ТҰҢҒЫШ ТУЫНДЫСЫМЕН ТАНЫЛҒАН ТҰҢҒЫШБАЙ

Әдебиет
1 412 Views

Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Олардың жарқын мысалын Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің тыныс-тіршілігінен де айқын аңғаруға болады.

Шымкент педагогикалық институты (қазіргі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті) – білімді де білікті маман мұғалімдер, ғибратты ғалымдар ғана емес, сонымен қатар ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, айтулы ақын-жазушылар тәрбиелеп шығарған қасиетті қарашаңырақ. Бұл жоғары оқу орнынан Әбсаттар Дербісәлі, Исраил Сапарбай, Мұхтар Шаханов, Нармахан Бегалыұлы, Ханбибі Есенқарақызы, Әкім Ысқақ, Бақытжан Алдияр сынды қаламгерлер түлеп ұшқан.

Таяуда аталмыш университеттің филология факультетінің ұжымы тағы бір сондай талантты түлектерінің бірі, Ордабасының отты оғланы, жазушы-журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тұңғышбай Төрегелдиевті студенттермен кездесу кешіне шақырған. Мұның себебі де жоқ емес тұғын. Өйткені, Тұңғышбайдың «Алтын әліппе» деп аталатын тұңғыш тырнақалды туындысы жарық көріп, оқырмандарға ой салып та үлгерген. Олардың алды тұңғыш туындысының өзімен-ақ дүйім жұртқа танылған Тұңғышбайдың талантына тәнті болуда.

ОҚМПУ-дің С корпусында өткен жазушы-журналистің «Ай нұры» атты әдеби-шығармашылық кездесу кешіне факультет оқытушылары мен студенттер қатысты. Кешті факультет деканы, филология ғылымының кандидаты, айтулы айтыскер ақын Анар Жаппарқұлова қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты.Кафедра меңгерушісі Амангелді Мамыт жазушы-журналистің өмірі мен шығармашылық жолы жайлы баяндап өтті.

Өз кезегінде 1701-49 оқу тобының студенттері – Нұркерім Нұрлан жазушының «Аппақ дүние», Арайлым Ерубай «Арыстанды Қарабас», Қасымбек Оңғарсын «Үнді әуені» әңгімелерінен үзінді оқыды. 1701-29 оқу тобының студенттері – Гүлсамал Қалдыкөз «Ай нұры», Әсем Беглан «Нәзік гүл», Айнұр Еркебай «Өмір… Мен… Ол…» әңгімелерінен үзіндіні мәнерлеп оқуымен көзге түсті.

Болашақ мұғалімдер киелі өнерден де кенде емес екен. 1701-49 оқу тобының студенті Жылқайдар Рауан Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым», ал 1701-29 оқу тобының студенті Гүлдана Болатбек ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әнші-сазгер Елена Әбдіхалықованың «Есіңе мені алғайсың» әнін нәшіне келтіре орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды.

Журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушы, библиограф, баспагер, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліп:

–Тұңғышбай Төрегелдиевті 2013-2014 жылдары Шымкентте жарық көрген республикалық қоғамдық-саяси «Қазақтар-ХХІ» газетінде бірге қызмет істегеннен бері жақсы білемін. Мамандығы мұғалім бола тұра журналистік жолды таңдаған. Оны жазушылыққа ұластырған. Мәңгілік тақырып – махаббатқа арналған тұңғыш тырнақалды туындысымен ойлы оқырман жүрегіне жол сала білген жерлесімізге жазар көбейсін дейміз. Біз білімге құштар жастарды көріп, айрықша сүйсініп отырмыз. Прозалық шығарманың өзін өлең оқудан артық меңгерген студент жастарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бақытты болыңыздар! – деп өзінің ақ батасын берді.

Осы кештің тағы бір қадірменді қонағы Құрманғазы Қайыпназар:

– Тұңғышбайдың сыныптас досымын. Екеуміз бір мектепте, бір институтта (қазіргі университет) бірге оқыдық. Ол – филолог, ал мен – физик-математикпін. Еңбек жолымызды да туып-өскен ауылымызда бірге бастадық. Өзге өнегелі шәкірттерімді айтпағанның өзінде Баршагүл Исабекова Сіздер оқитын университеттің бірінші проректоры болып қызмет істейді. Жоғары оқу орнының қабырғасында жақсы тәлім-тәрбие ала білсеңіздер, Сіздер де күні ертең асқар асулар мен биік белестерді бағындыратын боласыздар. Мен соған ниеттеспін! – деді.

Ұлағатты ұстаз Қосай Алтынбеков:

– Біздің жоғары оқу орнымыздан талай талантты түлек шыққан. Солардың бірі – Тұңғышбай Төрегелдиевті тұңғыш тырнақалды туындысымен құттықтаймыз! Кешіміздің өзге қадірменді қонақтарына да шығырмашылық шабыт, толағай табыс тілейміз! – деді.

Жазушы-журналист Тұңғышбай Төрегелдиев:

– Қаламгерлік қасиетті – Алла тағаланың сыйы деп есептеймін. Жалпы, табыс 99 пайыз еңбекпен, бір пайыз ғана кәсіпке, өнерге деген бейімділік пен таланттың арқасында келеді. Студент кезімізде бізге Әділ Ермеков, Әбіш Байтанаев, Әмір Мұсақұлов секілді ұлағатты ұстаздар дәріс оқыды. Осылардың арасынан әсіресе Әділ ағайды айрықша бөле-жара айтар едім. Ол – қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты роман-эпопеясын түгелдей жатқа білетін әулие кісі еді. Міне, сондай ізгі ниетті жандардың арқасында кітап оқуға, шығарма жазуға деген құмарлығым, ынта-ықыласым артты.

Отызшақты жыл бұрын «Әлемдік ұлы суретшілердің туындылары» деп аталатын тамаша кітап қолыма түсті. Онда осыдан бес-жеті ғасыр бұрын өмір сүрген, өнер туындылары Лувр (Франция), Уффици (Флоренция), «Метрополитен» (Америка Құрама Штаттары), Третьяков (Ресей Федерациясы) музей, галереясы секілді сән-салтанаты ғажайып ғимараттарда сақталған сұңғыла суретшілердің туындылары бедерленген екен. Бажайлап қарап отырып, олардан асқан бір сұлулықты сезіне алдадым. Содан суретші болуды армандадым. Оралхан Бөкейге еліктеп жазғым келді. Сөйтіп, көркемсурет училищесінің студенті Жаннұр мен Эра арасындағы мөлдір махаббаттың куәсі болдым. Жалпы алғанда, «Алтын әліппе» – адамгершілік пен сезімнің әліппесі, кіріспесі іспеттес дүние. Бұл – менің алғашқы дәптерім. Екінші дәптеріммен де таяу уақытта таныс боласыздар, – деді.

Кеш соңында факультет деканы Анар Жаппарқұлова жерлес жазушыға естелік сыйлық табыс етті. Кештің қадірменді қонақтары мен студенттер сельфи жасап, суретке түсті. Осылайша бұл ізгілікті де игілікті іс-шара оған қатысушыларда мол әсер қалдырды.

Ә. ДОСЫБЕК.

Шымкент қаласы.

Бет қатталып жатқанда Шымкент қаласындағы ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігі әдеби кеңесінің шешімімен Тұңғышбай Төрегелдиевтің «2019 жылғы Түркістан аймағының ең үздік жазушысы» атанғаны жайлы көзайым хабар алдық. Осылайша тұңғыш туындысымен-ақ қалың жұртшылыққа танылған жерлес қаламгерді қуанышымен құттықтап, оған мол шығармашылық табыс тілейміз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *