БОЛАШАҚ МАТЕМАТИКТЕР НЕ ОЙЛАЙДЫ?

Білім
1 535 Views

Мамандық туралы ұғым санамызда өз-өзімізді танып, бір кәсіпке ұмтылғанкезден қалыптасады. Әдетте баланың құштарлығы, ізденімпаздығы өз қолымен бірнәрсені жасауына түрткі болады. Көңіл бөлу осы бойдағы қабілетті аша түседі. Өмірде ата-ана мен ұстаз балаға жауапты қараса, әркім адаспай жолын табар еді.

Мен – елордадағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессорымын. Бұл – оқытушылық кәсібім. Ал, екінші жағынан «математика-31»(«М-31») тобының кураторымын. Бұл – тәлімгерлігім мен тәрбиешілік бағдарым. Топ студенттерін өз баламдай жақсы көріп үлгердім.Үш жылда әрқайсысына бауыр басып қалғандаймын. Ортақ чатта хал сұрасып, ал жеке чатта әрбірімен сырласып тұрамын.

Жетекшілігімдегі студенттер – Отанымыздың әр өңірінен. Әсем астана – Нұр-Сұлтан қаласындағы көшбасшы университетке түскенде жүрегі жарыла қуанған әр үйдің үкілеген үміті. Өмір баспалдағында алғашқы арманы орындалғанына мәз болған, өздері таңдаған математик мамандығын игеру жолында бар күш-қуатын арнаған кілең жас өрендер. Қиын да қызықты, мәртебелі де жауапты, «ғылымдардың патшасы» саналатын мамандыққа қол созған алтындарым десем, артық айтпаймын. Бүгін өз саламды мақтағаннан гөрі, оның қоғамдағы орнына, мән-жайына, парқына студенттерімнің көзімен қарағанды жөн көрдім.

Заманның ағымы ма, әлде басқа факторлардың әсері ме, әйтеуір талапкерлер әу баста қайсыбір мамандыққа ұмтылады да соңынан ақылы бөлімде оқуға жағдайы келмегендіктен, «бұйырған» мамандыққа мемлекеттік грантпен түсуге мәжбүр болады. Яғни жүрегі қаласа да, қаламаса да осылай істейтініне бәріміз куәміз.

Десе де математик мамандығы үшін жоғарыдағыдай жол некен-саяқ. Дәлірек айтсақ, бұл пәнді жақсы көрмей оны өзіне телу мүмкін емес деп ойлаймын. Ғылымы да сондай. Академик Мұхтарбай Өтелбаев айтпақшы, «Математикаға халтурщиктің келуі екіталай…».

Әлемдік дерт салдарынан туындаған елдегі ахуалға байланысты қазір бәріміз онлайн сабағына көшкенбіз. Елдің түкпір-түкпіріндегі шәкірттеріміз оқытушысына телміреді. Әрине, жаңа және жақсы білім алғысы келеді. Енді осыған қатысты ой-топшылауымды ұсынайын. Топ студенттері сабағын қашықтан оқыса да қызығушылығы артқаны және мұқияттылығы аңғарылады. Тапсырмаларын орындауда жауапкершілігін байқаймыз. І-ІІ курстағыдан гөрі әлдеқайда есейген.

Онлайн куратор сағатын өткізу барысында студенттердің өз мамандығына деген ілтипаты мен оқытушыларына деген сағынышын аңғардым. Сосын оңды пікірталас тусын деп математика мамандығының қоғамдағы мәртебесін және осы кәсіпке қызығушылығының себебін сұрадым.

Тобымда 24 студенттің бәрі де қысылып-қымтырылмай өз пікірін айтты. Соның біразын хатқа түсірген едім, таныса отырыңыздар.

Айжан ТЕМІРБОЛАТ, «М-31» тобының басшысы:

«Мен мектеп кезінен математиканы жақсы көрдім. 10-сыныпқа келгенде алдымызда болашақ мамандығымызды таңдау мәселесі тұрды. Кішкентай кезімнен математика пәні ең қызық сабақ болғандықтан,тағдырымды математикамен байланыстырғым келді. Екібастұзда 11-сыныпта ЕҰУ-дың механика-математика факультетін «математика»мамандығы бойынша бітірген Алмас есімді ұстаз сабақ берді. Ол кісі бізге әрқашан кеңес беріп, мамандықтың мәртебелі екенін, оны тек алғырлар ғана оқитынын айтатын. Енді санамда «Қазақстанның ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнының мехмат факультетіне түссем» деген арман маздады.Ең бірінші алдыма «ҰБТ-дан 137 балл жинаймын» деген мақсат қойдым. Бірақ 137 емес, 130 балл жинап, таңдаған сүйікті мамандығыма оқуға түстім. Қазіргі таңда математика ғылымы мамандығының ІІІ-курсында оқимын. Алла жазса, осы мамандықты жетік меңгеріп,еліміздің көркеюіне зор үлесімді қоссам деймін. Түпкі мақсатым – Қазақстанда математика ғылымының дамуына маман ретінде аянбай атсалысу. Математика ғылымы ел экономикасының дамуында лайықты орны болса деймін».

Абылай ШАЙХЫСЛАМ, «М-31» тобының студенті:

«Мектеп бітіріп, түлек атануға жақын қалған кез болатын.Шамамен сәуір айының соңы.«Қандай мамандық иесі атанамын? Қай қаланы таңдаймын? Қандай оқу орны?» деген сұрақтар шынымен ойландыра бастады.Өз қабілетімнің қай салаға жақын екенін түсініп білу үшін жақындарыммен ақылдастым. Өзім Қызылорда қаласынанмын. Математика пәні мұғалімім: «Сенен жақсы математик шығады. Осы салаға барсаң өкінбейсің» деп кеңес берді. Сондай-ақ бұл мамандықтың көп мүмкіншілігі бар екенін ескертті. Мен ойлана келе осы мамандықты таңдадым. Енді«қай оқу орнында жақсы білім береді?» деген сұрақ мазалады. Ізденіс нәтижесінде Еуразия ұлттық университеті барлық оқу орынан оқ бойы озық екеніне көзім жетті.Бұл оқу орны жаңа астанада орналасқандықтан елордаға баратыным белгілі болды. Кез келген дамыған елді алайық. Олар математика саласына қатты көңіл бөледі. Сондықтан Қазақстанда тамаша математика мектебі (ғылым ретінде) бар, соған жағдай жасап, оқытушыларға да, студенттерге де мотивация туғызу қажет деп есептеймін. Мен осында үлкен академик ағаларымыздан сонау 1935 жылы математикадан тұңғыш рет диссертация қорғаған Ибадулла Ақбергенов, 1932 жылы МГУ-дың математика факультетін бітірген Садуақас Боқаев туралы естідім. Екеуі де – репрессия құрбаны. Міне, осындай қаһарман математиктердің рухына, өсиетіне адал болуымыз қажет!..».

Бекмұрат ЕЛТӨРЕЕВ, «М-31» тобының студенті:

«Мен 7-11 сыныптарды Түркістан облысы, Жетісай қаласы мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатында оқыдым. Мұнда математикадан Оразбаева Айгүл апай сабақ берді. Жоғары оқу орнына түсуіме кеңес берген де, мамандық таңдауға ұйытқы болған да – осы ұстазым. Маған математиканың ұнаған себебі – математика логиканы қажет етеді. Бұл пән адамның ойлау қабілетін жақсартады. Астанадан алыста туып-өскендіктен, теледидардан, газеттерден елорданың жаңалықтарын біліп отырдық. Мұнда оқыған аға-әпкелер де астананы аузынан суы құрып мақтайтын. 11-сыныпта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жақсы білім беретінін естідім. Сөйтіп ҰБТ-дан жақсы балл жинап, осында оқуға түстім. Бізге университеттегі азаматтық іс-шаралар, кездесулер, концерттік бағдарламалар, топпен бірге тамашалаған түрлі театрлар мен кинотеатрлар қойылымдары ұнайды. Студенттер үйінде де тәртіп, тыныштық, жауапкершілік ерекше болғандықтанүш жыл бойы сонда тұрып келе жатырмын. Меніңше, дәл қазір мектеп мұғаліміне толық жағдай жасау керек. Сонымен бірге математика саласының қолданбалы жағын кеңірек насихаттау қажет деп ойлаймын».

Балауса ТӘЖІХАН, «М-31» тобының студенті:

«Мен Нұр-Сұлтан қаласын келешегінен үлкен үміт күтетін жастар қаласы болғандықтан таңдадым. Математика мамандығын ұстаздарым сияқты білімді, білікті математик болғым келгендіктен қаладым.Жезқазғандағы мектепте Жанәділов Оразалы сынды білімді математика мұғалімі сабақ берді. Ұстазымыз оқушы көңіліне, санасына білімді қолмен қойғандай сіңіртетін. Ол кісінің сабағы мен тәрбиесі қатар жүретін. Менің ойым: Қазақстанда білікті математик ұстаздар көбейсе, нәтиже ойдағыдай болады. Сонымен бірге біз әлемдік математика ғылымының жаңалықтарын меңгеріп, жаңа асуларды бағындыруға ұмтылуымыз қажет.Арманымыз бен парызымыз – ұлт тарихында алғаш математика (есеп құралы), алгебра оқулықтарын жазған М.Дулатұлы, С.Қожанұлы, Қ.Сәтбаев, Ә.Ермеков секілді тұлғалар жолына адал болу. Ал бүгінде маған ЕҰУ мехматының барша оқытушысының дәрісі ұнайды. Білімді де білікті, әлемді мойындатқан ғалымдардың да осы университетте білім беруі заңды сияқты.Себебі біз – еліміздегі ең жақсы университеттің студенттеріміз. Бұл – біз үшін әрі бақ, әрі бақыт».

Айжан ОСПАНОВА, «М-31» тобының студенті: «Басқа пәндерге қарағанда мен үшін математика пәні қызығырақ болды.Сондай-ақ осы пәнді басқа салалармен байланыстырып оқу жөнінде ұстаздарымнан естідім. Тараздағы Білім-инновация лицейінде оқып жүріп, математик, қаржыгер, бухгалтер болғым келді. Математика пәні мен есеп шығару қатты ұнағандықтан, осы мамандықты таңдадым. «Нұр-Сұлтан – үлкен қала және көп мүмкіндіктерге толы» деген оймен ЕҰУ-ға құжатымды тапсырдым. Міне, үш жылда университетте алған білімім, көрген тәрбием таңдаудан қателеспегенімді дәлелдеді. Мен сеніммен айта аламын: математика ғылымының мәртебесі қашанда биік. Әбу Насыр әл-Фарабидің, Әлихан Бөкейханның математикадан қабілетті болғанын ұмытпау керек!».

Ақжан ҒАНИЕВА, академиялық ұтқырлықпен Мәскеуден 5-семестрді оқып келген студент:

«Мен Ақтөбе облысының тумасымын. Әрине, математиканың таңдауыма себепші – мектебім мен ұстаздарым. Елордаға арман қуып келіп, ең жақсы оқуға түстім. Ең үздік мамандықты таңдағаныма да қуанамын. Еуразия университеті оқытушы-профессорларының білім беру сапасы, дәріс оқу деңгейі Ресейден еш кем емес екеніне көзім жетті. Шындығында, біздің факультет ұстаздары білігі жөнінен университет бойынша ең алдыңғы орында тұр. Алыста жүргенде әр оқытушымды ойыма алып, реті келгенде хабарласып тұрдым. Академиялық ұтқырлықтың студент жастарға берері көп екенін байқадым. Салыстыруға да, білім алуға да болатынын және қолда бардың қадірін білу керек екенін де түсіндім. Университеттегі оқытушыларыма алғысым шексіз. Менің арманым математик студенттердің арманымен ұқсас. Біріншіден, әлі де болса білімімді тереңдетуге тиіспін. Екіншіден, бұйырып, сәтті диплом қорғап, әрі қарай магистратура мен докторантураға бағыт ұстансам деймін. Біз – Қазақстанның келешегіміз. Сондықтан біздің арманымыз қандай асқақ болса, Отанымыздың да болашағы сондай биік болмақ…».

Міне, осындай пікірлер, ойлар, армандар ағыл-тегіл айтылды.

Әрине, бір мақалаға барлық студенттің жазғанын сыйғызу мүмкін емес. Олардың әрбірі мамандық туралы сөйлегенде, механика-математика факультетінің профессор-оқытушыларын, олардың білімі мен білігін, тәжірибесі мен адамшылығын ауызға алып отырды. Сондай-ақ ІІІ-курс студенттері таңдаған мамандығын жақсы көруі былай тұрсын,алдағы кезде ұстаздық пен ғылымға әбден машықтануды, үйренуді қалайтындарын жеткізді. Сөз жоқ, бүгінгі жас ұрпақ – «ура-ураның» баласы емес, айналаға, заманға сын көзімен қарайды. Бірақ, мамандық әсері шығар, ешбірінде жалаң, бейдауа эмоция жоқ.

Мысалы, елордадағы №54 мектеп-гимназияда мамандық практикасынан өткен аталған топ студенттері мұғалім мамандығының бастапқы қиындықтарын да өз көзімен көрген.Солай болса да өз мамандықтарынан бас тартпай, шыныға түскісі келетіндерін жеткізді. Онлайндағы бір күндік пікірлесу олардың көзқарасын түбегейлі өзгертті дей алмаймын, бірақ қалыптасып жатқан ой-пікірін толықтырды. Мамандыққа, өзіне деген сенімін арттырды.

Математика – қашанда «ғылымдар патшасы». Біздің студенттер ол жағын да құрғақ айтпайды, дәлелге сүйеніп айтады. Мәселен, әр университеттің механика-математика (кейде физика-математика) факультетінің ұстаздары өзге мамандық студенттеріне математиканы «жалпыға бірдей міндетті пән циклі» бойынша жүргізеді. Олар үшін ең «қиын» пән де – математика. Алайда біздің әріптестеріміздің талабы, қағидатшылдығы оларды жіптіктей етіп шығарғанын байқадық. Мұны басқа мамандықтың студенттері математик студенттерге айтыпты. Рас, бүгін күлерміз, әзіл айтармыз, бірақ міндетті пән ретінде математиканы жақсы оқымай, сол мамандықтың студенттері болашақта құлашын кеңге жаймасы белгілі.

Топ кураторы мен студенттердің өзара байланыс орны – жатақхана. «Студенттер үйіне кезекшілік» атты шарадан екі жақ та ұтады. Мұны шәкірттеріміз онлайн жиналыста есімізге түсірді. Екі тарапқа да керегі – шынай сұхбат, адами әңгіме. Бұл – педагогиканың алтын заңы.

Бүгінде қай мамандықты болсын тар шеңберде қарау мүмкін емес. Біздің түлектер – болашақ мектеп мұғалімі, жоғары оқу орны оқытушысы, ғалым, статист маман, банк қызметкері т.б. Ең бастысы – келешек білімді ата-ана, тіпті жұртшылыққа көмек қолын созатын репетитор.Жасынан математикадан волонтер болып жүрген студенттеріміздің қайырымдылығын «Еріктілер жылы» да бір еске алдық. Расында, ұстаздың түбірі – ұста. Қай істе болсын жастарды шеберлікке, жақсылыққа баулу – бәріміздің міндетіміз.

Ағила ТІЛЕУЛЕСОВА,

физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

Нұр-Сұлтан қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *