ҚАЙРАН ДИДАШ…

Өмір-өзен
848 Views

Дидаш!.. Дидахмет!.. Дидахмет Әшімхан!..

Біз бір жылы туған құрдастары «Дидаш» деуші едік. Сені бұ дүниеден өтіп кетіпті дегенде сең соққан балықтай есеңгіреп отырып қалдым. Біз қатар жүрген замандастарымызды мәңгілік бірге болатындай бұ дүние ғапыл екенін еске алмай дүркіреп-күркіреп жүре беретініміз несі? О дүниеге өтіп кеткеннен кейін ғана жер тоқпақтап қайран жандардың қайбір істерін, ыстық ықылас, небір тәтті кезеңдерді сағынып, сарғайып еске аласың.

Дидашты алғаш рет жас ақын-жазушылардың кеңесінде кездестірдім. Қазақстан Жазушылар одағында өткен бұл жиында екеуміз бір үстелде қатар отырып қалыппыз. Проза секциясын Тәкен Әлімқұлов басқарып, танысып, жазғандарымызды жинап алып, қолтығына қысып алып кетті.

Жиынға қатысқан жүректері алып ұшқан өңкей ақүрпек арманын үкілеген жас қаламгерлер атақты ақын-жазушылармен бірге суретке түстік. Мұртын ширатып, атылатын жанартаудай күркіреп қоятын Бауыржан Момышұлы атамыздың бәріміз жапатармағай қолын алып, қыздар қауымы қолтығына кіріп, мәре-сәре болдық-ау. Сол суретке түсіп болған соң өзім құралпылас болғанымен ылдым-жылдым Дидахмет маған көңілі ауып, жеке шығарып алып:

– Жүр, Бауыржан атаның үйіне барып бата алайық, – деді. Түс ауа екеуміз Баукеңнің үйіне бардық. Кіре алмай есігінің алдында қипақтап көп тұрдық. Тіпті бұрылып кетейік деп тұрғанда Баукеңнің өзі сыртқа шыға келгені.

– Ассалаумағалейкум! – деп екеуміз екі жақтан сәлемімізді беріп жатырмыз. Батыр ата алакөздене қарап:

– Қай баласыңдар? – деді. Дидаш екеумізді таныстыра бастады.

– Онда жүріңдер, сәл-пәл бой жазып қайтайық, – деп Баукең ортада, екі шетінде екеуміз 28 панфиловшылар саябағына кіріп, сейілдеп біраз жүрдік. Ескі жонылған, жаңқасы шыққан сәкіде отырып, ол кісі асықпай темекісін тұтатып, ширата тартты.

– Иә, не жазасыңдар?– деді

– Әңгіме-проза…– деп екеуміз қатар жауап бердік.

– Ә-ә, бұл ауыр жүк. Көрген-білген, түйсінген, сезінген нәрсені көбірек көзіңмен екшеп, жөні келсе түртіп жазып қою керек. Қантөгіс соғыста жүрсем де мен жазуымды тоқтатқан емеспін. Сыртта, әскери өмірде жүрсем де қазақ тілін ұмытпадым. Өйткені ол ана тілім.

Темекі тартқан соң Баукең жадырап, осындай біз ести бермейтін көшелі әңгіме тиегін ағытты.

Бауыржан атамызды есігі алдына дейін шығарып салдық.

– Қашанда жолдарың болсын, қарақтарым! – деді Баукең қоштасарда. Біздің құлын жүрегіміз қуанғаннан аспандап кетті. Бізге бата беріңізші, ата? – деп сұрауға жүрексініп тұрғанымызда өзі осылай деп ақтілек айтып, арқамыздан қаққаны қандай ғажап болды.

Дидаш екеуміз сол саябақта күрешкемен сатылатын көбігі бұрқыраған сап-сары алтынтүстенген сыраны ұрттап қойып, әңгіме дүкенін сапырып, болып-толып тұрдық-ау.

– Бауыржан атамыз ұлы адам! – деген еді Дидаш сонда. Осы айтқан қағидасынан өмірі айнымады. Қақаған желтоқсан айында Бауыржан Момышұлының туған күніне орай жылда газетке мақала жазады, сұхбат береді, жиын ұйымдастырады. Әйтеуір бауыржантанудың сан қырын жалықпай әңгімелейтін. Қазақ елінің ұлан-байтақ көне тарихында Бауыржан Момышұлы ұлы тұлға, – деп отыз томдығы шыққанда қуанғанын айтпа! Арнайы туған күніне құрбан шалып, Құран оқытып, Құдайы шай берген едік.

Мына Алматыға тиіп тұрған Ұзынағашта тұрсам да Алматы мені жатырқап, ішіне тартпай суық қабылдайтын. Сағынып, жүрегім дүкілдеп жетсем де жүдеп, жабырқап қайтатынмын. Қазақстан Жазушылар одағына кіремін. Ары-бері сабылған таныс-бейтаныс тұлғалар состиып тұрған саған қарамайды, Жібек жолындағы редакциялар үйінде де кіл асыққан жұрт…

Сондайда Дидаш қана жаныма жамау, өзіме серік болады. Бастығына «Ауылдан жазушы досым іздеп келіпті», – деп сұранып шығады да Алматыны армансыз аралатады. Медеу, музей, театр, әйтеуір не бар, бәрін көрсетіп шығады. Не деген білімдар, терең, білмейтіні жоқ. Ол кездегі көзден бұлбұл ұшатын сыраханаларға барып, әңгіменің шексіз айдынды мұхитында сапар шегетінбіз. Ол өзім біле бермейтін, түсіне бермейтін жайттарды майын тамыза айтқанда аузымды ашып қалатынмын.

Алматыға келсем Дидашқа соқпай, дидарласпай, әңгіме-дүкен құрмай кетпейтінмін. Келгенімде бар шаруаны жиып қойып, сол күнді маған арнайтын қайран досым. Алматы мен үшін Дидаш еді. Өйткені ол осында КазМУ-де оқыды, бірден мүйізі қарағайдай газеттерде қызмет істеді, атынан ат үркетін біз именіп сәлем бере алмайтын атақты ақын-жазушылармен аралас-құралас болды. «Жөргегімде бастыққа жарығанмын. Бастықтарымның бәрі де көреген, дана, ғажап бас редактор болды. Бағымды солар ашты», – деп әрқайсысының қыр-сырын, шеберліктері мен биік адами тұлғалары жайлы үнемі айтып жүруші еді-ау. Шынында да Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Қалтай Мұхаметжановтай алты Алашты аузына қаратқан азулы қайраткер-қаламгерлердің қол астында жүріп, көп тәлім-тәрбие алды, өзі де үйреніп, игі қасиеттерін бойына сіңірді.

Көргені көп, көре жүріп ойына түйгені көп Дидаш қандай орта болсын өзін еркін сезінетін. Кішілерге қамқор, жас талапкерлерді іздеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жолын ашып, көмектесуге құмар-тын. Ал, ірі ағаларымен тең тұрғыда пікірлесіп, тіпті әзілдесіп, еркелегенінің өзі тым жарасымды, табиғи көрінетін.

Аңқылдаған абыз ойлы, асыл тұлға Дидашым-ай!.. Мынау өмір атты келте ғұмырда сенің салған соқпағың үлкен даңғылға айналды.

Қолымнан жетелеп әкеліп, Қалихан Ысқақов ағасына таныстырып: «Мынау ауылда тұратын досым, әлі Одаққа өте алмай жүр, мықты прозаик», – деп Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдаттырып еді. Кейін Қалағаңның туған інісіндей жақын болып кеттім.

Ол кезде партияға өту, Одаққа мүше болу – өте биік марапат, жоғары баға саналатын.

Дидаш елу, алпысқа толғанда Алтайға, туған жеріне шақырды. Екеуінде де бара алмадым, қу тірлік, бітпейтін күйбеңнен қол тимеді. «Енді жетпіске толғаныңда қайтсем де барамын. Қалихан, Оралхан, Дидаш, Әлібек жазған ғажап Алтайдың керемет табиғатын аралап көремін», – дейтінмін. Қайдан ғана білейін?..

Осыдан біраз жыл бұрын Қырғызстанға бардық. Дидаш сол елдегі елшіміз Бейбіт Исабаевпен емен-жарқын сөйлесіп жүріп берді. Бейбіт те әбден ысылған саясаткер болуымен бірге рухани дүние жайлы танымы мол дегдар жан екен. Бүкіл делегация екеуінің әңгімесіне ден қойып, көп мағлұмат алып, тыңдадық та отырдық. Сол сапарда Қырғызстан Ғылым Академиясында, Шыңғыс Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтында жиындар өткізіп, қырғыз ғалымдармен кең көлемде сұхбаттасып, пікірлесудің сәті түсті. Дидаш бұл жолы да ағыл-тегіл білімдарлығын танытып, оқымыстыларды таңдай қаққызды.

Жолмұхан Түрікпенұлы деген профессор ағам Дидаш шығармашылығын өте жоғары бағалайды: «Дидахмет Әшімхан қазақ прозасының ірі өкілі. Студенттерге оншақты жазушының бір-бір әңгімесін таратып, оқуға беріп, кейін қайсысын ұнаттыңдар деп сұраймын. Сонда бәрі Дидахметтің әңгімесін керемет деп бірауыздан шулап қоя береді. Өйткені онда Бейімбет Майлин сияқты халық тілі, образы, ойы бар», – деп Дидаш шығармаларын талдап, талқылай жөнеледі.

Дидаш – ғұмыр бойы журналисткамен айналысқан кемел журналист. Не жазса да біліп жазады, ой тастайды, үлкен проблема көтереді.

Ұлағатты ұстазымыз Темірбек Қожакеев жайлы сан түрлі шәкірттері талай мақала, естеліктер жазды. Бірақ ешқайсысының көңіліне келмесін, ұлы Мадеттің айтқанындай, профессор Темкеннің бейнесін Әшімханұлындай әдемі де әсерлі берген ешкім жоқ.

Дидаш өте сезімтал, жаны тым нәзік, сұлулыққа іңкәр еді. Әсіресе ұлтжандылығы, қайраткерлігін айтсаңызшы.

Бірде Жұмабай Тәжібаев деген сері інім Суықтөбе тауының әсем баурайында ақшаңқан киіз үйлерді тігіп тастап, керемет ұлттық нақышта думан өткізді. Қыз қуу, көкпар, айтыс сияқты ұлттық ойындарды тамашалаған Дидаш досым: «Әлі ұлттық қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрді бұзбай бүгінге жеткізіп, көрсетіп жүрген ел-жұртыңа керемет ризамын. Ұлттық тіл де, ұлттық дәстүр де, діл де міне осында жатыр», – деп көпке дейін таңдай қағып айтып жүрді.

Біздің елдегі түрлі той-думан, сан түрлі әдеби-мәдени шаралардың барлығына дерлік достарым Дидаш пен Нұрдәулет Ақыш екеуін қалдырмай бірге шақырып, тамашалатып жүрдім.

Кей-кейде Дидашты оның арғы-бергіні түгел қопарып айтатын ғажап әңгімелерін сағынып кеңсесіне іздеп барамын. Соңғы жылдары Дидаш құрдасым телефонда да, жай кездескенімде де асығып сөйлейтін, асығып жүретін әдет тапты. Бұл бір өзі – «Түркістан» секілді үлкен газеттің бас редакторының орынбасары, «Алаш» атты баспаның директоры, «Ел-шежіре» қорының президенті секілді сан түрлі бірнеше жауапты қызметтерді қатар атқарғаннан ба екен деп ойлаймын.

– Иә, шаруаңды айт,– дейді төтесінен.

– Жәй, дидарыңды көрейін деп келдім Дидаш, – деймін мен.

– Биыл жазда Үшқоңырға шығайық, Асы жайлауын көрсет, Қапшағайға бірге барып демалайық. Сонда жата-жастана әңгімелесейік, жарай ма! – дейді.

Суықтөбе тауының басына шығуға ат-адамдар әзірлеп қойғанымды, тек жайлау піскенде шығатынымызды айтамын.

– Табиғаттан артық не бар. Бар сұлулық, береке, құт сол табиғатта тұнып тұр ғой. Көретін көкірек-көз керек. Суықтөбеге де барамыз, – дейді Дидаш құрдасым. – Айтпақшы, биыл бәріміз алпыс беске толамыз, ә. Одақта бәріміз қосылып бір әдемі кеш өткізсек кейін күзде,– дейді ол жарқылдай күліп.

Ол асығыс-үсігіс қалта телефонымен сөйлесіп, асыға сыртқа беттеді.

Бұл соңғы көруім екен.

Дидаш, өмірімде сенің орның ерекше екен. Сен кеткелі өмірдің баянсыздығын түсіндім. Сан соғып талай-талай нәрсеге артынан өкінетініміз қалай? Барыс жылы дүниеге келген құрдастарым биыл 70-ке толып жатыр. Cен алпыс беске аз күн ғана жетпей кеттің. Мәңгілікке қош айтыстың. Мәңгілік орның – өзің кіндік қаның тамған өзіңнің аманатың бойынша өр Алтайдан бұйырды.

Соңыңда ел сүйіп оқитын шығармаларың қалды.

Шынын айтсам, сені арамыздан мәңгі-бақи кетті дегенге сенбей жүрмін, сене алмай жүрмін қайран сырымыз да, жырымыз да ортақ асыл досым!..

Дидаш өнер үшін туған, өнерге құштар, ғашық еді. Бірде Дидаш, Нұрдәулет Ақыш және Астана (қазіргі Нұр-сұлтан) қаласындағы курстас досым Бәдуан Имашевты келіншектерімен үйге шақырдым. Тәйіп Бейсенбеков деген әндерді гармонмен де, домбырамен де керемет, табиғи қалпында айтатын әнші інім қазақтың халық әндерінен бастап небір әндерді ой шырқады-ау дерсің! Сонда Дидаш бірге қосылып, әндердің қыр-сырын аша түсіп, өзінің әншілігін байқатты. Түні бойы қосылып ән салған қайран дәуренсал күндер-ай!..

Дидаштың ақындығы да бар еді. Алпысқа келгенімде «Түркістан» газетіне былай деп басталатын құттықтау жырын жариялады:

Алпысқа кім толмайды Нағашыбек,

Дәл биыл ондайлардың қарасы көп.

Бірақ бізді кім айтар құрдасым-ау,

Қымбат тонды құндыздың жағасы деп…

Сегіз қырлы өнерпаз Жамали деген інісін ертіп маған әкеліп «Қара жорға» атты республикалық ұлттық спорт федерациясын құрған едік.

Иә, қайсібірін ғана айтайын, ақкөйлек даланың аңқылдаған желіндей қайран досымның… Мына ғұмыр атты тіршілігіміздің тым келте, тым шолақ екенін сезіндіріп, түсіндіріп кеткендейсің. Сен кеткелі мұң торлап алды жүрегімді. Бәрі-бәрін бірден айтып тауыса алмайтын ащы мұң өзегімді өртейді.

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *