Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлидің әкесі Уәли Құрманғалиұлы 75-ке қараған шағында ұзаққа созылған сырқаттан кейін өмірден өтті.
Ата-ананың басты міндеті – дүние есігін ашқан сәбилеріне көркем есім қою болып табылады. Осы орайда Құрманғали қария әсте жаңылыса қоймаған. Ұлына Уәли деген ұлық есім қойып, оның болашағын алдын ала бағдарлай білген сыңайлы. Қазақта «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәли» деген қасиетті сөз бар. Уәли – (көпше түрі – араб тілінде әулия) – әулие. Қасиетті Құранда Уәли термині Аллаһ пен Пайғамбарларға (с.а.у.) қатысты «жарылқаушы», ал адамдарға қатысты «Аллаһтың үмбеті» деген ұғымды білдіреді. Хадистерде ол «жақын болу» деген мағынаны аңғартады. Жалпы алғанда, оның топшылаулары әулие Пайғамбардай артық дегенге саяды. Халықтың Исламда «әулие» – керемет жасаушылар. «Құдайға тән қайырымдылық» иелері, түрлі кәсіпті желеп-жебеушілер, қолдаушылар ретінде құрметтеледі.
Сол перзенті қарапайым ғана ғұмыр кешкенімен, адамгершілік асыл мұраттарын сақтаған жан болыпты. Жарық дүниеге әкелген алтын асықтай үш ұл, көрікті қос қызының бәріне жоғары білім әперіп, олардың жақсы азамат болып жетілу жолында бар күш-жігерін, аталық махаббатын аянып қалған жоқ. Соның нақты жемісі ретінде үлкен ұлы Берік Уәли журналист мамандығының қыр-сырын жетік меңгерумен қоса-қабат бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы лауазымын абыроймен атқарып, халық құрметіне бөленіп жүрген жан. Інілері – Еркебұлан мен Ерасыл, қос қарындасы, бәрі де бүгінде Астанада жауапты қызмет атқарады.
Әулет – дәстүрлі қазақ қоғамының құрылымында ерекше маңызға ие институт. Бұл тектік әлеует пен ұрпақ жалғастығын жүйелі дамытудың ұлттық моделі. Атасы Құрманғали саятшы адам болған деседі. Артына нөкер ертіп, қолына құс қондырып салтанатты ғұмыр кешкен. Мұндай тірлік кешкен адамның тұрмысы бақуатты болғаны өздігінен түсінікті. Абыз жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Ұзын Құрманғали бетті, беделді азамат еді. Мына Беріктің түр-тұлғасы сол атасына аумай тартқан» дегенін талай естігеніміз бар.
Құрманғали атасы жалғыз қызы Күләннан кейін ұзақ уақыт бала сүймепті. Әжеміздің бойына біткен баланың бәрі шетіней берсе керек. Сосын атам мойнына кісесін салып, Құдайдан ұл тілеп, қазақтың ежелден келе жатқан ескі дәстүрін жасаған көрінеді. «Шыр еткен сәбидің маңдайынан иіскеген соң жанымды тарт», – деп тілепті. Құдай оның осы тілегін қабыл етіпті. Ұлы Уәли қырқынан шыққаннан кейін, атасы ауырмай-сырқамай өмірден озыпты.
Уәли Құрманғалиұлы мен оның зайыбы – қарапайым адамдар болатын. Еңбектің, нысаптың және тәубенің қадірін тым жақсы түсінген, бастарынан ыстық-суық көп өткен жандар. Уәли еңбекқор кісі болатын. Ұл-қыздарын бала кезінен ерен еңбекке баулыған. Егін суартып, кірпіш құйдырған, мал бақтырған. Жанына алып жүріп, өмірге үйреткен. Жыл сайын қыркүйек айында жалақысының сексен пайызына газет-журналға жазылатын. Пошташы Бейсен Мәскеуден шығатын «Новая время» журналын ауданымызда да тек осы кісі ғана жаздырып алады», – деп таңданатын. Тек ол ғана емес, күллі Кеңес Одағындағы белгілі басылымдардың бәріне жазылатын («Правда», «Известия», «За рубежом», «Советский спорт»). Алматыдан жарық көретін мерзімді басылымдарды да түгел жаздырып алып оқитын. Облыстық және аудандық газеттер екібастан. Әкелеріне еліктеген перзенттері де бала күнінен осы басылымдарды сүйіп оқып өскен.
Анасы Күләш ұл-қыздары оқитын мектептің қоңырауын соғатын және тазалық жұмыстарымен айналысатын. Ұл-қыздары да сабақтан қолы босаған сәтте анасына қолғабыс жасайтын. Ол өте мейірімді жан. Бармағынан өнер тамған шебер. Оның жүн түтіп, оны ұршықпен иіріп, түрлі-түсті қылып бояп, тоқып беретін қолғаптары, мойынорағыштары мен кеудешелерінің жылуы әлі жүрегінде. Анасы сол әдемі қолөнеріне өзінің ыстық ықыласы мен толқыған мейірін қоса тоқитын еді.
2020 жылы 9 маусымда Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли мен оның ата-анасы да коронавирус жұқтырған болатын. Сонда Бекең әкесі мен анасына қатты алаңдаған. 70-ке келген үлкен кісілерге амандық тілеген. Ауруханада жатқан оның көңілін сұрап келген достарына: «Мені қойшы», – деп әңгімесін әрі қарай сабақтаған Бекең: «Ана үлкен кісілер үшін қатты уайымдап отырмын», – деген тұғын. Сырқаттанған ата-анасының жанына жалау болып, емдетпеген орны қалмаған.
«Уәли ағамыз дүниеден озғанын есітіп, құлазып қалдым. Талай рет дәмдес болып едім. Жүрегі аппақ, жаны таза жан еді. Айналайын, Берікжан! Асқар тауың құласа, арқа сүйер елің бар! Бекем бол! Жұмыр баста жұмылмайтын көз болмайды., ғұмыр жаста жыртылмайтын бөз болмайды. Ұста тозбасты соқпайды. Құдай өлместі жаратпайды. Сабыр қыл. Ағамыздың нұры пейіште шалқысын!» (ақын Ұлықбек Есдәулет).
Марқұмның қонақасы 10 желтоқсанда Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өтті. Жаназасы 11 желтоқсанда Республиканың Бас мешітінде шығарылды.
Әріптес досымыз Берік Уәлиге әкесі Уәли Құрманғалиұлының өмірден өткеніне байланысты қатты қайғырып көңіл айтамыз. Марқұм ағамызға: «Бақұл болыңыз. Топырағыңыз торқа, жатқан жеріңіз жайлы болсын дейміз. Пейіште нұрыңыз шалқысын!», – деп қаламыз.
«Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газеті мен «НAN» телекомпаниясы, «AdiletTV» ақпараттық агенттігінің шығармашылық ұжымы.