МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЗАҢНАМА ТІЛІНЕ АЙНАЛДЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСУ – БАРШАМЫЗДЫҢ АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗЫМЫЗ

Заң
165 Views

Әлемде қанша ұлт болса, сонша тіл бар. Бірақ, барының бағасын біліп, қадіріне жетпеген елдің тілінен ажырауы оп-оңай. Ал тілден ажырау – тамырдан, тарихтан, тектен алыстау деген сөз. Ел дамуына көз жүгіртсек, мемлекет халқын топтастыратын бірнеше құндылық болса, соның ең негізгісі әрі бастысы – тілі.
Біз Қазақстанды Отаным дейтін жүзден аса ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірегей елміз дегенді жиі айтамыз. Ал әлемде құрамында Қазақстаннан әлдеқайда көп ұлыстар бірігіп, біртұтас мемлекет құрып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан елдер де бар. Мәселен, Францияда – 180 ұлт, Түркияда – 140 ұлт, Ұлыбританияда тіпті 1 мыңға тарта ұлт өкілдері тұрады. Олар өздерін «ағылшынмын, французбын, түрікпін» деп санап, тұрып жатқан мемлекеттің бір бөлшегіне айналғанын мақтан етеді. Көкірегінде елге деген жылылық пен сүйіспеншілік болған соң, көп ұлыстың өкілдері сол мемлекеттің тілінде сөйлейді. Яғни, осы зайырлы мемлекеттердің барлығы мемлекеттік тілді ұлтты ұйытудың, бір мақсатқа біріктірудің темірқазығы деп санайды. Біздің еліміздің заңнамасында «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын топтастырушы фактор» деп көрсетілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналу керек» деп, мемлекеттік тілдің болашағына қатысты зор міндет жүктеді. Ал мемлекеттік тіл дәл осы биік миссиясын сапалы орындау үшін әрбір адам, әрбір құзырлы орган мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға өзіндік үлесін қосуы қажет.
Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсін жүргiзу тiлi» деп бекітілген. Одан бөлек, Азаматтық-процестік, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп анық көрсетілген. Тек қажеттілік, мәжбүрлік болған кезде ғана орыс тілі қазақ тілімен қатар қолданылады. Заңның осы талабын дұрыс түсініп, практикада дұрыс қолдану – өзекті мәселе. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, заңдардың 99% әуелі орыс тілінде әзірленіп, кейіннен қазақ тіліне аударылады. Содан келіп отандық заңдардың аудармасы сапасыз, сөздері түсініксіз деген сыни пікірлер жиі айтылады. Терминдер әр кодексте әртүрлі мағына береді. Мұның соңы қазақ тілін құқықтық жүйеде өз деңгейінде қолданбауға әкеп соқтыруда. Мәселен, сот-құқық жүйесіндегі қазақ тілінің бүгінгі жағдайы қандай? Ашып айтайын, мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейі алаңдатарлық. Неге? Себебі, бізде «ең әуелі өз тілімізді бағалайық, мәртебесін төмендетпейік» деген отаншылдық сезім аз. Шын мәнінде, әрбір лауазымды тұлға қазақша сөйлемесе, құжатты орысша толтырса, қазақ тілі аударма тілдің деңгейінде қалатыны ақиқат. Оның үстіне, заңға сәйкес, іс сотқа қай тілде түссе, сол тілде қаралады. Осыдан келіп тіліміз босағадан сығалап, жетім баланың күйін кешуде. Сөзіміз жалаң болмауы үшін сот практикасынан мысал келтірейін.
Полиция инспекторлары әкімшілік хаттаманы көбінесе орысша толтырады. Сонда оларға қазақша жазуға кім кедергі болып отыр? Екіншіден, тергеуші тергеу материалдарын алдымен мемлекеттік тілде толтыруға ұмтылмайды, өз ыңғайына қарай көбінесе орыс тілінде толтырады. Ал тергеу материалдары қазақша «сөйлемей», соттағы қылмыстық істер де орыс тілінде жүргізілетіні көпшілікке белгілі жайт. Үшіншіден, адвокатура саласында жүргендердің 90 пайызы – өзіміздің қаракөздер. Солардың ішінде қазақ тілінде ойы жатық, тәп-тәуір сөйлейтін азаматтар аз емес. Бірақ, неге екені белгісіз, сотқа жолдаған материалдарының басым бөлігі – орыс тілінде. Төртіншіден, прокурорлар айыптау актісін көбінесе орыс тілінде толтырады. Сот залында да өз ойын орыс тілінде жеткізіп жатады. Бесіншіден, мемлекеттік мекемелер талап қоюларын сотқа орыс тілінде жолдайды. Мұндай жағдайда «мемлекеттік мүддесіне қызмет етіп отырған мемлекеттік органдардың мұнысы несі?!» деп қынжыласың! Ендігі сөзді сот жүйесіне қатысты өрбітейік. Қазіргі уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясына қатысты жұмыстар жүргізілгенмен, әлі де болса кемшіліктер орын алуда. Ондай ахуалдың орнығуына жоғарыда айтып өткенімдей, тергеуші мен инспекторлардың мемлекеттік тілді дамытуға салғырт қарауы, адвокат пен прокурорлардың қазақша құжат толтыруға бейімсіздігі немесе мемлекеттік тілді толық білмеуі, орыс тіліндегі дайын үлгілерді қолдануы, құзырлы органдардың қазақ тілінде құжат толтыруды құнттамауы түрткі болып жатады. Бұл жерде мен судьяларды ақтап тұрған жоқпын. Әріптестерімнің арасында да қазақша жетік білмейтін, өз ойын дұрыс жеткізе алмайтындар аз кездеспейді. Оларға мемлекеттік тілді меңгеру қажеттігін әр жиналыс сайын айтып келеміз. Тіпті, сот жүйесінің судьялары мен сот қызметкерлеріне арналған соттағы іс қағаздарды, сот актілерін мемлекеттік тілде жүргізудің үлгілері көрсетілген оқулықтарды дайындап, шығарып, қолданысқа енгіздік. Бірақ, содан шығып жатқан нәтиже аз.
Енді сот статистикасына назар аударсақ, 2023 жылғы 12 айдың қорытындысы бойынша соттарда 942 121 іс қаралған. Оның ішінде, мемлекеттік тілдегі істердің үлесі – 316 428 (33,6%). Осы жерде азаматтық істерге тоқталып өткенім жөн болар. Есепті кезеңде республика бойынша соттарға 479 168 іс түскен. Оның ішінде, қазақ тілінде 107 546 (22,4%) іс қаралған. Ал мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардан барлығы 25 328 талап қою түссе, соның 7 487-сі ғана (29,5%) қазақ тілінде.
Жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік органдардан барлығы 82 412 арыз түссе, оның қазақ тіліндегі үлесі – 31 744 (39%).
Есепті кезең ішінде соттарда барлығы 31 851 қылмыстық іс қаралған. Оның 14 264-і – мемлекеттік тілде (44,8%). Әкімшілік құқық бұзушылық бағытында 401 048 іс қаралып, соның 189 226 (47,2%) ісі мемлекеттік тілде.
Соттар тілге қатысты позициясын жеке қаулы шығару арқылы көрсете алады. Мәселен, 2022 жылдың 11 айында тіл заңнамасын бұзғаны үшін соттар мемлекеттік мекемелердің басшыларына, прокурорларға, тергеушілер мен адвокаттарға қатысты 433 жеке қаулы шығарған. Оның 13-і – азаматтық, 17-сі – қылмыстық, 83-і – әкімшілік, 230-ы – әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша. Көрсеткіш аз, дегенмен, мемлекеттік тілдің үлесі бұрынғымен салыстырғанда едәуір өскен.

Бүгінгі таңда біз халықтың құқықтық сауатын ашуға тырысып, олардың өз құқығын қазақша қорғай алатындығын түсіндіруіміз керек. Егер оны дер кезінде түсіндірмесек, басына қиындық түскен адамға сол сәтте тіл емес, бірінші кезекте, өз басын арашалап алатын заң көмегі қажет. Дана халқымызда «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Статистикаға жүгінсек, барлық сот процестерінің тек 30 пайызы ғана қазақ тілінде өтуде. Халқымыздың 70 пайыздан астамы қазақ ұлтының өкілдері бола тұра, құқық жүйесінің қазақшаланбауы – жанға бататын жағдай. Демек, қазақ тілі заңмен бекітілген негізгі функциясын толық атқара алмай отыр. Бұған не себеп? Солардың ең бастыларын саралап өтсем: Біріншісі. Заңдардың алдымен қазақ тілінде әзірленбеуі. Олардың мемлекеттік тілдегі нұсқаларының түсініксіз, шұбалаңқы болуы. Осының салдарынан заңгерлер заңдардың орыс тіліндегі нұсқасына жиі жүгінеді. Яғни, басымдық орыс тіліндегі нұсқасына беріледі. Екіншісі. Егемендік алғанымызға отыз жылдан астам уақыт өтсе де заңгерлер қазақ тілін үйренуге құлық танытпай келеді. Оларға өз бетінше қазақша оқып, үйренгеннен гөрі, алдына келген адамға орысша шаблон беру әлдеқайда оңай. «Оқытушы мен оқу құралы аз» деген уәж айтатындар да осы қатардан. Үшіншісі. Құқық қорғау, сот жүйесіне кадрларды іріктеу кезінде мемлекеттік тілдің талап етілмеуі. Осы жерде 2 мәселе туындайды: – заң шығару, құқық қорғау жүйесінде орыс тілді мамандар көбірек жұмыс істейді; – қоғамда «менің құқығымды орыс тілді заңгер жақсырақ қорғайды» деген түсінік қалыптасқан.
Мұндай қатып қалған қағиданы жоятын уақыт келді. Қазақ тілді білікті мамандар жоқ емес, бар. Оларды салаға тарту үшін қолдан келетін амалдың барлығын жасауымыз керек! Төртінші, мемлекеттік органдар мен мекемелердің сотқа талап қоюларының басым көпшілігі орыс тілінде жолдауы. Егер мемлекеттік органдар мемлекеттік тілдің қолдануына селқос қарайтын болса, онда басқалардан не күтеміз?! Сот жүйесі не прокуратура, құқық қорғау мен мемлекеттік қызмет өз бетінше тілдің қолданыс аясын кеңейтеді десек қателесеміз. Бұл жердегі шоғырланған проблема бәрімізге ортақ. Демек, «Кеңескен істе кемшілік болмайды» демекші, бұл мәселені оңтайлы шешу жолын да бірлесе қарастыруымыз керек7
Себебі, бүгінгі күні әлемде 7 мыңнан аса тіл бар. Бірақ, сол көп тілдің тек 23-і ғана көпшілік қолданысына ие. БҰҰ-ның мәліметіне сай «Бүгінде әлемдегі тілдердің 45 пайызы жойылу алдында. Білім беру жүйесі мен үкіметке бірнеше жүз тіл ғана маңызды рөл атқарады, ал цифрлық әлемде жүзден аз тіл қолданылады». Аталған беделді ұйымның статистикалық деректеріне көз жүгіртсек, ағылшын тілін әлемде 1,452 млрд., қытай тілін 1,118 млрд., хинди тілін6 602 миллион, испан тілін 548 млн, француз тілін 280 млн, араб тілін 274 млн, бенгал тілін 272 млн, орыс тілін 258 млн, португал тілін 257 млн. адам қолданады екен. Ал қазақ тілін өлтірмейтін де, өрісін кеңейтетін де – еліміздің азаматтары. Қазіргі әлем – технология және бәсекелестік заманы. Технология қай жерден келсе, сол елдің сөздері өмірімізге еркін еніп жатыр. Сондықтан бізді барынша мәдениеттің құлдырауы, эрудиция мен тілді түсіну деңгейі алаңдату керек. Өйткені бұл үрдіс тілдің, тіпті ұлттың жойылуына әкелетін фактор. Бұл туралы кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген болатын.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз», – деп өз пікірін тағы да нақты білдірді.
Демек, Мемлекет басшысы тіл мәселесіне келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық таныту қажеттігін баса айтты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тіл мәселесінің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететіні сөзсіз. Ендеше, жаһандану кеңістігінде мемлекеттің болмысын, ерекшелігін танытатын басты құндылық – мемлекеттік тілі. Олай болса, мемлекеттік тілдің болашағы туралы ойлану, оны толыққанды заңнама тіліне, этносаралық тілге және құжат тіліне айналдыруға үлес қосу – баршамыздың азаматтық парызымыз!

Нұрсерік ШӘРІПОВ,
Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *