ЖАЗУШЫЛАР ЖҰРТЫНДАҒЫ ЖАҒЫМДЫ ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАН ЖАДЫРАТУДА

Білім Қоғам
30 Views

Жазушылар жұртындағы жағымды жаңалықтар жан жадыратуда. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкеновтің мәлімдеуінше, аталмыш шығармашылық Одақ өткен 2024 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігімен, бірқатар мегаполис және облыс басшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеген.

Әсіресе салалық ведомство Қазақстан Жазушылар одағымен стратегиялық әріптестік аясында үш жобаны: «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы»; «Жазушылардың әдеби шеберлігі мектебі»; «Тәуелсіз Мемлекеттік Достастығы елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» бағыттары бойынша стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыстар жүзеге асырылды. Нәтижесінде әдеби шеберлік мектебіне 20 жас жазушы шақырылып, қазіргі әдебиет және осы заманның көрнекті жазушылары, әлемдік және қазақстандық қаламгерлердің жаңа талантты туындылары туралы, жазушы зертханасы жөнінде арнайы шақырылған көрнекті жазушылардан дәріс тыңдады. Оларды атап айтсақ, Дулат Исабеков (бүгінде марқұм), Мереке Құлкенов, Жанғара Дәдебаев, Бақытжан Қанапиянов, Әділғазы Қайырбеков, Жүсіпбек Қорғасбек, Асылбек Ихсанов, Бекжан Әшірбаев, Екрем Аян (Түркия), Абдылдажан Ақматалиев (Қырғызстан), Рафис Абазов (Америка Құрама Штаттары), Гузель Яхина (Ресей), Айнагүл Садықова, Ләйла Мұсалы, Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып), Қансейіт Әбдезұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Маралтай Ыбыраев.
«Әдеби панорама» жобасы бойынша өңірде тұратын жас жазушылар Қазақстанның барлық облыстарына іссапарға шығып, болашақ шығармаларына материал жинады. Нәтижесінде қазақ көркем әдебиетінің қорына 20 жаңа шығарма қосылып отыр.
Сонымен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен Қырғызстан (Бішкек), Тәжікстан (Душанбе), Өзбекстан (Ташкент), Әзербайжан (Баку), Армения (Ереван), Грузия (Тбилиси), Ресей (Мәскеу, Санкт-Петербург), Беларусьтағы архивтерде жатқан қазақ жазушыларының шығармаларын зерттеп, арнайы кітап жазу үшін 16 жазушы, ғалым, зерттеушілер арнайы іссапарға жіберілді. Нәтижесінде 16 зерттеу кітабы дүниеге келіп отыр.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы мен Алматы облысының қолдауымен қазақ әдебиетінің классиктері Бердібек Соқпақбаев пен Әбдіжәміл Нұрпейсовтың 100 жылдық мерейтойлары атап өтілді. Қазақ балалар әдебиетінің атасы – Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілді. Францияның астанасы – Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткен жазушының мерейтойы шын мәнінде қазақ әдебиетінің, Қожа есімді қазақ баласының мерекесіне айналды. «Менің атым Қожаны» өз тілінде оқыған француздар қазақ жазушысының шығармасын әлем білетін Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай принц» шығармасына теңеп жатты. Түркияның астанасы – Анкарада Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымының қолдауымен үлкен мәдени шара өтті. Жазушының шығармалары түрік тілінде кітап болып шықты.
Соңғы кезде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, мегаполис пен облыс басшылары әдебиетке ерекше қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, салалық ведомство басшысы Аида Ғалымқызы Балаева мен Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қазақстан Жазушылар одағының тоқсан жылдық торқалы тойының жоғары деңгейде өтуінде айрықша белсенділік танытты. Осы мерейтой аясында Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, жыл сайын беріліп тұратын «Асыл сөз» сыйлығын тағайындады. Бұл беделді әдеби сыйлықтың тұңғыш иегерлері – талантты ақын Байбота Серікбаев пен дарынды сыншы, композитор Тұрсынжан Шапай болды.
Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдерінің Қазақстан Жазушылар одағына, әдебиетке деген ықыластары бөлек. Мәселен, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шақаров жыл сайын «Әдебиет. Рух. Қоғам» деген атпен жазушылар форумын өткізуде. Осы кездесу аясында Ақтөбе өңірінен шыққан көрнекті он жазушының атындағы сыйлық беріледі. Бұл бәйгеге қатысуға егемен елімізде тұратын барша қаламгер құқылы.
Қазақстан Жазушылар одағы барлық мегаполис мэрлері мен облыс әкімдеріне төмендегідей ұсыныс жасап отыр:
1.Әр мегаполис пен облыс орталығында «Шығармашылық үйін салу. Онда ақын-жазушылардың, суретшілердің, композиторлардың, дизайнерлердің, жалпы шығармашылық саланың музейі, 300-400 адамға лайықталған конференция залы, кітапханасы және офистері болса;

  1. Қазақстан Жазушылар одағының мегаполис пен облыстағы өкіліне офис, үш бірлік штат және жеке бюджет бекітіліп берілсе екен. Бірқатар өңірде Қазақстан Жазушылар одағының офистері мен қызметкерлері бар. Олар жергілікті әкімдікпен, мәдениет басқармасымен бірлесе жұмыс істеуде.
  2. Өнімді еңбек етіп келе жатқан мегаполис, облыс көлеміндегі, облыстан тыс аймақтардағы қаламгерлерге сол өңірдің топырағында туған көрнекті қаламгерлер атындағы сыйлық берілсе;
  3. Мегаполис пен облыс орталығында «Қаламгерлер аллеясы» ашылса екен. Сол өңірдегі көрнекті ақын-жазушылардың кеудемүсіндері (бюстері) орнатылып, өмірбаяндары тақтаға жазылып, «Қаламгерлер аллеясы» ашылса, бүкіл ақын-жазушылардың рухы бір жерге шоғырланып, ұлыларға тағзым ететін киелі орынға айналар еді.
  4. Мегаполис пен облыстан шыққан көрнекті ақын-жазушылардың өнегелі сөздері мен суреттері қала көшелерінде ілініп тұрса;
  5. Мегаполис пен облыстағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелеріне жыл сайын мегаполис мэрі мен облыс әкімінің стипендиясы беріліп отырса;
  6. Мегаполис, облыс әкімдіктері мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп, жыл сайын ақын-жазушылардың (көзі тірі және өмірден өткен қаламгерлердің мерейтойлары негізінде) кітаптарын шығарып отырса екен. Қазақстан Жазушылар одағының 13 жанрлық кеңесі бар, кітаптар осы кеңестердің сараптамасынан өтіп, Одақ арқылы шығарылса, кітаптар мазмұны мен техникалық жағынан мінсіз болар еді.
  7. Мегаполис пен облыс орталығында көрнекті қаламгерлердің мерейтойларына орай республикалық ән-жыр фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп отырса;
  8. Әр ауданның өмірден өткен және көзі тірі ақын-жазушыларының «Алтын бесік» деген атпен поэзиялық, прозалық антологиясын шығарып отырсақ.
    «Қазақстанның ірі үш мегаполисі мен барлық облыстарының әкімдері өздеріне қарасты қаламгерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуде. Сол үлкен жүректі азаматтарға айтатын алғысым мол. Өз кезегінде Қазақстан жазушылары да еліміздің рухани өсіп-өнуіне өздерінің талантты шығармаларымен үлес қоса береді», – дейді Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов мырза.
    Өз тарапымыздан қосатынымыз – Шымкенттейін ірі мегаполистегі барлық қаламгерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына айрықша мән берілсе екен дейміз. Әсіресе, олардың баспаналы болу мәселесі оң шешімін тапқанын қалаймыз.
    Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30, Ұлы Жеңістің 80, Қазақстан Конституциясының 30 жылдық мерейтойлары атап өтіледі. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтеді. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының 180, Шоқан Уәлихановтың 190, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлары, тағы басқа көрнекті тұлғалардың мерейтойлары атап өтіледі.
    Бүгінде Қазақстан – кітап оқиын елге айналып отыр. Бұған сан түрлі деңгейдегі кітапханалар, соның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар да сүбелі үлес қосуда. Үлкен-кішінің қолынан кітап түспейтін болды. Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында жауһар жазушы, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұлов пен ақиық ақын, егемен еліміз әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалған. Ал, Шымкенттегі «Бір қала – бір кітап» акциясының аясында жазушы, драматург Захардин Қыстаубаевтың «Тұман» романы таңдалып отыр. Жыл таңдауларын бірге оқиық, ағайын!
    Сөз орайы келгенде егемен еліміздегі қаламгерлер қауымын 3 наурыз – Дүниежүзілік жазушылар күнімен шынайы құттықтап, олардың бәріне шығармашылық табыс тілегім келеді.

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Зерттеу университеті Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, ОҚУ колледжінің оқытушысы, филолог (бакалавр), педагогика ғылымының магистрі.
Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *