ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ ҮНДІСТАНДА ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ

Әдебиет
789 Views

Жаңа 2020 жылдың басында төрткүл әлемде жер көлемі жағынан жетінші (3287263 шаршы шақырым), халқының саны жағынан екінші орынды (1 354 659 000 адам) еншілейтін, 2000 диалект пен отыздан астам тілде сөйлейтін ұлан-байтақ, ғажайып Үндістаннан күншуақты өңірімізге көзайым хабар, жағымды жаңалық жетті. 300 000 тұрғыны бар елдің ресми астанасы – Нью-Делидегі «AUTHORS Press» баспасынан «Spectrum of Uzbek Literature» («Өзбек әдебиетінің шоғыры») деп аталатын жаңа әдеби жинақ жарық көрді. Ондағы прозалық және поэзиялық шығармаларды Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік Туризмді дамыту комитеті Қашқадария облыстық бөлімінің маманы, «Фемида» газетінің бас редакторы Aсрор Аллаяров ағылшын тіліне аударған. Сөз орайы келгенде оның өзінің поэзиялық және прозалық шығармалары дүние жүзінің 30 тіліне аударылып, Америка Құрама Штаттары, Аргентина, Бангладеш, Болгария, Жапония, Италия, Канада, Колумбия, Куба, Қазақстан, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Сербия, Үндістан, Чилиде шыққанын тілге тиек ете кетейік.

Бұл жинақтың жарыққа шығуына «AUTHORS Press» баспасының бас редакторы, аудармашы, Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Аллахабад университетінің докторы, профессор, Оңтүстік Азия елдері әйел жазушылары қауымдастығының әдеби маманы, 16 кітаптың авторы Вано Шаминоз ханым қосқан үлес сүбелі. Ол Әзербайжан, Иордания, Македонияда шығатын бірқатар Халықаралық әдеби журналдардың алқа мүшесі. Ғылыми мақалалары Америка Құрама Штаттары, Германия, Франциядағы Интернет журналдарда жарияланып тұрады. Өзі сайт пен екі блокты жүргізеді. Ол бұл жинақты бүгінде төрткүл әлем қолданатын, «миллиардтар тіліне» айналған ағылшын тілімен қоса-қабат Үндістан мен Бангладештегі 250 миллион халық қолданатын бенгал тіліне тәржімалаған.

Қашқадария облысындағы Қаршы университеті география кафедрасының оқытушысы Мухаё Бердиқулова кітапқа Өзбекстан жайлы арнайы мақала жазған. Бұл жаңа жинақ – өзбек қаламгерлерінің Үндістанда жарияланған бесінші кітабы. Екі ел, қос халық арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың барынша нығая түсуіне етене қызмет ететін алтын көпір іспеттес дүние. Заманауи өзбек әдебиетін үнді оқырмандарына ең жақсы қырынан танытатын әдеби көркем туынды екені шүбәсіз. Үндістан астанасында өткен жаңа жинақтың таныстыру рәсіміне бір топ өзбекстандық өкілдер қатысып қайтқан.

Аталмыш жинақта 30 қаламгердің – 27 ақын мен 3 жазушының шығармалары жарияланған. Олардың 26-сы өзбекстандықтар. Атап айтқанда, Қашқадария облысынан – Махбуба Нурсатова, Башорат Омонова, Нодира Зоирова, Рано Одилова, Рузмат Сафедов, Бону Тоштемирова, Марьям Ахмедова, Машхура Абдураимова, Самарқанд облысынан – Азиза Боймуродова, Ошилди Куйсун Азимуродов, Фазилат Абдуллаева, Темирбек Тоиров, Кубарро Бахромова, Замира Темирова, Гулуора Қодирова, Икромхон Валихон (Валихонов), Бұхара облысынан – Нафосат Давлатова, Ибодат Ражабова, Дилдора Саломова, Гузаль Ризаева, Сұрхандария облысынан – Азиза Қосимова, Камола Пулатова, Наманган облысынан – Севинч Қузибоева, Ферғана облысынан – Одина Рахбарова (Қамбар), Ташкент облысынан – Бону Эрматова, Тәжікстан Республикасының тумасы – Кароматулло Ғазиев бар.

Бір ғажабы, бұл жинақта сонымен қатар былтыр Өзбекстанда өткен Қазақстан жылына орай бір топ қазақстандық қаламгерлердің де әдеби көркем дүниелері де енген. Атап айтқанда, Түркістан облысының Сайрам ауданынан – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Суннатилла Акрамовтың болған оқиға ізімен жазылған «Зиратта жасырылған алтын» деп аталатын әңгімесі (23-33 беттер), Собиржон Шомуродовтың (Собир Шомурод) «Сізге ұқсағым келеді, «Сұрама менің жайымды», «Күлкі анықтамасы», «Сол қыз билесінші» атты өлеңдері (161-169), Төлеби ауданынан – сатира саласындағы республикалық «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ералхан Жылқыайдарұлының «Зағип қыз» деп аталатын сатиралық әңгімесі (34-51), Шымкент қаласынан – журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушы, библиограф, баспагер, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі Әбдісаттар Әліптің «О, Махаббат, Махаббат», «Аққуым менің», «Қыздар», «Сары күз бен Сары қыз» атты өлеңдері (192-200) жарияланған. Сөз орайы келгенде соңғы екеуінің шығармаларын өзбек тіліне сайрамдық ақын, аудармашы Бахадир Аташ тәржімалағанын да тілге тиек ете кетейік. Жерлес қаламгерлерді осы айтулы қуанышымен шынайы құттықтап, олардың бәріне шығармашылық табыс тілейміз! Алдағы уақытта Шымкент, Түркістан, Ташкент, Шыршық қалалары мен Бостандық, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби аудандарында осы жаңа жинақтың таныстыру рәсімін өткізу жоспарланып отыр.

Шойбек ОРЫНБАЙ,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,

жазушы, Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Әлібек ШЕГЕБАЙ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *