ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БОЙТҰМАРЫ

Туған жер
1 341 Views

«…Түркістан – тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Біз бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азат мемлекетте, жақсылыққа жетіп, бейбітшілікке қауышқан, әлемнің маңдайалды дамыған елу елінің бірі – Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұлылардың ұрпағымыз. Бабаларымыз жүріп өткен тарихи жолымен байтақ даламыздың әр бұрышында естелік болып бүгінгі ұрпақ бізге жетіп отыр. Осыншама ұланғайыр даланы сақтап, бізге жеткізген баба­лары­мыздың ерлігі шынында да орасан зор деп мақтанышпен айта аламыз. Осы Ұлы Дала тарихында біз білетін ІV-V ғасырларда тарих сахнасында қазіргі Түркістан қаласының алғашқы іргетасы қаланған екен. Академик В.В. Бартольд түркітілдес халықтар мен тайпалардың саяси-экономикалық және мәдени тарихына арналған көптеген зерттеу еңбектерінде Түркістан ұғымына моңғол жаулауына дейінгі араб-парсы тілдерінде жазылған атауды пайдаланады. Алғаш қала атауы Шавғар деген атпен араб жазбаларындағы деректерде кездеседі. Тарихи санамен алып қарайтын болсақ, көшпенділер мен отырықшы халықтың шекарасы түйісетін тұста бой көтерген Түркістан екі жақтың да өркениеті мен мәдениетінің орталығы, Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен, ықылым заманнан мәдени, саяси шаралар өткізілетін әрі сауда-саттықтың орталығы болған. Қаншама ғасырлар өтіп, жыл мезгілдері ауысқан болса да Түркістан қаласы сол күйінен бүгін де танған жоқ. Қазір бүкіл түркі әлемі Түркістанды рухани орталығы санайды.Түркістан – күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен. Ұлы жібек жолының ортасындағы үлкен қала, күллі түркі жұртының тарихи астанасы.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тұңғыш Президентіміз Ұлытау төрінде сұхбат берген болатын. Н.Ә.Назарбаев:«Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз. Осынау ұлан-байтақ жеріміз бізге бабалар ерлігінің арқасында мұра болып қалған. Жердің қадірін білу арқылы елдің қадірін білесің. Қазақ үшін қара жердің қасиеті де, нарқы да тым биік. Тағдыр бізге ұлан-байтақ жер берді, рухы асқақ, намысы биік ел берді. Біз осы жерде өмірге келдік, ұлт болып ұйыдық, халық болып қалыптастық. Хан көтеріп қатарға қосылдық. Мемлекет болып, мерейімізді өсірдік. Жердің иесі де, киесі де – халық. Бұл біздің ешқашан естен шығармайтын ережеміз, қасиетті қағидамыз», – деп жан-жүрегімізді елжіретер елдіктің сөзін тілге тиек етіп, ой өрбіткен болатын. Міне, осынау тарихи-мәдени ескерткіштерге бай, топырағы тарихқа тұнған Ұлы даламыздың ең бір киелі топырағы саналатын қасиетті Түркістан қаласындағы күмбезі аспан түсімен үндес, Тәуелсіз еліміздің Туымен түстес – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бой көтерген. Бұл кесене Түркістан қаласының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің бойтұмары іспеттес болса, халқымыз үшін игі жақсылардың мәңгілік сапарға аттанған мекені болып табылады.Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлкеде ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қала талай тарихты бастан өткізді.

Түркістанның рухани астанаға айналуына Ислам дінін уағыздаушылардың бірі Қожа Ахмет Ясауидің орны бөлек. Оның хикметтері, діни-философиялық шығармалары адамзат ойының асыл жауһары саналады. Бүгінде Түркістанға келген әрбір адам бір сәт күнделікті күйбең тіршілікті ұмытып, тарих қойнауына бойлайды, рухани кемелденеді.

Түркістан – ежелден Орталық Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. XІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынғаннан кейін Түркі әлемінің діни орталығына айналды. ХV ғасырдан бастап Түркістан қаласы саяси және экономикалық орталық болды. 1598 жылы ол біржолата Қазақ хандығының астанасы деп танылды.

XV-XVI ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 метр қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Қожа Ахмет Ясауидің бейітінің үстінен атақты қолбасшы Әмір Темір арнайы салдырған. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған ғажап құрылыстардың бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзін қызықтыруда. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген қазақ даласындағы санаулы ескерткіштердің бірі.

Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында этнотуризм аясында туристерді тарта алады. Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына Үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.

Рас, кешегі тарихымызда күрсініп еске алатұғын оқиғалар мен жылнамалар жоқ емес. Соның бірі осы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи бабамыздың басына тұрғызылған кесененің патшалық Ресей заманында зеңбірекпен атқылануы, кеңестік билік кезеңінде қараусыз қалуы деп айтсақ артық айтқандық емес.

Еліміз егемендікке қол жеткізумен өшкеніміз жанып, ұмытылған дүниелер қайта жаңғырып, орны толмастай құрдымға кеткен салт-дәстүріміз, тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз, дінімізбен халқымыз қайта қауышты. Өткен жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойды. Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», – деді. Сондай-ақ, Түркістан облысының құрылуы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы ең құнды шешімдердің бірі деп атап өткен болатын. Бұл шешімді ел болып қолдап, халық Елбасымызға өз алғыстарын жеткізіп жатты.

Қазақ халқы қаншама қилы замандарды өткерген болса, сол бір алмағайып аласапыран заманында ел билеген Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырау ханнан «Арманыңыз қандай?» деп сұрағанда Абылай хан: «Көшпелі елді отырықшы, тұтас бір халық етсем, қала салсам деп едім» деген екен. Міне, сол кешегі өткен Абылай ханның арманы шындыққа айналды.

Міне, өткен жылы ғана Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алған болса, бүгінде бір жыл уақыт өтпей жатып қала жаңа келбетке енуде. Елбасымыз тікелей бақылауында ұстап отырғанын ерекше тілге тиек еткен жөн. Мұны біз өткен жылдың күз айында ресми сапармен Түркістан қаласына келген Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев дәл осы сапары кезінде бірқатар шешімдер қабылдағанын мәлімдеп, «Бүгін біріншіден, Түркістан қаласының негізгі даму жобасын бекіту үшін, екіншіден, шаһарды еркін экономикалық аймақ етіп жариялансын деген жарлықтарға қол қойдым. Аман болсақ, екі-үш жылдың ішінде Түркістан жайнап, басқа қала болып, еңсесі көтеріліп, бәріміздің қуанышымызға өсіп өркендейтін болады», – деді.

Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Тәуелсіз Қазақстан Елордасының іргесін қалап, ширек ғасырға жуық уақытта әлем танымастай кейіпке енгізді. Кешегі көз алдымызда гүлденген Астанадан бүгінгі Түркістанға ерекше көңіл бөлінуі − ұлт келешегі алдына қойы­лып отырған үлкен меже. Ол бү­гінде бізді осындай ойларға же­телейді. Түптеп келгенде, осы айтып отырған Түркістан қаласы бе­рісі қазақтың, арысы күллі түркінің қайта өрлеуінің, қайта дәуір­леуінің, қайта жаңғыруының айқын мысалы десе де болады. Осы терең ойдың барлығы да Елба­сының Ұлы­тау етегінде, Әулие­бұлақтың басында отырып туған халқымен сырласқан терең тебі­ренісінен басталған еді.

Себебі, халықты ояту үшін, тарихты ояту керек. Елбасы тарихи сананы жаңғырту үшін жыл сайын тереңнен қозғап мақала жазуы, ұлттық рухтың, тарихи сана­ның қоз­ғалуына ерекше рөл ойнайтын Түркістанды түлетуді мақсат тұтуы – Мәңгілік Ел идеясының бір парасы деп түсінеміз. Бұл үшін Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихи мұрағаттарды ақтарып, халқы­мыз­дың тарихына қатысты тың дерек­терді іздеп, оны ғылымға айналдыру үшін «Архив – 2025» деген жетіжылдық жоспар ұсынып отыр. Тарихын түгендеймін деген елдің ғалымдары енді осы жобаны ақылмен, ыждағатпен пайымдап, бі­лік­тілікпен жүзеге асыруы керек деп ойлаймыз. Тарихты тұлғалар жасайды. Қазақ елін құраған, тарихты қалыптастырған ұлы тұлғаларды бүгінгі және келешек ұрпақ білуі керек. «Ұлы даланың ұлы есімдері» дейтін саябақ ашуды, «Ұлы дала тұлғалары» дейтін сериал шығаруды міндеттеп отыр. Біз мақтан тұтатын, әлемге әйгілі ондай ұлы тұлғалар тарихымызда баршылық. Солардың ішінен осы Түркістан топырағындағы абыз Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесінде орын алып, мәңгілікке аттанған хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз бен жырауларымыз жеткілікті. Елімізде, алыс-жақын көршілес елдерде, Түркі әлемінде «Түркістанды түлету» жобасы қызу талқыланып, қолдау табуда. Ендігі міндет – осы мақалада белгіленген шараларды ойдағыдай жүзеге асыру.

Өткен өмір, бабаларымыздың жүріп өткен жолы, тарихы бізге не үшін қажет деген мәселеге келер болсақ, бүгінгідей алмағайып идеологиялық арпалыс заманында Ұлы дала төсінде талай мемлекет орнатқан, елдіктің туын жықпаған, елдігімізді де, кеңдігімізді де сақтап қалған, тар кезеңде жол, тарыққанда ақыл тапқан ұлылар аз болған жоқ. Қазақ хандығы деп аталатын іргелі ел түзеген, салтанат құрған, әлемді аузына қаратқан, дүниенің төрт бұрышын билеген – бәрі де елге қорған-пана болған, ел үшін де, жер үшін де басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар тарихын жастарымыз білер болса, бүгінгі біз, аға буын өкілдері ретінде жастарға, келешек ұрпаққа осы бір қастерлі дүниелерді ұғындыра алсақ қана біз жаһандануға жұтылып кетпейтін боламыз.

Иә, ұлан-ғайыр Қазақ даласында небір хандар мен көсемдердің де, билер мен шешендердің де, жырау­лар мен даналардың да, батырлар мен ақындардың да өткені рас. Ұлы даланың тарихын қайта жазып, бүгінгі ғылымға икемдей алсақ, біздің ұтылмасымыз анық. Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропаның, кешегі Ұлы Жібек жолының бойында орын тепкен Түркістан мұсылмандардың, соның ішінде Түркі әлемінің өшкен үмітін жаққан, үзілген мәдени-рухани байланыстарды жалғаған, Еуразия кеңістігінде, адамзат тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын әлемдік тарихи-мәдени орын.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – діни ғұламалар мен әулие-әнбиелерді, хандар мен билерді, батырлар мен ақындарды, атап айтқанда халық үшін өзін арнаған тұлғаларды жерлеген үлкен қабірстан (пантеон). Енді бір жағынан сол бабалардың тағылымға толы ғұмыры мен ұлағатты іздерін ұрпақтарға жеткізетін идеологиялық ілім ордасы. Әруақтарға арнап Құран-хатым түсіретін, өлім мен өмірді еске түсіріп, нәпсіні тыюды, Құдайды тануды дәріптейтін діни мекен десек, әсте қателеспейміз.

Міне осындай Түркістан өлкесі күллі түркінің көз тіккен жауһары атанып, әр пенде барып көруді армандайтын орталыққа, рухани ордамызға айналды.

Түркістан – тарихтың талайын көрген көне шаһар. Мұнда түркітілдес халықтардың өткен ғасырлардағы салты мен санасын ұмыттырмайтын жәдігерлер сақталған. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркі жұртының өткені мен бүгінін байланыстырып жатқан рухани үндестігінің орталығы іспетті.

Адамзат баласы тарихындағы Түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы ұлы бабамыз Қ.А.Ясауидің Отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы жаңғырып жатыр. Ежелгі Түркістан – тегі бір, ділі бір, діні бір күллі Түркі халықтарының Атажұртында басын қосып, рухын асқақтататын руханият орталығы, рухани астанасы.Өзінің «Даналық кітабымен» әлемге танылған әулие баба Қожа Ахмет Ясауидің есімін Түркістаннан немесе Түркістанды Ясауиден ажыратып қарау мүмкін емес. Ұлы ақын-әулиені рухани көсем санаған мұсылмандар 900 жылдан бері оның ілімімен бірге жасап келеді. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында ағынан жарыла былай деп жазады: «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған түркілердің тұңғыш сопысы – Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы туған. Ол негізін қалаған Исламның тылсым құпиясы – сопылықтың (суфизм) қарапайым халықтық нұсқасы тез уақытта Қазақстанның солтүстігі мен шығысына дейін тарады. Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстанда да барлық Түркі халықтарына ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді… Егер қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметтері» («Даналық сөздері») сөзсіз оның бір бөлігі болып кіруге тиіс. Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың Отырардағы кесенесі мен Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы кесенесі – қазақтардың ұлттық руханиятының аса маңызды орталықтары. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазақ мемлекеттігінің нысанына айналып, кейінгі уақытта жалпыұлттық зиярат-қорым (пантеон) қызметін атқарды. Қазақ халқының ұлы перзенттерінің мүрделері осы жерде сақтаулы. Сондықтан, осынау тамаша ескерткішті қалпына келтіріп, бас біріктірер ортақ кіндікке бүкіл ұлттың назарын аударып отырғанымыз дұрыс» –деп жазған.

Ендігі жерде осы ойды, осы шындықты жастардың санасына әбден сіңіру үлкен міндет. Бұл тұрғыдан алғанда биылғы 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланып отыр. Жаңарған, жаңғырған Түркістан қаласы Жастар жылымен бірге түлейді деп бек сеніммен айта аламыз. Түркістанда Н.Ә.Назарбаев этноауылда халықпен кездесті. Халық алдында сөз сөйлеген Тұңғыш Елбасы Түркістан облысының орталығын жастар қаласы деп атады. «Түркістан – жастардың қаласы. Сондықтан жастарға қызмет беру үшін, оларға жақсы қалада тұру мүмкіндігін жасау үшін осылай жасап отырмыз», – деген Елбасы облыс орталығы тек қазақстандық емес, алыс-жақын шетелден, бауырлас Түркі мемлекеттерінен қуана келетін көптеген туристердің ордасына айналуы тиістігін атап өтті. Бұл ретте қаланың әдемі болуы тек әсем ғимараттарымен ғана емес, мұнда тұрған халықтың мәдениетімен, парасатымен байланысты екенін жеткізді.

Облыс орталығында ел болып жұмылып, жүзеге асыратын терең ойлар, келелі кеңестер, жауапты тапсырмалар көп. Жаңадан құрылған Түркістан қаласында жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар, қабылданған шешімнің тарихи мәнінің әлеуеті зор.

Түркістан – қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған хандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, сөз бастаған билер.

Құрамына 14 ел мүше болған ТҮРКСОЙ ұйымы алғаш рет 2012 жылы Астананы Түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялады. Бұл дәстүр Түркияның Ескішахар, Татарстанның Қазан, Түркіменстанның Мары, Әзірбайжанның Шеки қаларында жалғасып, Қазақстанда екінші рет Түркі халқының мәдени орталығына айналып отыр. Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасын таңдау Түркістан қаласына түсті. Осыған орай Түркістанда ауқымы зор мәдени іс-шаралар өтті. Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасының ашылу салтанаты Ұлыстың ұлы күні– Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі де тегін емес. Наурыз – рухани мереке, салт-дәстүрдің жаңғыратын күні. Бұл күні күн мен түн теңеліп, табиғат оянады, жаңа тіршілік басталады. Жаңа күнді әдет-ғұрпы ұқсас, танымы бір бауырлас елдер бірге қарсы алды.

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен келген 300-ге тарта шетелдік қонақтар, Халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен облыс тұрғындары, яғни жалпы саны 10 мыңға жуық адам қатысты.

Халқымыздың қай мұрасын алсақ та одан тек үлгі мен өнегені, ақыл мен парасатты, адамгершілік пен имандылықты, достық пен бауырмалдықты айқын көреміз. Біз жоқтан бар, иманнан ар жасаған ұрпақтың өкілі ретінде Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының, бауырлас Түркі жұртының сенімінен шығып қана қоймай, осы бір халықаралық ауқымды іс-шара арқылы елдігімізді де таныта алдық.

Бұл азаттығымызбен келген жаңа заман біздің өрісімізді кеңейтіп, жолымызды ұзартты. Шартарапқа тараған дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, сапарлас серік, қақысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып, түркітілдес халықтардың ішінде көшбасшылардың қатарында келеді. Кешегі Ұлы Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, Қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады. Түркістан қаласына жаңа мүмкіндіктерді жасап беру арқылы біз кешегі заманды қайта түлетіп, түркітілдес халықтарды біріктіруге алып келе жатырмыз.

Жастарға мол мүмкіндік тек білім жолымен ашылады десек, осы бір мүмкіндік қазіргі таңда Түркістан қаласында бар екенін айтпасақ та қалың жұрт білетін болар. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 1991 жылғы 6 маусымда Түркістан мемлекеттік университеті ашылып, оған ұлы ақын және ойшыл, алғашқы Түркі ислам ғалымы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың есімі берілуі бүкіл Түркі дүниесінде үлкен құбылыс, тарихи оқиға болды. Арадан бір жылдан астам уақыт өткенде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасындағы келісім бойынша Түркістан мемлекеттік университеті Түркі әлеміндегі тұңғыш Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесіне ие болды. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті тек республика ғана емес, Орталық Азиядағы ірі оқу орындарының бірі болып саналады.

Университет қабырғасында бүгінгі таңда әлемнің 30-ға жуық ұлт өкілдерінен құралған 10 мыңға жуық жас білім алып жатқан болса, оның ішінде бауырлас түркітілдес 15 мемлекеттен келген 1000-нан астам студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде білім алуда.

Ежелгі Түркістанда шаңырақ көтерген Халықаралық білім ордасы тек ғылым мен білімнің нәрімен сусындатып қоймай, қалаға көрік беретін үздік сәулеткерлік шеберлікпен салынған оқу ғимараттарымен де мақтана алады.Сан ұлтты студенттер арасындағы достық білім ордасының қабырғасында жүргенде мәңгілік нығая түседі. Бүкіл Түркі халықтары ынтымағының негізі болып табылатын да солар. Олар өзара қарым-қатыныста жүріп, туыстас халықтардың тарихын, мәдениетін және тілін терең ұғынады, тәжірибе алмасады. Өз дәуіріндегі білім мен адамгершіліктің жарық жұлдызы, байсалдылық пен салауаттылықтың, адамзат ар-ұятының символы болған Қожа Ахмет Ясауи бабамыз атындағы Халықаралық университеттің рухани астанамыз – қасиетті Түркістанда шаңырақ көтеруі жастар жүрегіне әрдайым қасиет нұрын құяды.

Түркістанды өзінің тарихи орнына сәйкес биікке көтеру бүгінгі басты міндет болып табылады. Түркістанды болашақта Халықаралық туристік орынға айналдыру үшін жаңадан қонақүйлер, бассейндер, субұрқақтар салу, жолдарды түзету, аймақты көгалдандыру, орта және кіші кәсіпкерлікті дамыту, тарихи адамдардың ескерткіштерін тұрғызу, саябақтарды көркейту, оның аумағын абаттануы үшін көптеген шараларды жүзеге асыру қажет. Ата-бабадан мирас болып қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жаңа сәулет өнерімен үндестіре білсек, жүзеге асырылып арнайы салынатын ғимараттар, спорттық сауықтыру кешендері, зәулім мәдениет орталықтары, тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және кітапхана кешендері де қала келбетіне сай ерекшеленіп, таңғажайып Түркістанның көркі біздің дәуірімізде, көз алдымызда жаңаратынына сенеміз.

Биылғы 29-30 мамыр күндері Түркістан қаласында «Ежелгі дәуірдегі түркілер» атты Халықаралық ғылыми конференция өткізілмекші. Оны Түркістан облысы әкімдігі, ЮНЕСКО-ның қолдауындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырып отыр. Бұл халықаралық ғылыми конференцияны өткізу – белгілі түркітанушы, жазушы, лингвист, ірі қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің тікелей ұсынысымен Түркістан өңірінде кең қолдауға ие болды.

Бұл конференцияға шетелдерден және елімізден түркітанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері шақырылып, Түркі әлемінің шығу тегі және әлемге таралуы жайлы жаңа, тың мағлұматтарды ортаға салады деп күтіп отырмыз.Түркі әлемінің бойтұмары Түркістанда іргелі іс, қанатты ойлар, тамаша жетістіктер көбейе берері хақ.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *