ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖАЛЫН СЫЙЛАҒАН

Мерей
22 Views

ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖАЛЫН СЫЙЛАҒАН
ақын Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі

Астанадағы Қазақстан Республикалық Ұлттық Академиялық кітапханасында ақын, филология ғылымының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржанның 70 жасқа толған мерейтойына орай «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Оңайгүл Тұржан 1955 жылы Маңғыстау өңіріндегі Үштаған елді мекенінде дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ Қыздар педагогикалық институтының филология факультетін 1977 жылы тәмамдаған. Еңбек жолын Қазақ Мемлекеттік Телерадио комитетінде режиссердің ассистенті қызметінен бастаған. Саналы ғұмырының әр жылдарында Қарағанды облыстық Телерадиосында редактор-комментатор, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, республикалық «Жалын» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Қазақстан» баспасында редактор-менеджер лауазымдарында жауапты әрі табысты қызмет атқарған. 2000 жылдан бері ғылым жолында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Телерадио және PR» кафедрасының доценті ретінде студенттерге дәріс оқиды. Ақындық карьерасында «Шерқала», «Жыр-дала», «Теңіздер де шөлдейді», «Жыр кітабы» атты жыр жинақтары жарияланып, «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты ғылыми монографиясын жазған. PR саласында еңбегі сіңген Стефан Цвейгтің, Зигмунд Фрейдтің еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған.

Тұсаукесер рәсіміне ақынның қаламдас замандастары, ізгі ниеттестері түгел жиналды. Су жаңа кітаптың лентасын Зейнолла Алшынбаев, Әлібек Асқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Роза Мұқанова, Жанна Дулатқызы қиды. Ақынды мерейлі жасымен құттықтап, еліміздің түкпір-түкпірінен жылы лебіз жазылған хаттар мен сый-сыяпат жауды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі, белгілі ақын Шерхан Талап аталмыш ведомство басшысы Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын оқып берді:
«Құрметті Оңайгүл Ізтұрғанқызы, Сізді мерекелі жетпіс жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өлеңсүйер қауым өзіңізді талғамы биік, түрі шырайлы, ойы құнарлы, басқа ақынға ұстамайтын өзіндік көркем әлемі бар ақын ретінде жақсы біледі. Ғылым жолындағы баға жетпес еңбегіңіз, шәкірт тәрбиелеудегі ізденімпаздығыңыз әрдайым жоғары бағаланады. Танымы терең ғылыми еңбектеріңіз бен тағылымды туындыларыңыз арқылы ұлттық руханиятыңызды байытып, өскелең ұрпаққа өшпес мұрат қалдырып келесіз. Жан толғанысыңыздан жарық көріп, бүгін тұсауы кесілгелі тұрған «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа еңбегіңіз де ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемісін көріп, мерейіңіз арта берсін! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!».
Оңайгүл Тұржанның қаламмен қаруланған шайқастағы майдангер інісі, шығармашылықтың шырқау шыңындағы журналист, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров жаңа жинақты баяндамасына қосты:
«Бүгін, міне, тағы бір кітап ортамызға озды. Аты да ерекше. «Ағаштар үнсіз өседі». Неге үнсіз өседі? Неге улап-шулап, айналасын даңғаза қылып, өлерменденіп, өршеленіп өспейді? Атам заманнан бері келе жатқан ағаш философиясын Оңайгүл ақын былайша бедерлепті: «Ағаштар үнсіз өседі, Үнсіздік – оның шыдамы, Ағаштар үнсіз өседі, Үнсіздік – оның Құраны». Десе дегендей, өзі де өлеңді үндемей жазады, яғни жаңағы ағаш кейіпкері секілді үндемей өседі. Бірақ үндемегенімен Оңайгүл шайыр – оңай шағылатын жаңғақ емес. Бұл ойымызды мына жинағына енген ойлы өлеңдері қуаттай түседі.
Үнсіз өсетін ағаш сынды тұйықтау әрі тұңғиықтау ақынның кітабын әдебиетті шексіз жақсы көретін және терең түсінетін Жаңабай Сүйіндікұлы деген сыныптасы шығарып беріпті. Алғысөзін де өзі жазған. Оны «Біз – әлі де кітап оқитындармыз» деп атапты. Астанада тұратын шырайлы шайырдан көмек сұрамай, қайта қол ұшын ұсынып, жинағын шығарып, оқырманға тарту еткен қайырымды сыныптастан айналып кетпейсің бе?
…Сондай-ақ, ол Шерқаланың шер-наласын сипаттаса да оны бүкіл ұлттың зар-мұңы деп ұғындырады. Сол Шерқала мен Айрақтыны Алаштың тәжі деп тәпсірлейді. Онысы жүректен шығады, көңілден көрінеді, сені қапысыз сендіреді, сендірмек түгілі сүйсіндіреді…
…Осы кітабыңызда мынадай бір өлеңіңіз бар екен. Сол туындыңызда:

Тынығып ертеңіне аттанатын,
Тағы айналып келгенше қап-қара түн.
Адам – көшкен керуен, бұл тірлікте,
Жүзге жетсе дейтұғын шапқан атым!
Жүзге жетіңіз! –

деп жазыпсыз. Енді бүгін сол тілекті өзіңізге айтамыз. Сіздің де Маңғыстаудың маң даласынан Сарыарқаның сары беліне дейін көсіле шапқан жүйрігіңіз жүздің желкесіне дейін жетелеп жеткізсін!
Жеміс беретін ағаштарыңыз көп болсын! Бәрі де шетінен үнсіз өсе берсін!»
Оңайгүл Ізтұрғанқызының Алатаудан асқақ, Маңғыстаудан маңғаз ақындық өнері хақында қазақ поэзиясындағы арулар қауымының өкілі, белгілі ақын, филология ғылымының докторы Жанар Әскербекқызы өз пайымдарын ортаға салды:
«Оңайгүл Тұржан – ХХ ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары қазақ поэзиясындағы жаңа толқынға бөлекше ақындық үнмен келіп қосылған қалам иесі. Оның қаламынан туған әрбір өлең тек өзіне ғана тән бөлекше стильмен айшықталған. Алғашқы өлеңдерінен бастап өзіндік айрықша мәнерлі көркемдік кеңістігін атрибут еткен ақынның әр жыр жинағы жаңалыққа, ізденіске толы дүниелерден түзілген. Ақынның оқырманға жол тартқан жаңа жыр жинағы «Ағаштар үнсіз өседі» деп аталады. Бұрынғы жинағында арнасы шүпілдеген, суға толы «Теңіздің де шөлдейтін» поэтикалық тілмен әдептеп жеткізген Оңайгүл Тұржан енді тамырын тереңнен алып, бұтағы мен жапырағын биікке талпындырған ағаш атаулының үнсіз өсетінін ақындық философиялық бейнелеу жырларын ұсынған. Ақынның бұл кітабы адам мен табиғат, адам мен қоғам байланысын ақындық пайыммен толғаған өлеңдерден тұрады, – дей келіп, Қазақ мифология ғылымының бастауында тұрған Серікбол Қондыбай мұрасы арқылы ұлттың рухани-мәдени болмысын танытуды мақсат еткен ақын таңба, символ ұғымдарын әдеби тұрғыда зерделейді».
Қоғам қайраткері, ел ағасы Зейнолла Алшынбаев қарындасының өміршең өлеңдеріне өзгеше баға берді:
«Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп ұлы Абай айтқандай, бұрынырақта көбірек еститін едік. Осы қазақта бір шумақ өлең шығармайтын адам жоқ. Бірақ, өмір бойы жанына өлеңді серік еткен адамдар – сирек. Соның бірі – осы Оңайгүл қарындасымыз. Маңғыстау өздеріңізге белгілі талай жыр дүлдүлдерін өмірге әкелген ғой. Қарындасымыздың сезімдерге толы жыр жинағын қолымызға алып отырмыз. Мына кітап тезірек оқырмандарының қолына жетсін. Бұрынғы шығармаларындай қаймана қазақтың оң бағасын алсын! Шабытың шарықтай берсін!»
Филология ғылымының докторы, алаштанушы-ғалым Амантай Шәріп Оңайгүл Ізтұрғанқызының өлеңдеріндегі тылсымды талдап берді:
«Мынау қазақта «әруаққа түнеу» деген сөз бар. Бұл біздің поэзияда қазақтың ардақты ақыны Жұбан Молдағалиевтен басталған. Оның бір естелігін оқығанымда: «Мен әуелі Сәбит Мұқановтың «Сұлушашының» әруағына түнедім дейді. Одан кейін күндердің күнінде қолыма түйілген кітап тиді. Ол Ілияс Жансүгіровтың кітабы еді. Кітапты оқып шыққаннан кейін шіркін, осы Ілиястың әруағына түнер ме едім деп ойладым», – дегені бар еді. Мұны не үшін айтып отырмын? Себебі, осы әруаққа түнеу деген ой Оңайгүл Тұржанның осы кітабында да кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, Оңайгүл Тұржан «құлдық ойдан қашып шыққан санасын, Қобыландының жырына әкеп түнетеді». Осының ішінде барлық рухты тірілту деген әңгімелер сыйып кетіп жатқан сияқты көрінеді маған. Онда бір кездері ұлы мұхиттың, табанын жайлаған жұрттың табиғаты, тағдыры ғана емес, бүкіл қазақтың, оның сыртында түркі дүниесінің көркем көрінісі жатыр. Өлеңдерінің жаңа заманға сай түрленуі, терминдердің байырғы қазақ сөзімен бірге білінбей, бір өлеңде ұштаса білуі – бөлек әңгіме. «Психология», «айфон», «локация», «абстракция», «эмоция» деген сияқты сөздер бар. Бірақ, өлеңді оқып отырған кезде бұл бүйректен сирақ болып шығып тұрмайды. Өлеңдерін оқып отырсаң, небір тамаша метафораларға жолығасың. Мысалы, Каспий туралы жырлап отырып, “толқыны көкке қарғиды келіп, ұшқысы келген таулардай” дейді. Біз, ақындар, бөріні ұлытып қоямыз ғой. Ал, Оңайгүл ақын «ақ боранның дыбысынан бөрілердің бесік жырын естимін» дейді. «Дастарқан» деген өлеңі бар. «Қуырдақтар қып-қызыл боп жайнап тұр, күні кеше қой болғанын ұмытып» дейді. Оның өлеңдерінің арғы жағында үлкен интеллектуалды биік жатыр, терең білім жатыр. ол көрініп тұрады».
Жазушы, прозашы, баспагер Әлібек Асқар ақын-құрбысын Лев Николаевич Толстой суреттеген өрімтал бейне, күлімкөз ару Анна Каренинаға балады: «Оңайгүлді осыдан пәленше жыл бұрын бір досыммен келе жатқан кезде көшеде кездестірдік. Амандасқаннан кейін өте шықты. Бұл қазақтың «Анна Каренинасы» дедім. Сұлу жүзі, талдырмаш жүрісі сол бейнені көз алдыма келтірді. Қанша жыл өтті. Бірақ, баяғы өң – жүзінде әлі сақтаулы. Анна Каренинаның сұлулығын бергенмен, оның тағдырын бермей-ақ қойсын».
Қазақ әдебиетінің озық өкілі, жазушы, драматург Роза Мұқанова Оңайгүл ақынның «Бұл дала Сексеуілді сәні қылған» өлеңін шабыттана оқыды:
«Оңайгүл Тұржанға Әкім Тарази ағасы «Қиынгүл» дейді. Біздің үйде осындай аты бар. Мен бұл кісіні «Шерқала» деген өлеңдер жинағы арқылы тауып едім. Біз Сізді, жаратылысыңызды, ақын ғана тән мінезіңізді жақсы көреміз! Аман болыңыз!»
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық Құрылтай Төрағасының орынбасары, «Бас редакторлар клубтары» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай әріптесінің поэзиясына «келер ұрпақты әдебиетке тартудың кілті» деп басқалардан өзгеше баға берді: «Ақындық деген – Алланың берген сыйы. Арғы жағында 99 пайыз үлкен еңбек жатыр. Өлеңдеріне қарап отырып, мектеп бағдарламасына кіргізуге сұранып тұрғанын байқадым. Өйткені, Оңайгүл ақынның өлеңдері –жастардың әдебиеттен алыстауынан сақтайтын, өте тамаша туындылар. Осында сөз алып жатқан тұлғалардың бәрі поэзиясын айтса, мен қазақ журналистикасына қосқан ерен еңбегі туралы сөйлегім келеді. Оңайгүл апай жаңа жанр PR және коммуникацияның ғылыми деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосты. Осы салаға еңбегі сіңетін қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарды».
Оңайгүл Тұржанның журналистикада ізінен ерген сіңлісі, дарынды тілші, танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт мерейтой иесінің өзгеден озық ақындығы, бөлек болмысы туралы тамылжыта сөйледі:
«Осы шараға келіп, Оңайгүл апайға арнап жасаған «Дара жол» хабары есіме түсіп отыр. Сол хабарда Сіз туралы жылы естеліктерін айтқан қонақтар да осы жерден табылып отыр. Бұл – Оңайгүл апайдың басының сыйлылығы. Оңайгүл апайымыз – қазақ поэзиясындағы әйелдер арасындағы ақсүйектіктің символы, тазалықтың өңін бермейтін, үнемі ортамызда жүріп, үлгі болатын ақын қыздардың бірі. Апайдың сыртынан қарап отырып, поэзияның ғылыммен астасып отырған, өзені теңізіне құйып, теңізі қайтадан өзенін шайып жатқан, бір-бірімен үйлесімін тапқан табиғи байланыстарды көремін. Оңайгүл апайды өмірде кездестірген шағыңда бұл кісінің ақын екенін бірден танисың. Өйткені, адамға қарағандағы көзқарасы – басқа. Саған қарап отырып, басқа бір әлемде сені немен суреттеп жатқанын, өзгеше ой түйіп жатқанын ойланып қаласың. Апайымыздың қаламынан «Сенің образың, сенің айналаңдағы дүние қандай образға түседі екен?» деген сұраққа жауап іздейсің. Бәріне бір үстінен қарайтын, философиялық биіктіктен қарайтынын аңғарасың. «Өмір – кейде сизифтердің қоғамы» деп жазады. Сизифтердің қоғамында жүріп, еңбектің әйтеуір бір күні өтелетіні, бұл тіршіліктің бір мағынасы барына ойлануға көмектеседі. Осыны айта отырып, Оңайгүл Тұржанның ақын, журналист, PR маманы болуы – заңдылық. Өйткені, Оңайгүл Тұржан – адам жанының ғалымы».
Оңайгүл Ізтұрғанқызының «Жартасқа байғыздар қонады» өлеңін тамаша таңқалыспен оқыған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай ежелден келе жатқан достықтары туралы естеліктерімен бөлісті:
«Ойланып отырсам, Оңайгүл досыммен алғаш танысқанымызға да 40 жылдан асыпты. Оңайгүл өзіне дейінгі қазақтың ақын қыздарының ешқайсысына ұқсамайды. Фаризаға да, Марфуғаға да, Күлашқа да ұқсамайды. Ол өзі – жаңаша ақындықтың шыңы. Оңайгүлдің жырларын қарап отырсаң, ескі мен жаңаның сөз өнерін ұйқастыра жазған лирикаға толы өлеңдері осы сөзімнің дәлелі. Ақын қыздың бұған дейінгі “Шер-қала” жинағы менің қолымда бар. ондағы өлеңдерінен жалған дидактика, әшейін пафос көрмейсің, бәрі шынайы жүректен шыққан. Оңайгүл ешқашан да елдің алдына түсіп, өзін жарнамалаған емес».
Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының басшысы, ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы да естелік айтқанда іркіліп қалмай, еңбек жолындағы алғашқы баспалдақтары үшін Оңайгүл Тұржанға алғысын айтты:
«Журналистиканың І курс студенттері каникулға шыққан бойда, газет-журналдарды жағалай бастайды ғой. Сонау 1990-жылдары мен де «Жалын» журналына барып, өлеңдерімді өткіздім. Алдымнан шығып, күтіп алған әдемі келген Оңайгүл апай еді. Өлеңдерімді алып қалды да кейін оқимын, қазір жиналыс еді деді. Үш-төрт күннен кейін барғанымда «Бауыржан, өлеңдерің жақсы. Бірақ, сен бұдан да жақсы жаза аласың!» деп шығарып салды. Мына сөзді естігеннен кейін, мәз болып қайттым. Кейін түсіндім, «өлеңдерің редакцияға өтпейді» дегенді осылай жеңіл, меселімді қайтармай жеткізгенін. Бұл – апайдың адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын қыры. Үшінші курсқа келгенде бәрібір өлеңдерімді Оңайгүл апайдың алдынан өткізіп, журналға жариялаттым. Егер басқа адамның редакциясынан өткенде, жарияланбай қалып, мүмкін, осындай дәрежеге жетпес едім».
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, белгілі журналист, PR-маманы Шархан Қазығұл Оңайгүл Ізтұрғанқызының өлеңдерінің көркемдігін тілге тиек ете келе әріптесіне «төрт таған тұғырда тұрған толық адам» деген абзал ат берді:
«Бүгін Оңайгүлдің шашбауын көтеріп, жақсы әңгімемізді айтып отырмыз. Оңайгүл – Абайдың «толық адамының» нағыз өзі. Оның өзі де сұлу, жаны да сұлу, қай жағынан қарасаң да бір мін таппайсың. Адамның тұғыры деген бар ғой. Оңайгүл төрт таған тұғырда тұрған адам. Біріншісі – адами асыл қасиеттері, екіншісі – поэзиясы, үшіншісі – публицистикасы, төртіншісі – PR. Еврейлер мен қазақтың ұқсастығы екеуі де тау менен шөлейтті мақтайды да оны өзіне жақын тұтады. Ешқандай мұхит тау мен шөлді салыстыруға келмейді. Бір еврейдің қаламгері теңіз туралы ештеңе жазбаған. Құдайға шүкір, Оңайгүл сияқты ақындардың арқасында еврейлерден озып тұрмыз. Біз тау мен шөлден өзге теңізді де жырға қосамыз. Оңайгүлдің поэзиясы – диалогизм мен пассеизмнің синтезі».
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Дулатқызы оқытушылық қызметтегі әріптес ретінде емес, ақын жанын ұға білетін, саф өнерге тәнті тұлға ретінде қатысып, ақжарма тілегін жаудырды:
«Бұл жиынға ресми адам ретінде келген жоқпын. Оңайгүл апайдың жиені ретінде келдім. Ақын-ананың баласы ретінде келдім. Жалпы мына, қазақ поэзиясын, оның ішінде қазақ қыздарының поэзиясын ерекше құрмет тұтатын адам ретінде келдім. Сіз бір сұхбатыңызда айтыпсыз: «Мен махаббатты жазайын десем, теңіз туралы, жер туралы, жел туралы жазып кетемін», – деп. Бірақ, меніңше, сол табиғаттың мінез-құлқы мен сұлулығын жазуыңыз өзі – тұнып тұрған махаббат. Өлең мен ғылымды бірдей ұстап жүрген тұлғасыз, бүкіл алыптарды аударып, біздің ғылыми айналымға енгізген үлкен ұстазсыз. Өнеріңізге бағалай білетін оқырман ретінде тек жақсылық тілеймін! Ақындар жүз жасасын».
Оңайгүл Ізтұрғанқызымен Еуразия Ұлттық университетінде иық тіресіп, бірге қызмет етіп келе жатқан Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Қайрат Сақ рухты өнерге табынатын оқырман ретінде мерейтойға ғалым батыр бабамыздың портретін сыйға тартты:
«Маңғыстаудың тылсым табиғатынан Оңайгүл ақынның ешкімге ұқсамайтын поэзиясынан көреміз. Оның өлеңін оқып отырып, Маңғыстауға емес, басқа әлемге, басқа планетаға кетіп қалғандай күйде боламыз. Оның поэзиясында ерекше үн бар, ерекше леп бар. Дәстүр мен жаңашылдық үйлесімі Оңайгүлдің бойында, шығармашылығында бар. Ақындық қырын айтып жатырсыздар. Біз адамдық қырын, ұстаздық қырын жақсы білеміз. Астанада журналистика саласын дамытуға, оқытуға үлкен үлес қосты. Көбінің зерттеуге бастылы бара бермейтін PR, медиа психология сынды салаларды қазақшалап, жаңаша трансформациялады. «Журналистика және әлеуметтік ғылымдар» факультетінің «Бақыт құсы» деп Оңайгүл Ізтұрғанқызын декан ретінде атай аламын. Факультет ашылғалы қаншама қиын да, күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Нәп-нәзік болмысымен, үлкен қайраткерлігімен жұмыстар атқарды. Кафедра басқарды. Қаншама сынақтардан өтті. Оның бәрінде ақындықпен қоса ақылдылықтың тегі барын көрдік».
Журналист, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы ақынның шығармашылығын сауатты саралай келе өз тоқтамын айтты:
«Оңайгүл апай – мінезді ақын. Мінез дегеніміз – адамның өзінің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасының көрсетілуі. Мінез деген – өзіне ғана тән болмыспен әдебиетке келу».
Жинақ-кітаптың тұсаукесерінде құттықтаулар мен баяндамалардан өзге ақынның «Бозжыра», «Димаштың дауысы», «Мағжан. Сейтмағамбет. Патефон.» жалынды жырларын жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары мен журналистикадан тәлім алып жүрген Оңайгүл Ізтұрғанқызының студенттері мәнеріне салып оқып берді.
Шынайы оқиғаға негізделген, тарихтағы ақтаңдақтарды түзетерлік «Мағжан. Сейтмағамбет. Патефон» атты көлемді өлеңі үшін жыр кейіпкерінің немересі Гүлнар Сейтмағамбет алғысын білдіруге арнайы қатысты:
«Сонау 1980-жылдардан бері Оңайгүлмен қатар еңбек етіп келе жатырмыз. Достық жолымыз Маңғыстаудағы қызметтен басталса, қазір Астанада да бірге жүрміз. Атамыз туралы қайғылы да қазалы оқиғаны естіген ақын қыз, өз сезімдерімен жүрегіндегі өткенге деген құрметін ұштастырып осы өлеңді жазды. Атамыздың бейітінің қайда екені белгісіз. Бірақ, осындай өлең жолдарымен мәңгілік құлпытас орнатқан Оңайгүл құрбыма мың алғысымды айтамын».
Дала дарыны, мың бояулы, әуезі ерек дауысына төрткүл дүние тамсанатын, қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайбергеннің анасы, әнші, Светлана Айтбаева 2017 жылы жарық көрген «Димаш» эссе-кітабы үшін жылы лебізін білдіре отырып, аяулы ақынның таңғажайып тұрпатын халық әнімен астастырды:
«Оңайгүл апай Димаш алғаш әлемдік сахнаға шыққанда «бала» деп ойламай, «жас» деп сынамай, өзінің кітабын арнап еді. Сол кітаптың арты, міне бүгін Димаш баламыз әлемдік алпауыт жобада әділ қазы алқасы ретінде төрде отыр. Оңайгүл апайды көріп отырып, сұлулығын қалай айтса да жарасады. Ескіде әжелеріміз әдемі келбетті, биязы сұлу, мінезі жайсаң, кірген-шыққаны білінбейтін жанды көргенде: «Шіркін-ай, мынау әндетіп тұр екен» деп айтатын.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының директоры, мерейтойлық отырыстың өтуіне мұрындық болған Ғазиза Құдайберген маржан сөзді ақынның 70 жасы жыл бойы тойланатынын қуанышпен жеткізді: «Бүгін қаңтардың суық күні болса да жанымыз жылыды. Оңайгүл апай – тек жүректерге жалын сыйлаған ақын емес, жақсы ұстаз, жақсы дос. Бұл – апайдың мерейтойының басы. Сәуірде Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен үлкен мерекелік кеш өтеді».
Жыр-жинақтың тұсаукесерін Оңайгүл Тұржан қанына табиғатты жазудың қалай дарығанын атап өтіп, шараны құнды тілекпен, ыстық лебізбен қорытындылады:
«Маңғыстау деген далада Уәлі деген жер бар. Балалық шағым сол жерде өтті. Әкем радист еді. Ауданға рациямен төңіректегі малшы ауылдардың мән-жайын жеткізіп отырады. Елсіз дала. Екі-ақ үй. Қыстыгүні үйдің қасына қасқырлар келеді. Терезенің алдында ұлиды. Таңертең қораның маңында қасқырлар жүреді. Әкем шығып, қосауыз мылтықпен оқ атады. Айналада 37 шыңырау бар. Жазда мал –ауылдың малшылары сол шыңыраудың қасындағы ұзын-ұзын астауларға күндіз су толтырып кетеді. Кешке мал келіп су ішеді. Кейде сол жерге қаптап киік келеді. Олар нөпір болып келгенде, жолындағы тұрғанға қарамайды. Адам ба, мал ма бәрібір. Суларын ішіп алып, кейін қайтады. Киік келгенде аналарымыз айтатын еді: “Киік келе жатыр! Үйге кіріңдер!” –- деп. Өйткені, олар – өте қауіпті, ешкімді елеместен, құйын сияқты өте шығады. Солай, қасқырға талатып алмай, киікке таптатып алмай өсірген ата-анамыздың арқасында осындай киелі жерде алдарыңызда өлең-жырыммен бірге отырмын. Нарықтың қасқырлы заманында, өздеріңізді алдырмай-жұлдырмай, киіктей көшкен, заулаған уақытта аман-есен жүруге тілекшімін. Анам 95 жыл ғұмыр кешті. Әрқайсысыңызға менің асыл анамның жасын берсін!»
Оңайгүл Тұржан – таста қалған өр тарихы бар, киелі Маңғыстаудың даласынан шығып, тұтас елді, түбі бір түркіні қарымды қаламымен, рухани байлығымен сусындатқан ділі берік, тілі таңғажайып тұлға. Ақынның өлеңмен өрілген өсиеті – өскелең ұрпаққа өнеге! Дүйім қазақ тойлайтын мерейлі мереке мерекеге ұласып, асқар тау мен құба шыңдарды жырлайтын ізгі ақындардың сиясы сарқылмасын!

Шаттық СӘДУАҚАС,
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *