Шығармашылығымен әлем оқырмандарын елеңдетіп жүрген Қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Топан» романы Римнің «Сандро» баспасынан итальян тілінде жарық көрді. Бұл туралы Қырғызстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі хабарлады.
Қырғыз жазушысының шығармасы итальян жұртшылығын оқиғалардың күтпеген құбылуымен және мәңгілік философиялық шындықтарды терең түсінуімен қызықтырды. Бұл Федерико Пасероның аудармасымен итальян тілінде жарық көрген Сұлтан Раевтың алғашқы романы.
«Топан» – бүгінгі күннің шындығын терең бейнелейтін сан қырлы философиялық астарлы әңгіме. Жазушы Нұх пайғамбар заманындағы үлкен топан су біздің күндерімізде қайталанса не болады деген сұрақты алға тартады. Метафоралық романда шын мәнінде қазіргі Ұлы Топан судың болғаны, тек адамдар теңіз суына емес, моральдық күйреу мен құлдырау мұхитына батып бара жатқаны айтылады.
2017 жылы роман Швецияда өткен халықаралық әдеби фестивальде «Үлкен проза» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алды. Бұған дейін Мәскеуде орыс тілінде, Ташкентте өзбек тілінде, Бакуде әзірбайжан тілінде жарық көрген. Жарияланған романның тұсаукесері ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі