МҰРАТЫН МЕЖЕЛЕГЕН МАЙТАЛМАН

Мерей
25 Views

Ата-ананың ең басты міндеттерінің бірі – жарық дүние есігін ашқан өздерінің сүйікті перзентіне әдемі есім беру болып табылады. Осы орайда Тоқтағазиндер отбасы әсте жаңылыса қоймаған сыңайлы. Ұлдарын Мұратбек деп атауды ұйғарған кезде болашақта оның қалайда көздеген мұрат-мақсатына сүрінбей жетуін армандаған болса керек. Ата-ананың сол бір үкілі үміті, асқақ арманы бүгінде толық жүзеге асып отырғаны қандай ғанибет десеңіздерші. Бұған оның өнегелі өмір жолы жарқын куә болмақ. Осы жерде Балқыбек қарияның келешекті болжаған асқан көрегендігін айрықша атап өтуіміз керек.
Қазақ халқының арда ұлдары – Абай, Мұхтар дүниеге келген қасиетті Семей өңірінің тумасы Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазинді танып-білгеніме бүгінде бірталай жылдың жүзі болды. Қашанда өз қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жампоз журналист, ғибратты ғалым, парасатты профессордың биылғы асқаралы алпыс жасқа толған мерейтойына орай өзгелер секілді мен де әріптесіміз жайлы ойымды ортаға салуға ұйғарым жасап отырмын.
Қазіргі Абай облысының Аягөз ауданындағы Тарбағатай ауылында дүниеге келген ол жастайынан төл әдебиетіміз бен тарихымызды терең тануға ықыласты болып өскен екен. Мектепте сабақты жақсы оқумен қатар қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Орта мектепті ойдағыдай бітірген бозбала арман қала – Алматыға аттанады. Мақсат-мұраты – журналист болу тұғын.
Жоғары оқу орнының қабырғасында да өз қатарластарынан оқ бойы озық жүруге талпынған оны үлкен-кіші аса құрмет тұтатын. Дәріс кезіндегі профессор-оқытушылардың лекцияларын мұқият тыңдап, ерінбей конспекті жасап, білімін барынша шыңдай түседі. Сабақтан тыс уақытта А.С.Пушкин атындағы Орталық кітапханаға (қазіргі Ұлттық кітапхана) барып, сан түрлі тақырыптағы кітаптар оқып, білім-теңізін меңгере түседі.
Оқуда озат, зерек жасты ұстаздары да құрметтейтін. Соның бір дәлелі мына оқиға. 1986 жылы Алматыдағы Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірер тұста диплом жетекшісі атақты Тауман Амандосов оған аспирантураға қалуға кеңес беріп, тіпті сенің ғылыми жетекшің боламын деген екен. Әрине, мұндай ұсынысты ұлағатты ұстаздар екінің біріне бостан-босқа айта бермейтіні ақиқат.
Кейін арнайы жолдамамен Сарыарқаға аттанады. Целиноград (қазіргі Ақмола) облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне қызметке орналасады. Мұнда да ол сүйікті жұмысына бар ынта-шынтасымен кіріседі. Өзі ұнатқан мамандықтың қыр-сырын жетік меңгеруге талпынып, кәсіби деңгейін барынша шыңдай түседі. Әріптестерімен тез табысып, газет жұмысын барынша жандандыра түсуге белсене атсалысады.
Облыстық комсомол комитетінің бюро мүшесі ретінде облыстық газеттің жанынан «Жас өркен» қосымшасын шығаруға ұйытқы болады. Қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Халық депутаттары Целиноград қалалық кеңесінің депутаты ретінде қыруар қоғамдық жұмыс атқарады. Соның бірі ретінде Целиноградқа Ақмола деген тарихи атауын қайтаруға көп еңбек сіңіреді. Қаладағы №3 орта мектепте қазақ сыныбының ашылуына белсене атсалысады. Оқушы санының аздығынан жабылып қалуға шақ қалған Жамбыл Жабаев атындағы №4 қазақ орта мектебіне оқушылар тартып, оны жабылудан аман сақтау жолында да аянбай еңбектенеді. Осы жолда кезіккен кез келген кедергілерді жеңе отырып, ақыры өзінің көздеген мұрат-мақсатына жетеді.
Мұратбек Балқыбекұлының осындай іскерлік қарым-қабілетін байқаған әріптестері 1990 жылы оны республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің меншікті тілшісі қызметіне шақырады. Кейіннен осы басылымның Астанадағы тілшілер қосынының меңгерушісі лауазымына ауысады. Жоғары білімді кәсіби маман ретінде егемен еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени салаларда дамуына біркісідей белсене атсалысады. Журналистиканың сан алуан жанрларында қалам сілтеп, өз ісінің шынайы шебері ретінде күллі елімізге танылады. Оның сан түрлі тақырыпта жазған мақалалары мен көсемсөздері, көтерген проблемалары оқырман қауымның көкейінен шығып жатады.
Көп өтпей Астанадағы Лев Николаевич Гумилев атандағы Еуразия Ұлттық университетіне оқытушы болып орналасады. Сөйтіп, журналистиканы ғылыммен ұштастырып, өзінің ізденіс, зерттеулерін арттыра түседі. 2010 жылы «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректі негіз және көркемдік сипат» тақырыбында кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Осылайша филология ғылымының кандидаты атанып, егемен еліміздегі ғалымдар санын арттыра түседі.
2011 жылдан бастап аталмыш жоғары оқу орнының Баспасөз және баспа кафедрасының доценті болып қызмет істейді. Жас журналистерге тәлімді тәрбие берумен қатар оларды білімді де білікті жақсы азамат болып жетілуіне оң ықпалын тигізеді. Осы мақсатта ол шәкірттеріне арнап екі монография, екі оқу құралын жазады. Он ғылыми жинақтың құрастырушысы, жауапты редакторы болады. Қазақстанмен қоса-қабат Ресей, Беларусь, тағы басқа шетелдердің ғылыми журналдарында және Халықаралық «Web of Science» және «Scopus» ғылыми журналдарында сексеннен астам ғылыми-зерттеу мақалаларын жариялайды. 2018 жылы әдебиеттану саласы бойынша қауымдастырылған профессор атанады. Оның «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола атауы үшін айқас», «Кітап басу коммуникативті саясат және жарнама», «Беларусь, Ресей және Қазақстан публицистикасындағы эпистолярлық жанрлар», «Замансөз заңғары», тағы басқа монографиялары — журналистика мен медиа саласындағы студенттер мен зерттеушілер үшін үлкен маңызға ие дүниелер іспеттес. Әрине, мұның бәрі жай айтуға ғана оңай. Шын мәнінде күн-түн демей көз майын тауысып, еткен еселі еңбектің игі жемісі екені даусыз. Жауапкершілік жүгін терең сезінген жан ретінде кез келген жұмысты асқан ыждағаттылықпен, барынша ұқыпты орындайтын. Шаршау-шалдығуды білместен, жанкештілікпен жұмыс істейтін. Осылайша ол қай істі болсын үлкен-кіші деп бөлместен, бастаған ісін ақырына дейін тап-тұйнақтай етіп атқаруға әбден дағдыланған жан екенін бәріміз жақсы білеміз және баршамызға үлгі-өнеге де қабылдайық!
Мұратын межелеген Мұратбек аға өзінің кәсіби, ғылыми қызметінен бөлек қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Қазақстан Бас редакторлар клубының вице-президенті, Масс-медиа зерттеушілері Ұлттық қауымдастығының (НАММИ) мүшесі ретінде егемен еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жүйелеуге белсене атсалысуда. Сонымен қатар ол Халықаралық Ақпараттандыру академиясының, Еуразиялық Телевизия мен радио академиясының, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академик), Ресей Жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі ретінде қазақстандық медиа-кеңістікті Халықаралық аренаға шығару шараларына да сүбелі үлес қосып келеді. Мұның бәрін біз ыстық ілтипатпен тілге алып, мақтан етеміз.
Елі мен жері үшін сіңірген көпжылдық ерен еңбек ешқашан елеусіз, ескерусіз қалмасы анық. Журналистика мен ғылымға қосқан айрықша еңбегі үшін ол «Құрмет», «Primus Inter Pares» («Қатарластарының арасында озығы») ордендерімен, «Еуропалық сапа» (Gold medal European «Qualitu») алтын медалімен, Михаил Александрович Шолохов, Лев Николаевич Гумилев атандағы Халықаралық және Әзілхан Нұршайықов атындағы медальдармен, Қазақстан Журналистер одағының Дипломымен марапатталған. Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Аягөз ауданының Құрметті азаматы» төсбелгілерінің иегері. Ресей Жаратылыстану академиясының Құрметті ғылым докторы (Doktor of Science, Honoris Causa). «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі», республикалық «Асыл сөз құдіреті» байқауының жеңімпазы атанған.
Енді Мұратбек Тоқтағазин мен біздің басылымды не байланыстырады деген мәселеге тоқталатын болсақ, 2011 жылдан ол республикалық «Әділет БАҚ-Медиа» газетінің Астанадағы тілшілер қосынының меңгерушісі, осы басылымның Бас редакторының орынбасары, 2012 жылдан «Әділет» Ұлттық апталығы Редакторлар кеңесінің төрағасы, 2019 жылдан республикалық «Әділет.Рухани жаңғыру» қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің Бас редакторы қызметін абыроймен атқарып келеді. Аталмыш жоғары оқу орнында өтетін кез келген үлкенді-кішілі іс-шаралар жайлы оқырман қауымды дер мезетінде хабардар етуге бар күш-жігері мен мүмкіндігін сарқа жұмсап жүргенін біз жақсы білеміз. Өзі жазуға уақыты болмаған кейбір кезде әріптестері мен шәкірттеріне сенім артып, соларға тапсырып беріп жатады. Сол арқылы университет қабырғасындағы болашақ журналистердің кәсіби жағынан шыңдалуына, ғылым көкжиегіне көтерілуіне көмегін аямай келеді.
Осылайша кез келген жұмысты дөңгелетіп әкететін әріптесіміз отбасы мен ағайын-туыстарының арасында да үлкен сый-құрметке ие жан. Сөзі мен ісі бір жерден шығатын Мұратбек мырза – зайыбы Мәдениет ханым екеуі Баубек, Бауыржан, Бексұлтан есімді перзенттерінен үш немере сүйіп отырған өнегелі отбасының отағасы. Қорыта айтқанда, біз бүгін әңгіме арқауы етіп отырған әріптесіміз, мұратына жеткен Мұратбек Балқыбекұлы Тоқтағазин осындай үлкен жүректі атпал азамат деуімізге толық негіз бар. Сөзімнің соңында асқаралы алпыс жасқа толып отырған асыл ағамды айтулы мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Еңбегінің жемісті де жеңісті, отбасының бақытты, табысты болуын тілеп, Аллаһтың қолдауымен жетпістің жотасына жетіп, сексеннің сеңгірінен секіріп, тоқсанның тосқауылына тоқтамай жүздің кемесінде емін-еркін жүзуіне шынайы ниеттестігімді білдіремін.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ,
журналист, журналистика және саясаттану ғылымының магистрі, «Тасс-Меdiа», «HАN-TV компанияларының төрағасы.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *