ДАНАЛЫҚТАН ДАРАЛЫҚҚА БЕТТЕГЕН

Мерей
898 Views

Бүгін 70 деген жаз жайлауға үй тігіп, кешегі Нағымбек деген кейіпкерің Нағашыбек Қапалбеков болып, тау жақтағы ауылдан Алатау жаһұты, әсем төрінешығып отырған қуанышты да бақытты шағың құтты болсын!

Сен үшін ең биік шың да, ең биік сын да Атабай еді. Қараңғысайға балалық шақтағы достарыңның бәрі де шыға алатын-ды. Ал Атабайдың орны бөлек. Оған жету де оңай емес. Әсіресе, қыста шаңғымен. Бірақ, ол сын. Сондықтан да «шүмек-шүмек тер үзіліп түседі, оны жерге түсірмей суық жел қағып әкетеді. Құлақшыныңды алсаң қайнаған самаурынның қақпағын ашқандай бу будақ-будақ көтеріледі». Сонда көзіңе не түседі? Әрине «Бұлдыр-бұлдыр бел-белестер, бір-бірінен биік, ашуланған иттің құлағындай тікірейген бөлек-бөлек қырқалар». Атабай шыңы деген осы.

Нағымбектің тобығы шығып жарақаттанғанымен өмір – күрес екенін ұқты. Біреудің шаңғысын сындырғанымен өзінің сағын сындырмады. Өйткені ол батыр Қарасайдың ұрпағы екенін жақсы білетін.

Атабай шыңына басталған жол сені әдебиет шыңына жетеледі. Ел мен жер тарихын зерделедің. Туған жердің тарихын қопарып, бабалар салған соқпақ жолды іздедің. Адам табиғатына үңілдің. Өзің көрген, өзің оқыған, өзің көңілге тоқыған оқиғалар көркемдік сипат алып, біресе хикаят, бірде әңгіме болып жарияланып жатты. Осылай бала Нағашыбек дара Нағашыбекке айналып келе жатты. Енді дана Нағашыбек ауылына беттедің.

Нағашыбек шығармаларының дені автор атынан баяндалады. Сондықтан да ол шындыққа жарасымды, өмірге жанасымды. Өзі суреттеп, бейнелеп, көркемдеп отырғандықтан кейіпкерлері де нанымды, көңілге қонымды. Қарапайым да кішкене адамдардың тағдыры арқылы тазалық, адалдық пен арамдық, қатыгездік пен мейірімділік араласа жүретін өмір шындығына қаламгер жан тазалығымен келіпті.

«Таудан түскен тұман» хикаяты қалай басталушы еді:

«Шешем жағдайын мұрнынан тізіп айта жөнеліп еді, ыңыранып отырған директор кекесін пішінмен:

– Тоқ етерін айтыңыз, тоқ етерін! – деп зірк ете түсті. Дауысы әмірлі.

Шешем күбіжіктеп, тосылып қалды.

– Мына бала әскерден кеп… соған қайтам дегенге … қаражат жоқ боп, соған отыз сом қарыз ақша жаздырып берсеңіз…

Директор жақтырмай, жалпақ бетін тыржың еткізіп:

– Осы ел қызық-ей! Алақанын жайып кеп жүргені. Кассада көктиын ақша жоқ. Жоқ! Ақша сұрайды кеп… Жоқ! – деп шашы айдарланып, зілдене түйілді».

Бұл жанды сурет. Мұны Нағашыбектің замандастары бастан өткерген. Тұп-тура кино лентасына түсіріп алғандай көрініс.

Кеңшар директоры Смағұл Кенжалин мен тілші бала Ыдырыс Қалиевтің арасында қандай текетірес бар. Әрине, ол тілші баланың шындықтың ауылын іздеп, фельетон жазуында жатыр.

Нағашыбек Қапалбекұлы Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетіне корректор болып кіріп, оның бас редакторына дейін өскен, ауыл тынысын, ел тіршілігін етене жақын білетін журналист еді.

Хикаят өзіміз көріп жүрген қиянаттың қатардағы көрінісінің бірі болса да жазушы шығармасында өң мен түр алып, қаныңды қайнатқызып, ашуыңды көтеріп, жаныңды жаралайды. Өйткені кеңшар директоры жас тілшінің сынаған мақаласы үшін әкесі баққан қойдың 41- ін ұрлатқызып, оны соттатып жібереді.

Бала көңілі астаң-кестең. Ол – толқиды, ол – қиялдайды, ол – армандайды. Сол арман жолдарына бір сәт үңіліп көрелікші.

«… Жүрегімнің басы май ішкендей кілкіп, мына пошымы кеткен жандарға қайтіп енді қамалқа боларымды білмей, әптер-тәптерім шығып отырмын. Ақын біткеннің бәрі бақытсыз болады деуші еді, бірақ мынау нағыз сор ғой. Өз аспанымды ашпай жатып, бар зілбатпан ауыртпалықты мойныма кигізе салғаны несі? Елдің балалары құсап институтқа түсіп, студент атанып, қалада жүрсем, қанекей? Анау Алматыдағы ақын-жазушылардың ортасына дуылдатып өлең оқысам, алқып-шалқып жүрсем қайтеді? Өлеңдерім газет-журналға бұрқ-бұрқ басылып жатса, ауылдастарым «Біздің Қалиев деген үлкен ақынымыз қазір астанада тұрады», – деп марапаттап жатса…».

Иә, сол бала журналистің бүгін арманы орындалып, қиялы шындыққа айналған тұс. Нағашыбек Қапалбекұлы қырықтан астам кітаптың авторы, жазушы, академик, профессор, қайраткер.

Смағұл Кенжалин сияқты сиықсыз адамдар кетіп, Нағашыбек Қапалбеков секілді шындықтың шырағын жаққан адамдардың заманы туды.

Нағашыбек Қапалбекұлы – ұлы Жамбыл бабамыз жөнінде түрлі деректер жинап, зерделеп, зерттеп, жазып, оларды баспасөзге жариялап жүрген жамбылтанушы ғалым. Ол «Жамбыл ата», «Жамбыл — толғау» атты кітаптарын шығарды, ұлы ақын жөнінде «Бала Жамбыл» атты повесть жазды, көптеген шаралар ұйымдастырып жүр. Жылма-жыл республикалық кітап музейінде Жамбыл атаның туған күні қарсаңында көрме-кеш ұйымдастырады. Жамбылдың 170 жылдық мерейтойына орай Шымкентте «Жамбыл феномені», Қостанайда «Өсиет», Талдықорғанда «Ұлы даланың ұлық жырауы» атты кітаптар құрастырып шығарып, үлкен конференциялар өткізді. Алматыда «Әлемді жыры шарлаған» атты Жәкеңнің шетелдің бірнеше тілдеріне аударылған кітабын құрастырып, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда «Жамбылдың ән-күйлері» атты үлкен концерт өткізді. Өзі тікелей ректорларға кіріп ұсыныс айтып жүріп Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде Жамбыл ғылыми-зерттеу орталықтарын аштырды. Сондай-ақ, оның ұсынысымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Сұраншы батыр» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, кітаптар шығарып, бірнеше игі шаралар ұйымдастырды.

Астанада Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойына орай «Түркі әлемі» академиясымен бірлесіп үлкен салтанатты кешті ұйымдастырған да осы Нағашыбек.

Иә, Жетісу өңіріндегі ақындар мен батырлар, тарихи тұлғалар жайлы көптеген құнды деректер тауып, түрлі шаралар ұйымдастырып, ел есіне салып, болашаққа аманаттап жүрген оның игі істеріне еріксіз риза боласың. Ол шежіреші, тарихшы, қоғам қайраткері, өзінің тынымсыз ізгі істері арқылы ел құрметіне бөленген ақылман елағасы.

Нағашыбек өмір жолын журналист болудан бастады. Міне, жарты ғасырдан астам оның қаламы қолынан түспеді, қаншама тарихи-танымдық, ел есінде қалатын очерк, фельетон, мақалалары баспасөз беттерінде сайрап жатыр. Кезінде оның жазған «Құлыны жоқ ту биелер, қымызы жоқ қу биелер немесе Дегерес жылқы зауытының директоры А.Түргенбаевтың ісі мен түсінен репортаж» деген фельетоны «Жетісу» газетіне жарияланып, үлкен құбылыс болған еді. Оны жазғанда Нағашыбек небары отыз жастағы жап-жас жігіт екен.

Нағашыбек Қапалбекұлы «Қазақстанның қайраткер журналисі» деген атақ алып, бұл саладағы табысы елеп-ескерілді.

Нағашыбек өте еңбекқор жазушы, үнемі ізденісте жүреді. Міне, күні бүгінге дейін 46 кітап шығарыпты. Жазушының қарым-қабілеті мен жетістігі үшін Қазақстан жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.

Он сегіз жасында әскерге алынған ол содан бері қызметтен қол үзген жоқ. Іскер ұйымдастырушы, табанды еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталды.

Нағашыбек бауырым біздің өлкеде өтетін ірілі-ұсақты түрлі шараларды ұйымдастырып, елағалық танытып, оларды тап-тұйнақтай сапалы атқарып жүреді. Талай-талай таланттар тауып, оларды елге танытудағы еңбегі бір төбе. Адами кісілік келбеті, көпшілік үшін уақытын да өзін де аямай атқарып жатқан ізгі қасиеті арқылы ел-жұрты сыйлайды, құрмет тұтады, кеңесіп, ақылдасып тұратын қайраткерлікке көтерілген тұлға.

Соңымнан ерген Нағашыбек інімнің игілікті істері жайлы көп айтуға болады. Оның шығар асулары әлі алда.

Қаламың мұқалмай, заманыңның, бабаларыңның рухын асқақтата бер, қадірлі бауырым, Нағашыбек!

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

Ұлттық ғылым академиясының академигі,

филология ғылымының докторы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *