ЖЫР ОТАУЫН МЕКЕН ЕТКЕН АСЫЛ ЖАН

Тұлға Өмір-өзен
958 Views

«АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАС, ЕҢБЕГІҢ КЕТПЕС ДАЛАҒА».Неге екенін қайдам, Ыбырай Бекжігіт ағамыз, курстасымыз туралы сөз қозғалсаменің ойыма Абай ақынның осынау жыр жолдары түсе кетеді. Саф алтындай құйылыптүскен поэзия маржандары Ыбекеңнің табиғатын ашатындай болып көрінеді өз басыма. Себебі жер қозғалса қозғалмайтын байсалды ағамыз неше жерден«желпілдеп» асықтырсаң да алдымен асықпай тыңдайтын, сосын баяу жымиып алып,жауабын айта бастайтын.

БІРДЕ факультет комсомол комитетінің еңбек секторының үйлестірушісі ретінде барлық топтарды сенбілікке шығарып жүріп өз курстастарыма келіп қалмаймын ба. Екінші қабаттағы терезесі биофакқа қарайтын аудиторияда қазіргі «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әнуар Әуелбек пен Ыбекең екеуі әлденені талқылап, сенбілікке шығуға асыға қоймады. Мен шыдамсыздық танытып, «ақын азаматтар, асығыңыздар, журфактың комсомол хатшысы Игорь Дмитрюк тексеріп жүр» деп асықтыра бастап едім, Ыбырай ағамыз сәл езу тарта жымиып алып, «Мұратбекжан, даладағы «сыбағадан» бізді де құр қалдырмайтыныңды білеміз, халқыңды бастап шыға берші. Біраздасын қуып жетеміз» деді де, Әнекеңе бұрылып: «Содан ары қарай не болды?» деп «Қазақстан Жазушылар одағында болғандағы қызықтар» тақырыбындағы қызу әңгімелерін алаңсыз жалғастыра берді. Ал Ыб-ағаңның сөзі маған: «Жақсы бара қойшы, есік алдына барып ойнап келе ғой» деген сияқты болып естілді. «Бұл «шалдарға сот жоқ» деп өз-өзімді «жұбатып» далаға бет алдым. (Өйткені біздер, универге мектептен кейін бірден түскендер, еңбек тәжірибесімен немесе армиядан кейін келіп түскендерге сырттай осылай айдар тағып алғанбыз).

Қарапайымдылығынан танбайтын Ыбырай ағамыз көп сөйлемейтін, дөп сөйлейтін. Әрнәрсеге орынсыз араласпай, өзіне ұнайтын яки сәл қатысы бар нәрсеге ғана елең ете қалатын. Көбінесе «ой бағып», ұзақ үнсіздікті ұнататын, қолынан поэзиялық кітаптарды жиі ұшыратар едік. Реті келгенде Абайдың өлеңдерін нөсерлете төгіп жіберіп, ордалы ойларды ортаға тастап отыратын еді жарықтық. Кейде жасым кіші болса да менімен әзілдесіп, «Лениншіл жастың» кезекті саны қашан «сәтті шығар екен…» деп жайлап «түртіп» қояды. Ондағысы «республикалық газетке жиі жазасың ғой, кезекті мақалаңды қашан шығарасың?» деген «қалжың-қалтасы». Ол кісінің бұл «тапсырысын» мен де ұзатпай орындауға тырысып, келесі аптасында-ақ жастар газетін алдына әкеліп қойып: «бүгінгі «ЛЖ» сәтті шығыпты деймін жымиып…

Шіркін өмір-ай, осының бәрі күні кеше сияқты еді. Ару қала Алматыға жолымыз түсе қалса студенттік бал дәуреннің іздері қалған «көзіміздің қарашығы» – КазГУ-дің қалашығына», адуын ақындардың аяулы мекеніне айналған №5 жатақханаға соқпай кетуіміз сирек жайт. Ол енді өз алдына үлкен бір әңгіме. Ал сол ғимаратты жайлаған арқалы ақындар жыр маржандарын кезектесе төгетін жатақ-жырсарайда қонақ болмаған алматылық студенттер де аз-кем шығар.

Арқалы ақындар – қос Бауыржан – Жақып пен Үсенов, Гүлнар Салықбаева және басқалар жыр-нөсерлерімен жиналған қауымның шөлін басып жатқанда онша-мұнша дабыраны суқаны сүймейтін Ыбекең де алдыңғы ақындардың аптығы басыла бастады-ау деген тұста поэзия-пырағын тебініп жіберіп, жыр додасына қосыла кететін. Бір қызығы, Ыб-ағаң өзіне тән сыпайылықпен бірер шумақтан кейін тоқтайын десе, жыр буына мастанған өлеңсүйер қауым лирик ақынды бес-алты шумақсыз сахнадан жібермейтін еді. Ал екінің бірі ақын бұл факультеттің әрі астананың әртүрлі жоғары оқу орындарынан келген, көлденең көк аттыны менсінбейтін «тентек ақындардың» бұлайша алқалауына, сүйсінісіне бөленген Ыбекеңнің шығармашылық потенциалын бағамдай беріңіз. Бұл дегеніңіз – мойындау, шынайы һәм мөлдір поэзияны бағалау, дәріптеу.

Осы сәтте оқырманды бір сұрақ мазалары хақ: «Хош, жыр жүйріктері жиналған ортаны мойындатқан ол қандай өлең жолдары екен?» Енді сол қастерлі әлемге бет бұрайық.

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» екені белгілі. Алайда Ыбырай Бекжігіт үшін «Шөп те — Өлең, шөңге де — Өлең, Өлең де — Өлең!» емес. Ол кез келген тақырыпты жыр объектісіне айналдыра қоймайтын, тек «жүрегі жататын» дүниелерді ғана оқырманына жып-жылы етіп ұсына қоятын. Енді қал-қадарымызша солардың бірқатарына ой жүгіртіп көрелік.

Ақындардың көбісінің туған жер туралы тебіренетіні әркімге аян. Ыбекең де бұл тақырыпты айналып өтпеген, перзенттік бебеуіне көз жүгіртелік.

ҚҰШАТА

Жатып ап саялаушы ем құба талын,

Өзіңде жүріп жаздым жыр отауын.

Туған жер кіндік қаны тамды саған,

Бұтақ жайған желегі ем бір атаның.

Мен үшін саған жету болады арман,

Ой буса тұйғындаймын жаралаған.

Өзіңе оралам деп кетіп едім,

Өмір жолы бастау ап қара жолдан.

Құшата әкелердің құт мекені,

Ер жігіт жолға шығар жүктесе елі.

Ақын боп тумағанда, астанаға,

Айырбас жасамас ем тіпте сені.

Тілме өзені, жағаң тастақ, ауаң балдай,

Сәуірде ескен майда, самал қандай.

Қолым қалт босай қалса, аңсап жетем,

Өзіңде қасиет бар алаңдардай.

Ақын ем сара ойды ұстар бүгін,

Есімде түлеп сенен ұшқан күнім.

Өзіндік сағыныштан басталады,

Отанға деген шексіз құштарлығым.

Иә, туған жерге деген сағыныш әрбір шығармашылық адамын бей-жай қалдырмасы анық. Бұл жерде де нәзік жүректі ақынның табиғи тебіренісі шеберлікпен әдіптелген.

Осы тақырып «Отан» атты жырында масштабын кеңейтіп, ақын патриоттық пафосқа да барған. Оқиық.

ОТАН

Қиянда жүрсең көзіңнен жас тамады,

Мұндай жай толғандырмас жас баланы,

Отанға деген ыстық махаббатың

Ең алғаш от басынан басталады.

Өмір деген, қиындық шыр-пыр егес,

Отан деген ұлы ұғым күлкілі емес.

От басына опа бермей, жүрген жанның,

Отанын шын сүюі мүмкін емес.

Туған жерін қастерлер аталарым,

Отан менің, өз үйім, Отан – арым.

Арын сатар есепшіл ұсақ жандар,

Бес тиынға Отанын сата алады.

Пейілінің көрсетіп шын тарлығын,

Солар ғана қоғамды құртар бүгін.

От басында сарқып алма сағыныш пен,

Отанға деген көңіл іңкәрлігін.

Адалдар жақсылыққа шын қуанар,

Отаншыл жандар болар мүмкін олар.

Тек солар Отанына қатер төнсе,

Көз жұмып нағыз ерлік тудыра алар.

ІРІ ЖҮРЕКТІ, киелі өнердің қадірін күйттеген ақын ғана осылай тебіренсе керек-ті. Курстас ағамыз бұл тұста да салмақты ойларын ортаға салып отыр.

«Денсаулық – зор байлық» деген тіркес жаттанды сияқты көрінгенімен бұл әрбір пендені толғантатын жайт. Әсіресе қазіргідей «жаман тұмау» мазаны алып, карантин қыспаққа ала бастаған тұста сенерің де, соңғы үмітің де ақ халатты абзал жандар болып қалатынына келісерсіз. Ыб-ағаң кезінде осынау мәңгілік тақырыпты тебірене тербетті, аялай әлдиледі. Көз жүгіртелік.

АҚ ХАЛАТТЫ

АБЗАЛ ЖАНДАР

Шықпасыншы осы күндер естен бір,

Алатаудың бөктерінде өскен гүл.

Секілді боп емханада ханымдар,

Демеңіздер “халат киіп не істеп жүр?”.

Реті бар білген жанға әр ненің

Білген абзал денсаулықтың пәрменін .

Халат киген абзал жандар бұл жерде,

Саулықтырып жүр халықтың тәндерін.

Алатаудың жаулаңдаршы шыңдарын,

Мерекеңмен деп қолымды бұлғадым.

Білсеңіздер бұлар емдеп жазғандар,

Жүректерін адам деген тұлғаның.

Әппақ халат-ақ жүректің мәні дер,

Адам жаны үшін олар әбігер.

Өлім, өмір алысқанда қол созар,

Билікті де, білімді ол дәрігер.

Еңбек еткен жүлде алса қуанар,

Нағыз елдің қалаулысы шын олар.

Аудан біліп өз сыйлығын тапсырған,

22-нің озаттары міне олар!

Білімі мен арқасында талғамның,

Осы жандар елден алғыс алған мың.

Озаттардың еңбектерін ардақтап,

Сый тапсырды басшылары ауданның.

Білейікші өткен күнде із бары,

Қызмет етер емханада жүз ханым.

Бәрі озат қызмет еткен халқы үшін,

Дей аламын 22-нің қыздарын.

Ханымдарын ер жігіттің алтын қол,

Емдеп жазар сырқаттанған халқын ол!

Мерекеңмен деп қолды біз бұлғайық,

Денсаулықтың жолында әркез батыл бол!!!

Расында, адам тағдырын аурудан арашалап алатын осынау қасиетті мамандықтың қадірі қай заманда да қымбат. Пациентін қорғап қалу жолында кейде өздері қатерге бас тігетін ақ халатты абзал жандарды Ыб-ағамыз да шын жүректен жыр жолдарына айналдырып, ізгі тілектерін іркіліссіз ақтарыпты. Өйткені ол кісінің өзі де осынау ардақты кәсіп иелерінің жақсылығын көп көрген еді.

«Жұлдыздай ағып ұшқан» өмір, уақыт туралы тебіренбеген, күрсінбеген ақын жоғы айдан анық. Бүгін барсың, ертең жоқсың. Мұндай құбылысты жырмен кестелемеу ақын-жүрекке сын. Бұл сынақ-көпірден Ыб-ағаң да сүрінбей өтті деп сеніммен айтқан абзал. Сенбесеңіз төмендегі сыр-маржандарды саралап көріңіз.

КҮНДЕР-АЙ

Жаз қызықпен өтті ғой дүркіретіп,

Күз жаңбырмен өтті ғой сіркіретіп

Мезгіл өтіп барады соққан желдей

Бір түніңді сүйреумен бір күн өтіп.

Күндерім бар түк бітпей жаңылысқан

Қайран уақыт, жұлдыздай ағып ұшқан!

Күндерім бар кей сәтте еске алсаң,

Құятұғын кеудемде сағынышты ән.

Құралады бұл мезгіл сан сағаттан,

Жетелейді арманды аңсап аққан!

Келер күнді тағатсыз тосасың сен,

Жермен бірге тұрардай ән сап аспан.

Бозторғай боп төгеді ақ таң әнін

Бар ма маған келер күн сақтағаның?..

Адамдардың үміті үзілмесін,

Тоқтамағын, алтын күн, тоқтамағын!

Сөз саптасты, жыр жұптасты байқаған боларсыз. «Келер күнді тағатсыз тосасың сен, Жермен бірге тұрардай ән сап аспан.», «Адамдардың үміті үзілмесін, Тоқтамағын, алтын күн, тоқтамағын!»

ӨМІРГЕ ІҢКӘРЛІК атой салып тұр. Ақын-жүректің тіршілікке деген құлшынысы сезім-шеңберіне сыймай, ернеуінен аса ақтарылып жатыр.

«Құралады бұл мезгіл сан сағаттан, Жетелейді арманды аңсап аққан!» – деп тебіренген Ыб-ағаң ғұмырға ғашық еді, армандары да көп еді. Денсаулығының сыр беріп жүргеніне қарамастан көңілін түсіріп, уақытша қиындықтарға мойымады, адамдарға көп жақсылық жасап, сырқаты барлардың айығып кетуі үшін дәрі-дәрмектер ойлап табуының өзі керемет қой.

ЖҮРЕГІ НӘЗІК ЖАН екен деп жатамыз ғой кей сәттерде. Осы сөз Ыбекеңе арналған-ау. Ол тіршілік иесінің бәріне аянышпен, қамқорлықпен қарайтын еді. Бірде оқу ғимаратынан жатақханаға бір топ студент қайтып келе жаттық. Жазғы сессияны тапсырып жатқан күндердің бірі. Кенет К деген курстасымыз ұстап алған қолындағы шегірткесін көрсетіп, «мынаның бір аяғын жұлып тастасам қалай қисалаңдайтынын білесіңдер ме?» деді ұрдажықтау мінезіне басып. Қыздар шу ете қалды: «қойсай, обал емес пе, жібере сал!». К одан сайын «күшейе» бергенде шет жақта елеусіздеу келе жатқан Ыбекең асықпай жақындап келіп, «қалай ұстап алғансың, көрейінші» деп алақанына салғаны сол еді, манадан суық қолда қор болған көк шегіртке бірнеше метрге бірақ секіріп, көзден ғайып болды. Ал Ыбекең ыршыған жәндікке ұмтылған курстасымыздың қолынан жібермей ұстап тұрып бүй деді: «Ол да жан иесі ғой, қайтесің қинап, неше сағат тірі жүретінін де білмейсің ғой. Сенің бір аяғың түгілі бір тырнағыңды тірі тұрғаныңда жұлып тастаса қиналар ма едің» дегенде еріккен жігіт қателігін ұғып, сабасына түсті.

Ыбекеңнің жануарлар әлеміне, табиғатқа жанашырлығы жырларында да талай өрнектелді. Ал «Атпаңдаршы бөкенді» атты өлеңі өз өміріндегі ерекше тағдырлы сәттерімен шебер ұштастырылыпты. Оқиық.

АТПАҢДАРШЫ БӨКЕНДІ

Атпайықшы ақ тұмсық бөкендерді,

Жайласын ол, қыратты мекендерді.

Амал не, тыпырлаған сол бөкенге,

Дәру боп-менің шамам жетер ме енді?!

Жатты бөкен бір қырдың белесінде…

Балалық шақ.Сол кезең әлі есімде.

Тыпырлаған бөкенді ұқсаттым мен.

Талмаураған әкеме… сенесің бе?

Сол бір шақтың мұңдылау ақ таңында,

Қырау қатқан жастықтың апанында.

Кетіп еді көкешім: Қош ұлым! – деп

Қолын жайлап, кететін жаққа бұлғап.

“Құты қашып барады-ау даланың да…

Сен ана тіршілікке қарадың ба?

…Тыпырлаған бөкенді көргенімде,

Бар дүние өксіп жатты жанарында.

Ниеті бұзық адамдардың табиғатқа деген қаскөйлігі әлі де тоқталған жоқ. Сондай жандар табиғат-анамен арадағы гармония бұзылса не болатынын терең байыптаса, ұғынса, білсе деп ойлайсың… Алланың жаратқан ол мақұлығы да бұл жер-анаға бір миссияны орындауға келген болар. Құдай қаламаса қурай да сынбайды. Тіпті жәндік екеш жәндіктің кейбір түрі жоғалып кетсе табиғатта баланс бұзылады. Қайбір жылдары Қытайда шегірткені жаппай қырып тастап, диқандардың қыруар қиыншылыққа тап болғаны туралы БАҚ бұрқырата жазғаны есімізде…

Бір фотограф баласы дүниеге келген күннен бастап елу жасқа келгенге дейін 20 000-ға жуық кадр суретке түсіріпті дейді. Соның бәрін ұқыптылықпен жинап отырған. Баланың ғұмыр бойғы өсіп-ержету динамикасы мұқият қатталыпты. Бұл – жанкешті еңбек. Ал біздің кейіпкеріміздің өмір белестері жырларында әдіптелген.

ЫБЕКЕҢНІҢ «Жылдар» атты өлеңінде «Бала кезде ертеңге ғашық едім» кезеңінен бастап «Әлем мұңы жайлы да толғанатын» кезеңге дейінгі ой-толғаныс толқындары көркемдікпен көмкеріліпті. Оны түсіндіріп, талдап отырудың қажеті жоқ. «Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр, Сырымды тоқтатайын айта бермей» демекші, ақынның өмірі, тағдыры, тарихы жазған жырларында қаздай тізіліп, қатарласа қалған. Тағдыр толқындарына көз жүгіртейік.

ЖЫЛДАР

Аппақ таңдар түннен соң күн арқалап,

Бір қырқыдан күлімдеп тұрар қарап.

Бала кезде ертеңге ғашық едім,

Қол созып ем өмірге шын аңсап-ақ.

Жетеледі мәнгі де жылдар жырақ,

Биіктікті іздедім шыңнан сұрап,

Шыңыраулы соқпаққа аян бастым,

Құлап кетер ме екем? – деп шын қалтырап.

Өз жемісін ұсынды жылдар маған,

Өлен жаздым, қыздарға, гүлге арнаған.

Ал, бұл күнде жердегі ізгілікке

Ақынмын толғаныспен жыр жолдаған.

Байқатпады бұл өмір оң қабағын,

Тартты жылдар-тағдырдың-доңғалағын.

Бұл күнде мен қыз жайлы, гүл жайлы, емес,

Әлем мұңы жайлы да толғанамын.

АЗАМАТ-АҚЫН өмірі өтті, кетті. Алланың маңдайына жазғаны бұйырып, Мәңгілік атты әлемге бет түзеді. Соңында қалған шығармашылық мұрасы арқылы оқырман қауым, ұрпақтары, достары еске алып отырады енді.

Ыб-ағаң денсаулығы келіңкіремей жүрсе де дос, туыстарымен тамаша қарым-қатынаста болып, олардың алыс-жақында жүргеніне қарамастан аралас-құраластығын, сыйластығын үзбеуге ұмтылып тұратын. Тіпті Астана мен Алматыда өтетін той-томалақтардан қалмай, ағалық ақылын айтып, батасын беріп жүретін. Байқап отырсақ, соның өзі де уақытша сәттер екен-ау.

Бұл жалғанда әр минут, әр секунд қымбат деген рас. Кейде «Асығатын несі бар, пенсияға шыққан соң асықпай құттықтарсыңдар, мақтарсыңдар» деп жататын туыс, замандастарымыз бары жасырын сыр емес. Алайда Алла тағала кімнің маңдайына қанша ғұмыр жазғанын ешкім де білмейді. Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізге ыстық лебіздерімізді арнап, қызық-қуаныштарымызға ортақтасып жүргенімізге не жетсін.

Ыбырай ағамыз, курстасымыз да хал-қадерінше мейірімділігімен, адамгершілігімен, көпшілдігімен, сыйластығымен есімізде қалды. Сондай-ақ, мәңгі өлмейтін поэзиялық мұрасын соңына қалдырып, өзінің азаматтық, адамдық келбетін жыр жолдарымен өрнектеп кетті. Ендігі ұрпақ «Ыбырай Бекжігіт қандай адам болды екен» десе шығармашылық мұрасын ақтарыстырады, парақтайды, ой түйеді. «ЖЫР ОТАУЫН МЕКЕН ЕТКЕН АСЫЛ ЖАН-ның» азаматтық, адамдық әлеміне көз жүгіртіп, ой сабақтайды. Ал ол жерде тәлім-тағылымы мол алтын көмбе бұғып жатыр.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

профессоры, Халықаралық Ақпараттандыру

академиясының академигі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *