ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ

Мерей
24 Views


Елорда төрінде ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Әсима Қалымқызы Ишанованың 70 жасқа толған мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылым мен білімнің алтын діңгегіне айналған тұлғаның мерейлі күні ел ішін ғана емес, алыс-жақын шетелдерді де бір арнаға тоғыстырды.

«ХХІ ғасырдағы креативті индустриялар, генезис, медиабағдарламалар, білім беру мәселелері» тақырыбындағы конференция Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұйымдастырылды. Оған Ресей, Қырғызстан, Түркия, Польша сынды елдерден ғалымдар мен сала мамандары қатысып, ғылыми алаңда бас қосты.
Бұл күн – ең әуелі ұлағатты ұстаз, шәкірт жүрегінен берік орын алған ғалым, абзал жан Әсима Қалымқызы Ишанованың торқалы тойы болды. Мерейтой иесіне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің арнайы құттықтау хаты жолданып, оны Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Жұмаханұлы Омаров салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ, университет ректоры, басқарма төрағасы Ерлан Батташұлы Сыдықовтың арнайы құттықтау хаты оқылды.
Жиын барысында сөз алған әріптестері мен шәкірттері профессор Әсима Қалымқызы Ишанованың ғылымдағы орасан еңбегін ғана емес, адами болмысын, нәзік мінезі мен бекзат бітімін, сондай-ақ отбасындағы асыл жар, аяулы ана ретіндегі рөлін де ерекше атап өтті. Жүректен шыққан ақжарма тілектер мен естеліктер залдағы тыңдаушыларды тебірентіп, әсерлі сәттерге толы болды.
Осы орайда Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбайдың Құттықтау хатын жеткізген аталмыш клубтың бірінші вице-президенті, профессор Мұратбек Тоқтағазиннің профессор Ә.Қ.Ишанованың еңбегіне берген бағасы да көптің көкейіндегі шынайы пікірдің көрінісіндей болды. Ол өз сөзінде: «Сіз қазақ журналистикасына және ғылым саласына еңселі еңбек сіңірген айтулы жансыз. Еліміздегі әдебиеттану, арт-медиа және өнертану саласының білікті де бірегей мамандарының бірі ретінде іргелі ғылыми еңбектеріңізді әлемдегі ғылыми жұртшылықтың назарына ұсынып келесіз», – деп атап өтіп, ғалымның ғылыми мұрасының Халықаралық кеңістікте де жоғары бағаланатынын тілге тиек етті.
Конференция аясында ғылыми баяндамалар да ұсынылып, білім мен ғылым төңірегіндегі маңызды мәселелер қозғалды. Солардың ішінде Ресейден арнайы келген, филология ғылымының докторы, профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Жасанды интеллект институтының профессоры Ирина Советовна Карабулатованың баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды.
Ғылыми конференция барысында креативті индустриялар мен медиа саласының дамуындағы заманауи үрдістер, білім берудегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Ресейлік профессор И.С.Карабулатованың «Женская красота в фольклоре России, Казахстана и Китая как система социально одобряемых координат современных креативных индустрий» атты баяндамасы тыңғылықты дайындалуымен және ғылыми жаңашылдығымен ерекшеленді. Баяндамада Ресей, Қазақстан және Қытай халықтарының фольклорындағы әйел сұлулығы бейнесінің заманауи креативті индустриялардағы рөлі мен маңызын салыстыра талдап, әлеуметтік тұрғыда мойындалған эстетикалық ұстанымдардың бүгінгі медиа мәдениетке ықпалы зерделенді.Жиын барысында сөз алған қатысушылар журналистика саласындағы әдебиеттің рөлі, сауатты тіл мәдениеті, медиа кеңістіктегі жаңа үрдістер жайлы тың ойларымен бөлісті. Әсіресе, профессор Әсима Ишанованың шәкірттерінің бірі: «Ұстазым маған тек қалам ұстап, сөйлем құрауды ғана үйреткен жоқ, әдебиетке деген махаббатты оятты. Ол кісінің жанынан тараған жарық маған жарқын жол көрсетті», – деп жүрек түбінен шыққан алғысын білдірді.
Профессор Әсима Ишанова – ғылымдағы табандылық пен ұстаздық адалдықтың символы. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шәкірттері мен әріптестерінің оған деген шынайы құрметі – ғалым еңбегінің, адами асыл болмысының айғағы. Ұстазға құрмет – ұлтқа қызмет. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан профессор Әсима Ишановаға көрсетілген бұл құрмет – барша ұстаздар қауымына берілген ордалы марапат секілді.

Карима ЖҰМАҒАЛИ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистранты.
Астана қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *