АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ НАРРАТИВІ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
(Ұлт руханиятының классигі)
Бұл жазба қазақ дүниетанымыныңрухани-танымдық арнасын кеңейткен, ұлттық мәдениеттің семиотикалық жүйесінтерең саралап, дала өркениетінің концептуалдық негіздерін ғылыми тұрғыдан жаңадеңгейге көтерген Алаштың аяулы азаматы, қазақ тану ілімінің қара нары,этнограф-жазушы, әдебиеттанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы,профессор Ақселеу Сейдімбек Сланұлына арналып отыр.
Ақселеу Сейдімбек – қазақ этномәдени болмысының табиғатын ғылыми жүйелілікпен талдаған, дала философиясының іргелі ұғымдарын әлемдік гуманитаристика кеңістігіне енгізе білген ерекше құбылыс. Оның еңбектері – этнография, тарих, фольклор, өнертану және мәдениеттану салаларының тоғысындағы синтездік зерттеулер.
«Ұлы даланың дара тұлғасы» атты бүгінгі кеш – ұлттың мәдени кодын тереңнен таразылаған ғалымның ғылыми мұрасына құрмет қана емес, өзіміздің тарихи жадымызды жаңғыртып, рухани тұтастығымызды қайта пайымдауға арналған мүмкіндік. Бұл – қазақ даласының мәдени-өркениеттік келбетін тануға бағытталған ойлы сұхбат алаңы деп білеміз.
БАЛА АҚСЕЛЕУДЕН, ДАНА АҚСЕЛЕУГЕ
Әрине, бір ғана баяндамада ғалымның сан салалы зерттеулері мен мол ғылыми мұрасын толық қамтып шығу мүмкін емес.
Жаңарқаның жусанды жазығында дүниеге келген қарапайым ауыл баласының жастайынан қоғамдық-мәдени ортаға араласуы, кәсіби қалыптасуы, сондай-ақ журналистика мен ғылыми-зерттеу салаларындағы көпқырлы еңбегі – оның тұлғалық кемелденуінің маңызды кезеңдері ретінде бағаланады. Ғалымның жүздеген мақаласы, толассыз толғаныстары, жылдар бойғы жинаған деректері – барлығы да халық жадын жаңғыртуға, ұлттың бойына сіңген көне қасиетті қайта оятуға бағытталған рухани еңбектің жемісі.
Шынында, Бала Ақселеуден дана Ақселеуге дейінгі жол – қарапайым био-графия емес. Бұл – ұлттың өз көлеңкесінен шығып, үлкен әлемге тәуелсіз оймен қарауға бет алған жолы. Ақселеу сол жолда даланың үнін, халықтың сырын, ұрпақтың аманатын қағазға көшірген бірегей шежіреші болды.
Оның қаламынан туған әрбір дүние – тек ғылыми тұжырым ғана емес, ұлттық сананың жаңа тынысын ашқан публицистикалық серпіліс деп түсінеміз.
ҰЛТТАНУШЫ ҒАЛЫМ
Қазақ руханиятында бір ғана салаға сыймайтын, бір ғана арнамен шектелмейтін ерекше тұлғалар болады. Солардың бірі – Ақселеу Сейдімбек. Ол – әдебиеттанушы, этнограф-жазушы, ғалым, тарихшы-философ, публицист, аудармашы. Бір адамның бойынан осыншама қырдың табылуы – тек зиялылықтың белгісі ғана емес, туған халқының рухани әлеміне терең бойлаған кемелдіктің көрінісі.
Ақселеу ең алдымен – әдебиеттанушы. Оның фольклортану мен әдебиеттанудағы тұжырымдары ұлттық сөз өнерін контекстуалдық және құрылымдық талдау тұрғысынан жаңаша түсіндіруге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар ол – этнограф-жазушы. Оның прозалық шығармаларына үңілсең, көшпелі жұрттың болмыс-бітімі көз алдыңа келеді. Киіз үйдің иісі, қоңыр даланың тынысы, бабалардың сөзі – бәрі Ақселеудің дүниетанымынан сүзілген қалпында жарқырап көрінеді. Ол этнографияны құрғақ ғылым емес, халықтың жүрек соғысын танытатын тірі құбылыс ретінде көрсеткен тұлға.
Ақселеу – ғалым. Оның «Қазақтың ауызша тарихы» сияқты еңбектері ұлттық ғылымды дербес бағытқа қарай бұрған іргелі зерттеулер санатына жатады. Ол қазақтың тарихи жадын жаңғыртып, ұлттың өзін-өзі тануына мүмкіндік берген ғылыми дүниелерді қалыптастырды.
Ол – тарихшы-философ. Ақселеудің философиялық пайымдары дала өркениетінің уақыт пен кеңістік туралы ұмытылған түсініктерін қайта жаңғыртты. Айтқан сөздері мәдени кодқа, ұлттық мінезге, тарихи сабақтастыққа бағытталған терең ойларға толы.
Ақселеу – публицист. Оның әр мақаласында ұлттық мүдде, рухани жаңғыру, тіл тағдыры, мәдени тұтастық мәселелері көрініс табатын. Ол сөзін ұранмен емес, уәжбен айтты; эмоциямен емес, біліммен білдірді. Сондықтан оның публицистикасы – қазақ қоғамын ойландырған ірі интеллектуалдық құбылысқа айналды.
Аудармашылық ерекшелігін айтар болсақ, Ақселеу Сейдімбек тілдік дәлдікпен қатар мәдени сәйкестікті қамтамасыз етуге, авторлық ой мен дәстүрлі ұлттық мазмұнды үйлестіруге ерекше көңіл бөлді.
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ КЕШЕНДІ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ МҰРАСЫ
Ақселеу Сейдімбек — қазақ этномәдени дәстүрінің тұғырлы теоретигі ретінде қазақ руханиятының кең ауқымды арналарын жүйелі зерттеп, ұлттың төлтума болмысын ғылыми һәм көркемдік тұрғыдан терең зерделеген тұлғалардың бірі. Оның шығармашылық мұрасы жанры жағынан да, тақырыптық бағыты жағынан да сан қырлы: көркем әдебиеттен бастап этнографиялық очеркке, ауыз әдебиеті мен күйшілік мұраны зерттеуден кәсіби аударма мен музыка өнеріне дейінгі кең өрісті қамтиды. Алайда бұл саналуандықтың астарында біртұтас идея – қазақ әлемінің тұтас келбетін ғылыми және көркемдік деңгейде таныту мақсаты жатыр.
Ғалымның «Қазақтың ауызша тарихы»,«Күңгір-күңгір күмбездер», «Қазақ әлемі» еңбектері қазақ мәдениетін тұтас жүйе ретінде қарастыруға арналған методологиялық жаңа қадам болды.
«Қазақ әлемі» концепциясының негізгі қырлары:
— Ұлттық болмыстың тұтас моделі:Қазақ дүниетанымы кеңістік, уақыт және табиғатпен үйлесімді қатынас арқылықалыптасатыны көрсетіледі.
— Көшпелі өркениеттіңфеноменологиясы: Еркіндікке ұмтылыс, кеңдікке сүйіспеншілік, табиғатпенгармония ұлттық мінездің негізі ретінде талданады.
«Қазақ әлемі» еңбегі этнография, тарих және философияны біріктірген ұлттық ілім ретінде танылады. Оның күй өнеріне арналған «Күй шежіре», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың әйгілі күйшілері» атты зерттеулерінде қазақ музыкасының генезисін, ладтық-әуездік құрылымын, стильдік айырмашылықтарын терең талдайды:
— Қазақ күйлерін аймақтықмектептерге бөлу жүйесін ғылыми негіздеді.
— Тарихи күйлер мен олардың шығуаңыздарын толық топтастырды.
— Музыкадағы этноэстетикалықкодтарды анықтады.
Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінің атауының үнемі «қазақ» деп басталуы – жай ғана стильдік ерекшелік емес, оның ғылыми-зерделеу бағыты мен өмірлік миссиясының негізгі символы әрі нәтижесі болып қала бермек.
ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КЕҢІСТІК ПЕН РУХАНИ САБАҚТАСТЫҚ:
Ақселеу Сейдімбек және әлем халықтарының этнограф-жазушылары
Ақселеу Сейдімбектің ертегілерін сөзге қоспағанда-ақ, оның алты повесі мен он бір әңгімесі бар. Бұл туындылардың әрқайсысы – қазақтың рухани әлемін, дала болмысын, адам табиғатын тереңнен танытатын шынайы көркем дүниелер. Осы шығармалардың мазмұндық байлығы мен көркемдік қуаты Ақселеу Сейдімбекті тек қазақ әдебиетінің аясында ғана бағалауға болмайтынын көрсетеді. Өйткені ол ұлттық әдебиеттің шеңберінен шығып, әлемдік этнографиялық ой мен көркемдік дәстүрге табиғи түрде қосылған, шығармашылық өрісі кең тұлға ретінде тануымыз керек.
Сейдімбектің туындыларында дала адамының табиғатпен етене байланысы, аңшылыққа тән ерекше этика, рулық мифологияның терең қатпарлары мен жер мен аспан арасындағы космогониялық үндестік өзара астасып жатады. Бұл сарындар дүниежүзілік этнограф-жазушылардың ең таңдаулы шығармаларымен үндес келуі де тегін емес. Сондықтан да Ақселеу мұрасын әлем әдебиеті контекстінде зерделеу – қазақ әдебиеттануы үшін маңызды міндет.
Біріншіден, табиғат – жансыз орта емес, тірі организм, ал адам – сол тұтас дүниенің бір бөлшегі ғана.
Екіншіден, Аңшылық – қарапайым кәсіп емес, адамның рухани шыңдалуына арналған өнер.
Үшіншіден, жазушының басты міндеті – уақыт шаңына көміліп, жоғалу қаупінде тұрған дәстүрлерді тірілтіп, ұрпақ санасына қайта дарыту.
Міне, осы көзқарастардың тоғысуы Ақселеу Сейдімбек еңбектерінің мазмұндық ауқымын ұлттық деңгеймен шектемей, оларды кеңірек әлемдік әрі жалпыадамзаттық рухани кеңістікпен сабақтастыра түседі.
Жазушы туындыларындағы аңшы бейнесі – «табиғат заңын түсінуші», «жаратылысқа құрметпен қараушы» архетип.
Бұл әлем әдебиетіндегі:
— үндіс мифологиясындағы «рух жолынан өтуші»,
— скандинав дәстүріндегі «табиғатпен келісім орнатушы»,
— түркілік «дала абызы» архетиптерімен үндес.
Ақселеу кейіпкерлері салттық тыйымдарды бұзбайды, жаратылыспен рухани келісімде өмір сүреді. Бұл – Хаймийостс Стормның «Жеті оқ» шығармасындағы рухтық ритуализммен де, Спенстің мифологиялық баяндауларымен де сабақтас.
Ақселеу прозасының терең қабатында – ұлттың жадын сақтау міндеті тұр:
— жоғалып бара жатқан аңшылық терминологияны,
— салттық ұғымдарды,
— кәсіптік детальдарды,
— кеңістік моделін,
— рухани категорияларды көркем мәтінге енгізу арқылы қазақ болмысының мәнін сақтап қала алды.
Бұл тұрғыдан ол әлем әдебиетіндегі өз халқының мәдени кодын көркем түрде қайта қалпына келтіруші Шульц, Спенс, Шклярский сияқты авторлармен бір деңгейде десек артық айтқандық емес.
Ақселеу Сейдімбек шығармашылығы:
этнографиялық реализмді, мифопоэтикалық құрылымды, табиғат философиясын, ұлттық жады поэтикасын бір арнаға тоғыстырған әлемдік деңгейдегі әдеби феномен болып табылады.
Сондықтан, Ақселеу Сейдімбектің шығармашылық дәстүрі әлем әдебиетіндегі этнографиялық-мифопоэтикалық бағыттың ұлттық қазақ нұсқасы ретінде орнығып отыр.
Ақселеу Сейдімбек шығармашылығы әлем әдебиеті контекстінде төмендегі үш ірі бағыттың тоғысынан тұрады:
1) Этнографиялық реализм – Джеймс Уиллард Шульц «Бүркіт аулаушы», Джеймс Купер «Могиканның соңғы тұяғы», «Былғары шұлық» – ұлттық болмысты тарихи-мәдени нақтылықпен суреттеу.
2) Мифопоэтикалық проза – Хаймийостс Сторм «Жеті оқ», Льюис Спенс «Солтүстік америкалық үндістердің аңызы», Лью Шклярский «Алтынның қарғысы» – архетиптер, салттық символдар, табиғат рухының рөлі.
3) Философиялық-экологиялық әдебиет – Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз», Майн Рид «Бұғылар елі», Джек Лондон «Ақ азу»,Шыңғыс Айтматов «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет»– табиғатпен рухани байланыс.
Осы үш бағытты қазақы өркениетпен тоғыстыра отырып, Ақселеу әлемдік әдебиетте баламасы жоқ дала прозасының жаңа моделін қалыптастырды.
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ПЕН ДЖЕЙМС УИЛЛАРД ШУЛЬЦ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЭТНОМӘДЕНИ БЕЙНЕЛЕУ МОДЕЛЬДЕРІ
Ақселеу Сейдімбек қазақ даласының кеңдігі мен адам жүрегінің кеңдігін суреттесе, Шульц батыстың табиғаты мен адамның шынайы ерлігін көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, екі шығарма да адам мен табиғат арасындағы үйлесімділік, батылдық пен ізгілік туралы ойды насихаттайды.
«ТАУҒА БІТКЕН ЖАЛБЫЗ» Жанр – этнографиялық проза
Тақырыбы – адам мен табиғат арасындағы қатынас.
Идеясы – табиғаттың құдіреті, (catharsis) – рухани тазару, ұрпақ сабақтастығы мен мәңгілік өмірдің табиғатта ғана бар екендігі
Басты образ – Тарақты руынан шыққан жас бүркітші, батыл әрі табанды, аңшылыққа құштар.
Саңғыру тауы – шынайы этнографиялық объект. Жауынгерлік дәуірде – Найзатас (жауға қарсы қарауыл тұратын жер). Бейбіт заманда – Саңғыру (бүркіт саңғырығынан ағаратын тау).
Киелі кеңістік (Бүркіт ұясы) – адамдық құмарлық (бүркіт балапанын қолға үйретсем деген ежелгі аңшылық инстинкт).
Бүркіт – рухани күш, еркіндіктің архетипі, көктегі әлеммен байланыс.
Бүркіт балапаны – келешек ұрпақ, табиғаттың жалғасы.
Әжесі – кейіпкердің бала кезін еске түсіру.
Рухани сынақ – құздан түсу, бүркіт ұясын көруі.
Жалбызды алу – тез өсетін, бірақ тез солатын. иісі ғана қалатын өсімдік. ана махаббаты, адам өмірі – өткінші, (естелігі, рухы) мәңгі қалады. Ана архетипінің өсімдіктегі көрінісі.
«БҮРКІТ АУЛАУШЫ»
Жанр – этнографиялық проза
Тақырыбы – табиғатпен рухани үндестік
Идеясы – мәдени құндылықтарды, табиғатпен үйлесім
Басты образ – Қарааяқ тайпасынан шыққан Питамакан атты жас бүркітші, батыл әрі табанды, аңшылыққа құштар.
Бүркіт – еркіндік, рухани күш, күн құдайының елшісі. Бүркіт – кейіпкердің ішкі түйсігін оятушы күш
Тау (Рокки таулары) – қасиетті кеңістік, сынақ қабаты, ерлікке апарар жол.
Әжесі – қатал, дәстүрлі. Олар арқылы матриархалдық элементтер көрінеді.
Рухани сынақ – түнде жалғыз құзда қону.
Бүркіттің қауырсынын алу – бүркіттен бата алу
Параллелизм – Қарапайым зат – арқан.
1. Материалдық құрал;
2. Рухани байланыс, аталарының рухына жалғайтын жіп
Символизм – бүркіт – асқақ рух, биіктік
Ол бүркіттің аяғына былғарыдан жасалған сәнді жіптерді (белгілерді) байлады. Әрбір жіптің түсі мен түрлі тоқу әдісінің мағынасы бар: бұл құс қанша аң ұстағанын, иесінің қаншалықты батыл екенін көрсетті.
Бұл – классикалық инициация (өтпелі кезең) бозбала тауға шығып, өмірдің мәнін түсініп, ересек адам болып қайтады. Бүркіт балапанын алмауы – оның (catharsis) рухани тазаруы мен жеңісі.
Арқан – өмір мен өлімнің арасын жалғап тұрған этнографиялық деталь.
Параллелизм – Әже – рухани қорған, Бүркіт – физикалық қорған. Бірақ миссиясы бір – ұрпақ амандығы.
Символизм – жалбыз – нәзіктік, мейірім, жұпар иіс, туған жер. Тау – биіктік, тектілік, күш, қорған. Бұл екеуі бірге – ұлттық рухтың тұтас моделі.
Екі автор да өз мәдениетінің ішкі кодын ашып, табиғат алдындағы адамның орнын көрсетеді. Екі шығармада да жас кейіпкерлердің биік тауға шығуы – рухани өсудің метафорасы. Әдеби бағыты: Экзистенциалдық мәселе: адамның табиғат алдындағы жауапкершілігі. Ең терең ұқсастық: екі шығармада да бүркіт – рухани жетілудің өзегі, жас адамның ішкі түлеуінің катализаторы.
АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ТАНЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ИДЕЯСЫНЫҢ КОНЦЕПТУАЛДЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Ұлттық идеяның өзегін құрайтын төрт негізгі категория – ұлттық код, ұлттық менталитет, ұлттық сана және ұлттық мінез. Ұлттық код – ұлттың тарихи жадында сақталған мәдени-рухани ақпараттар жиынтығы болса, ұлттық менталитет – халықтың дүниені қабылдау ерекшеліктерін айқындайтын ойлау жүйесі. Ұлттық сана – өткенді тану мен болашақты бағдарлауға бағытталған рухани серпілістің өлшемі, ал ұлттық мінез – ұлтқа тән әдеп, болмыс пен жүріс-тұрыстың кешенді көрінісі. Осы төрт ұғым өзара сабақтасып, ұлттық идеяның негізін қалыптастырады және қоғамның рухани қауіпсіздігі мен мәдени тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты факторларға айналады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Ақселеу Сейдімбек – тек жазушы не зерттеуші ғана емес, қазақ руханиятының жүгін арқалаған дара тұлға. Ол технократиялық дамудың ұлттық болмысты жұтып бара жатқан күрделі кезеңінде рухани мәңгүрттікке қарсы үздіксіз күресудің қажет екенін атап көрсетеді. Ұлтты сақтайтын – оның төлтума мәдениеті екенін дәлелдеп, өткеннің асыл қазынасын болашаққа жеткізуді қасиетті миссия деп білді.
Сондықтан Ақселеу Сейдімбек – қазақтың соңғы аңыз-абыз жасаушысы, дала философиясының тірі үні, ұлт рухының мәңгілік қорғаушысы. Оның мұрасы ғасырлар бойы әлемдік әдебиеттің төрінен орын алып, әрбір ұрпаққа «ұлт деген кім?» деген мәңгілік сауалдың ең шынайы жауабын ұсынып қала бермек.
Ұлы ғалымның кешегі кеңестік дәуірдегі «халықтық» емес, бүгінгі таңдағы «ұлттық» категорияны күшейтуге бағытталған зерттеулері ұлттық сананы дамытудағы маңызды механизм ретінде өз қызметін жалғастыра бермек.
Серікбол ҚҰСАЙЫНҰЛЫ,
Абай атындағы ҚазҰПУ аға оқытушысы,
PhD, қауымдастырылған профессорміндетін атқарушы