КЕҢСЕСІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТТЕ НЕ ІСТЕП ЖҮР?!

Мәселе
1 008 Views

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы МАМИНГЕ,

 Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы ШӨКЕЕВКЕ

КЕҢСЕСІ ТҮРКІСТАНДАҒЫ ДЕПАРТАМЕНТТІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ ШЫМКЕНТТЕ НЕ ІСТЕП ЖҮР?!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан деп өзгертіліп, оның орталығы біржарым мың жылдық бай тарихы бар көне қалаға көшірілген. Өз кезегінде Шымкентке егемен еліміздің үшінші мегаполисі мәртебесі берілгені баршаға белгілі. Облыс әкімдігі, мәслихат, департаменттер, басқармалар мен салалық министрліктерге тікелей бағынысты мемлекеттік құрылымдар да Түркістан қаласына көшірілген болатын. Қазіргі таңда олардың бәрі сонда қоныстанып, өздерінің қызметін атқаруда.

Өкінішке орай, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, кейбір мемлекеттік құрылым басшылары әлі күнге дейін өздерінің білгенін істеуде. Бұл жайлы газетіміздің биылғы 29 сәуірдегі №12 (91) санында Сіздердің назарыңызға «Экология департаменті кәсіпкерді қудалауда ма, әлде Президент саясатына қарсы ма?!» деген сыни мақала ұсынған болатынбыз. Біз сөз етіп отырған департаментте біраз былық-шылықтар орын алған сыңайлы. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша Экология департаментінің (басшысы И. Қ. Түймебаев) экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Айжан Ажмолдаева былтырғы тамыз айынан бастап көне қалада қызмет істеуі керек тұғын. Алайда, ол бізге белгісіз себептермен мегаполистің Ә. Диваев көшесіндегі №110 ғимараттағы бір бөлмені жалға алып, жұмысын жалғастыруда. (Қолымызда бұл жайында бейнематериал бар. Ред.) Ал оның қоластындағы қызметкерлері Түркістанда тұрып, жұмыс істеуде. Бұл – мемлекет қаржысын талан-таражға салып, судай шашу емес пе?! Оның Түркістан-Шымкент бағытымен іссапармен барып-келу шығындары қандай есеппен төленеді? Бұған қосымша Айжан Ажмолдаеваға жыл сайын 37 күндік еңбек демалысы беріліп, Арал – Сырдария экологиялық аймағында зардап шегуші ретінде айлық жалақысына 20 пайыздық көтерме үстемақы, үш айлық жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді емес пе?! Мұңлы мәселенің анық-қанығына жету үшін облыстық Қаржы бақылау басқармасынан бұл тақырыпқа арнайы тексеру жүргізуін сұранған болар едік.

Мұның үстіне салалық ведомствоның Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті өз алдына бөлек мемлекеттік құрылым ретінде жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, Түркістан мен Шымкенттің департаменттері бір-біріне қатыссыз дербес мемлекеттік құрылымдар екені екінің біріне аян.

Аталмыш департамент басшысы И.Қ. Түймебаев биылғы 26 ақпанда салалық ведомствоның Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының сол кездегі міндетін атқарушы Е. Умаровқа 26.02. 2020ж. күнгі жазған №02-1/311 хатында: «Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы А. Ажмолдаева маман тапшылығына байланысты Шымкент қаласы, Ә. Диваев көшесі, №110 ғимаратта Зертханалық талдамалы-бақылау бөлімімен бірге аптасына 3 күн Шымкент қаласында, ал 2 күн Түркістан қаласында қызмет атқарады», — деп жазған. Кейіннен, дәлірегі 03.03.2020 ж. күнгі тағы да сол Е. Умаровқа жазған №02-1/328 хатында: «Түркістан облысы бойынша Экология департаменті экологиялық реттеу бөлімінің басшысы А. Ажмолдаева Түркістан қаласында бөлімнің негізгі міндеттеріне сәйкес қызметін атқаруда», — деп жазған орындаушы Б. Рүстембекованың хатына өзі қол қойған. (Бұл хаттардың көшірмелері суреттермен ұсынылады. Ред.) Айналасы бір аптаның ішінде екі түрлі мағынадағы хат жазылғаны қалай?! Басшы осындай өрескел қатеге бара ма екен?! Сонда біз аталмыш депратамент басшысы И.Қ. Түймебаевтың қай сөзіне сенеміз?!

Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Көктөбе елді мекенінің аймағында қиыршық тас қоспасын барлау және өндіру жұмыстарымен айналысып келген «Тұмар-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (директоры М.Исахов) жұмысына қасақана кедергі келтірген бұл департамент өкілдеріне не айтуға болады? Бірнеше адамды жұмыспен қамтып, олардың айлық жалақысын уақтылы төлеп, мемлекетке тиісті салығын құйып, айрандай ұйыған ұйымшыл ұжымды коронавирусқа қосымша дел-сал күйге түсіріп отырғаны түсініксіз. Жұмсартып айтқанда, олардың он жыл бойы алып келген рұқсатнамалық қағаздарының мерзімін неге әрмен қарай созып бермейді?! Әлде, бірдеңе дәмете ме екен?! Түсініксіз.

Облыстың бұрынғы басшысының туған інісі болып келетін И.Қ. Түймебаев мықты болса, дәл сондай шаруамен жұмыс жасап келетін өзге серіктестіктерге неге шүйлікпейді екен?! Атап айтқанда, «Ақсу», «Бадам тас», «Нұрлы тас – 2002», «Бадам тас», «Сайрам RMD Kazakhstan”, «Қарабастау» ЖШС-нің жұмысын тексеруге батылы бармай ма?! Бұл жерден сыбайластық пен ауызбастырық әрекеттердің иісі шығып тұрған жоқ па?! Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қаржы, қаржы бақылау департаменттері, өзге де құзырлы мемлекеттік органдары бұл департаменттің жұмысын қатаң қадағалап, тексеруді қолға алады деген ойдамыз. Әрине, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы бұл мәселеден бейхабар ма, хабардар ма, әзірге белгісіз. Бірақ, ол кісі руханиятқа жанашыр азамат ретінде газетті және басқа да БАҚ-қа қатты назар аударатынын жақсы білеміз.

Жоғарыдағы жағдаяттарды айта келе Түркістан облыстық Экологиялық департаментінің (басшысы — И.Қ.Түймебаев) «Тұмар-ХХІ» ЖШС-гінің қызметін қадағалаудан басқа тірлігі болмағаны ма? ҚР Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы №285 «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу» туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасы аумағында (COVID-19) коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында енгізілген карантинге,Түркістан облысының Мақтаарал және Төлеби аудандарындағы табиғи апаттарға қарамастан, Департамент басшылығы басқа істейтін тірлігі жоқтығынан, 2020 жылы 12 мамырда өзінің қызметкері С.Балыбекті Түркістан қаласынан Ордабасы ауданына арнайы іссапармен жіберген. Яғни «Тұмар-ХХІ» ЖШС-не. Өзінің қызметтік құқықтарын асыра пайдаланған ол өз кезегінде эколог маманмен, Ордабасы ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшысы – аға сот орындаушы Ж. Тоқсабаевпен бір көлікпен келіп, ауыл тұрғындарын жинап алып, бейнетүсірілімдер жасағанын қалай түсінуге болады? Бұл тыныш жатқан елді дүрліктіру емес пе? С. Балыбек: Мені сот орындаушысы шақырды, бастық бұйрықпен жіберді», – деп отыр екен. Ж. Тоқсабаев Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2019 жылғы 16 қазан күнгі 5165-19-00-2/1518-4 атқару парағының шешімін орындауға келген. Ал қалғандарының топырлап келгеніне жол болсын. Кәсіпкерді мұншалықты қудалауға олардың қандай ақысы бар?! Бұл жайында ЖШС тарапынан акт түзілген. (Суреті ұсынылады. Ред.) Департамент басшылығы қандай мақсатты көздеп отырғаны түсініксіз. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарын жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, міндетті салықтарымды уақтылы төлеп, жүйелі жұмыс істеп келген кәсібімен қасақана кедергі келтіруде. Бұл өз кезегінде департамент басшылығы қызметкерлерінің іс-әрекеттерінен өз құқықтарын асыра пайдаланып, сыбайластыққа салынып отырғанын байқатпай ма?!

Түркістан облысының Табиғи ресурстар және Табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2020 жылғы 19 мамырда «Әділет. Рухани жаңғыру» газетіне жолдаған №27-08-06/789 хатында басқарма тарапынан 2019 жылғы 13 желтоқсанда «Тұмар ХХІ» ЖШС-гіне берілген №KZ01VCZ00528926 қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатнама мен мемлекеттік сараптама қорытындысын айыру жөнінде Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2020 жылғы 16 наурыздағы №27-08-06/466 хатымен талап арыз жолданғанын айтып көрсетеді. Басқармамен жоғарыда аталып өткен рұқсатнамамен мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы заңдылығына толық баға берілгеннен кейін болатын. Басқарманың бұл жолдаған хатында серіктестікті кінәлап, шарттың тоқтатылғанын жасырған деп көрсетеді. Алайда аталған басқарма серіктестіктің келісімшарт қолданысын уақытша тоқтатып, басқарманың сарапшылар комиссиясында жер қойнауын пайдалану жөнінде оң ұсыныс берілген болатын. Басқарманың серіктестікке берген рұқсатнама мен мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын айыру туралы әрекетін қалай түсінуге болады? Әлде басқарманың бұл әрекеті, экология департаментімен бір-бірімен хат алысып, сыбайласып кәсіпкерге жасалған қысымы ма?

ЕСКЕРТУ! Бұл жөнінде ҚР-ның арнайы заңнамасы былай дейді:

32-тарау. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕГІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛАПТАР

218-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін экологиялық негіз

1. Жобалау құжаттамасына мемлекеттік экологиялық сараптаманың он қорытындысы және экологиялық рұқсат жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу үшін экологиялық негіз болып табылады.

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, Өмірзақ Естайұлы, Сіздерден И.Қ. Түймебаев басшылық жасайтын департаменттің жұмысын түбегейлі тексеріп, орын алып отырған жағдаяттардың анық-қанығын анықтауға ықпал етулеріңізді сұранамыз.

Алдағы уақытта бұл тақырыпқа обьективті түрде қайта оралып, көтерілген мәселеге қандай нүкте қойылғандығына арнайы тоқталатын боламыз.

Ә. ҚАҢТАРБЕК.

Шымкент қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *