Биылғы 7-14 ақпан аралығында Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Харбин қаласында ІХ қысқы Азия ойындары өтті. Оған қатысқан 34 елдің 1200-ден астам саңлағы спорттың 11 түрінен сайысқа түсіп, 64 медальдар жиынтығын сарапқа салды. Азиаданың ашылу және жабылу салтанаттары Харбиндегі Халықаралық конгресс-көрме және спорт орталығында (Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadiym) өтті. Қазақстан ұлттық құрама командасының өкілдері алты спорт түрінен он бағдарлама бойынша жарыс жолы-на шықты. Егемен еліміздің намысын 72 жігіт пен 65 қыз, барлығы – 137 спортшы қорғады. Олар 51 медальдар жиынтығын сарапқа салу үшін сайысқа түсті.
ІХ қысқы Азия ойындарының бойтұмары: Сібір жолбарыстары – Бинбин мен Нини. Ұраны: «Азиядағы қысқы арман мен махаббат!». Бұл қала Азиаданы осымен екінші рет қабылдады. Бұған дейін мұнда 1996 жылы дәл осындай байрақты бәсеке өткен болатын. Жалпы, Аспанасты елінде осындай қысқы сары құрлық жарысы үшінші рет өтіп отыр. Азия ойындарының салтанатты бөлігі мен жарыстар жеті спорт кешенінде өтті. Атап айтқанда, Харбин хоккей аренасы; Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы; Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы; Харбин спорт университетінің мұз айдыны; Хэйлунцзян көпфункционалды залы; Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы; Ябули тау-шаңғы курорты.
Азиаданың ашылу салтанатында егемен еліміздің көк туын Әділ Бекетаев (шайбалы хоккей) пен Ольга Тихонова (шорт-трек) ұстап шықты. Нәтижесінде 85 саңлағымыз (43 ер мен 42 әйел) жеңіс тұғырына көтерілді. Жерлестеріміз төрт алтын, тоғыз күміс, жеті қола, барлығы – 20 медаль жеңіп алып, бейресми жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Бұл – қазақстандықтар қатысқан жеті Азиададағы ең нашар нәтиже болып отыр. 2007 жылы 28 қаңтар – 4 ақпан аралығында Қытайдың Чанчун қаласында өткен байрақты бәсекеде жерлестеріміз алты алтын, алты күміс, алты қола, барлығы – 18 медаль иеленген тұғын.
Өкінішке орай, жерлестеріміз тау шаңғысы, кёрлинг, қысқы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген ски-альпинизым спортынан жүлдеге іліне алмады. Соңғысының құрамында жарыс жолына шыққан бес саңлақтың арасында ең егде спортшы – 41 жастағы Денис Власов та болды.
Қазақстандық ІХ қысқы Азия ойындарының чемпиондары:
Шорт-трек, 5000 метрге эстафеталық жарыс – ерлер құрамасы (Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Әжіғалиев, Глеб Ивченко).
Фристайл-акробатика, синхронды секіру – ерлер құрамасы (Роман Иванов, Шерзод Хаширбаев).
Биатлон, Владислав Киреев – 10 шақырымға спринтерлік жарыс.
Шайбалы хоккей (ерлер құрамасы).
Қақпашылар:
Андрей Шутов («Барыс» Астана), Максим Павленко («Рязань-ВДВ», Бүкілресейлік Хоккей Лигасы), Джелал-ад-Дин Әмірбеков («Магнитка», БХЛ).
Қорғаушылар:
Иван Степаненко («Хумо» Ташкент), Темирлан Гайтамиров, Данил Бутенко, Әділ Бекетаев (ту ұстаушы), Самат Данияр, Артем Королев (бәрі – «Барыс» Астана), Дмитрий Бреус («Торпедо», Құрлықтық Хоккей Лигасы), Эдуард Михайлов («Арлан»).
Шабуылшылар:
Роман Старченко, Кирилл Савицкий, Әлихан Өмірбеков, Кирилл Панюков, Руслан Оспанов (бәрі – «Барыс» Астана), Дмитрий Гренц, Артем Лихотников (екеуі де – «Хумо» Ташкент), Александр Борисевич («Сарыарқа»), Андрей Буяльский (еркін агент), Денис Чапоров («Арлан»), Вячеслав Колесников («Номад»), Евгений Рымарев («Юнисон», БХЛ). Олардың арасынан Роман Старченко, Кирилл Савицкий, Дмитрий Гренц, Евгений Рымарев шайбалы хоккейден Азиаданың қос дүркін чемпионы атанды. Қазақстан ұлттық құрамасы осымен бесінші рет (1996, 1999, 2011, 2017, 2025) жеңістің ең биік тұғырына көтеріліп отыр.
Күміс жүлдегерлер:
Шорт-трек, 2000 метрге эстафеталық жарыс – аралас команда (Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан, Малика Ермек).
Коньки спорты, Евгений Кошкин – 100 метрлік жарыс.
Шаңғы спорты, Константин Борцов – спринтерлік жарыс.
Шорт-трек, 3000 метрге эстафеталық жарыс – әйелдер құрамасы (Яна Хан, Ольга Тихонова, Малика Ермек, Зейнеп Құмарқан, Алина Әжіғалиева, Мәдина Жанбосынова).
Фристайл-акробатика, аралас жарыс (Аяна Жолдас, Шерзод Хаширбаев, Асылхан Асан, соңғысы Азиадаға қатысқан ең жас спортшы – 15-те).
Биатлон, Вадим Куралас – 10 шақырымға спринтерлік жарыс.
Шаңғы спорты, 4х5 шақырымға эстафеталық жарыс – әйелдер құрамасы (Ксения Шалыгина, Кәмила Елғазинова, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина).
Биатлоннан 4х7,5 шақырымға эстафеталық жарыс – ерлер құрамасы (Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр, Владислав Киреев).
Хоккей (әйелдер құрамасы).
Полина Говтва («Торпедо» Өскемен), Арина Щеколова («Томирис» Астана), Полина Яковлева, Катрин Мескини (екеуі де – «Торпедо» Өскемен), Юлия Буторина, Дария Молдабай, Александра Воронова (бәрі де – «Томирис» Астана), Аида Олжабаева, Анна Пяткова (екеуі де – «Айсұлу» Алматы), София Зубкова, Дильназ Саяхатқызы, Златоцвета Феоктистова (бәрі де – «Торпедо» Өскемен), Мәдина Тұрсынова, Татьяна Королева, Пернеш Әшімова, Лариса Свиридова, Малика Алдабергенова, Алина Иванченко (бәрі де – «Айсұлу» Алматы), Александра Шегай, Анастасия Оразбаева, Екатерина Куценко, Надежда Филимонова (бәрі де – «Томирис» Астана).
Қола жүлдегерлер:
Фристайл-акробатика, Аяна Жолдас – әйелдер арасындағы жарыс.
Коньки спорты, командалық спринтерлік жарыс – әйелдер құрамасы (Кристина Силаева, Дарья Важенина, Надежда Морозова).
Шаңғы спорты, Олжас Климин – 10 шақырымға еркін әдіспен жарыс.
Фристайл-акробатика, синхронды секіру – әйелдер құрамасы (Ардана Маханова, Аяна Жолдасова).
Шаңғы спорты, 4х7,5 шақырымға эстафеталық жарыс – ерлер құрамасы (Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин, Владислав Ковалев).
Шаңғы спорты, 4х6 шақырымға эстафеталық жарыс – әйелдер құрамасы (Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова, Елизавета Белецкая).
Мұз үстінде мәнерлеп сырғанау ерлер (Михаил Шайдоров).
Жарыс қожайындарының құрамында сынға түскен төрт қандасымыз үш алтын, қос қола, барлығы – бес медаль жеңіп алды. Қанағат Мұхамедұлы Қытай құрамасы сапында конькимен жүгіруден ерлер арасында командалық із қуу додасында алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар ол 5000 метрлік қашықтыққа конькмен жүгіруден 6:31.54 секунд нәтижемен қола медаль иеленді. Ақнар Адаққызы конькимен жүгіруден командалық із қуу жарысында 3 минут 02.75 секунд уақыт көрсетіп, чемпион атанды. Баян Жалынқызы шаңғымен бес шақырымдық қашықтыққа еркін стильмен өткен жарыста 12 минут 07.5 секунд нәтижемен жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Самғар Серікұлы шаңғымен сырғанаудан классикалық стильмен өткен спринт бағдарламасында 2.58.51 нәтижемен қола медальді иеленді.
Өзбекстандық 24 саңлақ спорттың алты түрінен жарыс жолына шықты. Нәтижесінде мұз үстінде жұптасып мәнерлеп сырғанаудан – ресейлік легионерлер Екатерина Гейниш пен Дмитрий Чигирев алтыннан алқа тақты. Олар қысқа бағдарламада 64,55 балл, еркін бағдарламада 111,88 балл, жалпы есепте 176,43 балл жинауға жетісті. Бұл – ала тақиялы ағайындардың араға 26 жыл салып жеңіп алған алтын медаль тұғын. 1999 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өткен қысқы Азиада мұз үстінде мәнерлеп сырғанаушы, Өзбекстанның еңбек сіңірген спортшысы Татьяна Малинина чемпион атанған болатын. Қысқы Азия ойындарында өзбекстандықтар жалпы саны екі алтын, екі күміс, төрт қола, барлығы – сегіз медаль жеңіп алған. Сөйтіп, биыл біздің көршілеріміз бейресми жалпыкомандалық есепте бесінші орынды қанағат тұтты.
Әбдісаттар ӘЛІП,
спорт журналистері арасындағы
республикалық шығармашылық конкурстың лауреаты.
Шымкент қаласы.