ЧЕМПИОН

Әдебиет
1 116 Views

Бүкіл активтерді таңғы сағат жетіде жинап алған аудандық партия комитетінің жаңа бірінші секретары апшымызды қуырып, бәрімізді қозы санаққа атап-атап өкіл етіп бөлді. Тапсырмасы зілді, кейбір колхоз-совхоздар қозыларды жасырып, тығып ұстап отыр. Бәрін тауып, жоспарды қайтсек те асыра орындау керек!

Аудандық соттың төрағасы Оспанов екеумізді Октябрь совхозына өкіл етіп бекітті.

Оспанов алпысты алқымдаған, ғұмыры асып-сасуды білмейтін сабырлы, баппен ақырын сөйлейтін, денсаулығын ерекше күтіп жүретін, көпшілікпен араласпайтын томаға-тұйық жан. Алатаудың етегін кенерелей салынған жол бойы ләм-мим деп тіл қатпады.

Көк түлеп, қырда төл жамырап, күн маужырап, көктем құлпырып-ақ тұр.

Аупарткомның жаңа басшысы Алмасов қаһарына мінгенде қар жаудыратын айбатты, өзіне де өзгеге де күндіз-түн тыным бермейтін мазасыз пысық. Қарсы келгенді қалпақтай ұшырып түсіреді. Екі сөзінің бірі:

– Бұл ауданды коррупция жайлап алған. Былық-шылыққа белшеден батқасыңдар. Бәріңді тексеріп, соттау керек!

Күні кеше ғана қарқ-қарқ күліп, қарындарын сипап, дүкірейіп жарты патшадай шіреніп жүрген колхоз, совхоз басшыларының мойынынан су кетіп, өң-түстерінен айырылып, алашапқын болып жүр. Қыс бойы өкіл болып құмды араладық, одан мал төлдету кезінде отар-отар қой қоздайтын кезде қойшы-сақманшылармен бірге қораларда түнеп жүрдік. Енді – қозы санағы науқаны, одан көші-қонға өкіл боламыз. Ала жаздай сиыр фермаларында таңғы бестен сауын барысын тексереміз. Әйтеуір аупарткомның тапсырмасы бітпейді, бәрі жауапты.

Міне, осы ауданда он жыл бойы сот төрағасы болып істейтін Оспанов қасымда маужырап ұйықтап келеді. Анау ақын-жазушылармен қалада көлкіп-шалқып бірге жүрсем, жаза алмай, жазуға мұрша бермей жүрген дүниелерімді жазып, бұрқыратып үсті-үстіне кітап шығарсам… Қылғынып, тұзаққа түскен аңдай, кепкен томардай іштен тынып, жұтаңданып, бәрінен қалып барамын. Менің бар арманым – жазушы болу ғой, ал мұнда алашапқын қолбаладай жұмсайтын партияның өкілімін. Бар уақытым, жастық жалыным – сонымен өтіп барады. Кету керек деп сан оқталсам да, сәті келмей шідерлеулі аттай шырайналып өтіп бара жатқан күндеріме қайғырамын. Әуелі жылт еткен шығармашылық ойларымның бәрі елес болып ұмытылып барады.

Прудки ауылындағы кеңсенің алдына келгенде совхоз директоры өзі қарсы алды.

– Бүкіл активтерді жинап, сіздерді күтіп отырмыз – деп ылдым-жылдым мен қарайлас жас директор жол бастап, бірден кеңсеге кіргізді.

Қып-қызыл мауыты мата жабылған үстелдің қақ ортасында директор, оң жағында Оспанов, сол жағына мен отырдым. Директор жүзіктің көзінен өткен ширақ, өкіл болып келген екеуміздің мақтауымызды әбден келістіріп, таныстырып өтті.

– Жолдастар, биыл атақты юбилейный жыл. Ұлы Октябрь Революциясына – 70 жыл, жасампаз партиямыздың съезі ашылатын жыл. Міне, Ұлы Октябрь есімін алып отырған совхоз осыған қандай табыстармен келді, соны анықтайтын кез келді. Біздің негізгі көрсеткішіміз – қозы алу. Социалистік міндеттемені қалайда орындауымыз керек. Қане, бірінші бөлімше қанша дейді?

Үстіне кең-мол көнетоз костюм-шалбар киген егде бөлімше басқарушысы орындықты сықырлата түрегеліп:

– Партиямыздың съезіне тартуымыз – 110-нан деп отырмыз – деп тершіген маңдайын, мойнын көлдей беторамалымен сүртіп қойды.

– Міне, Тасболатов басқарған бөлімше қашан да жарыс озаты. Молодец! Ал, екінші бөлімше не дейсің?

Бурыл мұртын тым едірейтіп өсіріп жіберген бөлімше басқарушы:

– Басына бас береміз ғой, – деді.

– Қалай басына бас? Уәде қайда? Соцалистік міндеттеме қайда? – деп директор дауысын қатайтты. – Міндеттеме қанша еді?

– Жүз бестен дегенбіз.

– Енді не айтып отырсың? Давай, 105-тен деп жаз.

– Ауыр ғой. Тіпті жүздің өзін зордың күшімен амалсыз, әрең айтып отырмын.

– Сен мұртыңды едірейткенше жұмыс істеуің керек еді. Балтай-шалтайды қой. 105.

Директор қарамағындағылардың үлкен-кішісіне қарамай бәріне – «сен» – деп сөйлейді екен.

– Ойбай өлеміз ғой, ең құрыса 103 десеңізші, басеке!

– Болды. Екінші бөлімше – 105-тен. Отыр.

– Ал, үшінші бөлімше управляющиі? Тұр, қане!

Бүйрек бет жас жігіт орынынан лып түрегелді.

Жас болса да қарны шермиіп, ырсылдай тым жайылып, жарылайын деп тұр.

– Ал, сайра бұлбұл? Қанша дейін?

– Жетпістен.

– Әй, сен не оттап тұрсың? Әй, оңбаған, андағы қарыныңды жарайын ба осы? Партиядан шығарылып, сотталайын деп тұрсың ғой сен суайт. Міне, сот председателі Оспанов жолдас арнайы келіп отыр. Өкіл жолдас өзі соттайды. Солай емес пе Оспанов жолдас?

Сот төрағасы былқ етер емес, мізбақпаған күйі тас мүсіндей қатып қалыпты.

– Әй, өтірікші. Қыс бойы басына-бас берем деп сайрадың ғой. Жем-шөптен тарықтырған жоқпын, сұраған сақманшыларды бердім, бар жағдайыңды жасадым. Ал, айтшы міндеттеме қандай еді?

– Бөлімшедегі отардың көбісі тұсақ, бірінші тума. Изолятор дегендей.

– Әй, сандырақтап, сандалма! Алмасов жолдасқа не деп рапорт беремін. Не масқараны оттап отырсың? Басына бас деп жаз.

– Ойбай, басеке, өліп кетемін ғой. Сексен деңізші – деп бөлімше бастығы қып-қызыл шиқандай болып, ырсылдап жалына бастады.

– Әй, сені управляющий қойған өзіме де обал жоқ. Уәде қайда? Гөлайттап қыз қуып, карта ойнап, қаңғып жүрдің. Бүкіл совхозды артқа тартасың. Алмасов жолдасқа кім жауап береді?

– Жоқ қозыны қайдан табамын, Ереке?

– Тап! Табасың. Жер қаз, аспанға ұш – табасың. Таптыртамыз. Әр жүз саулықтан – 90-нан дейміз. Сенің мәселеңді парткомда қараймыз. Түсінікті ме?

– 85-тен деңізші Ереке. Кейін күзде қозы басы жетпей зар қақсаймыз ғой.

– Сен тілің мен жағыңа сүйенбе. Күзге дейін сен істейсің бе, істемей осы қозы санақта құрисың ба, көреміз. Болды! Сонымен, бірінші бөлімше – жүз он, екінші – жүз бес. Бізді сорлатқан үшінші бөлімше. Міне, есептеп жіберейік. Совхоз бойынша қоздаған отыз мың саулықтың әр жүзінен жүз төрттен қозы алып отырмыз, – деп бізге қарады.

Келген өкілдің басшысы ретінде сөз маған берілді.

– Жаңа келген аудандық партия комитетінің бірінші секретары Алмасов жолдас биыл аудан бойынша Октябрь совхозы қозы алудан чемпион болады деп зор сенім білдірді. Жас басшы, іскер коммунист Еркін Жазықбаев жолдас басқарған совхоз әр жүз саулықтан жүз он бестен қозы алды деген рапорт күтіп отыр. Жақында ауданда партия конференциясы өтеді. Соған Колбин жолдас өзі қатысады. Сонда жас, болашағы зор Жазықбаев бүкіл директорлардың атынан сөз сөйлейді. Осыны арнайы жеткізуді бізге тапсырды… Әрине ол үшін қозы алуда – ауданның алды, чемпионы болу керек.

Зал іші тым-тырыс, өлі тыныштық орнады. Директордың жұқа ақшыл өңі лезде лып-лып қызарып, қабағы түйіліп, түнеріп орынынан тұрды да:

– Өкіл жолдастармен өзім бірінші бөлімшені аралаймын. Екінші бөлімшеде – профком, үшінші бөлімшеде – парторг өкіл болып, әр қойшының социалистік міндеттемесінің орындалу барысы жайлы түсіндіріп, актіге қол қойдырып қайтасыңдар. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары Алмасов жолдастың жүз он бестен деген тапсырмасын мүлтіксіз орындаймыз. Онда бірінші бөлімше жүз жиырма бестен, екінші бөлімше – жүз он бестен, үшінші бөлімше – жүз бестен кем болмауы керек. Давай, марш! Ертең кешке сағат сегізде қол қойылған қағазбен тапсырманы орындап, осында жиналасыңдар. Тапсырма орындамағандар – партбилеттен де, қызметтен де айырыласыңдар, – деді зіркілдеп, ашуланып.

Бәрі үн-түнсіз машиналарына мініп, лезде тарап кетті.

– Сіздерге мына Суықтөбенің ғажап жерін көрсетейін, – деп директор бізді тауға қарай алып жүрді. Жазықбаев директор болғалы бір жылдың ішінде ауылда құндыз, түлкі, тауық, күркетауық өсіретін фермалар ашыпты, енді Мәскеуден маман шақыртып екі цехтың жобасын жасап жатыр. Асыл тұқымды бұқа, сиырлар сатып әкеліпті.

– Енді есебім бойынша екі-үш жылда бұл совхоз миллионер болады. Теплица жасау, бау-бақша, гүл өсіру ойымда бар.

– Еркін-ау, талай шаруа жасап тастапсың ғой – деп Оспанов таңдана қасқа маңдайын сипап қойды.

– Аға, сіз білмейсіз ғой. Мына сірескен қалың мұзды бұзу оңай емес екен. Осындай бір жаңалыққа бет бұрайық десем, тексерушілер қаптап, заң-зәкөнді айтып, есті алып, шаршатып тастады. Бәрі қарсы, ешкім түсінбейді. Мұзды мұхиттай сірескен қырсықты қалай жібітемін? Пайда шаш етектен ғой. Европада болдым, Израильге бардым, көп жайларды көзіммен көріп, әбден танысып келдім. Расчет-есебі, бәрі-бәрі бар. Бірақ, ел де түсінбейді, жоғарыдан келгендер әңгіртаяқ орнатып тергеп-тексеріп, бірі кетсе бірі келіп, маза берер емес.

– Ереке, жаңалық жасағандардың бәріне – кедергі көп болады. Адамзат дамуына қарашы, ұлы жаңалық ашқандарды құртып жіберіп отырған. Коперникті жер дөңгелек деп айтқаны үшін тірідей өртеп жіберді емес пе?!

– Жоға деймін, ауылымыздың үлкен ақсақалдары үстімнен арызды қайта-қайта өкіртіп жазып жатыр. «Жазықбаев тышқан, құс өсіріп, бас пайдасын ойлап кетті. Қымбатқа мал сатып алып жатыр» – деп жазады. Ойбай-ау, менің есебім бойынша егер осы шаруалардың бәрі істеліп кетсе – қызығын өздері көрмей ме? Талай-талай жиналыста айттым, арызқойлардың өздерімен әңгімелестім. Түсінбейді. Неге бір бұқаны он сиырдың құнына сатып аласың дейді. Ол бұқа бір-екі жылда жүз сиырдың құнын жалғыз өзі тауып береді ғой. Ертең осы 500 сиыр ұстағанша, 100 сиыр ғана ұстап, сүтті екі есе көп өндіргеніміз шаш-етектен пайда емес пе! – Директор қызыл кеңірдектене ойларын айта бастады. Айтқанының бәрі дұрыс, ақылға қонады.

Тау қойнауындағы сарқырап ағып жатқан өзен жағасына көкмайса үстіне тігілген ақшаңқан киіз үйдің жанына келіп тоқтадық.

– Бұл совхоздың передовой чемпионы Мұстафа Махмудов деген атақты шабанымыз – деп директор үй иесін таныстырды. Сақал-мұртын қауғадай өсіріп жіберген орақ мұрын шешен жігіті қазақша судай ағып тұр.

– «Жақсы қонақ келсе қой егіз табады» демекші қозымыз егіз, қойымыз семіз. Ағалар, қане төрлетіңдер, – деп мақалдап ішке кіргізді.

– Бұл Мұстафа айтқан уәдесінде тұратын нағыз батыр. Былтыр совхоздың чемпионы атанып, «Жигули» машинасын мінген. Енді биылғы межесі тіпті жоғары.

– Ереке, сіздер аман болыңыздар. Иншалла, бұйырғаны болады.

– Мұстафа қане бірден айт, биыл қаншадан аласың?

– Міндеттеме 150, ал өзім 160-тан деп отырмын.

– Әп, бәрекелді! Кейін асықпай сөйлесеміз, кеңесеміз Мұсекеңмен.

Алдымен қырғауыл қуырдағы келді, содан кейін дәу шарамен ішіне неше тұрлі жеміс-жидек, шөп-шалам салынып, бұқтырылып пісірілген күркетауық еті тартылды.

Тамаққа мелдектеп қалдық, дәмі тіл үйіреді. Бізге жеңсік – ірімшік, қолдың кілегейі, сары май қойылған бай дастархан шетінде шәй сораптап отырған директор орташа стаканға толтырып арақ құйып қойғанда:

– Мен ішпеймін. Мына Оспанов аға да 100 граммнан артық өмірі тартып алмайды – дедім бірден.

– Ұлан Керімбекович ішпейтінін білеміз. Бірақ сот аға екеумізге тағы 100 грамм ішуге тура келіп тұр. Ал, Мұстафа өзің тост көтеріп айтшы, қаншадан қозы болады?

– Алла қолдаса, 160-тан деп отырмын.

– Тұра тұр, Мұстафа. Қашанғы Махмудов ортада жүреді. Анау Жолдыбаев, Қилыбаев, Сақаловтан кем бе екен? Биыл аудан бойынша сен чемпион болуың керек. Колбин жолдас жақында келейін деп жатыр, мүмкін қойшылар слетіне қатысатын шығар. Тоқтар жеріңді айт!

– Олай болса нартәуекел, 170!

– Мұстафа, сен жігіттің сұлтанысың ғой. Ана Дегерес колхозынан Жолдыбаев – 180-нен деп рапорт беріп қойыпты.

– Сонда қанша дейін? – деп қойшы жүрелеп отырды.

– Давай, айды аспанға шығаршы. Октябрь совхозының аға шопаны Мұстафа Махмудов әр жүз саулықтан 185-тен қозы алды деп қол қой, мен ауданға телеграммамен рапорт бергізейін. Биыл Мұстафа «Волга» мінейін деп тұр. Ордені бар, енді геройға ұсынуымыз керек, – деп бізге қарады.

– Дұры-с-с-с-с! – деп Оспанов керілді.

– Қане, онда аудан чемпионы Махмудов үшін алып қоялық! Сонан соң өкіл жолдастар жұмыс деп шаршап жүр ғой. Демалсын, карта ойнасын.

Есік алдында жұлқынып тұрған торы тайды жетектеп әкеп Мұстафа:

– Бата жасаңыздар, – деп қолын жайды.

– Мұстафа мырза қыс бойы жемдеп шыққан семіз тайын арнайы сіздерге арнап соймақшы.

– Қысыр емізген жабағы ғой, етін көресіздер, бал татиды.

– Ереке, Мұстафа! Тамаққа әбден тойдық қой. Рахмет! – деп шыр ете түстім.

– Чемпион, передовой Мұстафаның ниетін қайырмаңыздар! Қазір қазанға салса жас малдың еті екі сағатқа жетпей былбырап дайын болады. Қалғанын екі өкілге тең бөліп машинасына салып береміз, үйдегі бала-шағаларыңыз ауыз тисін, – деп директор лыпылдатып жіберді.

Оспанов бата ырымын жасады. Директор, Оспанов, Мұстафа үшеуі «пас, вист» десіп, карта ойнауға кірісті. Карта білмегендіктен, далада қыдырғым келді.

– Мұстафа, Ұлан Керімбековичке ана жуас жирен атты ерттеп бер, қыдырып қайтсын!

Көктемгі шыққа шомылған көкмайсаға оранған тау етегінде көбелек қанатын желпитін ғана самал үлпілдейді.

Қойшының күртешесін, шәпкісін киіп, галстугімді шешіп тастап жирен атқа алшая мініп, арқардай Суықтөбе тауының етегін ала сейілдеп жүріп кеттім.

Көптен төрт қабырға – кеңселерден шықпай, даланы сағынып қалыппын, рахаттана демалып, көңіл-күйің шырқап салар әндей тулап, әдемі сезімдер кеудеңді кернейді.

Бұл таулар нені көрмеді?

Табиғат түгел жасанып, жасарып, жаңғырып жатқан тамылжыған уыз шақ.

Бір-бірінен аумайтын көп белестердің бәрі тіреле келе тау кеудесіне қосылады, әр белестің астындағы сайда төменге еркелей шапқылаған қыз бұрым ақ бұлақтар.

Кеудені кере демалып, ғажап күй кешіп, көптен ұмытып кеткен, уақыт көші, жұмысбастылық ұмыттырып жіберген әлдебір ескі әуенді ыңылдап айта бастадым.

Шешем марқұм әнші еді, той-томалақта басынан тастамайтын орамалын жөндеп қойып той бастап, айтқан әндері қандай еді. Ондай сәтте шешем ажарланып, түрі ашылып, гүл-гүл жайнап, жадырап сала беретін. Оған басқа да келіншектер қосылып, думанды қыздырып, ән сауығы мақпал түнде қалықтап Қызыләскер ауылындағы тойлар ерекше сән-салтанатымен жарасымды өтетін.

Қайран, қалың бейнеттен көз ашпай, колхоз жұмысынан бел шешпей кеткен шешелеріміз әйтеуір әндерді бірінен кейін бірін айта келе, соңында соғыс кезінде туған сағынышты, мұңлы, зарлы әуенге ауысады. Қан майданда мерт болған бауыр, күйеулерін жоқтауға ұласып, бәрі сықсыңдап жыласып тарасатын. Соғыс десе – менің көз алдыма сол зарлы әндерді жылап айтатын, беттеріне ерте әжім түскен, ерте егделеніп кеткен келіншектер елестейді.

Соғыстың қаһарлы ызғарын көрген, бар тажал-алапатқа қарсы тұрып көнген, қатал тағдырды тік тұрып, қайыспай көтеріп елге демеу болған қайран асыл аналарымыз-ай! Сіздерге басымды иіп, қайран қаламын.

Шешемнің замандастары соғыс кезінде бойжеткен шақта шешек ата алмады, өмірлері қара жұмыста өтті, кейін жарымжан мүгедек кәнтөжний күйеулерінің қас-қабағына қарап, жыл аралатпай бала тауып, өсіріп жатты. Соғыстан жаралы келген әке, бейнеттен көз ашпаған сорлы шешем екеуі де ерте үзілді, соңында тұңғышы мен бастаған балалары аңырап қалдық.

Жетімдік, жоқшылық, интернат, балалар үйі… бәрін-бәрін көрдік-ау. Тасқайрақтай өксігімізді ішке жұтып, тірмізіктеніп алға ұмтылып, өлермендікпен оқып, әйтеуір осы күнге жеттік. Әке-шеше әруағын ойлауға да мұрша бермейтін зырылдаған бұ заман?! Жүрегіме шүпілдеген сағыныш толып, көзіме шіпілдеген жас келді.

Жетімдер – өмір бойы әке-шешесін сағынып, сарғайып, оңашада өстіп жылап-сықтап алады. Жетімдер – ылғи жаутаңдап, көрінгеннен мейірім, шуақ, жылы қабақ аңсап өтеді-ау!… Жетім өскен іні-қарындастарымның аяз қарыған, мұз сорған тұрлаусыз тағдырын ойласам өкініштен көзімнен қан сорғалайды, жүрегім тілім-тілім жараланады. Соғыстан кейінгі жетімдер заманы – зартолғау, сағынышқа толы мұңлы, егіліп-төгіліп жылай да алмай, жарқылдап-қарқылдап күле де алмай өткен қасірет дәуірі ғой. Қайсыбірін айтайын, іштегі толы зар-запыран, шер-шемен таусыла ма? Кім ұғады жетімдер мұңы мен сырын? Енді, тек ұрпағымыз жетімдік көрмесін, әке-шешесіз өспесін!…

Әке-шеше! Неге ерте асықтыңдар ана дүниеге. Құрдастарымның көпшілігінің әке-шешелері дыңдай, өздері не бала емес, не шала емес, әлі еркеліктерін баса алмай талтаңдап жүр.

Қайран асыл шешем марқұмның төгілтіп айтатын ғажап мұңлы ыстық әндерін ыңылдап келемін. Әуенін тапқаныммен, сөздерін ұмыта бастаппын. Әндеріңді ғана емес жан ана, қайран менің әке-шешем барлық ісіңді сағындым ғой, ғұмыр бойы сағынып өтермін-ау, сіздерді.

Қырқаларды қиялаған жалғыз аяқ жолмен белес үстіне шыға келсем, сонау үш-төрт ағаш өскен сай табанында палатка, құрым киіз үй көрінді.

Жирен атпен тепеңдеп ақырын аяңдап солай түстім. Сайдағы тепсеңдегі үй жанында төрт-бес әйел қазан қайнатып жүр, анадай жерде қат-қат жиналған коробкалар мен қаздай тізілген ақ флягтер.

– Сәлеметсіздер ме?

– Сәлеметпіз. Сұлу жігіт сәлемші болсаң аттан түсіңіз. Ағаш жарып, от жағысып қолқабыс жасап жіберіңіз. Мұндайда көмектеспесеңіз балаңыздың көзі шегір болады деген ырым барын білесіз бе?! – деп қыз-келіншектер дүр ете қалды.

Аттан түсіп, жандарына келгенде байқадым, бәрі көздеріне түсіре орамал тартып алғанымен араларында өңді, жас келіншектер де бар екен.

– Мә, мына балтаны ұстаңыз, – деп күміс тісті ажарлы келіншек үйілген қураған алма ағашын нұсқап, белін жазды. Тау болып кеуіп қатқан қураған алма ағашы жарылмайды. Әп-сәтте бусанып, алақанымды алдыртып алдым.

– Келіңіз, шай ішіңіз, – деп далаға, шөп үстіне жайылған дастарханға шақырды. Бағанағы қуырдаққа шөлдеп, қаталап қалсам керек, қара шәйді қыз-келіншектермен бірге әзілдесе ішіп отырмын. Дастархан үстінде бөлке нан, құмшекер, сары май…

– Қайдан адасып жүрсіз? – деп шәй ішкен сайын ажарлана түскен келіншек жөн сұрады.

– Қонақтан қайтар кезде ғана сұраушы еді… Жоқ іздеп шыққан едім.

– Іздегеніңіз қыз ба, әлде…

– Мейманды састырып, қызартпаңдар, одан да жақсылап шәй беріңдер – деп төрде отырған кексе әйел қыз-келіншектерді тыйып тастады.

Жымың-жымың еткен әзілқой мен құрайлас қыз-келіншектер ақ орамалдарын шешіп тастап еді тіпті құлпырып, жайнап шыға келді.

– Тау ішінде өңкей сұлулар қайдан жүрсіздер? – деп енді мен сұрақ бере бастадым.

– Майдың планын орындап жатырмыз – деп төрдегі әйел бәрі үшін жауап берді.

– Таң атпай тұз жегенсіз бе, сүр жегенсіз бе, терлеп кетіпсіз ғой, мә орамал, – деп біреуі сүлгі ұсынды.

– Сіздердің шәйіңіз жұпар иісті зәмзәм суындай қанбай отырмын…

– Жоғыңызды осы арадан тапсаңыз, шәйді аямаймыз…

Бәрі ду күлді.

Қыздардың қылықты, назды, жан жадыратар, сезім қытықтар күлкілері-ай десеңші!…

(Жалғасы бар).

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,

жазушы, Алматы облысының Құрметті азаматы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *