Тарих көші жылжыған сайын ұлы тұлғалар бұрынғысынан да биіктеп тұлғалана береді. Әрірек тереңдесек – Әбунасыр әл-Фараби, Әзіреті Сұлтан атанған Қожа Ахмет Ясауи, беріректе Төле би, Жабай ата, Бекасыл әулие, Құртқа тәуіп болып жалғаса береді. Қалай айтсақ та қазақта қасиет қадірімен, киелі құдыретімен халықтың құрметіне бөленген ерекше тұлғалар жетерлік. Солардың арасынан тепсе темір үзетін шағында ер Жабай кісілік келбетін тапқан кезінде әулие Жабай атанған тұлғаның орны бөлек. Мұндай тұлғалар туралы айтарда алдымен ата-бабамыздан тәберік болып қалған «Екі дүниеңді берсін!» немесе «Екі дүниеңді жарылқасын!», «Екі дүниең жарық болсын!» деген астары терең сөздерді еске алғанымыз жөн болар. Шүкіршілік, байыптап барлағанға мына жарық дүниеде елге, жерге, адамзатқа қызмет еткен тұлғаларымыз аз емес. Олардың есімдері ел аузында сақталып, тарихымызда таңбаланып қалған. Ата-бабаларымыз ондай қасиетті тұлғаларымызды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, киелі есімдерін ұмытпай, тағылымдық тәрбиенің тұтқасына айналдырып келеді. Олардың аты-жөндерін тізбелеп, санамай-ақ қояйық. Халықтың көкейінде өшпестей болып жарқыраған, жадында жатталып қалған дара тұлғалар жетерлік. Ал, бақилық дүниесінде де ай сәулесі мен күн нұрындай төгіліп, тірі жүрген жандарға киесі мен шарапатын тигізетіндер некен-саяқ. Сол сиректердің қатарында қасиетті Сіргелі Жабай атаның жұлдызы жарқырап тұр. Біз алдымен киелі бабаның көзі тірісіндегі қасиеті мен кереметтерін, тарихи тұлғасын көпшіліктің назарына ұсынайық.
Сіргелі Жабай Қазыбекұлы ұрпақтары таратқан шежіре мен тарихи деректерге сүйенсек, 1728 жылы өмірге келіп, 1810 жылы бақилық болған. Баба өмірін зерделеп зерттеген Еркебай Бүрлібайұлы мен Ерген Махатбайұлының жазуынша, оның кіндік қаны Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау елді мекені маңына тамған. Түпкі тегі Бораш мырза атанған ұлы бабадан тарайды. Ол кісіден Құбасай туылған. Сіргелі атауы осы Құбасай аталған тұлғаға тікелей қатысты екенін де оқырманның есіне сала кетсек жөн болар. Құбасайдан Райыс би, оның ұрпақтары Ақсиық, Таңатар, Тәжімбет, Әжімбет молда, Алыбай батыр, Есназар, Шорман, Қараша, Қазыбек қажы, Жабай атаға тікелей келіп тіреледі.
Сіргеліден тарайтын Жабай атаның шыққан тегі қалың қазақтың қабырғалы көне руларының бірі. Аңыз бен нақты деректерді ұштастыра қарасақ, Ойсыл (кей деректерде Ойсын) ұрпақтары іргелі ел екені әйгілене түседі. Солардың арасынан шыққан Бораш мырза хан әскерінің қызметінде қолбасшы лауазымында болған. Бұл жазба дерек емес, шындыққа жақын шежірелік аңыз. Оның шындыққа жақындығын Л.Гумилевтың «Хұндар» (Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1988 жыл) кітабынан табамыз. Онда Сіргелі тайпасы мен одан тарайтын кейбір рулар туралы айтылады. Әбілмәжін Жұмабаев пен Пернебек Бейсенов аударған нұсқада былай деп жазылады: «Сіргелі – тайпа, Ұлы жүз құрамындағы 12 арыс елдің бірі. Қазақтың барлық шежіре деректеріне қарағанда Үйсінмен бірге туған… Бізге жеткен жазба деректерде Сіргелі атауы алғаш рет Рузбеханның «Михман наме-и Бухара» шығармасында ХV ғасырдың аяғынан ХVІ ғасырдың басынан белгілі. Мұнда қазақтар Итильдің (Еділдің) бойында көшіп жүрді» деп нақтылай түседі. Бұдан ары қарай Л.Гумилев ертедегі жазба деректерге сүйеніп: «Ноғайлыда аталатын бір тайпаның бірі – Сіргелі» деп жазады. Демек, сол ғасырдағы белгілі тайпалардың бірі болса, онда Сіргелі тарихы тым тереңде жатқаны күмәнсіз. Бұған қоса Сіргелі ұрпақтарының Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кеткенін айтсақ та жеткілікті. Сіргелі Елшібек батырдың ұрпақтары Екібастұз маңында өмір сүріп жатқанын біреу біліп, екеу білмейтіні анық. Сол маңда Сіргелі тоғайы, Сіргелі құдығы, Семейдегі Абыралы ауданында – Сіргелі төбесі, Солтүстік Қазақстан облысының Шоқан Уәлиханов ауданында үш бірдей Сіргелі ауылы болғаны белгілі.
Өзбекстаннан Худоерхонзода авторлығымен шыққан «Анжум ат-таворих» атты өзбек тіліндегі мұрағаттық зерттеу кітабында Абылай хан қалмақ шайқасынан кейін Дулат, Сіргелі елдеріне Ташкент төңірегіндегі жерлерді бөліп бергені баян етіледі. Атап айтқанда, Ташкенттің шаһарын төртке бөліп, соның Шайхантәуір бөлігін Сіргелі еліне беріпті. Бұл қалмақ-жоңғар соғысына Сіргелі елінің үлкен үлес қосқанын көрсетеді.
Қазіргі Қызылорда облысының аумағындағы Талас өзенінің табанынан Түгіскен жеріне қарай «Бозарық» деген канал суы ағады. Осы каналдың қазылуына Сіргелі руының азаматтары көбірек еңбек сіңіргендіктен, кейінірек сол су жүйесі «Сіргелі арығы» деп аталған. Ол араны Сіргелі Керімқұл датқаның ұрпақтары әлі күнге қоныс етіп келеді.
Өзбекстан аумағында да Сіргелі руына қатысты жер мен ел атаулары жиі кездеседі. Кеңес дәуірі кезінде Ташкенттің батыс жағынан салынған темір жолдың бойындағы бір разьезге 12 ата рулы елдің түпкі атасы атанған Құбасайдың аты берілген еді. Өйткені, Сіргелінің түпкі бабасы саналатын адамның мәйіті сол жерде жатқаны белгілі. Разьезд де Құбасайдың атымен аталатын. Бұл атау өзбек ағайындардың бұрмалауымен 1970 жылдардан кейін алынып тасталды. Дегенмен сол кездері сызылған темір жол картасында «Құбасай разьезі» деген атау сақталып қалған. Іздегенге архивтерден бұл картаның табылары сөзсіз.
Кеңес дәуірі кезеңінде Ташкенттің Қойлық базарына қарайғы бағытында Сіргелі атымен аталатын шағынаудан болатын. Қазір өзбек ағайындар оның да атын өзгертіп, «Сиргали» («Сырғалы») деп атап жүр. Дегенмен бүгінге дейін сол жерде өмір сүретіндердің арасында «Біз Сіргелі ұрпақтарымыз» дейтіндер әлі де кездеседі.
Сіргелінің іргелі ел, көне тайпалардың бірі екені әйгілі Шапырашты Сүйінбай ақын мен қырғыз жырауы Қатағанның айтысында да айтылады:
«…Одан да ары Сіргелі,
Ол да бір жұртым іргелі.
Батырлары шетінен,
Теке жәуміт мінгені.
Дүниенің қызығы,
Тамаша дәурен сүргені, –
дейді от ауызды, орақ тілді Сүйінбай жырау.
Осыдан-ақ Сіргелінің қазақ арасындағы ірі тайпалардың бірі екенін айқын аңғаруға болады. Сүйінбайдың бұл айтқанын әңгіме арқауына айналған рудың бас ақыны атанған Төлеш «Сөз айтсам он екі ата Сіргеліден» деген толғауында тірілте түседі.
Сөз айтсам он екі ата Сіргеліден,
Жұрт еді кең тараған ілгеріден.
Бұл елде батыр да мол, дана да мол,
Айтайын мен соларды жөн-жөнімен.
Елімнің бір бұтағы – қос Көңірдек,
Мұны айтсам қалар көңіл бір жеңілдеп.
Қара да дара туған Олдан бабам,
Айтады оны Сіргелінің басы еді деп.
Байшора, Бекен менен Қарқара бар,
Назар мен Малшорасы тағы да бар.
Кейінгі қос баһадүр Балта, Қылыш,
Жолдасы Кенекемнің Малқара бар. (Кенекем дегені Кенесары-автор.)
Бұлармен қатар өткен Пошан датқа,
Елге бас, пана болған әмбе жұртқа.
Қоқаннан бар қазақты бөлемін деп,
Бағынбай өтті өмірден кірме сартқа.
Ішінде Ақкөңірдек Тайлақ батыр,
Жолдықара, Дәндібай бұ да батыр.
Қаранай, Жанкелді мен Қасқа, Серік,
Тізе берсем көп боздақ сөзге татыр.
Ақкөңірдек Елшібек, Сырымбеттен,
Кім асқан Малай, Матай, Құлымбеттен.
Байжігітте Тоғанас пен Сиқымбай тұр,
Қозыкемді айтайын Амалдық пен.
Есімхан мен үзеңгілес Алыбайым,
Жаудан беті қайтпаған Толыбайдың.
Батыр, Жайдақ атанған бұл екеуі,
Сол Жайдақтан нар шықты ер Даубайым.
Сөз етсем Шалдардағы Бөбейімді,
Кем тұтпан ешбір ерден Көбейімді.
Айтбозым Байтемір бар Сақалайдан,
Елібай – Сәлімбай мен Өтейімді.
Атасы Қайшылының Сауқым, Сопы,
Бердіқұл, Жылкелді мен Қауқым, Қоқы.
Самырат Жаңабай да өзгеше еді,
Ертеде елден асқан даңқты Жөкі.
Бурадан Бектеміс пен Есенгелді,
Есім, Төбет, Жақсымбет, Жақсыгелді.
Тілеулі жастайынан батыр болып,
Атағын Қарабатыр иеленді.
Сапақ бар жолдас болған Пошанменен,
Ер Шойбек, Қосым, Әйтек, Досанменен.
Сіргеліні Шыршық, Шаян жиямындеп,
Көп тартысты Алайдағы Қоқанменен.
Тізбелеп жырлай берсем шешенім көп,
Қол бастап, жау қашырған көсемім көп.
Барлығын қалай айтып тауысайын,
Даңқты аты шыққан ерлерім көп.
Бұзылмай үш қазақтың қайманасы,
Әуелеп таси берсін мейманасы.
Сөз етсем батырларын бұл қазақтың,
Әруақты сыйламас қай баласы.
Бұл толғауда он екі ата Сіргелі тайпасының алпысқа жуық тарихи тұлғаларының есімі аталған. Олардың арасынан Абылай хан заманындағы әйгілі мыңбасы Қарабатыр атанған Тілеулі бабаның есімін ерекше атауға болады. Мағжан ақынның «Батыр Баян» поэмасында «Сіргелі шапшаң оқтан ер Елшібек» деп жырға қосылатын батырдың даңқы бүгінге дейін ел аузынан түскен емес. Сондай-ақ Сіргелі тайпасынан шыққан атағы алысқа кеткен, даңқты тұлғаларының бірі әрі бірегейі Жабай Қазыбекұлы.
Қасиетті Жабай ата Сіргелі тайпасының Алыбай (Батыр), Толыбай (Жайдақ) тармағынан тарайды. Ел басына күн туған арпалыс заманда Алыбай батыр інілері Толыбай мен Қалыбайды соңынан ертіп, қазақ ханы Еңсегей бойлы ер Есімнің жасағына қосылады. Ол 1626-1627 жылдары Қара Ертіс бойында болған қазақ-қалмақ соғысында көзге түсіп, жасақ басшысы дәрежесіне көтеріліп, қол бастайды. Оның ерлігіне сүйсінген Есімхан: «Алыбай ерім, сен енді еліңнің батыры атандың» деп жұрт алдында сый жасап, марапаттайды. Содан кейін жұрт Алыбайды «Батыр», жауға жайдақ атқа мініп шапқан Толыбайды «Жайдақ» атап кетеді. Ер Жабай сол Алыбайдың тікелей ұрпағы.
Сіргелі Жабайдың бойындағы ерекше қасиетін оның бала кезінде-ақ хандардың ханы аталған ұлы тұлға Төле би байқаған деген дерек бар. Бұл деректің шындығына ешкім күмәнданбаса керек. Өйткені, Ташкенттің жеке дара билеушісі болған қазақтың төбе биі өзінің құзыретін көне шаһарға ғана емес, Алатау мен Қаратаудың арасындағы қалың жұртқа жүргізетін. Хандар мен батырлар, рубасылары оның келісімінсіз ел басқару мәселелерін шеше алмайтын. Әрі әділ, әрі тереңнен толғайтын кемеңгер би қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз арасында биік бедел мен абыройға ие еді. Сондықтан да еларалық, ұлысаралық, руаралық маңызды мәселелер оның тікелей араласуымен шешімін тауып жататын. Сол кездері Жабайдың әкесі Қазыбек те Сіргелі жұртының мүддесін күйттеп ұлы бидің алдына талай рет барғаны жөнінде ел аузында әңгімелер сақталған. Сондай сапарлардың бірінде бала Жабайды әкесі атқосшыларына қосып ерте кетеді. Көрегендік қасиеті бар Төле бидің назары жасөспірімге түсіп, оның болмыс-бітімінен, көз жанарынан киесі барын аңғарады. Аңғарады да ішкі сырын көңіліне түйіп қояды. Бұл оқиға жөнінде көненің көзі болған марқұм Сарқұл Ысмайылұлы ақсақалдың айтуынша Төле би бала Жабайға ойлана қарап тұрып: «Мына баланың несібесі артық жаралған екен. Алла қаласа, қасиетті кісі болады. Екеуміздің қабіріміз Ташкентте болар. Бұл баланы бәле-жаладан, тіл-көзден аман сақтаңдар» – деп бата жасаған көрінеді. Бұдан кейін де олар бір-біріне жолығып жүріпті.
Қазақтың төбе биінің Ұланбике деген қызы Сарығаш өңіріне келін болып түскен еді. Одан туылған жиені Ескелдіден кемеңгер би үлкен үміт күткендігі шежірелік аңыздарда жиі айтылады. Осындай жағдаятпен Төле би Сары жылға мен Әлімтау өңіріне атбасын жиі бұратын болған. Қазыбек батырдың да ауылында қонақ болып, буыны бекіп келе жатқан Жабайға сын көзбен қарап жүреді.
Сіргелі Жабайдың әкесі Қазыбек Қарашаұлы да өз заманының айтулы азаматы, жауырыны жер иіскемеген палуан болыпты. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында ел қамын жеген ерлердің бірі екен. Ташкентті билеп тұрған Төле бимен тығыз қарым-қатынас жасаған.
Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың тікелей тапсырмасымен Өзбекстан елінің тарихы мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан ғалымдар, әулие-әмбилер туралы ауқымды зерттеу жүргізіліп, жүріп өткен өмірі, олар туралы аңыз-әңгімелер жинақталды. Зерттеу нәтижесінде, Ташкент қаласынан өзбек тілінде «Тошкентнинг Табаррук зиератгохлари» кітабы жарық көрген екен. Бұл кітапта Ташкент шаһарындағы әулие-әмбилер туралы жазылған. Кітаппен танысу барысында Жабай бабамыз туралы құнды дерек табылды. Бұл жерде өзбек халқы бабамызды әулие деп көрсетіп, Қоқан хандығында қабылдауда болғанын айтып кетеді. Сол мәтінді өзбекшеден қазақшаға аударып көрдік:
ЖАБАЙ АТА
(Қазыбекұлы Жабай әулие)
(1728-1810)
(Шайхантауер ауданы, Көкше махалләсы,
«Шайх Зайниддин баба» қабірстаны)
Сіргелі Жабай атаның әкесі Қазыбек қажы өте білімді, шешен кісі болған дейді. Сол уақыттағы Ташкент қаласының басшысы Қазыбек атаны Қоқан хандығына бара жатқан елшілердің басшысы етіп тағайындап жібереді. Бұны есіткен тоғыз жасар ұлы Жабай да өзін көппен бірге алып кетуді әкесінен өтініп сұрайды. Әкесі рұқсат бермеген соң бала Жабай керуеннің артынан жасырынып еріп, Қоқан қаласына жол тартады. Елшілер Қоқан шаһарына кіре бергенде Қазыбек баласының еріп келе жатқаны туралы хабарды естиді. Ханның уәзірлері елшілерді үш күннен соң қабылдайтынын айтады. Сол күні түнде ханның түсіне еніп, еліне жас бала болып әулие келгені, сол құлағында кесік белгісі бар екені аян береді. Хан ерте тұрып, қызметкерлеріне алыстан келген елшілерді жедел түрде қабылдайтынын хабарлайды. Сарайға барлығы түгел жиналған соң: «Сіздер білесіздер ма, бұл жерде мықты әулие кім?» – деп сұрақ қояды. Сарайда отырғандардың барлығы: «Білеміз, бұл жерде әулие – Сізсіз», – деп бірауыздан жауап береді. Хан: «Жоқ» деп орнынан тұрып, адамдардың арасымен өтіп барып, әкесінің арқасына тығылып отырған баланы көрсетеді. Қолынан ұстап жетектеп бара жатқанда құлағының кесік жерін көріп қалады. Сарайда баламен ұзақ сұхбаттасады. Елшілермен бірге баланы бірнеше күн қонақ етіп күтеді. Қоштасар алдында баланың әкесіне білімді ғалымнан білім алуы қажеттігін айтып түсіндіреді. Өз жұртына келген соң әкесі Қазыбек баласы Жабайды оқытады. Жылдар өтеді. Сіргелі Жабай ата өз заманының ел қорғаған батыры ретінде танылады. Сіргелі Жабай атаның жатқан жері Ташкеттегі Көкшедегі «Шайх Зайниддин баба» қабірстанында орналасқан (А.А. Мухаммадкаримов, А.Х.Обидов, З.С.Искандаров. «Тошкентнинг Табаррук зиератгохлари», Ташкент, «Наурыз» баспасы,2016, 84-бет).
Қазыбек палуан түрлі жағдайлармен отыздан асып, қырыққа қарай кеткенде үйленіпті. Ол жеңгелерінің қолқалауымен Қырбас деген қызды көруге барады. Жеңгелері қызды ертіп әкелген кезде Қазыбек оны қамшымен тартып жібереді. Екінші рет оңтайлана бергенде қыздың жеңгелері оның қолынан ұстап қалады. Сонда көріпкелдігі бар Қырбас: «Екінші сілтеген қамшыны бекер ұстадыңдар-ау, бұл жігіттен екі бірдей әулие перзент табар едім, әттең әулие ұлым біреу-ақ болып қалатын болды» – депті. Сөйтіп, болашақ әулие Жабай жеті айлық болып дүниеге келіпті деседі. Бірақ, оның киелілігі ойын баласы кезінен-ақ байқалыпты.
Сіргелі бала Жабай әкесінің жанында жүріп Ташкент билеушісінің ордасында бірнеше рет болады. Сол кездері Сабалақ атымен жүрген Әбілмансұрмен танысады. Әбілмансұр қазақ ханы болған кезде Жабай оның қолдауымен Қоқан ханына қарсы жорықтарға қатысқан. Ал, кемеңгер Төле би болса ел басқаруда сол жұрттан шыққан беделді, кейбір қасиеттерімен көпті аузына қаратқан адамдарға сенім артқан. Солардың бірі – бойында ерекше киесі бар Сіргелі Жабай еді. Ұлы би ойлана келе Сіргелі руына басшылық жасауды Жабайға тапсырады. Қолына мөр беріп, Кертөбел ат мінгізеді. Кертөбел аттың тұқымы Жабай ата ұрпақтарына құт болғаны жөніндегі аңыздар әлі күнге ел аузында жүр.
Қазақта «Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген мәтел бар. Шымыр Қойгелді де Сарыағаш өңірінде дүниеге келіп, сол арада ержеткен атақты ердің бірі еді. Ол 1757 жылы Тарбағатай, Алакөл маңындағы қазақ-қытай соғысында Ұлы жүз қазақтарының қолына қолбасшылық жасайды. Сол жасақтың арасында жасы әлі отызға тола қоймаған Сіргелі Жабай да болады.
Қазақ-қытай соғысы туралы Тәтіқара жыраудың ұзақ толғау-жыры бар. Ерлік көрсеткендердің қатарында Сіргелі Жабайдың да аты айрықша аталып өтеді. Тәтіқара төкпелеп:
Жуан қарны іркілдеп,
Қытай қашып келеді.
Әзірейілдей зіркілдеп,
Жабай қуып береді.
О заманда бұ заман,
Мұндай қызық кім көрген?
Мінген аты астында
Сан бәйгеден жүлде алған,
Шабысы соққан желмен тең,
Атышулы Кертөбел, –
деп жырлайды (Ілияс Есенберлин. «Жанталас». Алматы, 2002 жыл, 452-бет).
Сіргелі Жабай осы соғыста батыр атанады. Оны бұрыннан білетін Абылай хан 1758 жылы сарбаздарға сардар етіп тағайындайды. Бұл жөнінде тарихтың білгірі, жазушы Ілияс Есенберлин өзінің «Жанталас» романының 288-бетінде былай суреттейді: «Хан кеңесі Бөкей, Сағыр, Жабай басқарған Ұлы жүздің қолдары Қоқан әскерін Бадам мен Арыс өзендерінің бойында қарсы алсын деп шешті» (Бұл да сонда, 474-бет).
Демек, Сіргелі Жабай батыр қол басқарғанын осыдан-ақ айқын аңғарамыз. Оның сарбаздардың сардары болғандығы айқын.
Сіргелі Жабай баба осы Ілияс Есенберлиннің «Жанталасында» айтылғандай әскербасы болған. Жабай баба сардар болып, Дулат, Сіргелі әскерін басқарушы төрт сардардың бірі болып 1758 жылы ақ ту көтерген. Бұл ақ туды Абылай ханның өзі Жабай бабаға тапсырған. Демек, әулиенің әулеттерінде сонау 1928-1929 жылдарғы тәркілеуге дейін сақталған әулие бабаның ақ туы басқыншылардан елін қорғаған қасиетті жеңіс туы деп білеміз.
(Жалғасы бар).
Жабай ата кесенесі. Сурет oqsyz.com сайтынан алынды.