ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫҢ СҮЙІКТІ ЖАРЫ ЕДІ

Өмір-өзен
953 Views

Өмір. Өлім. Бар мен жоқтың арасы,

Адамзаттың шетсіз-шексіз наласы.

Адамды ажал мазақ етіп ойнайды,

Көз жастың да келмейді оған шамасы.

Бақилыққа аттанып, кетті кімдер қарашы…

Мен Ілекеңмен сонау еліміз Тәуелсіздік алған жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында таныстым. Өзбекстан-нан көшіп келгенімізді және біз көшіп келген жерлердің бұрын Қазақстан құрамында болғанын, көршілерге жалға берілген жерлердің уақыты мен шарты бітсе де кейін қайтарылмай қалғанынан соң осында амалсыз көшіп келгенімізді естіген Ілекең маған басқаша қарап: «Жарайсың, інім! Азамат екенсің! Тұлпар түбін табады деген! Туған халқың қайда болса, туған жерің де сол болмақ. Өзбекпен түбіміз бір халықпыз ғой. Олар да қилы замандарда шашырап кеткен Тұранның алтын сынықтары. Уақыт келеді. Жер де, Ел де қайта бір-біріне қосылар!»,– деп мені жанына жақын тартып кетті. Талай рет дәмдес те болдық. Жеңгем Нағимамен де сол кездері таныстық. Ақсары, сұлу жүзді жеңгеміз бір қарағанда тұйық, мінезі ауыр көрінгенімен жан шуағы мол жан екен. Кісіге деген ілтипаты, өзін ұстауы, киім кию үлгісі, ыдыс-аяғы мен үйінің тазалығы, тамақ дайындаудағы шеберлігі, берекелі дастарханы, орнын тауып қойылған үй жиһаздары мен гүл өсірудегі шеберлігі кез-келген қонақты тәнті ететін. Ілекеңнің мінезі белгілі, еш дайындықсыз, жеңгемізге ескертпей-ақ түн ішінде қонақтарды өзімен үйіне алып келеді. Жеңгеміз алғашында ренжіп: «Ау, ең болмаса бір ауыз ескертпейсің бе?» – дегеніне Ілекең күле қарап: «115 мың отборный қыздың ішінен таңдап алған соң қалай ғана саған сенбейін!», – деп ренішін әзілмен жуып-шайып жіберетін. Ілекеңмен араласа жүре оның өндіріс көрігінен өтіп шыныққанын, КСРО кезінде басқа республикаларда химия саласында қызмет атқарғанын білдім.

Жеңгеміз Нағима Әжіханқызы Ленгер медициналық оқу орнын үздік бітіріп, медициналық институтқа түсуге дайындалып жүрген 20 жасында Қазақ химия-технологиялық институтының V курс студенті Ілекеңмен тұрмыс құрып, жас инженермен бірге 1979 жылы басқа республикаға химия зауыттарына жолдамамен аттанып кетеді. 10,5 мың адам жұмыс істейтін КСРО-ның 10 — бесжылдығының алып құрылысы болған химиялық зауытта 7 жыл қызмет атқарған Ілекеңмен бірге бар қиыншылыққа төзген Нағима жеңгеміздің әңгімесінен сол замандардағы жастардың қандай патриот, өз істеріне жауапты, ұлттық намысқа да берік болғанын ұғынасың. Ең төменгі шеберліктен бастаған жолдасына берік тылы бола білген Нағима да емханада медбике қызметін абыройлы атқарыпты. Ата-аналары мен туыстарынан тым алыста жүріп тұңғыштары Жанаты мен Болатын сол жақта дүниеге әкеліп, қырқынан да өзі шығарып, өсіріп бағып-қағып, балабақшаға да бала арбаға салып ап күннің ыстық-суығы мен жауын-шашынына қарамай апарып жүріпті. Ауырып қалған сәбилерін де өзі емдеп, қатты қиналса да анаға біткен төзімділік, сабырмен шыдап, көздерінің қарашығындай сақтап өсіріпті. Таңертең сағат жетіде жұмысқа кетіп, түнгі сағат 10-11 де келетін Ілекең өндірісте тез өсіп, 25 жасында компартия қатарына қабылданып, 500 адамдық үлкен цехқа бастық болып тағайындалады. Бұл артта қалған өндірісті бірнеше рет соцжарыстың үздігі етіп, аты республикаға жайылады. Екі жыл өткен соң, партком тарапынан 1,5 мың адамдық өндірісті басқаруға да ұсынылады…

Бірінші кеңестік фреонмен (хладон) қатар, КСРО-ның экономикасы мен түрлі өндіріс салаларына аса қажетті химиялық өнімдер шығарған бұл зауыт Одақтың ең маңызды кәсіпорындарының біріне айналады. Қатаң тәртіп пен өндіріс мәдениетін жоғары көтере білген Ілекең қаншама марапаттарға ие болады. Өндіріс ырғағы бұзылса, күн-түн, демалыс, мейрам күндері демей жұмысқа аттанып бара жатқан Ілекең өзінің жемісті еңбектерінің нәтижесі отбасының шегесі бола білген Нағимасының арқасында болды деп бағалайтын. Міне осы Ілекең мен Нағима елден алыс жүрсе де қазақстандық адамдарды көрсе, кім болсын, әскерде жүрген солдат көрсе де үйлеріне шақырып қонақ қылады екен. Елге жылдық демалыстарында бір-ақ рет келетін Ілесбек пен Нағима сол замандарда өте сирек берілетін шетелдерге берілетін тегін жолдамалардан гөрі ауылдарының иістерін артық көріпті…

Қазақстанға, 1986 жылдың қаңтарында Шымкент мұнай зауытына арнайы шақыртумен келген Ілесбек бір жыл ішінде пәтер алып, тағы да сол жұмысына кірісіп кетеді. 29 жасар Ілекең цех басқарып, қожыраған тәртіпті жолға қойып, жарты жылда бұл ұжымды озат өндіріске айналдырады. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, бетің бар, жүзің бар демей зауыт басшыларына шейін партия, кәсіподақ жиналыстарында шыжғырып, зауыт бойынша осалдап кеткен (сол жылдары ең артта қалған, кадрлары суша ағып, ауысып жатқан, жалақысы да өте төмен кәсіпорын екен) тәртіп пен технологияны түзеуге белсене атсалысады. Зауыт коммунистері оны партком хатшысының қоғамдық негіздегі орынбасары, кәсіподақ комитетінің әлеуметтік саласы жөніндегі жауапты мүшесі етіп сайлайды. Сол жылғы 18 желтоқсанда, кешкі сағат алтыда зауытқа келіп, «Желтоқсан оқиғасы» жайлы партия жиналысын өткізген Шымкент обкомының екінші хатшысы Черненко, облыстық, қалалық, аудандық партия Комитетінің хатшылары, ҰҚК, ІІБ бастықтарының алдында Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев пен қазақ жастарын қорғап, Бас хатшы М.С.Горбачевтың Лениндік ұлт саясатында өрескел қателіктер жібергенін сынап, бұл Одақтың тарауының басы дегені үшін қуғынға ұшырап, үш жыл бойы цех бастықтығына да бекітілмей, тұрақты түрде аңдуға ұшыраған Ілекеңнің қиыншылыққа толы ауыр кезеңдерінде жанына жалау бола білген Нағима жеңгеміз қандай мақтауға да болса лайық болған жан.

Міне, осындай әділетсіздікке тола оқиғалар тізбегі Ілекеңді Тәуелсіздік үшін күрескен азаматтардың қатарына алып келеді. Қазақстанда тұңғыш саяси ұйым мен облыстар арасында алғаш Қазақ тілі қоғамын құруға атсалысады. Облыста «Азат» қозғалысын, Алматыда Марат Шорманов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шахановтармен бірге Халық Конгресі партиясын құруға қатысып, облыста тең төрағасы боп сайланады. Орал, Көкшетау, Ермак, Семейдегі оқиғаларға да араласып, партияның қылышынан қан тамып тұрған кезеңдерде ҰҚК-нің аңдуында жүрсе де жастарды ұйымдастырады. Тәуелсіздік алғаннан соң да әділетсіздік пен ұжымшар, кеңшарларды таратуға, стратегиялық өндірістер мен жердің асты мен үсті байлықтарын шетелдіктерге беруге қарсы шығып, жаңа Үкімет пен шетелдіктер иелігіндегі компаниялармен, одан қала берді экологиямызды бүлдіріп жатқан «Роскосмоспен», жыртқыш жанашымастықпен жер астына миллиондаған тонна 90 пайыздық күкірт қышқылын айдап жатқан «Қазатомпромға» қарсы күресі 34 жылға созылып, қаншама рет қауіп-қатерлермен бетпе-бет келсе де қайыспай, қайтпай, қоғамдық ұйымдарды басқарды. Асыл ағамыз өзінің аяулы жарынан, ұл-қыздарының анасынан, немерелерінің ақ әжесінен ұзаққа созылған дерттен соң айырылып отыр. ҚР мұнай-газ өндірісінің еңбек сіңірген қызметкері, қоғам қайраткері, еліміздің Тәуелсіздігі мен әділет, шындық үшін, елінің ертеңі үшін күресіп, шетелдіктерді де білікті маман ретінде мойындатқан, Отанының нағыз патриоты, инженер, экономист, жазушы, түрлі салаға арналған бірнеше кітаптарымен қатар экономика, экология, саясат, тарих, таным, әлеуметтік ахуалдар туралы БАҚ- та жүздеген өзекті мақалалар жариялаған журналист ағамыз, әріптесіміз Ілесбек Байжановтың аяулы жары, тірегі, ақылшысы бола білген Нағима Әжіханқызының дүниеден өткеніне де міне 40 күнге жақындап қалыпты. Иманыңыз саламат, жаныңыз жәннатта, жатқан жеріңіз торқа болсын аяулы жеңгеміз, Нағима!

Ілекеңе, отбасы мен жақын туыстарына қазаның арты қайырлы болсын дейміз!

Әріптестері мен достары атынан

Қуаныш БОТАБЕК.

Нағима ӘЖІХАНҚЫЗЫНЫҢ 40 күндік асы 14 қыркүйек күні сағат 13:00-деШымкенттегі «Жеңіс» саябағына қарама-қарсы орналасқан «Наурыз-777»мейрамханасында өтеді.

Қонақасы 13 қыркүйек күні өз шаңырағында болады. Құда-жекжат, ағайын-туыс,дос-жаранды Құран ішінде болуға шақырамыз.

БАЙЖАНОВТАР отбасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *