«Өткенді ұмыту өшкендіктің белгісі,
Өткенді еске алу өскендіктің белгісі», – дейді дана ата-бабаларымыз. Бүгінгі жас ұрпақ ел тарихын, оның өткенін ұмытпай, одан сабақ алып өсуі тиіс. Бұл бағытта біздің Шымкент жоғары медициналық колледжінде тындырымды тірліктер жүзеге асырылып келеді. Ел тәуелсіздігі күні қарсаңында арнаулы орта оқу орнымыздың оқытушылары мен студенттері 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагер журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі Слам Нұрмағамбетұлымен кездесті.
Басқосудың алғашқы бөлігінде жиынға қатысушылар 1986 жылдың ызғарлы күндерінің қанды оқиғаларынан сыр шертер бейнетуындыны тамашалады. Болашақ денсаулық сақшыларының оқиға куәгерімен жүздесуді танымал тележурналист, «Оңтүстік» телеарнасының аға редакторы Уәлихан Қожақ ашып, жүргізіп отырды. Қаламгер Слам Нұрмағанбетұлы Алматыдағы сол кездегі Брежнев алаңында өз көргендері мен көңілге түйгендері туралы жастарға тебірене әңгімеледі:
– Осы оқиға болардың алдында Алматыға облыстағы партия белсенділерімен бірге Алматыға оқуға барған едім. 16 желтоқсанда Жоғары партия мектебінде үлкен жиын болды. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы Н. Мирошниченко баяндама жасады. Желтоқсан оқиғасы жайлы осы жиында естідім. Кейіннен Орталық алаңға келдім. Топтанған жастар қолдарына «Тәуелсіздік керек!», «Әр ұлттың өз көсемі болуы тиіс!» деп жазылған ұрандарды ұстап алыпты. Түрлерінен Орталықтың, яғни, кеңестік жүйенің солақай саясатына деген наразылықты айқын аңғардым.
Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 18 минутқа созылған ұйымдастыру Пленумында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың орнына Кеңестер Одағының Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің хатшысы Г.Разумовсийдың ұсынысы бойынша Геннадий Васильевич Колбиннің тағайындағанынан да Алматыда құлағдар болдым. Ол бұған дейін Ресейдегі Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған екен. Республика жұртшылығы бұл адаммен мүлде бейтаныс болатын.
Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп, бейбіт шеруге шыққан жастарға бұзақылар, нашақорлар деген орынсыз кінәлар тағылды. Орталық алаңда қолына резіңке таяқ ұстаған әскерилер жастарды ұрып, соға бастады. Оларды соққымен құлатып, арнайы көлікке мінгізуде. Сол қақтығыста маңдайым мен шүйдеме таяқ тиді. Басымнан қан саулап кетті. Қос қолдап басымды ұстап құладым. Бір сәтте қазақ бойжеткеннің тоқылған бас киімімен менің басымнан аққан қанды басып, көмектескені есімде. Кейіннен басымның терісін тіктіріп, емделдім», – деді жастарға оқыс оқиға кейіпкері.
Бұдан соң Слам Нұрмағамбетұлы желтоқсаншыларды ақтауда өзге әріптестерімен бірге ұзақ жылдар бойы тер төккеніне де ерекше тоқталды. 1989 жылғы көктемде Мәскеуде өткен сессияда ақын Мұхтар Шаханов сөз алып, оқиғаның ақ-қарасын ашып, оны дүниежүзіне жария етті. Мұхаң мен олардың әріптестері ұлтының алдындағы қаламгерлік, қайраткерлік парызын орындаған нағыз азаматтар», – деп өзінің ойын түйіндеді Слам Нұрмағамбетұлы.
Желтоқсан толқуы — тəуелсіздіктің бастауы болды. Себебі, жылдар бойы əлеуметтік-экономикалық артта қалушылықты жасырып келген билік үшін əлемнің алпауыт елдерінің қатарында бола отырып, елдің əл-ауқатын түзей алмауы үлкен сын еді. Алматыдағы Желтоқсан толқуы төрткүл əлем назарын өзіне қаратты. Бұл оқиға Балтық жағалауы елдерін қамтыған үлкен қозғалысқа ұласты. Атап өтеріміз, бұл толқу, билік органдарына жастармен санасу керектігін айқын көрсетті.
Басқосу барысында бірқатар студенттер кездесу қонағынан өздерін толғандырған сауалдарына жауаптар алды. Соңында болашақ медбикелер ақын Әбдірахман Асылбектің сөзіне жазылған композитор Әбиірбек Тінәлінің «Желтоқсан желі» әнін орындады. Желтоқсаншы журналиспен жүздесуден болашақ денсаулық сақшылары тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінді, өзіндік ой түйді. Отанды сүюге, құрметтеуге, желтоқсандықтарға әрдайым құрмет көрсетуге, адамгершілікке, әділеттілікке, ел мен жердің қадір-қасиетін ұғынуға талпынды. Мамандар ордасының оқытушысы Халида Маханова ардагер журналист Слам Нұрмағанбетұлына мазмұнды әңгімесі үшін алғыс білдіріп, қонаққа сый-құрмет көрсетті.
1986 жылғы 16 желтоқсанда қазақ жастары тоталитарлық жүйеге ашық қарсылық көрсетті. Міне, осындай ұмытылмас оқиғадан бері 33 жыл өтті. Өмір-өзен толқындары сол кезден бізді алыстатса да жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды. Ол – дүниені дүр сілкіндірген Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхмеджанова, Ләззат Асанова, тағы басқа батыр қазақ жігіттері мен қыздарының рухына, ерлігіне деген ерекше тағзым, орынды құрмет. Ендеше, мұз үстінде Желтоқсан алауын жаққан жас жүректер ерлігі мен рухы біздің жадымызда мәңгілікке жаңғырады, ешқашанда ұмытылмайды.
Сандуғаш ӘЛІМБЕТОВА,
Әлия ӘДІЛБАЙ,
Шымкенттегі жоғары медициналық колледжінің оқытушылары.