ЫРЫС ПЕН ЫНТЫМАҚ БАСТАУЫ

Құттықтаймыз
1 218 Views

Наурыз мейрамы – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны береді. Бұл мереке Ислам дәуіріне дейін тойланып, халық арасында ерекше қолдауға ие болып келген.

Наурыз мейрамы – барлық мереке атаулының төресі, бастауы! Наурыз бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың, мейірімнің мерекесі саналып, айрықша тойланған. Осынау мереке күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбеген жан болмаған. Бұл күні адамдар бір-біріне жақсы ниеттер тілеп, мерекемен құттықтаған. Араздасқандар өкпе-ренішін ұмытып, бір-бірінен кешірім сұраған. Әз Наурыздың тәлім-тәрбие алатын, үлгі-өнеге болатын, сән-салтанаты келіскен, мәрт-жомарттық нышандары мен таным-ұғымдарының үлгілері өте көп. Осынау үлгілері адамды жоғары саналылыққа, әдептілікке, бауырмалдылыққа, көрегенділікке, ізгілік пен білімділікке баулиды. Наурыз мерекесін асыға күтетініміз, оған ерекше дайындалатынымыз содан болса керек.

Халқымыз:

«Жаңбырменен жер көгерер,

Батаменен ел көгерер», –

деген даналық сөзді дәл тауып айтқан. Шынтуайтында да жаңбыр жаумаса шөп шықпайды. Шөп шықпаса мал тойынбайды. Мал тойынбаса адам тойынбасы анық. Ал адал еңбек етіп, ақ сөйлеп, тура жүрсең, көптің алғысына кенелерің хақ. Ал алғыс, бата алып жүрсең, өсіп, өнетінің белгілі.

Әз-Наурыз мейрамы да бәтуалы бата тілекке толы мереке.

Дүниежүзі мұсылман елдерінің көбінде 21 наурыз – Наурыз мейрамы болып есептеледі. Сол күні түнгі сағат үште Қыдыр ата келеді. Ол барша адамдарға жақсылық, қуаныш, шаттық алып келеді. Қыдыр ата келгеннен кейін адам пенделерінің үйлеріне бас сұғады. Әрине, барлық үйге емес, ақ тілекті, ақ ниетті, еңбекқор, иман дарыған үйге барады. Кімнің үйінде көрінетіні әрине, белгісіз. Әр отбасы біздің үйімізге бас сұғатын шығар деген ойда болмақ. Қыдыр көрген адам бақытты болмақшы деген халқымыздың мифологиялық түсінігі осындай болып келген.

Сол Қыдыр ырысқа (бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері, тағы басқа), ыдыс атаулыны аққа (сүт, айран, шұбат, шалап, уыз, тағы басқа) және кәусар бұлақ суына толтырады деген тәмсіл бар. Қыдыр баба:

Ұлыс оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барсаң жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлыс күні кәрі-жас

Құшақтасып көріскен.

Жаңа ағытқан қозыдай

Жамырасып өріскен,

Шалдар бата беріскен, –

деп бетін сипап бата берген.

Елбасы өз сөзінде «Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстыратын бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан, тіршілік жаңаратын наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс» деген.

Ұлыс күні Ұлт көшбасшысы ел дамуының кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасыны қастерлеу сияқты адамзаттық құндылықтарға құрылған.

Осыған орай, Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынамыз. Бұл мақсатта Наурыздың сипатын ашатындай әрі ұлттық таным мен дәстүр-салтты жаңғыртатындай көрісу күні, қайырымдылық жасау күні, ата-бабаны еске алу күні, ақ дастархан күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды қалыптастыру қажет. Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында еліміздің іскер азаматтары, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер балалар үйлеріне, тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына жәрдем жасап, қайырымдылық шараларына көңіл бөлгені жөн.

Сонымен, гүл сыйлау үрдісі, ұлттық тағамның ықшамдалған үлгісін әзірлеу, креативті киім үлгілеріне сұраныс туғызу, наурыз белгілерін айшықтайтын кәдесыйлар жасау – бәрі айналып келгенде, ысырапқа емес, керісінше экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады.

Қазақстан Президенті Түркістанды түлетуге бар күш-жігерін жұмсауда. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардың әкімдеріне, белгілі бизнесмендерге белгілі бір нысанды салу жөнінде нақты тапсырма беріп отыр. Осындай ортақ игілікті істен өз облысымыздағы аудан-қалалардың мекеме, ұйым, кәсіпорындары да шетқақпай қалмайды деген ойдамыз. Біздің Түркістан облыстық Әділет департаментінің қызметкерлері де өздеріне жүктелген міндет-мақсатты ойдағыдай жүзеге асыруға сүбелі үлес қосу ниетіндеміз. Бұл жұмыс алдағы кезде де жалғасын тауып, қарқыны еселене түспек. Сөйтіп, Елбасының тапсырмасында ерекше атап көрсетілгендей, Түркістанды түлетуге, оны егемен еліміздің ғана емес, Түркі дүниесінің көрікті қаласына, мәдени-рухани орталығына айналдыру жолында ізгілікті де игілікті істердің жаршысы бола бермек.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз мемлекеттік деңгейде барлық жерде бүкілхалықтық мереке ретінде тойланып келеді. Табиғат ананың құшағын жібітіп, жаһанға жылулық пен нұр-шуағын шашып, тіршілік атаулыға нәр берген көктемнің көрікті мейрамы – Наурыз халқымызға әрбір отбасына толағай табыстар мен жақсылықтар әкелсін! Наурыз мерекесі құтты болсын!

Мұхит ТҰРҒАРАЕВ,

Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы, «Қазақстан Заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының мүшесі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *