«Адамның міндеті – ақылға сыйымды қызмет атқару».
Аристотель.
Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаеваның аты-жөні ел-жұртқа ерте танылды. Олай болатын да жөні бар. 1986 жылы Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітіріп, алғашқы еңбек жолын Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында балабақша тәрбиешісі, химия пәнінің мұғалімі болып бастаған ол өзінің ізденімпаз, еңбекқор, нендей нәрсеге болса да өте жауапкершілікпен кірісетін жас екенін өз ортасына таныта білді. Соған орай басшылық қызметке де ерте ілікті. 1992-1993 жылдары халық депутаттары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жастар ісі жөніндегі инспектор, аға жауапты қызметкері болып қызмет істеді. 1994–2004 жылдары аралығында Жамбыл ауданы әкімшілігінің жауапты қызметкері, аудандық мәслихаттың жетекші маманы, Жамбыл ауданы мәслихатының хатшысы қызметтерін атқарды. Өзіне сеніп тапсырылған қай қызметті болса да мейлінше жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен, ең бастысы – адал атқарды. Содан да жүзеге асқан әрбір ісі айналасындағы жұрттың көңілінен шықты.
2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы қызметтерін атқарды.
2011 жылдың тамыз айынан 2017 жылға дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін абыроймен атқарған жылдары Динар Жүсіпәліқызы тектілік пен бекзаттылықтың, қарапайымдылық пен парасаттылықтың, жан сұлулығы мен рухани байлықтың символы ретінде барлық қазақ қыздарына үлгі бола білді. Ол кісінің ректор болып келгендегі бағыт-ұстанымы рухани құндылықтарды көтеруге арналды. Ақыл мен ойдың, мәдениеттіліктің, шынайы шеберліктің жемісін өзі басқарып отырған жоғары оқу орнының жастарына жұмсады. Динар Жүсіпәліқызының Қыздар университетіне басшылық еткен жылдары осы қарашаңырақтың 70 жылдық мерейтойына тура келді. Қазақтың қайраткер қызы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім сапасын арттыру бағытында елеулі жұмыстар жүргізді. Айталық, 9 қабатты 450 орындық, бірінші қабатта жастарға қызмет көрсететін медициналық пункті бар студенттер жатақханасы салынды. «Контингенті негізінен ауыл қыздарынан құралған бірегей университеттің бүгінгі студенті, ертеңгі ұлт тәрбиешісі заманауи жабдықталған үйде тұруы тиіс», – деген Динар Жүсіпәліқызының ұстанымы бір университет қыздарына ғана емес, қоғамдағы күллі қазақ қыздарына, қала берді, ұлтқа деген құрметі деп білеміз. Студенттер бойында әдемілік пен рухани құндылықтарға деген ынтызарлықты арттыру, қыздарымыздың эстетикалық талғамының жоғарылауы мен мәдени дамуы үшін университеттің студенттер аллеясында мәңгілік бейбітшіліктің символы ретінде «Қазақ аруы» атты ескерткіш-субұрқағы ашылды. Қыздарымыздың суда жүзу мәдениетін, сұлулығы мен көркемдігін жетілдіру мақсатында «Аққу» жүзу бассейні салынды. Мұның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, басшыдан үлкен қайраткерлік пен қыруар еңбекті талап ететін шаруалар.
Университеттің Ғылыми кеңе¬сінде Динар Нөкетаева тебірене сөз сөйлеп, проректор, декандардан бастап, барлық бөлім басшыларына, бірге жемісті қызмет жасаған барша қызметкерлеріне үлкен алғысын білдірді.
– Алты жыл бойы Сіздермен қоян-қолтық, бірлікте, берекеде қызмет істеге¬німе қуаныштымын. Қыздар университеті – ұстаз-педагогтарды дайындайтын, Қазақ¬стан ғылымы мен білімі саласында өзін¬дік қайталанбайтын болмыс-бітімі бар жоғары оқу орны. Қасиетті қарашаңырақты өз даралығымен, бірегейлігімен ерекше¬лене¬тінін қашанда айтып жүремін. Оны сөзбен емес, іспен де дәлелдеп келеміз. Бүгінде киелі шаңырақ тамырын тереңге жайған бәйтерекке айналды. Біздің түлек¬тер еліміздің түкпір-түкпірінде ел дамуы үшін оқу-ағарту саласынан бастап, қоғамдық жұмыстардың барлығына атсалысып, ұрпақ тәрбиесі жолында ерен еңбек етіп, абыройлы қызмет атқаруда. Осы университетте қызмет жасағаныма ба¬қыт¬тымын. Өзім үшін көп тәжірибе жинадым, көп дүние үйрендім. Игі іс жолында «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы-ғарып», ынтымақта, татулықта, бір¬лікте жұмыс жасадық. Ризамын… Қыздар уни¬верситеті тек көркейе берсін, жасай берсін! Мұхтар Әуезов айтқандай, «Ешқашан шамшы¬рағы сөнбесін!», – деді Динар Нөке-таева.
Парасаттылық пен бекзаттылық – адам баласына әкенің қаны, ананың сүті арқылы сіңетін, туған жерінің топырағынан нәр алатын қасиет қой. Динар Жүсіпәліқызы да туған жеріне тартып туған, сол қасиетті топырақтан нәр алған тұлға.
«Ата-бабам Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Қастек ауылынан. Әкем Жүсіпәлі 26 жасында Алакөл ауданындағы «Қарақұм» қой кеңшарын құрған. Отбасында бес қыз, бір ұлмыз. Анам Алмагүл – Жамбыл ауданындағы Қарақыстақ ауылының тумасы. 2003 жылы 67 жасында өмірден өтті. Анам жарықтық әкеміздің алдында қатты сөйлемеуге, қарқылдап күлмеуге, үйде болсын, мейлі түзде болсын етек-жеңімізді жинап жүруге тәрбиеледі. Ылғи да: «Әкеңнен ұят болады» деп отыратын… Әкеміз бәріміздің жоғары білім алуымызға, төрт құбыламыздың түгел болуына барлық жағдай жасады. Ата-анамызға «Сіз» деп сөйлеп өстік. Жарықтықтар: «Қолыңнан келсе айналаңа қолқабыс тигізу керек», – деп отыратын. Әкем үнемі қызметте, аттың үстінде жүргендіктен, үйдің шаруасы мен бала-шағаның тәрбиесі анамның мойнында еді. Әкем «Қарақұм» кеңшарынан кейін Алматы облысының Жамбыл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Сосын осы аудандағы Дегерес жылқы зауытын, Ленин атындағы ұжымшарды басқарып, кейіннен аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл ауданының тұңғыш әкімі болды. 1996 жылы зейнетке шығып, 2004 жылы дүниеден өтті», – деп тебірене еске алады Динар Жүсіпәліқызы.
Динар Жүсіпәліқызы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде ел ісіне араласудан шаршамай, қай салада болмасын тындырымды жұмыс істеп келеді.
Еңбек жолында танытқан белсенділігі үшін «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне –10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталып, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымының кандидаты, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанды.
Динар Жүсіпәліқызына тән адами қасиеттер – ішкі рухани байлығы, асыл адами қасиеті, кішіпейілділігі, еңбекқорлығы, парасаттылығы дер едік. Ол жаңалыққа ұмтыла білетін, ізденімпаз, білімді, еңбексүйгіш, парасатты, адал, мейірімді, талапшыл, жаны сұлу ұстаз. Расында да Динар Жүсіпәліқызының көздеген мақсатқа жетпей тынбайтыны қайран қалдырады. Егер ой тезіне салып қарасақ, мұндай мінездің әйелге тән қасиет екенін аңғаруға болады. Жалпы, әйел басшының ер-азаматтан бір өзгешелігі – ешбір іске ұсақ-түйек деп қарамайтыны сияқты. Әрі қандай істі болса да мейлінше адал әрі мұнтаздай етіп атқарады және сол атқарған ісі үшін балаша қуанатынын қайтерсің. Динар Жүсіпәліқызының да көп игілігіне айналатын істің орайы келгенде талай рет балаша қуанғанына куә болғанбыз. Сондықтан шығар, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі ретінде еліміздің еңсе тіктеуіне өз үлесін аянбай қосып жүрген Динар Жүсіпәліқызының әрбір іс-әрекетіне риза болып, оны өзіне үлгі, өнеге тұтатын қыз-келіншектердің қатары да аз емес. Зиялы адам – қай жағынан болсын, өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілер қарап бой түзейтін тұлға. Біздің кейіпкеріміз осы үденің көш басында тұр. Қоғамға қызмет ету үшін дәл осы Динар Жүсіпәліқызы сияқты еңбек ете білу қажет.
Кісілік деген не? Ол сірә, ең алдымен – кішілік! Өзіңді қандай жағдайда да қарапайым ұстап, жұртшылық арасында емін-еркін отырып, әңгіме айта білу, тыңдай білу һәм тыңдата білу. Динар Жүсіпәліқызына қарап сол кісілік деген өмір формуласының бір белгісін аңғарғандай боламын.
Биыл 8 қарашада Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның білім беру саласына айтулы үлес қосқан танымал тұлға, педагогика ғылымының кандидаты, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері Динар Жүсіпәліқызының 60 жасқа толуына орай кездесу өтті.
Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ екені даусыз. Динар Жүсіпәліқызы ерекше бағалауға да, қатты қастерлеуге де лайық тұлға. Біз өз кезегімізде жанымызда жүрген жақсы адамның бекзат болмысын осылайша бедерлеп шығуды кішілік ізеттің бір парасы ғана деп ұқтық. Мақаламды поэзия патшайымы Фариза Оңғарсынованың өлең жолдарымен аяқтағым келеді:
Ер көңіл жайсаң жандары,
Бұл күнде – шалғын шаңдағы,
Мәңгілік далам, жас далам
Жұлдызға жонын жалғады.
Қауызын жарып тасқа дән,
Самалдай еркін самғады,
Әлемді түгел шарлады
Қыздары салған асқақ ән!
Жасаңдар, құшып сенім-күн,
Құлпырған гүлдей құздағы,
Жұлдызы жанған елімнің
Жұлдыздай жарқын қыздары!
Айгүл САТБЕКОВА,
педагогика ғылымының
докторы, профессор,
Қазақстан Педагогикалық
ғылымдар академиясының академигі.