ТӘҢІРІ АЛДЫНАН ЖАРЫЛҚАСЫН!

Өмір-өзен
43 Views

Адамзат тарихының бір белесінде “Аңыз адам” атанған ел ардақтысы, қазақ қоғамында, Сыр өңірінің өсіп өркендеуіне өзіндік үлес қосқан қоғам қайраткері Баянбай Сыздықұлының мәңгілік сапар-қайтпастық кемесіне мініп, пейіштің төрінен орын алғанына да 40 күн толып отыр. Тағдыр, Алланың ісіне не шара? Оған да шүкіршілік етеміз. Алла алдынан жарылқасын!
Баянбай Сыздықұлы Қызылорда облысында туып өсті. Текті әулеттің ұрпағы, Ұлы жүз Бәйдібек атадан тарайтын әкесі Сыздық қария көзі ашық, көкірегі ояу, ел басқарған “Тасарық “ колхозының төрағасы, өте абыройлы, қолы таза парасатты жан еді. “Әке көрген оқ жанар” демекші Байекең жақсы тәрбиенің арқасында отанына, еліне қалтқысыз қызмет етуге арнады.

Мәскеудегі автотранспорт институтын үздік бітірді. Ол өз ісінің нағыз маманы, талабы таудай қай істің болмасын алғы шебінен көріне білді. Мәскеуде бірге оқыған студенттік жолдасы Төкен Танаев бүгінде Атырау Маңғыстау өңіріндегі белгілі қоғам қайраткері, қайырымы мол азамат Байекеңмен қатар өмір баспалдақтарынан біртіндеп өсіп отырды. Жезқазған облысында Ұлытауда Бас инженер, шаруашылық басшысы болды, онан соң Байекең бар өмірін Қызылорда облысында өткізді. Облыстық автотранспорт мекемелерінің, автобазаның басшысы, атақты Қызылорда таксопаркінің Бас директоры қызметтерін абыроймен атқарды.
Оның таксопарк басқарудағы, істі ұйымдастырудағы тәжірибесі тек Қазақстан ғана емес Армения, Ресейдің аймақтарында көпке үлгі болып таратылып жатты. Кеңес Одағының кезінде сол замандағы Қазақстан автотранспорт министрі Әнуар Жақыпов арнайы таксопаркте болып, Одақтың ауыспалы қызыл туын табыстаған еді және осында Республикалық жиын өткізді.
Қазақстанда ел басқарудағы “Аңыз адамның” бірі, Республика үкіметінің мүшесі, өмір бойы министрдің бірінші орынбасары Атымтай Қисановтан айрықша қолдау, батасын алған-ды. Қалада, облыстағы қоғамдық істердің басында жүрді. Қалалық комитетке мүше, қалалық кеңестің депутаты Баянбай Сыздықұлы өзін елге танытты, мекемесінің атақ-даңқын шығарды, тәжірибесін дәріптеді.
Кешегі заманда кейбір солақай саясаттың кесірінен “Дарияның арғы бетін” — көріп те келді. Алайда “Аққа Құдай жақ“ деген өзінің арының, қолының таза екендігін дәлелдеді. Мәскеуде СССР-дің Бас прокуроры Руденконың жеке қабылдауында болып, өзін-өзі ақтады. Заңгері де адвокаты да өзі болды, әділдіктің ақ туы желбіреп, құрметті Байекең сол бұрынғы таксопаркіне қайта директор болып орналасты. Әділдіктің салтанаты орнады. Өз жұмыс кабинетінде ісін әрі жалғастырды. Бір айдан соң қала орталығында жеке автовокзал үйін ашып көлік қатынастарының дамуына үлес қосты, жаңа автокөліктермен толықты. Қызылорданың барлық аудан орталықтарына, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент, Ташкент, Алматы, Тараз, Астана бағытында қатынас жасады. Елдің алғысын алды. Өмірінің соңына дейін осы мекеменің басында отырды.
Баянбай Сыздықұлы “Қазақстанның еңбек сіңірген автотранспорт қайраткері”, Қызылорда қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті азаматы, ол Ұлы Жүз ата қоғамдық қорының құрметті президенті. Байекең жазушы, қаламы төселген қаламгер, суырып салма ақын, ол кісінің қаламынан шыққан “Оттан да ыстық өмір”, (Отан Оттан да ыстық) — кітап мемуары, “Тағдырыммен келемін арпалысып” атты екі жыр жинағы бүгінгі ұрпаққа арналған ғалымның хатымен тең дүние.
Аймақта Байекең ағаның достары өте көп еді. Солардың бірі Тұрғанбай Мақановпен бірге Тасарықта бір сыныпта оқыды. Тұрғанбай Мақанов есімі елімізге танымал дәрігер, СССР халық депутаты болды. Кешегі Қазақстан денсаулық саласын басқарған Төрегенді Шарманов, Мұхтар Әлиев, Камал Ормантаевтармен бірге жүрген ең жақын достары еді. Тағы бір сыныптас досы Жорабек Сарбалақов ол облыс тұтынушылар одағының төрағасы, Қарағанды кооперативтік университетінің професоры, Жаппас ата Баймұрат батыр қорының төрағасы еді. Жақсы сыйластықпен өмір кешті.
Байекеңмен мен Қызылорда облысының әкімі Мұхтар Құлмұхаммедтің арнайы шақыруымен қызметке келген соң, жақсы қарым-қатынаста, ағалы-інілідей болып араластым. Ол кісінің сөз саптауы, адами қасиеті жоғары, парасаттылығына, тектілігі, бекзаттылығы, шешендігіне тәнті боласың, міне, Қазағым деп мақтанасың, марқаясың.
Байекең ағамен көптеген тарихи жерлерге бірге барып жүрдім. Шымкентте Бәйдібек бабаның жиырма метрлік ескерткішінің ашылу салтанатына қатынасу үшін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен арнайы шақыру келді. Аймақ басшысы Болатбек Баянұлының тапсырмасымен сол жиынға қатынастым, менің жанымда баба ұрпағы Баянбай Сыздықов және кәсіпкер Бейбіт Тілеулиев бар еді. Сенатор Өмірбек Байгелді, Ержан Уәйіс құттықтау сөз сөйледі, Баянбай аға ақ батасын берді.
Онан соң ары қарай Ташкентте Төле Би ата кесенесінде, Самарқандтағы Жалаңтөс Бахадүрдің кесенесінде, ары қарай Навои облысы Нұр атадағы Әйтеке Би кесенесінде болдық. Жол бастаушыларымыз – Қазақтың бір туар азаматы, қазақ меценаты, қоғам қайраткері Шахарбек Усманов және Өзбекстандағы елші Зауытбек Тұрысбеков бірге болды. Әйтеке бидің кесенесі негізін Шахарбек Усманов қалаған еді, Өз қаражатына тұрғызылған алып ғимарат кесене бүгінде Өзбекстан үкіметінің қарамағында. Тағы да Баянбай Сыздықовтың ақ батасын алдық. Әсіресе Шахарбек Усмановтың еңбегіне өте жоғары баға берді.
Байекең қайырымы мол азамат еді, тұрмысы төмен отбасына әрдайым қаржылай материалдық көмек беріп отырды. Қызылордадан шыққан өнерлі жастарға демеушілік көрсетіп жүрді. Байекеңнің тағы бір сенімді шәкірті, бірегей қоғам қайраткері Әріп Қожбанов. Ол мектеп бітірген Әріпті алғаш таксопаркке жұмысқа қабылдады, кейін жоғары оқу орынына жолдама берді. Диплом алғаннан соң Алматыдан осы мекемеге маман инженер, кейіннен колонна бастығы етіп жұмысқа қайта қабылдап, үлкен қамқорлық жасады. Әріп Қожбанов тәжірибелі іскер басшы Баянбай Сыздықовтың тәрбиесімен билік баспалдақтарынан өтті. Сырдария ауданының әкімі, облыс әкімі аппаратының басшысы, қазір облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы. Әріп мырзаның Қызылордадағы үлкен зәулім үйінде ардақты аға Баянбай Сыздықов және отана Зейнегүл, Ержан Уәйіс, академиктер Қылыш Бейсенов, Бағдат Кәрібозов бірге болды. Баянбай аға әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, ақ батасын берді. Арнайы әрине үй иесі Әріп пен Салтанатқа. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші бүгінгі Әріп мырза үлкен ұстазы Байекең аға туралы жақсы әңгімелер, адами қасиеті туралы сөз қозғап, атын дәріптеп жүреді, Алла разы болсын!
Баянбай ағамен соңғы іс-сапарым Түркістан облысындағы Бәйдібек ата және Домалақ-Ана кесенелеріне зиярат етуде болды. Бізбен бірге Байекеңнің жан-жары Зейнегүл апаны біздің “Домалақ анамыз” деп құрметтейтін Оңтүстіктің белгілі тұлғалары Мелдебек мен Шәріпбек Жамалбеков болды (Шәріпбек-Ысты Ата қоғамдық қорының төрағасы). Баянбай Сыздықұлы өнегелі отбасы жан жары, жұбайы Зейнегүл апамен (менің апайым) тату тәтті өмір сүрді. Үлкен атаның ұрпағы Зейнегүл апаны “Домалақ Ана”-, деп мақтан етеді. Оның ойы да, бойы да, ақыл-парасат, дене-пішімі, Домалақ Анаға ұқсатса (Қожа әулетінің ұрпағы) болуы керек.
Қазыбек, Азамат есімді алтындай ұлдар тәрбиеледі. Қазақстан әділетті болсын дегендей екі ұлды да әділеттің туын көтеретін заңгер құқық-қорғау саласына қызметке берді, абыройлы болды екеуі де, полковник дәрежесіндегі қызметшілер. Ал күмістей сыңғырлаған дауыстары бар әдемі қыздары Сарасы кәсіпкер, Салтанаты ғалым өз орындарын тапқан белгілі азаматтары болып өсуде. Қыздары барған құдалар ауылы да ел ағалары Зейнулла Жарқынбаев, Ыдырыс Қалиев, Бақберген Досманбетовтер де нағыз құдалар: “Құда мың жылдық” дейді. Баянбай ағаның ұрпағы өсіп өніп келеді.
Қызылорда қаласының өсіп өркендеуіне Баянбай Сыздықовтың еңбегі ұшаy-теңіз. Қаладағы Бөкейхан көшесінің бойына Баянбай Сыздықовтың Бильборд үлкен портретті суреті ілінді. Енді өзі тұрған үйге белгі тақта және бір көшеге есімі беріледі.
Сөзі мірдің оғындай
Мінезі арыстанның айбатындай,
Жігері жолбарыстың қайратындай
Беделі биік таудың төбесіндей,
Өлеңі ер батырдың көбесіндей болған әулеттің бәйтерегі, елім, Қазақстаным деп еңбек еткен “Аңыз адам” Баянбай Сыздықовтың есімі жүрегімізде мәңгі сақталады. Жатқан жері Жәннәтта болып, артындағы ұрпағына бақ береке тілеймін. Тәңірі алдынан жарылқасын! Әмин!

Ержан УӘЙІС,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ыстамбул

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *