Сейдана Зәрібайқызы Шындәлиева – қазіргі Түркістан облысындағы Келес ауданының тумасы. 1965 жылы Ошақты ауылдық округіне қарасты Жиделі ауылында дүниеге келген. Бір ғажабы, оның екі туған күні бар. Оның алғашқысы: 26 қаңтар – анасы дүниеге әкелген күн. Екіншісі: 17 ақпан – әкесі қызына туу туралы куәлік алған күн. Егер құжат бойынша сөйлесек, оның соңғысы заңды болмақ.
1924 жылы туған әкесі Зәрібай Шындәлиев 17 жасында майданға аттанып, одан мүгедек болып оралған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Анасы Аманкүл Пернебаева – тыл ардагері. Екеуі үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп, өсірген. Сейдана – отбасындағы төртінші перзент. Үлкен әпкесі – есепші, ағалары – инженер-механик және агроном, інісі – мал шаруашылығымен айналысады. Олардың ата-анасы – адалдыққа бас иген көңілі кіршіксіз таза жандар болған. Сол себепті ұл-қыздарының бойына адамгершілік асыл қасиеттерді дарыта білген. Анасы өлең шығарып, ән шырқайтын. Қыздарына әртүрлі әртіс көйлек тігіп беретін. Осылайша перзенттерін еңбексүйгіштік пен киелі өнерге баулыған.
Міне, осындай өнегелі, өнерлі отбасында өмірге келген Сейдана кішкентайынан қағылез қыз болып өскен. Сабақты жақсы оқумен қатар мектептегі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген. Білім ордасындағы сан түрлі үйірмелерге қатысқан. Өндірістік бригаданың белсенді мүшесі болған. Әсіресе ол киелі өнерге, соның ішінде ән мен биге тым құштар тұғын. Қаршадайынан музыкалық аспаптарда ойнауға қызығушылық танытқан. Сол себепті де бұл үйдің өнерпаз балалары мақта теріп жүрген кездегі түскі үзілісте кішігірім концерт қойып, көпшіліктің көңілінен шығатын.
1981 жылы «Большевик» орта мектебін бітірген бойжеткен алғашында ақ желеңді абзал жан болуды армандаған. Өкінішке орай, өзі қалаған оқу орнына түсе алмаған. Сөйтіп, еңбек жолын ауыл клубында жұмыс істеуден бастаған. Мұнда домбыра, гитара, шаңқобызда ойнауды үйреніп, сан түрлі іс-шаралар өткізуге ұйытқы болған. «Ауылым» атты ансамбльдің әншісі ретінде туған жерінің мәдениетін көтеруге біркісідей атсалысқан. Сөйтіп жүргенде жылжып жылдар өте берген.
Бірде Күләш есімді туысқан әпкесі оған аудандық мәдениет үйіне қызметке ауысу жөнінде ұсыныс жасайды. Бұл ұсынысты қуана қабылдағанымен әкесі қарсылық білдірген. Өнерді жан-тәнімен түсінетін анасы араға түсіп жүріп, жұбайын әзер дегенде көндірген.
Сөйтіп, 1992 жылғы 15 қазанда Сейдана Шындәлиева Келес аудандық мәдениет үйінің нұсқаушы болып шыға келген. Мәдениет үйінің жанынан домбыра, би, драма үйірмелерін ашып, оған мектеп оқушыларын көптеп тартқан. Әдіскер, музыкалық жетекші, аккомпаниатор, мәдени жұмыстар және бос уақытты тиімді өткізу жөніндегі қызметті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Абай ауылдық мәдениет үйінің әнші, бишісі, Келес халық театрының актрисасы, «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді мүшесі атанған. Домбырамен халық әндерін шырқап, тәлім-тәрбиеге толы термелер орындаған. Аудан және облыс көлемінде өтетін сан алуан мәдени іс-шараларға Меруерт Жұмәлиева, Жұмағали Ыбыраев, Әбдіраш Сейтімбетов, Гүлайна Сұлтановамен бірге белсене қатысқан. Олар жайлы кезінде аудандық «Келес таңы» және Алматыда шығатын республикалық «Мәдениет» газеттеріне көптеген материалдар жазғаным әлі күнге дейін жадымда.
1996 жылы 13 қарашада өзімен бірге қызмет істейтін әріптесі Данияр Шыматұлы Есенқұловқа тұрмысқа шығып, соның тегіне өткен. Қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университетін мәдени ағарту жұмысы мамандығы бойынша бітірген Данияр бауырымыз да ұзақ жылдар бедерінде мәдениет саласында музыкалық сүйемелдеуші, аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет істеген. Бірнеше музыкалық аспапта ойнаған. Шымкентте шыққан «Әндер жинағы», «Келес толқындары» атты ұжымдық жинақтарда өлең, жырлары жарық көрген. «Анашым», «Атамекен», «Көрші қыз», «Нұр Отан», «Сен ғана», барлығы – алпысқа жуық ән жазған әуесқой сазгер. «Сырласу», «Күшік күйеу», «Беу, қыздар-ай», «Мектеп» деп аталған спектакльдерде ойнаған. «Шәмші» деректі фильміне түскен.
Бірқатар спектакльдерде басты және негізгі образдарды сомдаған Сейдана Шындәлиева уақыт өте келе сахна саңлағына айналған. Оның ең алғаш ойнаған рөлі – Иранбек Оразбаевтың (Иран-Ғайып) «Мен ішпеген у бар ма?» трагедиясындағы (режиссері – Гүлбахрам Молдабаева) кейуананың бейнесі болатын. Кейіннен Оразбек Бодықовтың «Бәле қайданында?» (режиссері – Г.Молдабаева), бейтаныс жан; Мұхамеджан Хасеновтың «Сырласуында» (режиссері – Әбдіраш Сейтімбетов) Анар; Төлебай Ысқақовтың «Курорттағы хикаяларында» (режиссері – Әбдікерім Әпенов) буфетші келіншек; Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасырында» (режиссері – Ә.Әпенов) Райхан; «Тойдың болғанынанында…» (режиссері – Жанкелді Мырзалиев) Нәзипа; Ә.Әпеновтің өзі режиссерлік жасаған «Сен кінәлі емессіңінде» Баян; Тоқаш Бердияровтың «Оқ пен гүлінде» (режиссері – Ә.Әпенов) Әлия; Дулат Исабековтің «Анасын аңсаған қызында» (режиссері – Ә.Әпенов) абитуриент; «Ескі үйдегі екі кездесуінде» (режиссері – Ж.Мырзалиев) Зейнеп; Тахауи Ахтановтың «Күтпеген кездесуінде» («Жоғалған досында», режиссері – Ж. Мырзалиев) Ғайни; Мархабат Байғұттың «Бозторғайдың ұясында» (режиссері – Ж.Мырзалиев) Сәлима; Бердібек Ұзақовтың «Жандауасында» (режиссері – Ж.Мырзалиев) Ана; Сәбит Досановтың «Мәншүгінде» («Қызғыш құсында», режиссері – Ж. Мырзалиев) Әмина; Роза Мұқанованың «Өмір солайында…» (режиссері – Ж. Мырзалиев) Хадиша; Төлен Әбдіковтің «Оң қолында» (режиссері – Айтолқын Жарылқапова) Ана; Думан Рамазанның «Бейуағында» (режиссері – Ж. Мырзалиев) Жазира; Байғали Есенәлиевтің «Тірі өлігінде» (режиссері – Ұлжалғас Нарманова) Гүлжан бейнелерін бедерлеген. Пандемия кезінде фейсбук арқылы жарияланған «Жазықсыз жапа шеккендер» қойылымында (авторы әрі режиссері – Ж.Мырзалиев) Фатима бейнесін сомдаған.
Танымал сахна шебері алдағы уақытта Жолтай Әлмашұлының «Жаным жалғыз…» спектаклінде (режиссері – Ұ.Нарманова) Майра және Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуінде» (режиссері – Ж.Мырзалиев) Зейнеп рөлдерін сахнаға шығаруды жоспарлап отыр. Осы қойылымдар үстінде мәтіндерді оқып, жаттау, образдарды зерттеу, сомдау жұмыстарына тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Балалар бөлімінде атқарған жұмыстарына тоқталатын болсақ, өзі режиссерлік жасаған «Айдай сұлу – Айсұлу» ертегісінде Мыстан кемпір, «Түлкі мен тырна» ертегісінде Түлкі, француз жазушысы Шарль Перроның (Франсуа Фенелон) «Қызыл телпек», «Айға ұшқан Буратино» ертегілерінде Қызыл телпек образдарын сомдаған.
Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауының репертуарына тоқталатын болсақ, «Малым менің – шалым менің», «Алмаған мәшиненің әлегі», «Кончен», «Құрбылар», «Жарықтық», «Әнші балапан», «Мисс-99», «Вандам болсын», «Ауылдағы концерт», «Аққулар», «Справка» интермедияларын орындауға қатысқан. Қазіргі таңда Қазақстанның халық әртісі Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткізілетін барлық мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Өзіне жүктелген тапсырмаларды тиянақты атқаруымен ерекшеленеді.
Кино, клип, ролик, хабарландыру, жарнама жұмыстары жөнінде сөз еткенде клиптер, деректі фильмдер түсіру жұмыстарын қолға алған. Сөйтіп, «Бір күннің өзі жақсылықсыз өтпесін» деп аталған деректі фильмінде Гаухар бейнесін бедерлеген. «Ет жемес Ешан ата» деректі фильмінде келіншек образын сомдаған. Келешекте түрлі фильмдерге түсу ниетінде. Облыстық «Оntustik Qazaqstan», республикалық «Қызмет» газеттері, жергілікті «Сәт» телеарнасы арқылы ойлы оқырмандар мен көзіқарақты көрермен қауымға кеңінен танымал.
Сейдананың репертуарындағы әндері де мол. Ол түрлі іс-шараларда «Белес пе…», «Еркем-ай», «Әриайдай, «Айқаракөз», «Угайым-ай», «Сары бидай», «Угай-ай», «Беу, айдай», «Сәулем-ай», «Әйкен-ай», тағы басқа халық әндерін құйқылжыта шырқайды. «Әдемі-ау», «Шақырады көктем», «Ақ бантик», «Құлыным менің», «Аппағым менің», «Сүйіктім», «Қайдасың?», «Кешікпей келем деп ең», «Іздеме», «Арыс жағасында», «Ғазиз ана», «Туған жер», «Күміс құман-ай», тағы басқа эстрадалық әндерді де нақышына келтіріп орындайды. Бұған қоса-қабат қазақы той өткізудің сценарийлерін жазып, ұлттық нақышта өтетін тойларда өнер көрсетуде.
Еселі еңбегі орынды бағаланып, алған марапаттары да баршылық. Атап айтқанда, Алғыс хаттарының өзі бір төбе. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатымен (2002 жыл); Абай ауылдық мәдениет үйінің Алғыс хатымен (2004); Сарыағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хатымен, Абай ауылы әкімінің Алғыс хатымен (2008); Абай ауылы әкімінің Алғыс хатымен (2009); Абай ауылдық мәдениет үйінің Алғыс хатымен (2010); Біртілек ауыл әкімінің Алғыс хаттарымен (2013 және 2014); Сарыағаш ауданы әкімінің Алғыс хатымен (2015); Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен (2016); Сарыағаш аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатымен (2018); Абай ауылдық мәдениет үйінің Алғыс хатымен (2019); Келес ауданы әкімінің Алғыс хатымен (2022, 2024) марапатталған.
Сейдана Есенқұлова 1993 жылы сал-серілер мен қазақ ұлттық би өнері бойынша ұйымдастырылған облыстық байқауда жүлделі үшінші орынды иеленген.
2018 жылы Келес халық театрының 40 жылдық мерейтойына орай Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» қазақ шығармашылық бірлестігі мәдениеттің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін «Мәдениет майталманы» атанып, сондай-ақ «Гаухар Ана» төсбелгілерін кеудесіне таққан.
2021 жылы «Келес ауданының үздік актрисасы» атанған. 2023 жылы Келес халық театрының 45 жылдық мерейтойына орай өткен «Театр – өмір айнасы» атты облыстық байқауда екінші орынды еншілеген. Онда Думан Рамазанның «Бейуағындағы» (режиссері – Ұ.Нарманова) Жазира образында ойнаған болатын.
Былтыр Ордабасы ауданының 60 және Темірлан халық театрының 50 жылдық мерейтойларына орай өткен «Театр – өмір айнасы» облыстық байқауында Бас жүлдені жеңіп алған. Онда Байғали Есенәлиевтің «Тірі өлігіндегі» (режиссері – Ұ.Нарманова) Гүлжан бейнесін бедерлеген тұғын.
Аса көрнекті қазақ қаламгері, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов: «Қыз мінезінде ұяңдық пен әдеп бірге кездессе бірін-бірі жасырынқырап тұрады, ашықтық пен абайсыздық бірге кездессе, бірін-бірі асырыңқырап тұрады», – деген екен. Сол айтпақшы, біздің бүгінгі кейіпкеріміз тұла бойына ұяңдық пен әдепті бірге ұстап тұрған ілтипатты, ізгі ниетті жан деуімізге болады. Мәдениет саласында жүрген отыз жылдан астам уақыт ішінде ол жайлы тек жағымды әңгіме ғана есітудеміз. Үндемей сызылып жүріп, өзінің мінәйім мінезімен, өрелі өнерімен қалың жұртшылықтың көңілінен шығып жүргені қандай ғанибет десеңіздерші. Үйдегі күнделікті жұмысына ұқыптылығы өз алдына, түздегі тынымсыз тірлігін де мінсіз атқаруымен көзге түсіп жүрген жан-жақты әмбебап өнер иесін қалай құрметтесек те, онымен қалай мақтансақ та әбден жарасады.
Қат-қабат қарбалас жұмыс, үй шаруасы, бала тәрбиесі, бәрін үйлестіре жүріп 2009 жылы Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін (қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті) бітіріп, режиссер мамандығын меңгеріп шыққан. Бүгінде Келес халық театрына жетекшілік ететін режиссер Жанкелді Мырзалиев, Сейдана Есенқұлова, Айтолқын Жарылқапова үшеуі көптеген драмалық туындыларды көзіқарақты көрермендер назарына ұсынып келеді. Өзі сүйген мамандығы бойынша ерінбей еңбек етіп, кіршіксіз таза жүруді мақсат-мұрат тұтқан жан ретінде оның ерен еңбегін орынды бағалаймыз. «Өнер құрбандықты талап етеді» деген қағидаға сүйенетін болсақ, ол осы жолда кезіккен алпыс азапқа, тоқсан тозаққа, мың мазаққа төзе білген жан ғана шынайы бақытқа жететініне бек сенімді.
Данияр мен Сейдана – қос қыз бен бір ұлдың ата-анасы. Үлкен қыздары Назерке – Оңтүстік Қазақстан музыкалық колледжін бітіріп, хор дирижері мамандығын меңгеріп шыққан. Атыраудағы музыкалық академияда оқытушы болып қызмет істейді. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Өнер академиясын бірге бітірген жұбайы, домбырашы Темірбек Мұратбек екеуі қос ұлды тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Ұлдары Бердияр – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетін математика-информатика мамандығы бойынша бітірген. «Мирас» университетінің ақпараттық технологиялар мамандығының магистрі.
Кенжетайы қыздары Айдана – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті филология факультетінің IV курс студенті. Болашақ – тіл маманы.
Сейдана Есенқұлова биыл асқаралы алпыс жасқа толып отыр. Соның отыз жылдан астам уақытын мәдениет пен өнер саласына арнап, осы жолда жемісті еңбек етуде. Сөз орайы келгенде осындай сан қырлы өнерпаз жан аудан басшылығы, мәдениет саласының өкілдері тарапынан Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атағына ұсынылса екен деген ізгі тілегіміз бар. Біз оған ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасылық бақыт тілеп қаламыз.
Әбдісаттар ӘЛІП,
журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі.
Шымкент қаласы.