ЖЕТІСАЙДА ГРЭППЛИНГТЕН ОБЛЫСТЫҚ АШЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТТІ

Білім Жастар Мәселе Саясат Спорт Уақыт Қоғам
30 Views

Жетісай ауданында «1 наурыз – Алғыс айту күні» мерекесіне орай спорттың грэпплинг түрінен «AIGA» нұсқасы бойынша балалар, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында облыстық ашық чемпионат өтіп, спортсүйер қауымға тартысты бәсекелер сыйлады.

Грэпплинг спортын кеңінен дамыту, жас буынды спортқа баулу, болашақ чемпиондарды анықтау және спортшылар арасындағы тәжірибе алмасуды нығайту мақсатында ұйымдастырылған жарысқа аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен Түркістан облысы бойынша панкратион және грэпплинг (АІGА) федерациясының президенті Асқар Айымбетов, аудан прокурорының орынбасары Бауыржан Омаров пен «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев қатысып, жастарға сәттілік, төрешілерге әділдік тіледі.

Салауатты өмір салтын насихаттап, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік берген дүбірлі додаға облыстың қала-аудандарынан 351 спортшы қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Әр салмақ және жас ерекшеліктері бойынша өткен белдесулерде спортшылар жоғары дайындықтарын, тактикалық шеберліктері мен төзімділіктерін көрсетіп, батылдықтарымен көзге түсті. Тартысқа толы кездесулер көрермендерге ерекше әсер қалдырып, жарыстың көрігін қыздырды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан тағайындалған дипломдармен, медальдармен және чемпиондық белбеулермен марапатталды.

Айта кетейік, жоғары деңгейде өткен байрақты бәсекеде жетісайлық жас спортшылар 12 алтын, 13 күміс және 8 қола медаль иеленіп, алдыңғы қатарлардан көрінді.

Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан жекпе-жек түрлерінің бірі саналатын грэпплинг бойынша өткен бұл чемпионат – бұқаралық сипат алып, жастар арасында кеңінен таралуына ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай жарыстар өңір спортының дамуына серпін беріп, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын чемпиондарды дайындауға жол ашады.