Шымкенттегі қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымшыл ұжымы биылғы Жастаржылына орай Кешкі кітапхана ізгілікті де игілікті іс-шара өткізді. Оғанқаламгерлер, өнер адамдары мен спорт саңлақтары арнайы шақырылды. Бұл күніқұтханаға келушілердің қатары көп болды. Олар кітапханаға экскурсия жасап,көптеген мағлұматқа қанықты. «Кітаппен бірге – Мәңгілік Елге», «Мерейгеркітаптар – 2019», «Қазақстандағы Жастар жылы» атты кітап көрмелерімен танысты.
Кештің салтанатты ашылу сәтінде аталмыш кітапхананың директоры, жазушы, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі Күлия Смайылханқызы Айдарбекова қысқаша құттықтау сөз сөйледі. Айтулы ақын, «Көзайым», «Қазығұрттың қоңыры», «Құбыла», «Ақпарақ» атты жыр жинақтарының авторы, көптеген Халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, Түркияның Бүкілдүниежүзілік түркі жастары әдебиетін қолдау қоры, Халықаралық «Сорос-Қазақстан» Халықаралық қоры, Мәлік Ғабдуллин атындағы республикалық, «Серпер» жастар әдеби сыйлықтарының, Қазақстан Республикасы Президенті тағайындаған арнайы стипендияның екі дүркін иегері Бақытжан Алдияр сөз сөйлеп, кітапханашылар мен оқырмандарға деген өзінің жүрекжарды ізгі тілегін жеткізді.
Бір кездері сол Бақытжан: «Артыма қарасам, қорқамын. Ең жас деген ақынмын деп жүрген менің өзім қырықтан асып барамын. Жолымды жалғап жүрген жастардың жоқтығына алаңдаймын», – деген болатын. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, «Жыл келгендей жаңалықты сезініп отырмыз». Бір шоғыр жас ақындар легі бой көрсетіп келеді. Батырхан Сәрсенхан, Мұқағали Кенжетайұлы, Дәурен Айманбетов, Әлімжан Әлішер – солардың санатында.
Ақын Дәркен Танабай – «Ана – Жер-Ана», «Қызға ғашық жүрегім», «Таңғы шуақ», «Мәуелі бақ» кітаптарының авторы. Оның махаббат лирикасы мен балаларға арналған өлеңдері жайлы жылы пікір білдіруге болады. Сол күні ол өзінің «Балапан қақты қанатын», «Жапырақ» деп аталатын өлеңдерін оқырмандарына тарту етті.
Ерсін Сіләмғазы – Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің І курс студенті. Оның тұлабойына ақындық, әншілік, күйшілік, сазгерлік қасиет қоса-қабат қонған екен. Қытайдан келген қандасымыз өзінің «Ұлытау» деген өлеңін оқып берді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының директоры Әлібек Шегебай сөзіне жазылған «Сені еске түсірді көктем келіп…», қытайлық ақын Ырысбек Тәбейдің сөзіне жазылған «Бауыр» әндерін орындады.
Жиырмадан енді ғана асқан Сүндет Сейітов – сан қырлы өнер иесі. Ол оқырман қауымға «Тәубе», «Мәрия» деп аталатын жыр жинақтарын ұсынып үлгерген. Өзбекстаннан қоныс аударған Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы болып қызмет істейді. Ол оқыған «Дәркүмән», «Жел» өлеңдері ешкімді бейжай қалдырмады. Қазақтың қара домбырасын қолына алып, бірнеше халық әні мен Сүгірдің «Бозінген» күйін күмбірлетті. Кезінде шығыс жекпе-жегімен де айналысып көрген екен.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті педагогика және мәдениет факультетінің студенті Арайлым Мұратәлиева «Ай-Зер» атты жыр жинағының авторы. Бұл кітапқа айтулы ақын, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ арнайы алғысөз жазған. Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облыстық «Тіл – құдірет» байқауының жүлдегері. Оның оқуындағы «Көктем келді», «Жаңбыр жауғанда…» өлеңдерін тыңдармандар жылы қабылдады.
Шымкент қалалық тілдерді дамыту орталығының қызметкері Ақбота Бейбітбек «Көңіл күйсандығы» жыр жинағының авторы. Бірқатар мүшәйраларды жеңімпаз атанған. Кезінде айтулы ақын Әбілда Аймақтан бата алған ол осылайша өзінің поэзияға деген адалдығын аңғартып келеді. «Анама», «Сен қайда жүрсің?», «Өлең туралы өлең» деп аталған өлеңдерін оқыған ақын қызға көпшілік шынайы ризашылық білдірісті.
Бобиржан Моминов – Түркістан облысының Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылының тумасы. Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдаған. Кәсіпқой боксшы, Қазақстан чемпионы, әскерилер арасындағы Әлем чемпионы, Халықаралық турнирлердің жеңімпазы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 66,7 келі салмақтағы боксшы шаршы алаңда өткізген он кездесуінің бәрінде жеңіске жеткен. Соның сегізінде қарсыласын нокаутқа түсірген. Америка Құрама Штаттарының Флорида штатында шеберлігін шыңдап жүрген ол мексикалық боксшы Канелло Алвареспен спаринг сынға түсіп көрген. Алдағы маусым айында өзінің кезекті айқасын өткізгелі отыр.
Соңында Шымкенттегі қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева қорытынды сөз сөйлеп, кешке белсене қатысқандарға алғысын айтып, естелік сыйлықтар тапсырды.
Бұдан кейін кітапханашылар қауымы аға ұрпақ өкілдерімен кездесу өткізді. Сексеннің сеңгіріне шыққалы отырған филолог, педагог, психолог, ғалым, жазушы, Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының үздік жазушысы атанған, «Шынайы тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері Бегман Ысқақтың оқырмандарына айтары аз емес. «Қазақ елі», «Қызым, саған айтам», «Қыз-келіншектерге 1001 кеңес» атты кітаптары оқырмандарын ұлтжандық пен тәлім-тәрбие жұмыстарын барынша жандандыра түсуге шақырады. Бекеңді үйленіп, отау құрған жастардың үштен бірінің ажырасып отырғаны, қазақ қыздарының зәңгі, қытай жігіттерінің құшағында кетуі секілді келеңсіз жағдаяттар қатты алаңдатады. Осы орайда Аустрияның астанасы – Венада өзіне сөз салып, «алтын тауларды» уәде еткен чех жігітінің тілегін қабыл алмаған айтулы әнші Тамара Асардың әрекетін құп көретінін жеткізді. Орыс пен жоңғар басқыншыларының жігіттеріне тұрмысқа шығуға қарсылық танытқан қазақтың Торғара есімді қызы өзінің жанын қиюға дейін барған.
Ақын, Физули атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Құрал Көмек «Бөрілер гипотезасы», «Мен даланың ұлымын» атты кітаптардың авторы. Соңғысы түрік, өзбек, дағыстан, ағылшын тілдерінде де жарық көрген. Сол күні ол өзінің «Махамбетке тағзым», «Түркістаннан тұмар алдым» деп аталатын өлеңдерін оқыды.
Аталмыш кітапхана директоры Күлия Айдарбекова қорытынды сөз сөйлеп, мерекелік шараға белсене қатысушылардың бәріне өзінің шынайы ризашылық сезімін жеткізді.
Ә.ДОСЫБЕК.