайта айналып тусам да бір,
Мен де бір, өскен бір түп жусан да бір,
Кім жеткен бұл дүниенің ұшпағына,
Жеткізбес жел боп ұшып қусаң дәуір…
Бір Алла нәсіп етіп шам жақтырған,
Аруақты ата-бабам қолдап тұрған.
Таптым мен өз жолымды таңдап қырдан,
Өзеннен өлең-балық аулаттырған.
Шабыттың шаңқан бозын ерттеп беріп,
Мінгізген арғымаққа заулап тұрған.
Сол менің жыр-тұлпарым бәйге көрсе,
Талайдың қосқан атын шаң қаптырған.
Мен де бір көпір болып қалсам болды,
Өткен мен болашақты жалғап тұрған…
Оның білімдарлығы, ғалымдығы, шешендігі, оқымыстылығы, журналистігі өз алдына ғой, оның азаматтығына тоқталсақ, әңгімеміз тіпті ұзап кетеді.
Рас, бірде алыс, бірде жақын жүрдік. Өмір ғой. Бір күні келдім Бауыржанға. Онда декан кезі. «Әй, Бауыржан! Мына балаңды оқыт. Мүмкін, сен екеуміз сияқты журналист болып шығатын шығар. Саған тапсырдым. Жалғыз ұл еді. Өзің білесің ғой…» дедім. «Болды, Реке, алып кетсе көреміз ғой. Құжатын тапсыра берсін. Қолымыздан келгенше жәрдемдесеміз. Егер жарамай жатса, әрине, ренішіңіз жоқ, біздің факультеттің қаншалықты қиын екенін өзіңіз де білесіз ғой», – деді. Сол баласы Бауыржанның және менің сенімімді ақтады. Қазір «Хабарда» жүр. Анда-санда Бауыржан екеуміз жолығып қалғанда сұрайды, «Біздің бала қалай?» деп. «Ой, Бауке, сіздің бала деген құдайға шүкір, жүр ғой, өзіңіз берген тәрбиенің арқасында» деп, екеуміз де мәз болып қаламыз.
Абай мен Мұхтардың жерінде туып, сол өңірдің жусанын иіскеп өскен менің Бауыржаным, қазір біздің елдің төл баласындай. Сүйінбай мен Жамбыл атасының аруағын құрметтейді. Қуансақ бірге қуанады, жыласақ бірге жылайды.
Бауыржан өзінің Орысбай ағасы мен Жұмабай ағасын жоқтап жылатып, жыр-толғауын оқығанда, тебіренбеген тірі кісі қалмады десек, ешкім таласпайтын шығар. Қаралы қаза. Жаназа сәті. Бауыржан саңқылдап жоқтау айтып тұр. Менің қасымда тұрған жігіттің тізесі дірілдеп кеткенін көзім шалды. Шіркін, өстіп өліп жатсақ-ау, бізге де осындай жоқтау айтылса, арман не? – деген бір сұмдық ой санамыздан жүгіріп өткенін несіне жасырайық. Өйткені бұл Бауыржанның емес, қазақ өлеңінің құдіреті еді! Поэзия деген жарықтық қазақпен бірге жаратылған емес пе, туғанда да, өлгенде де қатар жүреді екен ғой әлі де. Бірақ оны айта алатын адам керек. Айта алған қазақтың бүгінгі көрнекті ақыны Бауыржан Жақып болатын.
Менің Баукем биыл ұлы бір бәйгеге жүйрігін қосыпты. Оның “Білте шамның жарығы” атты жыр кітабы әдебиет саласы бойынша Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын естіп, біліп жатырмын. Үйде отырып тақымымызды қысамыз. Бұйыртса маңдайы жарқырар деп сенеміз. Алуға әбден лайық. Абыройлы ұлымыздың ісін әрдайым Алла оңғарсын дейміз.

 ** *

Бұрын менікі еді. Енді бүгін «Менікі!» дегенім жараспайды, Сіздердікі, Біздікі! Бүкіл қазақтың Бауыржаны! Абай атасы мен Жамбыл атасының Бауыржаны!
Солай деген дұрыс болады.

Рәтбек САҒИД-УАҺАС,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Алматы облысы. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *