«СЕГІЗ ҚЫРЛЫ СЕМСЕР СӨЗ»

Руханият Әдебиет
14 Views

Асан қайғы аңыз-әңгімелеріндегі «Ағашы тұнған жеміс екен, адамзатқа жақсы қоныс екен» дейтін ырысты, құтты Жетісу топырағында азуын айға білеген, аузымен құс тiстеген Бақтыбай, Қабан, Бөлтірік, Құл, Құлмамбет, Қуандық, Сарыбас, Түбек, Асан іспеттес сайраған бұлбұлдармен бірге, жалпақ елдің бетке ұстар шамшырағы, толқыта шырқайтын тоты құстары, құндыз бөрікті, күміс шашбаулы, нұр сәулелі, меруерт сөзді, бота көзді, бал таңдайлы саңлақ Сара мен Мəйке сынды сандуғаш қыздар, тыңдаушыларын қорғасындай балқытқан небір сұңғыла шешендер, жаратылыс жомарттықпен тудырған ғажайып дарындар өнер аспанында жұлдыздай жарқырап көрінген еді. Солардың бірегейі – Сүйінбай Аронұлы. Ел жүрегін жырмен тебірентіп, рухани әлемін сергіткен, өлең сөздің өрен жүйріктерінің айтулысы, айтыс өнерінің атақтысы. Ол қазақ халқының әдеби-көркем қазынасынан нәр алып, сусындап, жібектей есілген жыр тоқып, қаһармандық, батырлық, ерлік, отаншылдық сипаттарға толы шығармалар туындатып, қазақ пен қырғыз жұртының аяулы, ардақты ақыны атанды.
Табиғи сезімталдық, ақындық қабілет, сөз сиқырына зеректік, дүниені көркем тұрғыда бейнелеу, оның ұя-бесігінде, затында, тегінде бар киелі қасиеттер. Сүйінбайдың ұлы атасы Күзеп (Аронның әкесі) – әрі ақын, әрі қобызшы екен.
Сүйінбай – буыннан буынға мирас боп қалған даналық өрнектеріне ие сөз мәйектерін, ана тілінің көркемдік, эстетикалық қуатын, яғни ақындық ойлау жүйесінің биік мәдениетін меңгерген шебер жырау. Оған кесек эпикалық шығармаларды, атап айтсақ, «Шаһнама», «Тотының тоқсан тарауы», «Көрұғлы» және қырғыздың энциклопедиялық шығармасы – «Манасты» жырлағаны дәлел.
Сүйінбай Аронұлының ақындық дана кеудесінен күмбірлеп төгілген «інжу-маржандары Құлансаздың қиясында, Кiшiсудың бүркіт қонған ұясында, Ыстықкөлдің ақ көбік атқан толқындарында шашылып қала берген» (Сұлтанғали Садырбаев. Мұзбалақ ақын. Кітапта: «Сүйінбай Аронұлы. Ақиық». Алматы, 1975 жыл).
Төкпе жырау, ақын алтынның сынығындай мөлдір, таза толғау-жырларында алтын шашақты найза ұстаған халық қорғаны батырларын беріле жырлайды:

Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен,
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
(«Бөрілі менің байрағым»).

Жырда толқыта найза сілтеген қазақ батырының өршіл рухы мен даусы тамаша естіледі. «Бөрілі байрақ» – қан майданда ту ұстап, жалауын желбіреткен, мерейі үстем, мәртебесі жоғары батырдың символикалық бейнесі.
Сүйінбай Жетісу елінің қасиетті қаһармандары туралы бірнеше толғаулар толғаған («Сұраншы батыр», «Жабай батыр»).
Қазақ халқының рухани өміріндегі мәдени құбылыстың бірі – суырыпсалма ақпа ақындық, айтысқа шеберлік, тосыннан сөйлеуге жетіктік. Айтыс өнері ала-бөтен ақындық қуатты, дауыл соқтырып, құйындай бұрқыратып, орып айтуды, ұшқырлықты, тапқырлықты, ойға, сөзге, қисынға ұсталықты қажет етеді. Ұлы дуда ақындық делебесі қозған тұстарда нағыз қыранда хас мінездің сан қилы қасиеттері бой көрсетеді. Иә, Сүйінбайдың:

Алпыс екі мақаммен сөз сөйлеген,
Халықтың ақынымын жаным таза –
дегені, жыршылық, жыраулық өнеріне нақты дәлел.
Халық ауыз әдебиетінің әйгілі зерттеушісі Мұхтар Әуезовтың тілімен айтқанда, Жетісу өлкесінде өркендеген «айтыс өнерінің алтын діңгегі» Сүйінбай өнерінің тегін, төркінін тану үшін ең алдымен, ұлттық, болмыстың табиғатын түсiну қажет. Ғасырлар толқынынан аттап өтіп, арқауы ыдырамай келе жатқан осынау бекзат өнердің кең өріс алуы сол халықтың сөз өнеріне деген құштарлығынан ба, әлде Ұлы Даланың мейірбан, мүбәрәк құшағында өскендіктен, қиял-сезімге бай жаратылып, сұңқар қанатты, тұлпар шабытты болуынан ба, не болмаса ақындық мектептің, ақындық дәстүрдің салтанат құруынан ба, немесе ұстаздық пен шәкірттіктің арасындағы дәнекердің, сабақтастықтың ұласып ұштасуынан ба, қалай болған күнде де Сүйінбай сынды алмас қылыштай жарқылдаған арқалы ақын айтыс өнерінің гүлденуіне ерекше әсер еткені анық.
Сүйінбай өз тұсында ақындықпен аты шыққан Уәзипа, Тәті қыз, Кecкенкекіл, Күнбала секілді ақын қыздармен және хан Тезекпен, қырғыз айтыскері Қатағанмен, Қаңтарбаймен күш сынасады. Сондай-ақ, ақынның мысал айтысқа да жүйріктігі ересен. Ол өзін қара қарғамен айтыстырып, қазақ қоғамының кейбір кем-кетіктерін, іріп-шіріген келеңсіз суреттерін, рушылдыққа уланған жүзіқараларды, «қан сорғыш, тілі майда өңшең залымдарды» өлтіре сынайды, жер-жебіріне жетіп сөгеді. Сүйінбай:

Ассалаумағалейкум, қара қарға,
Ұялап, ұя сапсың биік жарға.
Шуылдап, ертелі-кеш бас қатырдың,
Арыз тыңдар еліңде биің бар ма?!
Қарқылдап, екеу ара дес бермейсің,
Еншіге бөліспеген үйің бар ма?!
Қой бағып, ешкі қуып қалжыраған,
Бір жұтым, мен сорлыға суың бар ма?

Сонда Қарға:

Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,
Жазуына кім қарсы жазған ҳақтың?!
Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,
Абиырыңды жапырақпен әрең жаптың! –

деп бастап, әрі қарай қарғалар шәу, қара, құзғын боп үшке бөлінетінін, содан соң ағайынды бір-бірімен таласып, күн кешетінін баяндайды. Сөйтіп, ел ішінде ынтымақтың, береке-бірліктің жоқтығын ашына айтады.
Сүйінбай жиырма төрт жасында Тезек төремен айтысып, қоғамдық-әлеуметтік жайларды тереңнен қозғап, алдымызға жайып салады.

Ей, төре, аш көзіңді, мен – Сүйінбай,
Бөркіңді ұшырамын жел, құйындай.
Қаптаған жердің жүзін қалың қазақ,
Көзіңе көрінбейді бір тиындай.
Жанымды Құдай берген, Құдай алар,
Құдайдың алшаңдама кенже ұлындай, –

деп Тезек төренің дүрілдеген бағы мен байлығына бой бермей, әділетсіздігі мен елге жексұрындығын мәлімдейді.
Тау қыранындай саңқылдаған Сүйінбай 1852 жылы қырғыз елінде өткен бір ұлан-асыр аста өне-бойы өлең-жыр Қатағанмен айтысады. Қос саңлақтың сөздері кесек те түйдек, қаһарлы да сұсты. Өзі күйші, өзі қобызшы, өзі жыршы Қатаған Арыстанбек Бұйлашұлы айтысты оқыста бастайды:

Тырнағыма іліндің,
Күтірлетіп шайнайын,
Қыбырлаған жеріңді.
Көрмеймісің, Сүйінбай,
Қазып қойған көріңді?!

Байлығымды айтайын,
Көптігімді айтайын.

Ор ауыз, қара бурадай,
Шала сөйлеп жатпаймын.

Екпіні соққан желдей, аққан сеңдей қырғыздың қаһарлы ақынын шығарғыштық қуаты жойқын Сүйінбай:

Іздегенім осы еді,
Өз-өзінен қағынып.
Қатаған сөзден жаңылды,
Қызып тұрған темірге,
Өзі келіп қарылды.
Жетім құрыш қылышпын,
Алтыннан соққан сабымды.
Нaркескенге жолықтың,
Шашармын судай қаныңды.
Қабағын шытса Сүйінбай,
Тарту қылып тартарсың,
Қойныңдағы жарыңды.
Айдап келіп берерсің,
Алдыңдағы малыңды.
Малың түгіл барыңды,
Аққу құстай ұшайын,
Аяғыңды тұсайын, –

деп асқақ үнмен аспандата сөйлеп, одан әрмен Жетісуды жайлаған Шапырашты, Албан, Суан, Жаныс, Ботбай, Шымыр, Ысты деген Ұлы жүздің тайпа, руларын, Ұлы жүздің бетке ұстар шамшырақтары – Қарасай, Сұраншы, Саурықтарын нақты айтқанда, қалың қазақ елін арқа тұтып:

Халыққа тіл тигізбе,
Жер мен көктің жүзінде,
Шөгіп жатқан мұнарым! –

деп ойын әрі қарай сабақтайды:

Кең жаратқан елімді,
Кесегінен кертейін.
Аспанға шығып шарықтап,
Қанатымды серпейін.
Жанып тұрған жалынмын,
Сүйегіңді өртейін.
Таусылмайды айтқанмен,
Басқа жүзге кетейін, –

деп Кіші жүздің тайпа, рулары – он екі ата Байұлы, Жетіру, Алшын, Жаппас, Әлім, Шөмекейлерді, Орта жүздің тайпа, рулары – Қоңырат, Арғын, Керей, Қыпшақ этнонимдерін атайды. Айталық:

Арқа деген жерімде,
Арғын деген елім бар.
Анау жатқан Арғыным –
Арғыным атқа қонғанда,
Басыңнан аттап, қарғыдым!

Немесе:

Он екі ата Байұлы,
Жеті аталы – Жетіру,
Әлім менен Шөмекей,
Халқымның еді жағасы!

Я болмаса:

Іле өзенін жерлеген,
Сыр суындай өрлеген,
…Он екі ата Жалайыр,
Аршынға қолын сермеген!

Тағы да:
Одан бері Ыстым бар,
Алатаудай күштім бар!

Ұлы даламыздың, біртұтас ұлы жұртымыздың ұлылығын төгілте тізілдіріп:

Толып жатқан көп қазақ,
Көк пен Жердің арасы, –

деп қазақ тайпалары мекендеген кең қонысты, шексіз кеңістікті айтысқа өзек етеді.
Сөйтіп, шаршы топта жанып тұрған жалынға, аспанда шарықтап ұшқан құсқа айналған Сүйінбайдың ел, жер, су деп соққан жүрегінен шыққан ақ күмістей асыл сөздері Қатағанды сүріндіреді. Жинақтай айтқанда, Сүйінбай жеңісінің кілті – туған халқына; ел-жұртының біртуар, перзенттеріне, байтақ даласына сүйеніп сөйлеуі. Бұл ретте ол халықтың тарихи-генеалогиялық дәстүрін, тек-тамырын, әлеуметтік, этнографиялық, географиялық, этногенездік үрдістерін жете таныған шежіретанушы.
Қазақ поэзиясының Құлагері – Ілияс Жансүгіров қос дүлдүл хақында былайша толғайды: «…Сүйінбайды қазақ, қырғыз біледі. Әсіресе, оның Қатағанмен айтысы – жалпақ елге тым көп тараған өлең. Мұны әр ақын әртүрлі қылып айтады. Қазақ ақыны айтса, Сүйінбайға жеңдіреді, қырғыз жыршысы айтса, Арыстанбекке (Қатаған) жеңдіреді. Қазақ айтса, Сүйінбай өлеңі ажарлы, қырғыз айтса, Қатаған сөзі өткір» («Сүйінбай ақын». Жинап, баспаға дайындаған Фатима-Ілияс. Алматы, 1935, 6-бет).
Тезек төре мен Бөлтірік шешен айтыстың куәгері және қырғыз манабы Қара Бәйтік Қатағанды жеңгені үшін Сүйінбайға алты қанат ақ орда, қыран бүркіт, мойнында күміс қарғысы бар жүйрік тазы және Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаралған Мейіз атты аруды сыйлайды…
Сүйінбайдың шығармашылық өнерінде туған халқының сандаған ғасырлық тәжірибелері мен даналық қорытындыларына құрылған мейлінше жинақы әрі мағыналы және ой-пікірді суретті, шебер толғап жеткізетін сыртқы құрылысы сымбал да сымбатты, еске сақтауға оңтайлы поэзиялық бейнелілікке бай оралымдар, нақыл-ғибрат сөздер кездеседі.

Мысалы:
Еліне білінгені –
Жігіттің дыбысы.
Бәйгеге ілінгені –
Жүйріктің шабысы.

Гауһар – көзде болады,
Сөз асылы, сөзде болады,
Жаман жігіт езбе болады.

Өмірде құны ескірмес,
Бағасы құнды асыл сөз.

Бай болсаң, қадірлісің ағайынға,
Жоқ болсақ, жолатпайды маңайыңа.
Жігіттер, терің төгіп, мал жинағын,
Мал опа тіршілікте талайыңа.

Ақынның мән-маңызы айрықша дарынды ділмәр сөздерді, ойды тереңдетіп, салмақты, өрнекті, кестелі айтуға, сондай-ақ түйінді тұжырымға, парасатты пайымға, өткір мәнерлілікке негізделеді.
Сүйінбай шумақтарының арқауы – философиялық терең ой. Әсiресе, «Саржанға көңіл айту» өлеңінде астармен, ишаратпен, образды сөздермен айтылатын жолдар болғандықтан, соншалықты әсерлі, көркем, бейнелі.

Аққу ұшып, көлге кетеді,
Көпір бұзылса, селге кетеді.
Мал-жан біткен бәрі де,
Өсіп-өнген жерге кетеді.

Өлең сөздің өрен дүлдүлі өмірге, дүниеге көзқарасын, тұрмыс-тіршілікке, жаратылысқа қатысын, өзінің шынайы адамгершілік болмысын, кісілік қасиеттерін баяндағанда бейнелі сөздерге, байырғы ұғымдарға жүгінеді.

Дүние – ескі сарай-ды,
Жолаушы жүрген азамат.
Көркіне оның қарайды,
Сонда-дағы тауарих,
Көшіп өткен керуендей.
Аттандырған талайды,
Өміріңнің орағы.
Қуанба, көріп жаңа айды!
Жаман жігіт белгісі –
Алғаны мен бергенін,
Сырттан жүріп санайды.
Жақсы болса жолдасың,
Қабағыңа қарайды.
Жаман жолдас белгісі –
Көкқұтандай кекиіп,
Шекесінен қарайды.
(«Құсмұрын тастың үстінде»).

Ақын адамзатқа және ғаламзатқа тиісті ойларын «дүние», «жақсы», «жаман» деген сөз – образ, сөз – ұғым арқылы сипаттайды.
Сүйінбай – ақындық ой-сезім толқындарын күйлі-қуатты, нақышты жеткізу үшін терме үлгісін де қолданады. Бұл ретте «Әдiлеттiк орнаса…» жырының көркемдік кестесі, буырқанған бояулар құбылысы, тұрмыс-тіршіліктің сан қилы суреттерін тізбелеп, лек-легімен жөңкіліп, жүрдек әуезді ырғаққа құрылуы – терме табиғатын толық танытады.

Жау басынар халықты,
Басқарушы – оңбаса.
Малша айдап адамды,
Орынсыз күштеп зорласа.
Ауға түскен балықтай,
Шыға алмассың бұлқынып,
Әділетшің болмаса.
Күннің көзін жасырар,
Әділетшің болмаса.
Елдің бағы ашылар,
Әдiлеттiк орнаса,
…Ағаш қалар қуарып,
Жапырақ, тамыры болмаса,
Өзен де ағар күшейіп,
Бастау мен бұлақ самғаса.
Сүйінбай кетер ағындап,
Халқым бір мені қолдаса.

Сүйінбай жетесіз, көрсоқыр топастың мінін көрбілтемей өзіне айтатын, толқынды топта көзіне айтатын, арыстанның аузынан айылын жимайтын, түзулікті, дұрыстықты жан-тәнімен қолдайтын, қуаттайтын ақ болаттай бұрсанған адуынды ақын. Алмас тілді өнерпаз «Момын малын залымға алып беріп» «Жұрт ішінде жорта бір мақтайсың-ау», «Бойың биік болғанмен…», «Көздің жасы», «Төрт биге», «Жұмыққа», «Түс», «Жайнаққа» сияқты сын-сықақтарында елді сүлікше сорған жемқор борсық байларды, желбуаз желөкпелерді, буынсыз жерге пышақ ұратын дүмшелерді, жұмыртқадан жүн қырыққан сараңдарды, қандыбалақ баукеспелерді, кеудесіне нан піскен өркөкіректерді әшкерелейді, мысқылдап масқаралайды. «Болмайсың жайлап, айтсаң» деген уытты өлеңіндегі мына бір шумақты миға жүгіртейікші:

Біздің ауыл басыңды кесіп алар,
Езуіңді ыржитып, тесіп алар.
Сақалың да бар екен қолға ілінер,
Шылбырлыққа қатындар есіп алар.

Сүйінбай поэзиясының асыл қасиеттері, нұрлы сипаттары мәнерлі, суретті, мөлдiр тiлiнен жарқырап көрiнеді. «Шындық шұғыласымен көмкерілген сұлулық жүз есе қымбат сұлулық», – деп Шекспир айтқандай, ақын жырларының өрнектілігі, олардың шынайы шыншылдығымен тамырлас. Сайып келгенде, поэзиялық құбылтулардың алуан түрлерi кездеседі. Әрине, бұлардың күллiсi шығармашылық шеберлік пен шешендік, тапқырлықтың арқасында қас-қағым сәтте ойға оралған сөз миуасы. Тегін, затын айтсақ, Сүйінбай шығармасында табиғаты күрделі ауыстырулар, теңеулер, айқындау сөздер жеткілікті. Мысалы:

Бір адам пішініне қарай алмас,
Сен де бір таз-таудағы барыс шұбар.
(«Атеке батырға»).

Өлеңнің найзағайын жарқылдатсам,
Бұта қуған боз торғайдай боп қаларсың.
(Сүйінбайдың Уәзипа қызға айтқаны)

Топырақ қанға піскендей.
(«Жабай батыр»).

Не болмаса ақыл-парасаты мол азаматты «Қыранның баласына», «Сеңсең тон жағасына», «Миуалы алма-өріктің ағашына», «Халқының күймей піскен бөлкесіне» теңейді.
Содан соң ақын ауыз әдебиетінің айшықтарын да кеңінен пайдаланады. Алпыс бес жылға жуық айтыс өнерінің туын тегеуірінді ұстаған Сүйінбайда «бағасы құнды асыл сөздер» қаншама болды десеңізші! Алайда, соның бәрі хатқа түсірілген жоқ. Тек халық ақындары – Жамбыл, Үмбетәлі, Әбдіғалидің айтуы бойынша ұрпақ игілігіне жарап отыр.

Ақын боп жиырмамда желдей болдым,
Отызда асқар биік белдей болдым.
Отыз асып, қырыққа келгеннен соң,
Қаптаған жердің жүзін селдей болдым, –

деп ақ дариядай шалқып, толқыған Сүйінбай тұлғасы Алатаудың мұзарт шыңындай тәкаппар, таза, еңсесі биік қалпында, ел мен Ұлы Даланың көркемдік тарихында, жердің құшағында рухы мәңгі жасай бермек!

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *