БІРАҚ ШЫМКЕНТТІҢ ШЫҢЫРАУ ШАТҚАЛДАРЫНАН ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛДЫ
Көкжиектерді жалғаған Астана орманын Анкараның алақандай шатқалы қалай жұтып қойды?
Шымкент жағында «Әкімдер не істейді осы?» деген сұрақ жиі қойылады. Бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Бір білетініміз – әкімнің жұмысы бастан асып жатыр. Бірақ оның бәрін бірдей тындырып, жапырып тастауға мүмкіндік, құзырет, қаржы, ең бастысы уақыт жете бермейтін болса керек. Сондықтан мың-сан тірліктің, түйінді мәселелердің басты-бастыларын, ертеңге қалдыруға болмайтындарын іріктеп алып, күш-қайратты соларға жұмсау керек болатыны бізге де белгілі. Бұны басшылардың бізден жақсы білетіні талас тудырмайды. Алайда, кейде қарап отырсаң, науқаншылдыққа, ұраншылдыққа ұрынып жататындары да байқалады. Алдыңғы әкімнің бастап кеткен жұмысын кейінгісі жалғастыра бермейді. Содан ба екен, мысалы, Шымкент деген мегаполистің бағыт-бағдары бірде былай, екіншіде олай өзгеріп жатады. Он ойланып, тоқсан толғанудан туған сара жолдың орнына асығыс-үсігіс таңдалған үзік-үзік соқпақтарға түсіп, адасып жүргеніміз. Шындығында, түсіне білген адамға велосипед ойлап табудың керегі қанша? Бәрін де Елбасы ұзақ мерзімге арнап жоспарлап қойған жоқ па? Және сол жоспарларды қалай орындау керектігін де өз қимыл-әрекетімен көрсетіп отыр емес пе. «Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз қарап отырмадым» деп, Білге қаған айтпақшы, қалай жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп-ақ келеді. Алдыңда сара жол жатыр. Тиісті заңдар қабылданған. Қаржы-қаражат бар. Даңғылға түс те тарта бер.
Жоқ. Ойланбай тірлік жасап, істің де, халықтың да берекесін қашырамыз-ау. Сондайда осы біздің әкімдер Елбасының жолдауларын, басқа да еңбектерін оқи ма, айтқан сөздеріне құлақ аса ма? деген сұрақ мазалайды. Облысты сырттан келген Б. Атамқұлов басқарып тұрғанда осы сықпытты сұрақтарға талай сүріндік. Ал Оңтүстіктің төл перзенті Ж. Түймебаев келе жатыр дегеннен-ақ әлгідей күмән-күдіктер сейіліп сала берген еді. Бірақ…
Табаны Оңтүстіктің топырағына тиісімен жаңа әкіміміз қызу жұмысын бастап жіберді. Бұрынғы әріптесіндей емес, қазақшаға ағып тұр. Оның үстіне ғылым мен мемлекеттік істегі тәжірибесі де мол. «Алдыңнан жарылқасын!» дедік көпшілік тілегіне қосылып.
Жансейіт Қансейітұлының қолға алған алғашқы авторлық еңбектерінің бірі – «Шатқал» бағдарламасы болды. Ол кісі жарнама жағын да қапысыз игерген екен. Оңтүстіктегі бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары бірінен-бірі асырып, «Шатқал» бағдарламасын көкке көтеріп жатты. Болмағанды болды деуге дейін барысты. Жергілікті шенеуніктер отқа май құйып, оңды-солды сұхбат беріп, жиын-жиналыстарда сөз алып, жалған ақпараттарды да жан-жаққа ұшырып жатты. «Шатқал» турасындағы бастаманың қыр-сырына қаныққан соң біз «басшының бұнысы қалай?» деуге көштік. Себебі…
Шымкенттегі қараусыз, бос жатқан он-сан шатқалдарды абаттандырып, демалыс аймақтарына айналдыруға шындап кіріскен Түймебаев мырзаның қолы істе, аузы сөзде болды. Біз біле бермейтін Түркия тәжірибесін, Түркия үлгі-өнегесін алға тартты. Ол жақтағы шатқалдардың бәрі-баршасы гүл жайнап, саябақтарға айналған екен. Ал бізде күл-қоқыс төгіліп, бос жатыр… Шындығында осылай ма еді? Жаңа әкім артықтау кеткен жоқ па? Аузымызды қу шөппен сүрте бергеніміз қалай? Анкара, Стамбулдың жұмыс істеп тұрғанына таласымыз бар дей алмаймыз. Алайда Астана қарап отыр ма?
Нұрсұлтан Әбішұлы Астананы Ақмолаға ауыстыра салысымен-ақ орман өсіру туралы бастама көтергені мәлім. Қазір 73 мың гектар жерде нағыз орман жайқалып тұр. Ол енді аз жылда Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерімен жалғасады. Ғажап қой. Біз неге өзіміздегі осындай ауқымды істі алға тартпай, айдаладағы шатқалды аузымызға аламыз? Неге Шымкентте шатқал жоқ екенін біле тұра «Шатқал» бағдарламасын қабылдаймыз? Айта берсек бұл бағдарламаның кемшілігі көп-ақ.
Біріншіден, шатқал, сай-салаларда демалыс аймағын ашу дегеніңіз Шымкент сияқты жазы ыстық қалада бекер әурешілік. Жазғы шілдеде сай-сала нағыз тымырсыққа айналады. Тынысың тарылып, ауа жетпейді. Тымырсық болса, оның үстіне ағашы қалың болса, маса-шіркейдің бәрі сонда жиналатыны бар дегендей.
Екіншіден, неге біз шатқал, сайлармен шектелеміз? Одан да «Астана орманы» үлгісімен бірден, кең ауқымды «Оңтүстік орманы» бағдарламасын қабылдамадық па? Елбасымыздың бастамасын қолдағаннан ұтылар ма едік? Ақыры соған келдік қой. «Шатқал» бағдарламасы аудан, қалаларда жалғасын тапты. Тек далалы аудандарда жоқ шатқалды қайдан тауып жатқаны белгісіз…
Үшіншіден, сайды, төбені игеру тәжірибесі, үлгісі Шымкенттің өзінде де бұрыннан бар ғой. А. Асқаровтың кезінде салынған зообақ, атшабар, дендросаябақ, т.б. әлі халыққа қызмет етіп тұр емес пе.
Төртіншіден, Түймебаевтың жап-жақсы бастамасын осы іске тікелей жауапты шенеуніктер аз күндік дабыраға, науқаншылдыққа, мақтангершілікке айналдырып жібергені де өтірік емес. Олар жаңа басталған, әлі ертеңі қалай болатыны белгісіз істі біткен шаруа ретінде көрсетіп бағуда. Бұл олардың ескі әдеті ғой. Әкімнің сондай жауапсыздау жандардың жетегінде кетіп қалып жүргені өкінішті-ақ. Айтпақшы Шымкенттің сай-салаларын «бос жатыр» деп «жазғырудың» жөні жоқ. Шындығында бұл сайлар қаламызды су алудан, су басудан қорғап жатқан табиғи кәріздер емес пе. «Сай сайға құяды» демекші, Шымкентте қатты нөсер жауғанда, оған еріген қар суы қосылғанда көл-көсір су сай-сайға тарап, бөлініп, тасқын қаупі тез сейіліп кетеді. Егер күндердің күнінде ол сайлар жабылар болса, жиналған судың көше, үйлерге қарай лықситыны анық…
Кейде бала болып кетеміз. Шымкенттің ғұмыры бес-он күндік қызғалдақтарына мәз болып жүріп, қаншама кемшіліктерді байқамай қаламыз. Ж. Түймебаев келісімен Шымкентте ағаш аз екенін баса айтты. Дұрыс шығар. Бірақ арада қанша уақыт өтсе де көшелерімізде қажеті жоқ бағаналардың қаптап тұрғанын байқар емес. Қызық, қаланың орталық көшелерінде әлі күнге дейін баяғы, бұрынғы, кешегі, бір сөзбен айтқанда, «жұмыстан әлдеқашан шығып қалған» көне, ескі, жарамсыз бағаналар қайқайып, жаңаларымен иық тірестіріп қатар тұр. Неге олай? Оларды алып тастау үшін бөлінген қаржыны кезінде әлдекімдер жеп қойған шығар. Ал енді жаңа бағаналар қалай орнатылып жатыр? Масқара! Айтарға сөз жетпейді… Бізде әлі күнге дейін көше бойларында керегі, керексізі бар самсап тұрған бағаналарда оңды-солды тартылып, салбырап тұрған сымдар мен кабельдер көп. Мысалы, бұндайды бүгінде басқа қалалардан көрмейміз, тек Шымкентте ғана осындай бейберекеттік сіресіп тұр. Тіпті қалада заман талабына орай сәнді әрі жеңіл етіп жасалған жаңа бағаналардың өзі, орнатылу барысында о баста жоспарланған, бекітілген жобасынан ауытқып, шаһардың сиқын қашырып шыға келеді. Жоба бойынша жарық беретін сым (кабель) жер астымен келіп, бағананың ортасындағы қуыстан жоғары өрлеуі керек. Сонда салбыраған сым дегеніміз болмайды. Ал бізде керісінше.
Бір сөзбен айтқанда Шымкенттегі қисайған, ескірген, босқа тұрған түрлі-түрлі (ағашы бар, темірі бар, бетоны бар…) бағаналар мен жер бетіне шығып кеткен сиықсыз жылу құбырларын жасырып-жабулау үшін қала әкімдігі жеңіл-желпі, аз күндік іс-шараларға барады, бей-берекет көріністерді сурет-плакаттармен жабады, тіпті шарбақтармен қоршап тастайды. Бұл қашанға дейін созылмақ? Қаланы абаттандыруға қатысты түбегейлі жұмыстар қашан қолға алынады? Шатқал деп, сай деп, шарбақ деп, қызғалдақ деп, үзіп-жұлқа бергенше Астананың үлгісімен жаңаша жұмыс істесек қайтеді? Мысалы, Алматы көше бойларындағы темір шарбақтарды алып тастап жатыр. Кішкене ғана Алға қаласының жылу жүйелерін жер астына түсіргенін де көрдік. Біз… бүлдіреміз де, содан соң жасырып, жабулай бастаймыз.
Ташкенттің палауы Шымкенттің мақтанышына, брендіне айналды
Тәуелсіздік алғалы бері Шымкентке талай әкім келіп-кетті. Соның қайсысы қаланың өркендеп-дамуына ерекше үлес қосты? Біздіңше, облыс орталығының тағдырына қай әкім де онша бас қатырып жатпады. Солардың көбісі келе жұмысты көше бойларындағы бордюрлерді, тротуарларға төселген тас тақталарды ауыстырудан бастап, осы төңіректен көп ұзай қойған жоқ. Не сиқыры бар екенін іштері біледі, осы іске қай-қайсысы да жанын сала кірісті. Тіпті Тұрар Рысқұлов даңғылы бойындағы табиғи қызыл граниттен жасалған, мың жыл былқ етпей жата беретін бордюрлерді сыпырып алып тастап, орнына қар, жаңбыр, ыстықтың әсерінен тез үгітілетін цемент бордюрлерді төсеуге дейін барды-ау. Не үшін? Кім үшін?
«Әкімдер жұмысты саусақ ұштарымен ғана атқарса, Шымкент құлап қалмай қалай тұр?». Құламайтын себебі бірнеше жыл бұрын бір Шымкент қаласының бюджеті білдей Қырғыз Республикасының бюджетіне теңесті деген ақпарат тарады. Бұны жоққа шығарған адамды көргеніміз жоқ. Керісінше жақында ғана қала әкімінің қызметінен кеткен Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің бюджетін 30 пайызға арттырғанын мақтанышпен айтқаны есімізде. Шынына келгенде Шымкенттің құламай тұрғаны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше қамқорлығы арқасында дегеніміз дұрыс болар. Шымкент Қазақстандағы төрт мегаполистің қатарына енгізілді. Нұрсұлтан Әбішұлы Оңтүстікке келген сайын десек артық емес, Шымкенттің білім мен мәдениеттің ошағына айналуы керектігін айтады. Бұл үшін барлық заңдық, қаржылай негіздер жасалған. Айналасындағы ондаған елдімекендерді құрамына қосып алғаннан кейін қала тұрғындарының саны әне-міне бір миллионға жеткелі тұр. Басшыларымыз өркениетті елдерден естігендерін, көрген-білгендерін іске асырып, Шымкентті ақылды қалаға айналдыратындарын да айта бастады. Бірақ…
Шыны керек, шырайлы дейтін Шымқаламыздың білім мен мәдениеттің орталығына айнала қоятын түрі жоқ. Жуық арада ақылды қала атанатынына да күмәніміз бар. Мың шұқырдағы мың ауылдан тұратын шаһардың бір кездері қалыптасып қалған келбеті шытынаған шыныдай шашырап кеткен. Әркім ойына келгенін істейді. Әркім өзінше архитектор. Ортақ стиль жоқ. Ортақ талап жоқ. Біреулер Самарқан мен Бұқарды көшірмелеп жатады. Қайсыбіреулер шығандап шығысқа, құлдырап батысқа бой ұрады. Ондайлардың қаңылтыр мен су тегін күл кірпіштерден тұратын жобаларын кімнің қалай бекітіп беретіні түсініксіз. Тіпті әкімдіктердің тікелей араласуымен салынып жатқан құрылыстар сапасының Шымкентке қарағанда шағын саналатын Қызылорда, Ақтөбе қалаларындағы ғимараттардан төмен екенін көріп, таңданумен жүрміз.
Ақылды, мәдениетті, білімді қала болуға тиіс Шымкент ағысы қатты өзендегі ескексіз қайық сияқты соңғы жылдары біресе ана, біресе мына жағалауға соғылып, шайқатылып келеді. Тоқсаныншы жылдары жабайы базарлар, сиықсыз дүңгіршектер, сыртынан қарағанда мал қора сықпыттас тойханалар қаптады. Одан соң аяқты аттап бассақ дәріханаларға тап болатын күнге жеттік. Қазіргі жетістіктеріміз: иінтірескен ломбардтар, самса, лаваш, гамбургер, донер кебаб, чикен сататын дүңгіршектер. Ет орталықтары, палау орталықтары дегендер шықты. Ішіп-жеуге шақыратын, тіпті мәжбүрлеуге бейім жарнамалардан көз сүрінеді. Қара көзілдірік киген, ақ «бабочка» таққан сүйкімді қозылар «Менен пісірілген грильді алыңдар, дәмдімін» деп жалынып тұрады. Әсіресе…
Ташкент палауы жүргізбеуге айналды. Қайда барсаң, алдыңнан шығады, қайда қарасаң, көзіңді көлегейлейді. «Қорабымен ала кет» деп, қиылады. «Жеткізіп береміз» деп те алдарқатады. Тіпті аузың аңқимай, палауды асауға кіріспеймісің? дегендей қыжыртатыны тағы бар. Қысқасы, әкімдеріміз Оңтүстік бренді туралы армандап жүргенде Тәшкеннің палауы мақтанышымызға, басты құндылығымызға айналып кетті. Осының бәрі қосыла келе «Тәшкен палауы болмағанда өлетін екенбіз-ау. Қазақ қанша ғасыр бойы қалай аштан қырылып қалмай келген» дегендей ойға жетелейді. «Әркімнің жетегінде кету» деген осы шығар, сірә. Тәшкен палауы, Тәшкен шайы, самсасы… Бір түскі астың кезінде көрші елдің қалаларымен түгел танысып шығасың. Шымкент тек ішіп-жейді, ештеңе өндірмейді, ойлап таппайды, пісірмейді, кәдімгі «Дайын асқа – тік қасық» сияқты көрінеді.
Осы «Тәшкен палауы» деген не өзі? Ол Қызылорданың ақ маржан күрішінен, Аралдың тұзынан, Шымкенттің суынан, Шығыс Қазақстанның пістемайынан, Созақ, Отырар, Бәйдібек, т.б. аудандардан жеткізілген еттен, Сайрамның сәбізінен тұратын тағам. Айтпақшы, «Шымкентқұстың» жұмыртқасын, сондай-ақ Төле бидің немесе Қазығұрттың қазысын қосады. Сонда бұның қай жері Тәшкендікі? Пысықтық деген осы енді?
Әкімдер біздің айтқанымызға құлақ аса қоймас. Ол бесенеден белгілі. Біздің таңғалатынымыз Шымкент шенеуніктері ҚР Президентінің айтқандарына да көңіл бөлмейді. Иә, дәл солай. Осыдан бірер жыл бұрын Н. Назарбаев Астананың тамақтандыру орындарын аралап көріп, екі кемшілікті баса айтты, ренішін білдірді. Төлеу сөзбен жеткізейік, Елбасымыз Астананың тамақтандыру орындарында ұлттық тағамдардың жоқтығын сынады. Содан соң мейрамханаларда қазақ ән-күйлерінің естілмейтінін де еске салды. Бұдан кейін Астанада не өзгеріс болғанын білмейміз, ал өз атына айтылған тікелей әділ сынды қабылдай бермейтін біздің Шымкенттің беті бүлк еткен жоқ. Қайта керісінше ауызды қу шөппен сүртіп, қоғамдық тамақтану орындарын бетімен жіберді. Бұл бір қызық жағдай. Қазақтың үйіне қонаққа барсаң, қазақы дастарханы жайнап тұрады. Ал енді осы қазақтың өзі ашқан мейрамханасына, кафесіне кіре қалсаңыз, ауа райы мен апа, жеңге, келіндердің көңіл-күйіне орай түрленіп, жүз құбылып, жұтындырып тұратын түрлі-түрлі көженің ең болмаса бірі де жоқ. Шетелдік аспаздар пісірген тамақтарды қанағат тұтасыз. Біз білеміз ғой, ал ана басқа мемлекеттен келген туристер не ойлайды? Оңтүстікте туристерді қызықтыратын тарихи нысандар да, табиғат ғажайыптары да көп. Ендеше туризмді дамыту барысында тиянақты жұмыс жасауымыз керек дейміз. Дейміз де қайта қалғи бастаймыз.
З. ЖАНСЕЙІТ.