СОТ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАСТЫҚТЫҢ СЫРЫ НЕДЕ?

Заң Қоғам Құқық
796 Views

Еліміздің болашағына алаңдамайтын қазақ азаматы жоқ шығар сірә, бүгін. Заман көші ілгері дамығанымен белден тартып, аяқтан шалатын – сыбайластық (бұл сөздің астарында үлкен мазмұн жатыр) сыры ашылар емес. Қай саланы алсаңыз да, өрескел заңбұзушылықтар мен сыбайластықтың бет пердесі жыртылып жатады. Ең өкініштісі сот саласындағы сыбайластық пен жемқорлықтың күрт өсуі жаға ұстатып, таңғалдырмай қоймайды. Қолдарын көкірекке қойып, ант қабылдаған судьялардың парамен ұсталуы немесе нағыз қылмыскерді оңай жолмен, бармақ басты, көз қыстылықпен және керісінше жазықсыз адамдардың тағдырымен ойнап, бостандықтарын құрбандыққа шалып сот қызметін атқарып жүрген азаматтар туралы не айтуға болады?!

Қазақ халқының қадірлі азаматының бірі, қоғам қайраткері Асанбай Асқаров ағамыз қызметтен кетіп бара жатқанда – «Мен елу жылға жететін кадр дайындап кетіп барамын», — деген екен. Сол сияқты сот саласына ғұмырын арнаған Қайрат Мами ағамыз да отыз жылға жететін кадр дайындап, өз ортасын төмендетпей отыр. Сот жүйесіндегі кадрларды таңдау мен оны орналастыру бүгінгі күнге дейін оның назарынан тыс қалған жоқ. Республикамызда сот саласына қатысты Жоғары сот кеңесі құрылды. Дегенмен, оның шатыры қойылса да ішіне «сыбайластар» кіріп, бүгінде олардың іс-әрекеттері сыр беріп жатыр. Мұны зиялы қауым жақсы біледі, әрине.

Қазақта әзіл-шын аралас аталы сөз бар «Тауық фермаға түлкіні «зав.ферма» қойыпты», — деген. Біздің қазіргі сот жүйесі, әсіресе сот кеңесіндегі басшылықтың іс-әрекеттері жоғарыда айтылған қазақтың аталы сөзіне дәл келіп тұр.

Елбасымыз – «Сот жүйесінің негізі – адалдық, кәсібилік және әділдік қағидасында» — деп Қазақстан судьяларының VІІ сьезінде ашық айтқан болатын. Сол қағида бүгін қаншалықты іс-жүзінде? Бұл өте үлкен және ауыр сұрақ. Өкінішке қарай, бұл толыққанды жүзеге аспай отыр. Бұған куә ретінде республикамыздағы БАҚ-та, әлеуметтік желілерде айтылып жатқан сын ескертпелер осының бір айғағы болып отыр.

Кеше кешкі сағат тоғыз жарым шамасында Алматы облысы Ұйғыр аудандық сотының судьясы Сүлейменов парамен ұсталды. Судья «үш айда 100 мың доллар көлемінде пара алған» деген күдікке ілінді.

Тұрақты оқырманымыздың дерегіне қарағанда, судья Сүлейменовті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті қызметкерлері Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік қызметімен және ҰҚК-нің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп ұстаған.

Пара алу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы, 4-бөлігі (бірнеше рет пара алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелген.

Nege.kz

Балалар құқығының қорғалмауына сот жүйесі кінәлі!

Қазақстанда өз баласына алимент төлемейтін әкелер өте көп!

Баланы жасауды білген еркек, асырауды да білу керек!

Алайда біздің елде, өз ұрпағына қарамайтын әкелердің көбейгені қашан?

Көп балалы әйелдердің көшеге шығып, мемлекеттен талап етуіне де сот төрелігі кінәлі!

Себебі сот шешімді бала құқығын қорғап емес, әке тарапына тиімді етіп шешіп береді!

Әкелердің табысын аз қылып жаздырып әкелген, өтірік анықтамасына сүйене отырып, балаға төленетін алиментті өте аз шығарып беріп жатады! Кейбір судьялар тіпті шығарып та бермейді! Мысалы ретінде Арыс қаласынан хабарласқан шағымданушының жан айқайын жазайын!

Қызды алып қашып келген, енесі АХАЖ қызметкері болған соң, сылтауратып екеуін заңды некеге қоймаған. Бір жылдан соң енесі келінін кішкене сәбиімен қуып шыққан, біздің отбасымызға лайық емессің деп! Қыз алимент алу үшін сотқа берсе, жігіттің жұмыссыз, баланың әкелігі танылмаған деп сот шешімі қыздың пайдасына емес, өз басын алып жүре алмайтын, бірақ баланы жасай алатын жауапкершілігі жоқ, оңбағанның пайдасына шешіп берген!

Енді қыз өз баласының сол жігіттен екенін қалай дәлелдеймін деп дал болып жүр!

Кішкентай қызды сандалдатпай сот бірден әкелікті тану үшін, ДНК сараптамасын тағайындап, жігіттің атындағы бүкіл мүлкін тексеріп, есеп шотындағы айналып жатқан ақшаларын алдыруға толық құқылы! Осының бәрін анықтап, балаға тиесілі әлиментті байғұс қызды сандалтпай тағайындап берсе, көшеде далбаңдап, көмек сұрап жүрген, тағы бір әйелдің проблемасы шешілер еді!

Жоқ бізде бәрін қиындатып қойған!

Балалардың құқығы толық қорғалмаған елдің болашағы жоқ!

… Ал Судьяларға айтарым, сот орындаушыларынан өндіріп ал деп ысырып отыра бермей, заңды түрде қатаң шара көруді парламентке ұсыну керек!

Айгүл Орынбектің фейсбук парақшасынан.

Бүгінгі күнде елдегі судьялардың арасында «шіріген жұмыртқалар» халықтан алғыс емес, қарғыс алып жатқан жағдайлар көптеп кездеседі. Ал оларды таңдаған, сыбайластықпен арқасын қағып қызметке отырғызған жоғарғы сот кеңесінің әрекетін көрегендік дейміз бе, әлде көзсіздік дейміз бе? Күрке тауық шөжесін 6 ай басып шығарады деуші еді қазақ. Біздің сот кеңесіміз сол сияқты судьяларды 6 ай шеңберінде таңдап Жарлыққа ұсынады. Әсіресе сот төрағаларын, алқа төрағаларын тағайындау министрді тағайындаудан да қиынға түсуде. Өйткені жоғары сот кеңесі айлап, жылдап төрағалар тағайындауды шайналған сағыздай созады. Оның артында не тұрғаны бір Аллаға аян. Ал енді сол судьялыққа ұсынған кандидат кадрлар ҚР Президенті әкімшілігінің көреген көздерінен өте алмай кері қайтуда. Бұған не себеп?! Оған себеп сот саласындағы «сыбайластықтың ылаңы». ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтып өткендей «Адамдар өз мәселелерін шешу үшін айлап, жылдап билік дәліздерінде жүгіруге тиіс емес. Заң бұзылған жағдайда адам сотқа баруы тиіс. Және сол жерде өз құқықтары мен бостандықтары қорғалатынына сенімді болу керек. Барлық өркениетті әлемде осылай. Демек, кез келген нағыз сот реформасының түпкі мақсаты – судьялардың адалдығы мен кәсібилігі. Әділдік және әділ сотқа қолжетімділік болып саналатын, тәуелсіз және сатылмайтын сот билігі.» Елбасы жоғары сот кеңесін құру туралы сот жүйесіндегі күрделі мәселені шешіп, әлемдік өркениетке сай сот жүйесін қалыптастыруда даңғыл жолды көрегенділікпен ашып берді. Және бұл халық жүрегіне жол тапқан еді. Бүгінде, өкінішке қарай, сот жүйесінің басында жілігін шағып, майын ішіп отырған басшылары (олар өзінен туған ақсаусақ ұл-қыздарын да осы салаға орналастырғысы келеді) сот кеңесі сынды үлкен үйдің шатырын тұрғызып алып, ішіне өздері кіріп бұрынғы әуендеріне басып, жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Шындықтың бетін бүркемелеп, «Бізде бәрі жақсы» дей беруімізден жеткен жеріміз осы болды ғой.

Өздеріңізге белгілі Түркістан облысының судьялары, Алматы қаласы және өзге де аймақтың судьялары парамен ұсталып, сотталып жатыр. Халық мұны көріп, біліп отыр. Енді осыдан халықтың сотқа деген сенімі қаншалықты жоғалғанына өзіңіз баға беріңіз. Бұл мәселені халықтың көзі, құлағы һәм тілі болғандықтан, халық пен билік ортасында алтын көпір міндетін арқалап жүріп, «ашынғаннан шығады ащы даусым» демекші, біз жазбағанда, кім жазады?

Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза сыбайлас жемқорлықпен күресті Президент болған күннен бастап қолға алып келеді. Оған тек тиісті органдар ғана емес, халықтың өзі де атсалысуына кең жол ашып беруде. Демек сот саласына да түбегейлі өзгерістер енгізіп, жоғары сот кеңесіндегі келеңсіздіктерді түзетпесе, сот жүйесін түзету мүмкін емес екенін сезінетін уақытқа айқын жеттік.

Әділ ҚЫРАН.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *